* * *
“Шәмші әлемі” шағын бағы немесе жақсы бастама жалғасын табуда
Облыс орталығындағы Әл-Фараби ауданына қарасты “Көл” маңындағы жаңадан салынған скверге – “Шәмші әлемі” шағынбағы деп атау берілді. Бұл әсем атау енді ғасырлар бойы халыққа қызмет ете бермек. “Шәмші әлемі” шағынбағында көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар, фестивальдар мен тағы басқа да түрлі жарыстар өткізілетін болады. Енді 45-50 жылдан кейін (мүмкін Шәмші Қалдаяқовтың 125 жылдығына орай), осы атауды кімнің қойғаны туралы сөз қозғалуы мүмкін. Сонда кейбір кісілер бұл атауды мен қойдым деп айтып қалуы да ғажап емес! Өйткені, елу жылда ел жаңа демекші, бүгінгі таңда аудан, қала, облыста қызмет істеп жүргендердің ол кезде бұл пәни дүниеде болуы немесе болмауы бір Аллаға ғана аян. Сондықтан, осы атаудың қалай берілгенін білетін маман ретінде әрі тарих үшін мына жәйттерді айта кетсем деймін. Жылдағы дәстүр бойынша облыстық ономастика комиссиясының хатшысы ретінде комиссияның 2010 жылға арналған жұмыс жоспарын жасап, облыстық ономастика комиссиясының төрағасы А.Мырзахметовке бекітуге ұсынған едік. Келесі күні құжат кеңседен шыққаннан кейін байқасам, Асқар Исабекұлы биылғы жылдың жұмыс жоспарына Шымкент қаласындағы “Көл” маңындағы скверді “Шәмші әлемі” шағынбағы деп атау және “этноқалашыққа” “Тәуелсіздік алаңы” атын беру туралы мәселені өз қолымен жазып, жоспарға енгізген екен. Осы жоспарға сәйкес Шымкент қалалық ономастика комиссиясы өз мәжілісінде “Көл” маңындағы скверді “Шәмші әлемі” шағынбағы деп атау туралы ұсынысты Шымкент қалалық мәслихатының қарауына жолдап, бұл мәселе қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралып, қолдау тапқан. Яғни, Асқар Исабекұлының қолға алған идеясы іске асып, Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші тұрғызылды. Сондай-ақ осы “Шәмші әлемі” шағынбағында “Жұлдыздар аллеясы” ашылып, оған елімізге белгілі сазгерлер мен әншілердің аты-жөні жазылып, осы атау аясында дүркіреген фестиваль өтпек. Демек, 1992 жылы Шымкент қаласының әкімі Амалбек Тшанов пен қалалық кеңестің төрағасы Қуаныш Төлеметовтің бастамасымен басталған Ш.Қалдаяқов атындағы фестиваль одан әрі облыс басшыларының тың идеяларымен жалғасын тауып жатқаны жұртшылықты қуантып, елдің елдігін таныта түспек! Қабыл ДҮЙСЕНБИ, Оңтүстік Қазақстан облыстық ономастика комиссиясының хатшысы.