24 Тамыз, 2010

Тарбағатайдағы қуаныш тойы...

513 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Тасқын су басқан аймақтарда тұрғын үйлер пайдалануға берілуде Кенді Алтайдағы биылғы сұра­пыл қыс мыңдаған адамдардың жү­ре­гіне ұмытылмас жарасын салып кет­кені белгілі. Тарбағатай ауданы­ның Жәнті­кей, Көкжыра, Қызыл­ке­сік, Зайсан ауданының Тасбастау, Күр­шім ауда­ны­ның ор­та­лығы мен Ма­ралды және басқа да бірқатар  елді мекендерде күрт  жылыған күн қалың қарды ері­тіп, тасқын су бес жүзден астам тұр­ғын үйді, ондаған мың малды жай­ра­тып салды. Сын сәтте Елбасы қам­қор­лық қолын со­зып, мол қаржы бөлгізді, Үкімет бас­шы­ла­рын апат аймақтарына жіберді, шығын мөлшерін анықтады. Шы­ғысқа он миллиард теңгеге жуық қаржы қажет екені анықталды. Өткен сәрсенбі-бейсенбі күн­дері облыс әкімі Б.Сапарбаев баста­ған құқық қорғау органдары басшы­ла­ры Көкпекті және Тар­ба­ғатай аудандарындағы алты-жеті ауылда кез­десулер өткізді. Ақсуат ауылын­дағы кездесуде тыл арда­гері М.Нұр­бекова деген ана жаңа интернат үйі­нің өз балаларына қажет екендігін, жолдарды жөн­деу­ге қаржы бө­луді өтінді. Облыс әкімі “Жол кар­тасы” бой­ынша жүздеген тарбаға­тай­лық­тар­дың жұмысқа орналас­қа­нын, биыл жолдарды жөндеуге 18 мил­лиард теңге бөлінгенін хабардар етті. Көкжыралықтар да облыс әкімі бастаған топты жылы қарсы алды. Бұл жолы өңір басшысы 15 адамға жаңа үйлердің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Солардың бірі – Еңбек Ері Қазбек Демеубаев қария. Қазбек қарияны мұның алдында да 9 мамырда Көкжырада жолықтырғанбыз. Сол жолы елге сыйлы қария өңір басшысына алғысын айтып “Айналайын, Берді­бек балам, сіз елге жақын азамат екен­сіз, демек, көкжыралықтар үйсіз қалмайды деген сенімдемін” деген. Сол сөзінің шындыққа айналғанын тебіреніп тұрып ел алдында айтып берді. – Құрметті көкжыралықтар, жаңа баспана құтты болсын! Ең алдымен, сіздердің аттарыңыздан көрсеткен қамқорлығы үшін Елбасы Н. Назарбаевқа алғыс айтқым келеді. Бүгін, міне, 15 тұр­ғын үйдің кілтін алып тұрсыздар. Күршім, Тасбастау ауылдарында да үй кілттері зардап шеккен адамдарға берілді. Қызыл­ке­сік ауылында да бүгін пәтер кілттері тапсырылмақ. Осы жолы Самар ауы­лында тұрғындармен кездесуде Лайлы су тоғанының құрылысын салу үшін облыстық бюджеттен 91 миллион теңге бөлінгенін айттым. Оның құрылысы 1 қарашаға дейін аяқталуы тиіс. Уақыт жүрдек, зымы­рап өтіп жатыр, ендеше қал­ған екі айды тиімді пайдалану қажет. Көк­жы­радағы үйлерді 1 қыркүйекке дейін бітіріп, ком­муникация, жол­дар­ды тез аяқтау қажет. Мектеп, бас­қа да әлеуметтік ғимараттарды тез әрі сапалы салатын уақыт жетті, деді облыс әкімі. Жәнтікей ауылында құрылыс сәл баяу. Қазір мұнда 127 үй ша­тыр­ланып, 191 үйдің қабыр­ғасы кө­теріліпті. Облыс әкімі Б.Са­парбаев құрылысты жүргізіп жатқан мекеме басшыларына нақты тапсыр­малар берді. Ал оның барысын қада­ға­лауды өз орынбасары Серік Тәукебаевқа тапсырды. Өңір басшысы бұрынғы аудан орталығы Ақжарда болды. Бірқатар ұжымдарда болып, халықпен әңгі­ме­лесті. Ауылда балалар демалатын орындар жоқ, су тапшылығы байқалады. Ал Тәуке ауылында да тасқын кезінде онға тарта үй жарамсыз болып қалған. Енді келіп жаңа үйлердің кілтіне үйлері бар, зардап шекпегендер ие болған. Облыс басшысы бұл мәселені анықтауды аудан әкіміне тапсырды. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы. ____________________________________ Суретті түсірген Есімхан ОРЫНБАЕВ.