24 Тамыз, 2010

“Астана сазы” ансамблі қытай елінде өз өнерін паш етті

588 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жуырда Қытайдың Үрімші қаласында алғаш рет халықаралық балалар фестивалі өтті. Оған Астана қаласындағы №2 балалар музыка мектебінің “Астана сазы” фольк­лор­лық ансамблі қатысып, табыс­пен оралды. Астаналық ансамбльді №2 ба­ла­лар музыка мектебінің дире­к­­торы, сазгер Оспан Сүлейменұлы бастап барды. Елордалық өнерлі балалар Құрманғазының “Балбырауын” және Нұрғиса Тілендиевтің “Ата толғауы” күйлерін орындап, қоше­мет­­ке бөленді. Сонымен қатар №2 балалар музыка мектебінің ұстазы Кәрімбек Ендібаевтың “Астана салтанаты” атты күйін бірнеше елден жиналған көрермендердің назарына тарту етті. Жеке орын­даушылар да ән шырқады. “Балалар концерттен тыс уа­қыттарда орталық саябақты, зоо­бақты аралап көрді. Әсіресе озық заманауи технологияның дамуына арналған мұражай балалардың өте қызығушылығын туғызған. Онда әлі қолданысқа енбеген техника түрле­рімен, әр түрлі “өнер” көрсете ала­тын роботтармен танысты. Өнерлі балаларға құлтемірлерден құралған оркестр ерекше әсер етті. Жиыр­мадан астам мүшесі бар “өнер­паз” оркестрдің өз дирижер­лері бар. Олардың орындаған шы­ғармасы әр баланы өзіне тартып, қызықтыра түсті. Сонымен қатар, Қытай елі ғарышты зерттеуге өте мән беріп отырғанын анық бай­қадық. Өйт­кені, осы мұражайдың бір қабатын түгелдей ғарыш са­ла­­сына арнаған. Онда балалар Жер ­шары мен ғалам­шардың құпия әлемінен мол мағлұ­мат алды деп ойлаймын”, – дейді №2 балалар музыка мектебінің директоры О.Сүлейменұлы. “Егемен-ақпарат”. АСТАНА.

* * *

“Шәмші әлемі” шағын бағы немесе жақсы бастама жалғасын табуда

Облыс орталығындағы Әл-Фараби ауданына қарасты “Көл” маңындағы жаңадан салынған скверге – “Шәмші әлемі” ша­ғын­бағы деп атау берілді. Бұл әсем атау енді ғасырлар бойы ха­лыққа қызмет ете бермек. “Шәм­ші әлемі” шағынбағында көп­теген облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар, фести­валь­дар мен тағы басқа да түрлі жарыстар өткізілетін болады. Енді 45-50 жылдан кейін (мүмкін Шәмші Қалдаяқовтың 125 жылдығына орай), осы атау­ды кімнің қойғаны туралы сөз қозғалуы мүмкін. Сонда кейбір кісілер бұл атауды мен қойдым деп айтып қалуы да ғажап емес! Өйткені, елу жылда ел жаңа де­мекші, бүгінгі таңда аудан, қала, облыста қызмет істеп жүрген­дердің ол кезде бұл пәни дүниеде болуы немесе болмауы бір Аллаға ғана аян. Сондықтан, осы атау­дың қалай берілгенін білетін ма­ман ретінде әрі тарих үшін мына жәйттерді айта кетсем деймін. Жылдағы дәстүр бойынша облыстық ономастика комиссия­сының хатшысы ретінде комис­сияның 2010 жылға арналған жұ­мыс жоспарын жасап, облыстық ономастика комиссиясының тө­ра­ғасы А.Мырзахметовке бекітуге ұсынған едік. Келесі күні құжат кең­седен шыққаннан кейін бай­қасам, Асқар Исабекұлы биылғы жылдың жұмыс жоспарына Шым­­кент қаласындағы “Көл” ма­­­­­ңындағы скверді “Шәмші әлемі” шағынбағы деп атау және “эт­ноқалашыққа” “Тәуелсіздік ала­ңы” атын беру туралы мәсе­лені өз қолымен жазып, жоспар­ға енгізген екен. Осы жоспарға сәйкес Шым­кент қалалық ономастика комис­сиясы өз мәжілісінде “Көл” ма­ңындағы скверді “Шәмші әлемі” шағынбағы деп атау туралы ұсы­нысты Шымкент қалалық мәс­лихатының қарауына жолдап, бұл мәселе қалалық мәслихаттың ке­зекті сессиясында қаралып, қол­дау тапқан. Яғни, Асқар Иса­бек­ұлының қолға алған идеясы іске асып, Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші тұрғызылды. Сондай-ақ осы “Шәмші әлемі” шағын­бағында “Жұлдыздар аллеясы” ашы­лып, оған елімізге белгілі саз­­герлер мен әншілердің аты-жөні жазылып, осы атау аясында дүркіреген фестиваль өтпек. Демек, 1992 жылы Шымкент қа­ласының әкімі Амалбек Тша­нов пен қалалық кеңестің төра­ғасы Қуаныш Төлеметовтің бас­та­масымен басталған Ш.Қалд­ая­қов атындағы фестиваль одан әрі облыс басшыларының тың идея­ла­рымен жалғасын тауып жат­қа­ны жұртшылықты қуантып, елдің ел­дігін таныта түспек! Қабыл ДҮЙСЕНБИ, Оңтүстік Қазақстан облыстық ономастика комиссиясының хатшысы.