* * *
ШОҚТЫҒЫ БИІК БӨЛТЕКҰЛЫ ШАЙҚАСЫ
18-22 тамыз күндері Ақтауда ересектер арасында қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлын еске түсіруге арналған V халықаралық турнир болып өтті. Турнирге Астана және Алматы қалаларының, Ақмола, Қарағанды, ШҚО, Алматы, Жамбыл, ОҚО, Атырау, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарының және Әзірбайжан, Сирия, Түркіменстан, Украина, Молдова, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан мен Қытай командалары қатысты. Төрт күнге созылған тартысты айқастарда қазақ боксшылары ішінен Мардан Берікбаев (49 кг.), Әли Байбозов (52 кг.), Жандос Момынов (56 кг.), Берік Абдрахманов (60 кг.), Ғайбатолла Ғаджиалиев (64 кг.), Бақытжан Қожабеков (69 кг.), Әділбек Ниязымбетов (75 кг.) жеңімпаз атанса, 81 кг. салмақта қырғыз Шыңғыс Борбашевтің, сириялық Госсун Мұхамедтің (91 кг.) және аса ауыр салмақтағы украин Ростислав Архипенконың мерейі үстем болды. Ал ұлттық құрамада екінші орынды Азат Махметов (52 кг.), Әлемжан Құдайбергенов (56), Жандарбек Исанов (60 кг.), Қуаныш Төлегенов (64 кг.), Жомарт Бектаев (75 кг.), Данияр Үстембаев (91 кг.), аса ауыр салмақтағы Евгений Белов иеленсе, қола жүлдені Азамат Исақұлов (52 кг.), Мейірболат Тойытов, Асхат Таумұрынов (56 кг.), Айдар Әмірзақов, Думан Әлімов (60 кг.), Әділет Егізеков (64 кг.), Манат Өмірзақов, Нұрсұлтан Мұстафин (69 кг.), Азамат Белгібаев (81 кг.), Ержан Қарабалаев (91 кг.) қанағат тұтты. Осы салмақтарда Қытайдың атынан сынға түскен екі қандасымыз да үшінші орынды иеленді. Олар – Асылхан Ерзат (64 кг.) пен Әнуар Ершат (75 кг.). Тағы бір тегі түркілік Қытай спортшысы Маоло Тохтычонг 75 кг. салмақта қола жүлденің иесі атанды. Жалпы, турнирде қазақ боксшылары 6 алтын, 7 күміс және 10 қолаға қол жеткізді. Дастан КЕНЖАЛИН. * * * КҮТПЕГЕН ЕСЕП КӨП ЕМЕС Футболдан Қазақстан чемпионатының биылғы маусымы бел ортасынан асты. Жексенбі күні өткен 23 турдың ойындарынан кейін Қостанайдың “Тобыл” клубы өз алаңында “Атырау” командасын 3:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде өкшесін басып келе жатқан “Ертіс” (Павлодар) клубынан 7 ұпай айырмашылығымен ұзап, бірінші орынға нық орнықты. Ал осы турда ойналған басқа матчтар мынадай есеппен аяқталды. “Ақтөбе” – “Шахтер” 2:0, “Ертіс” – “Локомотив” 0:1, “Жетісу” – “Оқжетпес” 0:0, “Ордабасы” – “Ақжайық” 1:2, “Қайрат” – “Тараз” 0:3. 23 турдан кейін “Тобыл” командасының ойыншысы Ұлықбек Бакаев 12 доппен мергендер тізімін бастап келеді. Одан кейінгі орындарда 10 доп соққан Нұрбол Жұмасқалиев (“Тобыл”), 9 доптың авторлары Глеб Мальцев (“Ертіс”), Георгий Даскалов (екеуі де “Ертіс”), Игорь Бугаев (“Локомотив”) және 7 доп соққан Алексей Мальцев, Саки Мозес (екеуі де “Ақжайық”), Валерий Андроник (“Локомотив”), Мұрат Тілешев пен Самат Смақов (екеуі де “Ақтөбе”), Андрей Финонченко мен Алдин Джидич (“Шахтер”) тұр. Төменде осылардың ішінде турнир кестесінің көшбасшы командасының капитаны, ұлттық құрама шабуылшысының биылғы чемпионат туралы білдірген пікірімен таныстыруды жөн көріп отырмыз. * * * НЕ ЖОҚ БОЛУ, НЕ БАР БОЛУ! Нұрбол ЖҰМАСҚАЛИЕВ, Тобыл” футбол клубының команда капитаны: Футболдан Қазақстан чемпионаты ешқашан биылғыдай күшті, қызық, тартысты өткен емес. Қазір бірінші алтылыққа кіру үшін шиыршық атқан күрес жүріп жатыр. Мықты командалар алдына не бар болу, не жоқ болу керек деген мақсат қойған. Барлығы үшін бір міндет – алтылыққа ену! Бұл біздің “Тобыл” командасына да тікелей қатысты. Осы чемпионатта “Тобыл” командасы көпшілік қарсыластарымыз үшін кедергі іспетті. Бұл “Тобылдың” мықтылығын білдіреді! Екіншіден, “бап шаба ма, бақ шаба ма?” дегендей, “Тобылды” жеңу қай командаға болсын мақтаныш. Сол үшін кім де болса барын салады. Ал біз үшін осы чемпионатта және Қазақстан кубогінде жеңіс тұғырына көтерілу басты нысана болып отыр. Мықты қарсылас болмаса, өзіңді мықты командамын деп қайдан сезінесің? Еңбексіз келген жеңістің дәмі де тәтті болмайды. Осы орайда біз “Ақтөбе”, “Шахтер”, “Ертіс”, “Локомотив” командаларының ойындарына ризамыз. Осы жігіттердің шеберліктері мен қайраққа жанығандай намысы чемпионатта бізді де қамшы басуға итермеледі, жанкүйерлерге де тамаша қанағат сезімін берді деп ойлаймын. Биылғы чемпионат форматының өзгеруі бұл командалар үшін өте қолайлы болды, өз күшін сынауға толық мүмкіндік берді. Күшті деген командалар өзара төрт рет бақ сынасады. Ойыншылардың киімі, стадионның жарақталуы біздің елдің биік экономикалық деңгейінен де хабар бергендей. Мұның барлығы да жақсы нышан. Дегенмен, жанкүйерлер стадионда аузы-мұрнынан шығып отырса, бәйгеге түскендердің делебесін қоздырып, чемпионаттың да сәнін келтіре, бағасын арттыра түсер еді. Әттең, олай болмай тұр. Біздің елде футболды барынша насихаттау керек. Саламатты өмір салты тұрмысымыздың сипаты болу үшін оған алдымен қызмет ететін спорт екенін Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтып келеді. Тағы бір айта кетер жәйт, командалардың құрамын талантына, қабілетіне, еңбегіне қарай емес, жасына қарай жасақтау осы чемпионатта да білініп тұр. Бұл кейбір командалардың жеңілістің ащы дәмін татуының себебі де болған шығар, бәлкім. Футболдың бұл мерекесі жеңіспен де, жеңіліспен де есте қалатын болады.