Облыс әкімі Елеусін Сағындықов ауылды көркейту, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуді ұдайы назарда ұстап келеді. Жақында облыс басшысы нақты жағдайды өз көзімен көріп танысу үшін шалғайдағы Шалқар ауданына барып қайтты. Шалқар өңірінің елді мекендерін аралап, тұрғындармен кездесті, олардың ұсыныс-тілектерін, мұң-мұқтажын тыңдады. Аудандағы әлеуметтік нысандарды аралады. Шалқар ауданының елді мекендері үшін қазір бірнеше проблема бар — ауыз су, жол, көгілдір отын және облыс орталығымен арадағы қарым-қатынастың қиындығы. Облыс әкімі бұл мәселелердің барлығы міндетті түрде шешілетіндігін айтып, елді қуантты. Е.Сағындықовтың айтуынша, су да, жол да, көгілдір отын да болады, ең бастысы, ел ішінде ауызбірлік пен түсіністік болуға тиіс.
Шалқар – облыстағы ірі аудандардың бірі. Соңғы алты жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғары деңгейде дамығаны белгілі, ал бұл аудандардың, соның ішінде Шалқар ауданының да әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізді. Мәселен, ширек ғасырдан бері электр жарығын мүлде көрмеген Қаңбақты ауылына жарық барды, Жаңақоныс көгілдір отынның қызығын көріп отыр.
Аудан әкімі Рахат Сыдықов берген деректер бойынша, аудандағы өндіріс көлемі артып, жұмыссыздық деңгейі төмендеген, “Жол картасы” аясында көп жұмыстар жасалыпты. Осы уақыт аралығында 100 төсектік аурухана, 45 орындық күндізгі стационары бар орталық емхана іске қосылып, заманауи медициналық қондырғылармен толық жабдықталған. Ауданда үлгілі жоба бойынша 4 жаңа орта мектеп, 1200 орындық бір мектеп салынды.
Облыс әкімі алдымен Шілікті ауылына атбасын тіреді. Ескі мәдениет үйінің алдында қаз-қатар тізіліп тұрған мектеп оқушылары мен мұғалімдер, ауыл тұрғындары Е.Сағындықовты ерекше қуанышпен қарсы алды. “Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі” жастар марафон эстафетасына қатысушы Тоғыз орта мектебінің №15 “Жас өркен” отрядының командирі Гүлбақыт Мәмбетырзаева облыс әкіміне жасаған жұмыстары жөнінде, бұл марафонның туған жерді сүюге тәрбиелейтінін айтты. Балалардың жұмыс жасағаны көрініп тұр. Мәдениет үйінің табалдырығының айналасын табиғи тастармен өріп, әдемі қылып қойыпты, ал кез келген ауылдан кездестіре бермейтін субұрқақты балалардың көмегімен жасалды дегенге сену қиын. Өңір басшысы марафонның нәтижесінде жақсы жұмыс жасаған балаларға облыс бойынша барлығы 60 автокөлік, 1000 ноутбук пен Астана қаласына 2000 жолдама берілетінін, оның ішінде осы Тоғыз орта мектебінің оқушылары да болуы мүмкін екендігін жеткізді. Ауыл тұрғындары мәдениет үйінің ескілігін тілге тиек етті, облыс әкімі, бұйырса, мұндағы екі қабатты ескі ғимаратты жөндеуге көмектесетінін айтты.
Бұдан кейін облыс басшысы Тоғыз орта мектебіне бет алды. Осыдан төрт жыл бұрын 1973-74 жылдары салынған ескі мектеп өртеніп кетіп, балалар оқу ғимаратынсыз қалған екен. Мектеп директоры Әнес Жәмековтің айтуынша, балалар жергілікті әкімшілік ғимаратында оқуға мәжбүр болған. Бірақ, балалардың оқу үлгерімі төмендемепті. 2009 жылы мектеп ҰБТ нәтижесінде орташа 84,58 балл алса, 2010 жылы 87,6 балл жинапты.
Осындағы жаңа мектеп былтыр 1 қыркүйекте пайдалануға берілуге тиіс еді. Алайда, оның құрылысын жүргізіп жатқан мердігер алаяқ боп шығып, жұрттың жалақысын бермей, жұмысты тастап қашып кеткен. Одан кейін құрылысты “АланПлюс” ЖШС қолына алыпты. Осылайша 2007 жылы басталған жаңа мектеп құрылысы биыл әрең аяқталды. Ештен кеш жақсы, енді жаңа оқу жылында балалар жаңа мектепте оқитын болады.
– Сөзінде тұрмай, халықты алдап кетіп қалған мердігерді қазір құқық қорғау органдары іздеп жатыр. Олар заң алдында жауап беруге тиіс. Жаңа ақсақалдар осы құрылыста жұмыс жасаған балаларының, немерелерінің 3 ай, 5 ай бойы жалақыларын алмағандығын айтып жатыр. Бұл мәселе шешілетін болады. Дегенмен, міне, басқа мердігер келіп, мектеп биылғы оқу жылына дайын тұр. Іші кең, жарық. Спорт залының едені жаңа технологиямен жасалған. Технологиясы жақсы мұндай мектеп облыс орталығында да жоқ, — деді облыс әкімі.
Жаңа оқу жылында мектепке барлығы 231 бала келеді. Бөлмелердің барлығы толық жабдықталған. Қысқасы, одан әрі сапалы білім беруге барлық жағдай бар.
Облыс әкімі мектеп ұжымына интерактивті тақта сыйлады.
Келесі аялдама — қаладағы №5 мектеп. Тарихы 1907 жылдан басталатын мектептің сырты ескі замандардағы ғимараттарды еске түсіреді. Сырты ескі болғанымен, іші қазіргі заманға сай – мұнда мультимедиялық, компьютерлік, физика, биология бөлмелері, темір өңдеу шеберханасы, 60 орындық асхана, спортзал, пневматикалық тир бар. Соған сай білім сапасы да жоғары. Былтыр түлектердің 50 пайызы, биыл 52 пайызы грант бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған. Оқушылар үш жыл қатарынан ҰБТ бойынша ауданда бірінші орынды бермей тұр. Биыл мектепте 674 бала оқиды деп күтілуде. Мектеп 2009 жылы “облыстың ең үздік мектебі” номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, облыс әкімінің 1 млн.теңге грантына ие болған. Былтыр “Жол картасы” аясында мектепке 17,5 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді.
Облыс әкімі мектеп бөлмелерін аралап жүріп, бір кластың терезесінен ескі ғимаратты көріп қалды:
– Бұл ғимаратты жекеден алып, мектептің балансына беріп қойдық, – деп сөз бастаған аудан әкімі Рахат Сыдықовқа тапсырма беріп тастады:
– Бұл ғимарат босқа тұрмасын, спорт кешені етіп қайта жарақтандырып, мектепке беріңдер! – деді.
Бұдан соң облыс әкімі “Сұңқар” көтерме сауда орталығында, аудандық мәдениет үйінде болды.
Шалқар көлін жергілікті жұртшылық әнге де қосады, күйге де қосады. Бірақ, бұл көлдің айналасында проблема да баршылық. Соңғы жылдары табаны мен жағасы тұтасып кетуге айналған көлге биыл су мол келіп, тұрғындар қуанып қалды. Кемеріне толған көлдің айналасын жинау үшін шалқарлықтар тазалық акциясын өткізіпті.
Жалпы, Шалқар жоғарғы және төменгі Шалқар көлдерінен тұрады. Жоғарғы Шалқардың суы тұщы. 1927 жылы көлдің екі арасына шлюз құрылысы салынды. Көл сыйымдылығы — 28,0 млн текше метр. Жыл сайын көктемде Мұғалжар тауынан Қауылжыр өзені арқылы 10,0 млн. текше метр су келіп, көлге құяды. Жоғарғы Шалқар көлінің бөгет салу арқылы тұйықталғанына 1 ғасырдай уақыт болыпты. Гидротехникалық қондырғылар мен бөгеттердің әбден тозығы жеткен. Көл табаны батпаққа толып, су қорының азаюына әкеліп соқтырып отыр. Бұл Шалқар қаласының микроклиматына да әсер етеді екен.
Яғни, көл табанын тазартып, су деңгейін сақтап қалу керек. Бұл жұмысты “Мизам” ЖШС өз мойнына алып отыр. Олар Шалқар көлінің гидротехникалық қондырғыларын қайта жасамақ. Құрылыстың сметалық құны — 204 364, 978 мың теңге. Құрылыс биыл сәуір айында басталған. Қазір су бұру арнасы бар су қоймасы қондырғысының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұйырса, жұмыс толықтай келесі жылдың желтоқсанында аяқталады.
– Біткен соң суды бұрып ағызып, көл табанын тазартамыз. Осылайша көл деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік болады. Бұдан кейін көл суын бау-бақша суару секілді техникалық мақсатта пайдалануға болады. Ал бұл ауыз су үнемдеуге септігін тигізеді. Балық өсіруге де қолайлы болар еді, — дейді серіктестік директоры Е.Әділов.
Е.Сағындықов аудан әкіміне келесі жылы қаланың бас жоспарын жасар кезде осы көл суын пайдаланатын су құбырларын да есепке алу қажеттігін тапсырды.
“3 жылда Шалқар көлінің гидротехникалық қондырғыларын қайта жасау жұмыстары аяқталады, көл табаны тазартылып, ауыз суды босқа ысырап қылмай, оның орнына көл суы пайдаланылатын болады. Содан кейін көлге балық жіберіп, осы жерде балық шаруашылығын ұйымдастыратын боламыз”, — деді облыс әкімі.
“Шалқар суы” ауданның бүкіл республикаға танымал бренді десек, артық айтқандық болмас. Осы минералды судың отаны кәдімгі ауыз суға зәру боп отыр. Бұл қаладағы №8 мектептің мәжіліс залында облыс әкімі аудан активімен, тұрғындармен кездескенде айтылды.
Айтпақшы, №8 мектеп туралы айта кетейік.
Бұл мектеп – облыста Елбасы Н.Назарбаевтың “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша 1200 оқушыға арналып салынған санаулы мектептердің бірі. 2008 жылдың аяғында пайдалануға берілген мектеп заман талабына сай толық жабдықталған.
Алдымен аудан әкімі Шалқар өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша мәлімдеді. Одан кейін мінберге шыққан ауыл тұрғындары облыс әкімінің елге жасап жатқан жақсылықтары туралы айтып, мақтап, алғыстарын жаудырды.
– Мықты мақтап жібердіңіздер ғой. Қойыңыздар. Бұл — менің міндетім. Менің орнымда кім болса да, осылай жасауға тиісті, міндетті. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрмысының жақсаруы жолында тынбай еңбек ету Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің алдымызға қойған тапсырмасы, заман талабы. Сондықтан, көп мақтай бермей, өзекті мәселелерді айтыңыздар, – деді облыс әкімі.
Шалқарлықтардың мәселені айтпай қалмайтыны анық. Бірінен соң бірі шығып сөйледі. Ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Әділбаев ауыз су мәселесі жөнінде сөз қозғады.
– Ауданнан 15 мыңдай адам облыс орталығына қарай қоныс аударды. Олар көшіп кеткенімен, той-томалақ, өлім-жітім болса ауылға келмей тұрмайды. Осы адамдардың Шалқар мен Ақтөбе арасында қатынауы қиынға соғып тұр. Өзіңіз 2005 жылы Шалқарға келгенде халықтың тілегі бойынша “Ақтөбе-Шалқар” пойызын жолға шығарып едіңіз. Қазір сол екі вагонның өзі бізге аздық етіп отыр. Сол екі вагонға тағы бірнеше вагон қосылса, нұр үстіне нұр болар еді, — деп тілегін білдірген еңбек ардагері Б.Иманқұловтың сөзін Жаңақоныстан келген ардагер ұстаз И.Досмайылова жалғады:
– 2005 жылы Шалқардың Аққайтым ауылына келіп, бізге көгілдір отын келетінін айтқан едіңіз. Халық алғашында оған біртүрлі күмәнмен қарағаны рас. Бірақ, айтқан уәдеңізді орындадыңыз, тұрғындар көгілдір отынның қызығын көріп отыр, сол үшін сізге ауылдастарымның атынан алғысымды білдірімен, – деп ауыз су деп аталатын мәселенің бұл ауылда да бар екендігін тілге тиек етті.
Үш жылдан бері ауыз су мәселесі төңірегінде соттасып, әділдік таппай жүрген И.Резванов деген мұғалім су алу үшін үш квартал жер жүретінін айтады. Облыс әкімі бұл мәселенің бір шешімі болатынына сендірді.
Аудандағы “Нұр-Отан” ХДП жастар қанатының төрағасы Н.Дүйісов облыс әкімінің ықпалымен 1-2 жыл бұрын Локомотив жөндеу депосына тиесілі 44 пәтерлі тұрғын үйді жөндеуге облыс бюджетінен қаржы бөлініп, ол үй жас отбасылардың игілігіне берілгенін айта келіп, Шалқардағы СМП қалашығындағы 5 қабатты үш үйге жөндеу жүргізіп, оны жас отбасыларға беру мәселесін шешуді сұрады. Тұрғындар жол мәселесін де қозғады.
Облыс әкімі алдымен Елбасының Жолдауында белгіленген міндеттер мен тапсырмаларға тоқтала келіп, тұрғындарды облыста 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы бойынша атқарылатын ауқымды істермен таныстырды. Облыс экономикасының жедел қарқынмен дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Көтеріліп отырған барлық мәселе түгелдей шешілетін шаруа. Қазір Шалқар ғана емес, көптеген өңір үшін үлкен проблема болып отырған ауыз су жағдайын Елбасы 2015 жылға дейін толық шешу қажеттігін айтқан болатын. Бірақ, Ақтөбе облысында бұл мәселені 2015 жылға дейін созбай, ертерек бітіруге мүмкіндік бар. Осы уақытқа дейін облыс бойынша 70 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді, енді алдағы 2-3 жылда 50 елді мекеннің ауыз суға мұқтаждығы мәселесі шешіледі деп отырмыз.
Бір-екі жылда Шалқар көлінің табаны тазарып, техникалық мақсатта көл суы пайдаланылса, ауыз су үнемделетін болады. Шалқар қаласының көшелерін жөндеуге келесі жылы 500 млн. теңге бөлінеді. “Ақтөбе-Шалқар” жергілікті пойызына әзірге екі вагон тіркейміз, егер оны игере алсаңдар, оған тағы вагондар қосу мәселесін шешетін боламыз. Ал аудан орталығындағы 5 қабатты үйлерді жөндеуге келесі жылы қаражат бөлеміз. Шалқар әлі-ақ үлкен шаһар болады. Бұйырса, Шалқар-Бейнеу темір жолы тартылады деп отырмыз, бұл ірі өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді, яғни Шалқарға инвесторлар келеді. Өндіріс болса, экономика күшейеді. Мұның барлығы алдағы уақытта жасалады, бірақ біз өз тарапымыздан туған жеріміздің мәдениетін көтеруге, ауыл-аймақты таза ұстауға, тұрған жерімізді гүлдендіруге, бірлесіп еңбек етіп, халықты жақсы істерге ұйымдастыруға тырысуымыз керек, — деп түйіндеді ойын облыс әкімі.
Түстен кейін Е.Сағындықов Ақтоғай селолық округінің орталығы Қотыртас ауылына атбасын тіреп, осындағы селолық дәрігерлік амбулаторияны, Ақтоғай орта мектебін аралады. Жергілікті тұрғындармен кездесті. Ақтоғайлықтар негізінен бір мәселені алға тартты – ауылға көгілдір отын қажет. Облыс әкімі көгілдір отынның міндетті түрде ауылға келетініне тұрғындарға уәде берді.
Қашанда бүгінгі істелетін шаруаны ертеңге қалдырмайтын облыс басшысы шалғай ауданның елді мекендерінің бүгінімен танысып қана қоймай, біраз мәселені қолма-қол шешіп те кетті. Сондай-ақ, алдағы уақытта қандай жұмыстар атқару қажеттігіне өз ұсыныстарын білдіріп, аудан басшыларына бағыт-бағдар да сілтеді. Көзбен көріп, көңілге түйген мәселелерді шешудің жолдарын да көрсетті. Облыс басшысының бұл жұмыс сапары шынында да қайтарымды болды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, журналист.
Ақтөбе облысы.