24 Тамыз, 2010

Халықаралық ауқымда конференция өтеді

496 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министр­лі­гінде аталған ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахмановтың қатысуымен брифинг өтті. Онда ресми өкіл 23-25 тамыз аралығында Тәжікстанның сыртқы істер ми­нистрі Хамрохон Зарифидің Ас­танаға ресми сапармен келетіндігін мәлімдеді. “Сапар шеңберінде Қазақстан мен Тәжікстан Сыртқы істер министрлері кеңесінің бірінші отырысын өткізу жоспарланып отыр. Алдағы басқосу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың кө­кей­кесті мәселелері талқыланады”, деді А. Абдрахманов. Ал 26 тамызда Астана төрінде Ядролық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күніне орай Қа­зақ­станның Сыртқы істер ми­нистрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Қазақстандағы өкілдігі бір­лесе ұйым­дастыратын конференция өтпек. Брифинг барысында былтырғы жылдың желтоқсан айында Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблея­сының қарары 29 тамыз күнін Яд­ро­лық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күні ретінде бе­кіт­кендігі, ал 1991 жылдың дәл осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Семей полигонын жабу туралы Жарлықтың дүниежүзілік маңызы халықаралық қауымдастық тарапынан лайықты дәрежеде мойындалғандығы атап көрсетілді. Ресми өкілдің айтуынша, Астанада өтетін халықаралық конференция аясында сол ядролық сынақтарды тоқтатудың және ядролық қаруды жоюдың саяси жағдайларымен қатар, Семей аумағының әлеу­меттік-экономикалық және эколо­гия­лық мәселелері мен даму бола­ша­ғы жан-жақты талқыланбақ. Конференцияға Парламент пен Үкімет, халықаралық ұйымдардың, академиялық топтардың және азаматтық қауымдастықтың өкіл­дері қатысады. Шара қорытындысында кон­ферен­цияға қатысушылардың ха­лықаралық қауымдастыққа арнаған үндеуі және Семей аумағын оңалту бағ­дарламасы мен іс-әрекет жос­пары қабылданады деп көзделіп отырған көрінеді. А.Абдрахманов сондай-ақ Шан­хай ынтымақтастық ұйымының Хартиясына сәйкес, 2010 жылғы 12 маусымнан бастап ұйымды бір жыл­дық мерзімге Қазақстан бас­қа­ра­тын­дығы, осыған орай, Қазақ­станның осы беделді құрылымға төрағалық етуі шеңберінде 2011 жылдың маусым айында Астанада Шанхай ынтымақ­тастық ұйымы құрылуының онжыл­дығына арнал­ған Мемлекет басшы­ларының сам­миті өтетіндігі, осы айтулы күнге дейін бір жылдың ішін­де Шанхай ұйымы шеңберінде Қазақстан 90-ға жуық түрлі іс-шаралардың ұйым­дас­тырылуын үйлестіретіндігі атап өтілді. Оның сөзіне қарағанда, бұл шаралардың 30-ға жуығы елімізде өтеді екен. “Жақында Шанхай ынтымақ­тастық ұйымындағы қазақстандық төрағалықтың ресми логотипі бекі­тілді. Ресми логотипте Шанхай ұйы­мының гербі мен оның төменгі жағында қанат жайған алтын қыранның бейнесі келтірілген. Ал екі жағынан еліміздің ұйымға төрағалық ету жылдары – яғни, 2010-2011 жылдар көрсетілген”, – деді бұл турасында ресми өкіл. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.