24 Тамыз, 2010

Елбасы қабылдады

504 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Ә.Құсайынов ведомство жұмысының биылғы жылдың алғашқы 7 айындағы қорытындылары жайында және елдің көлік-коммуникация кешенін дамытудың болашағы туралы баяндады. Есепті мерзім ішінде Қазақстанда өткен жылғы осыған сәйкес кезеңмен салыстырғанда 19 пайызға артық жүк тасымалданып, дағдарысқа дейінгі 2007 жылғы межеге қол жеткізілген. Жолаушы тасымалы көлемінің өсімі 12 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар әңгіме барысында “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолы, “Қорғас-Жетіген” темір жол желісі мен “Өзен–Түркіменстанмен мемлекеттік шекара” тәрізді ірі жобаларды іске асыру барысы туралы сөз қозғалды. *  *  * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кездесу барысында Б.Сапарбаев облыстың ағымдағы жылдың өткен 7 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады. Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімдерінің өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 145,3 пайызға өсті. Физикалық көлем индексі 115,2 пайызды құрады. Облыс бойынша сыртқы сауда айналымы экспорт үлесі 2,2 есе артуымен 2,3 триллион долларды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдері жалпы көлемінің 119,3 пайызға артуы қамтамасыз етілді. Жұмыссыздық 12 пайызға төмендеді. Индустрияландыру картасы бойынша ағымдағы жылы жалпы құны 155,1 миллиард теңгені құрайтын 12 жоба іске асырылуда. Бұдан басқа, мемлекеттік-жеке мен­шік әріптестік және жеке меншік инвестиция есе­бінен 34 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Президенттің тапсырмасын іске асыру аясында әлеуметтік саланың 72 нысанын коммуналдық мен­шікке қайтару қамтамасыз етілді, 34 гидротехникалық құрылым мемлекеттік ұйымдарға бекітіп берілді. Кездесу барысында көктемгі су тасқынының зар­даптарын жою жөніндегі шаралар туралы сөз қозғалды. Қазіргі уақытта 535 тұрғын үй және 7 білім беру мен денсаулық сақтау мекемелері тұрғызылуда. Құрылыс кестеге сәйкес жүргізілуде –  барлық нысандар қыс басталғанға дейін пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ, әкім Мемлекет басшысын алда өтетін Қа­зақстан мен Ресей ынтымақтастығының VІІ өңір­ара­лық форумына әзірлік барысы туралы хабардар етті. Еліміз Президентінің халықтың әл-ауқатын арттыруға, Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін орындауға бағытталған барлық тапсырмалары жүзеге асырылатын болады, – деді Б.Сапарбаев журналистерге арналған брифингте.