25 Тамыз, 2010

Бірлескеннің бәсі бекем

409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орал қаласында Кеден одағына мүше Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері ішкі істер министрлерінің, сондай-ақ кеден, шекара қызметі, шекаралас облыстар ішкі істер органдары басшы­ларының кездесуі болды. Кеңеске қатысушылар Кеден одағы жағдайында қылмыспен бірлесіп күресудің әдіс-тәсілдерін кеңінен талқылап, алда атқарылар іс-шараларды пысықтады. Кездесу орны ретінде Орал қаласының таңдап алынуы тегін емес. Өйткені Батыс Қазақстан Ресейдің бес бірдей облысымен шектеседі. ҚР Ішкі істер министрі Серік Бай­­мағанбетовтің атап өткеніндей, Қазақ­стан мен Ресейдің шекаралас аймақтарында қылмысқа бірлесіп тосқауыл қоюдың бай тәжірибесі жинақталған. Сонымен қатар министр республикада Елбасы бастамасы­мен құқық қорғау жүйесін реформалау шаралары қолға алынғанын, соған сәйкес құқық қорғау орган­дарының бірқатар қызметі өзге органдарға жүктелетіндігін, бұдан былай ішкі істер органдарының негізгі күш-қайраты қыл­мыспен күрес сапасын арттыруға бағыттала­тынын жеткізді. Мұның Кеден одағы жағдайында жаңа сипатқа ие болатыны сөзсіз. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің Кеден одағы біртұтас экономикалық кеңістік құру жолындағы аса маңызды қадам екенін атап өтіп, одақтың қазірдің өзінде экономикалық әріптестікті нығайтып, инвестициялық ахуалды жақсартуға, ішкі экономикалық қызметті жүзеге асыруда кездесетін кедергілерді жоюға, ең бастысы, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етіп отырғандығын баса айтты. Қазіргі кезде қылмыстық топтардың трансаймақтық байланыстар деңгейінде жанданып отырғанын тілге тиек еткен Беларусь Республикасының Ішкі істер ми­нистрі Анатолий Кулешов түрлі қылмыстар, заңсыз есірткі айналымы, экстремизм мен лаңкестік әрекеттерге тосқауыл қою үшін үш елдің құқық қорғау органдарының бірлескен іс-әрекетін реттейтін мемлекет­аралық құқықтық-нормативтік базаны жетілдіруді ұсынды. Үш елдің құқық қорғау органдары түрлі іс-шараларды ұйымдас­тырып, ақпарат, тәжірибе алмасуды бұдан былай да жалғастыра фболады. Қылмыспен күресте ортақ ұстаным қажеттігін қолдаған Ресей Федерациясының Ішкі істер министрі Рашид Нұрғалиев Кеден одағы аясында жаңа жұмыс шарттарына бірлескен тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап көрсетті. Бұл үшін ең алдымен ведомствоаралық кешенді іс-қимыл, бірінші кезекте шекаралық және кедендік қызметтер басты рөл атқаруы тиіс. Кеңеске қатысушылар бірлескен іс-қимылдар барысын сарапқа салып, алдағы жоспарларды белгіледі. Темір ҚҰСАЙЫН. ОРАЛ.

* * *

Сібірлік журналистер келіп кетті

Павлодарда Ресейдің Новосібір облысы мен біздің облыстың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бірлескен форумы өтті. Сібірлік журналистер қауымын сол жақтағы одақтың төрағасы Андрей Челноков бастап келді. Басқосуда екі ел арасындағы экономи­калық-сауда, мәдени әріптестік байланыс­тар, жалпы журналистер арасында ақпарат алмасу сияқты мәселелер қозғалды. Орыс журналистеріне біздің еліміздің бүгінгі таң­дағы асқаралы жетістіктері индустрия­лық даму бағыты, “Жол картасы” бағдар­ламасы жайлы облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова баяндап берді. Кездесу “Достық” үйінде өтті. Қазақ­стан­дықтардың ынтымағын дәріптейтін мұндай кездесулер әркез облыстағы барлық мәдени орталықтардың басын біріктіретін осы “Достық” үйінде ұйым­дастырылады. Бұдан кейін новосібірлік журналистер болашақ жазбаларына арқау болатындай мәліметтер жинап, облыс орталығындағы Павел Васильев музейінде, зауыттарда, әсем Баянауылда, көмірлі Екібастұзда болды. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.