немесе жазушы Қалмұқан Исабайдың бейбіт күндегі бес ерлігі хақында
Кездесіп қалған сайын Қалағаңның сөз бисмілләсін: “Мен саған бір қызық айтайын” деп бастайтын әдеті бар. Алда-жалда ол “қызығын” тыңдауға асығыстығыңды аңғарса, дереу “Әй, осы сен өзің бір жақсы жігітсің” деп көпшік тастайды. “Жақсы жігіт екенімді қайдан білесіз?” деп қыжыртсаң, “Е-е, оны білетінім сол, Зерендідей жерде туған адамның жаман болуы мүмкін емес” деп қуақылана күледі. Жалтаруға жол қалдырмас осындай табанды да тапқыр дипломатия 18-дегі қыршын жасынан сонау соғысты да өткерген, одан қаншама жыл неміс қаласының коменданты болған ағаның бейбіт уақыттағы бесаспап қаруы боп келе жатқанын білсемші. Және бұл қаруды ол әрдайым өзінің ел мүддесіне орайласқан ізгілікті ойларын іске асыру үшін пайдаланады екен-ау.
Тапқырлық демекші, Әнуар Әлімжановтың 50 жылдығы Мәскеуде, Орталық әдебиетшілер үйі ЦДЛ-де аталып өтіледі. Сахна сыртында үлкен үстелде дастархан жайылған екен, Әнекеңнің ымдап шақыруымен сол жерге асықпай Қалағаң да жетеді. Үстел басында өңшең орыстың үлкен жазушылары, КСРО Жазушылар одағының басшылары. Осы кезде Олжас Сүлейменов келе қалып, жолында тұрған Қалағаңмен амандасады да, оны сол бойында қаусыра құшақтап: “Друзья-товарищи, скажите, на что похожи сейчас мы с моим братом Калмуханом?” деп сұрайды, сөйтеді де өз сұрағына өзі жауап қайтарып: “Мы похожи на диаграмму роста казахской советской литературы за 50 лет” дейді. Жұрт ду күледі. Өйткені, Олжас ұзын бойлы, Қалағаң тапал. Сонда Қалағаң сұқ саусағын шошайтып жоғары көтереді. Күлкі тыйылады. Енді сол сұқ саусақпен өзін көрсетеді де: “Качество!” деп бір қояды, ізінше Олжасты нұсқап: “Количество!” дейді. Ендігі күлкі әуелгіден де басымырақ шығады.
Қалағаңның айтатын қызықтарын білмек болсаңыз, “Бұл дүниенің бір ғажабы архив қой” деп бастайды ол кісі. Олжекеңді нұқыған әлгі сұқ саусақ баяғыша тынымсыз жұмыс істеп тұрады. “Мен шовинистерге қазақтың бұрынғы біраз жағдайын дәлелдемекші боп архивтерде көп отырған адаммын. “Шоң би” деген үлкен романымды білесің ғой. Соған негіз болған материалдарға архивте ұшырастым. Қарадан хан шығып, қазақтан алғаш аға сұлтан сайланған Шоң осы. Шоңның күзет-қызметінде казак-орыс жасағы болады. Бұлар бір жағынан бидің өзін де бақылайтын жансыз қызыл көздер. Солар Шоңның не істеп, не қойғанын, күнделікті тіршілігін жіпке тізіп донос есебінде баяндап, генерал-губернаторларына жібере берген. Сол кездегі біздің тарих, қазақ өмірінің шежіресі! Мына бір қызықты қараңыз. Сол заманда Баянауыл-Қарқаралы өңірінде бір қожа-молда шыққан дейді. Ол өзін рахман шапағатына бөленген ерекше жан, асыл ұрықтың жұрағаты деп жариялапты. Енді бұдан қазақ ішінде жаңа пайғамбар туады-мыс. Ол үшін жұрт үйге түсер келіннің, оң жақта отырған қыздың алғашқы түнін әлгі аруақ қонған қожа-молдаға сыйлауы керек. Алланың түсірген әмірі осылай. Бұл әмірден қия басқандардың барар жері – жаһаннам. Ел дүрбелеңге түседі. Аңқау жұрттың бірсыпырасы арамза молданың торына шырмалып та қалады. Ақыры бұл жағдай аға сұлтан Шоңның құлағына тиеді. Қара халықты бұлай қорлағанға қатты намыстанып қаһарланғаны сонша, Шоң алаяқ молданы ат қылып тартқыздырып, елден масқаралап қуады. Осы жайлардың бәрі жаңағы казак-орыстардың тыңшылық баяндарында жазылып, патша үкіметінің архивінде сақталған. Міне, архивтің ғажабы. Шоң бидің заманында сенің Көкшетауың жағында да талай атақты адамдар шыққан. Анау Зілғара Байтоқин, Кенесары көтерілісіне қосылған батагөй Бөгенбай би, Бала Баубек батыр. Архивтен іздеп қарап, сол тарихтарды сен жазуың керек” деп Қалағаң енді маған міндет жүктейді.
Тегінде, архивке құмарттырған осындай құштар ізденгіштік Қалағаңның қанында. 1954 жылы әскер қызметінен босай сала Алматыға келіп, әдеби-журналистік қызметке құлай беріліп кіріседі. Осы кездерде алты-жеті жыл “Социалистік Қазақстан” газетінде қаламгерлікке төселеді. Қазақтың жазушы-журналист қауымында бұрын-соңды болмаған жағдай сол, 1951 жылы Қалмұқан Исабаев болашақ Ертіс-Қарағанды каналы жүретін жерлермен 500 шақырым жаяу сапар шегіп, “Арман арнасымен” атты күнделік кітабын шығарады. 12 жыл бойы табан аудармастан осы құрылыстың басы-қасында болады. “По руслу мечты”, “Подвиг в степи”, “На стыке судеб”, “Сұңқар самғауы” атты кітаптар, жүзден астам проблемалық очерктер мен мақалалар жазылады. Бір тақырыпты игерудегі осыншалықты ізерлі табандылықты қазақ журналистикасы әлі күнге дейін білмесе керек.
Жайшылықта қарапайым Қалағаңның жаны романтик, арман-қиялы жер-жиһанды шарлап жүреді. Осы айтқанымызды айғақтап көрейік. Берлиннің Трептов паркінде бір қолымен кішкентай қыз баланы кеудесіне баса көтеріп, екінші қолындағы семсермен табанының астына тапталған фашизм свастикасын қақырата шапқан совет солдаты ерлігінің бейнелі мүсіні біздің ұрпаққа мектеп оқулығынан таныс. Ескерткіштің елге кеңінен әйгілі авторы, мүсінші Е.Вучетич. Білмекке құштар тынымсыз Қалағаңды 60-шы жылдардың басында аталмыш ескерткіштің прототипі кім, қаһармандық бейненің негізіне нендей оқиға алынды деген сұрақ мазалайды. Ақыры қоймастан іздеп жүріп анықтайды. Ескерткіш негізіне болған оқиға алынған. Прототипі 1945 жылдың сәуірінде Рейхстаг үшін болған қиян-кескі ұрыс кезінде кішкентай неміс қызын ажал аранынан алып шыққан 220-шы Запорожец полкінің сержанты Николай Масалов екен. Берлин көшесіндегі шайқастарда батальон командирі болған мүсінші Е.Вучетич бұл оқиғаны жақсы білген де, кейіннен ерлік пен ізгілікті сомдаған өз туындысының арқауы етіп алған. Міне, өзі зерттеп анықтаған осы жайларды айтып Қалмұқан Исабаев “Социалистік Қазақстан” газетінің 1964 жылғы 22 қараша күнгі санына “Мүсінге айналған ерлік” атты шағын мақала, соған қоса ескерткіш пен сержант Н.Масаловтың суреттерін жариялайды. Бір қызығы, мүсіндегі бейне мен Масаловтың ұқсастығы бір қарағаннан-ақ байқалады. Ең ғажабы, нақ осы күні “Правда” газетінде де сержант Масаловтың мүсінге айналған ерлігі жайлы деректерді алғаш жарияға шығарған материал беріледі. Қайткенде де біздің Қалағаңның журналистік зерттеу жүргізудегі жеделдігі мәскеулік әріптестерінен озық болмаса, кем түспепті.
Қолтоқпақтай ғана Қалағаңның шовинистермен дабырасыз күресі басталған уақыт та осы алпысыншы жылдар. Бұл кезде Баянауыл өңіріне де тың игерушілер келген. Бұрынғы 16 колхоз іріленіп, олардың орнына төрт совхоз орнаған. Атауларының бәрі орысша. Қазақтың аса үлкен ақыны Сұлтанмахмұттың туған жерінде орнаған совхозға сайда саны, құмда ізі жоқ, осынау қасиетті өңірге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Александров деген әлдекімнің аты беріледі. Бұған наразы болған Дихан Әбілев пен Қалижан Бекхожин Павлодардың облыстық партия комитетіне: “Бұл дұрыс емес, совхоз Сұлтанмахмұт Торайғыров атында болу керек” деп хат жазады. Бірақ ол хатқа обкомның айыл жиятын түрі көрінбейді. Енді бұл іске өзі қолтоқпақтай болса да, бойына қарға бойлы Қазтуғанның қайсарлығы дарыған Қалмұқан кіріседі. Қанша айтқанмен 10 жыл Еуропа тәлімін көрген ол дәлелсіз доқ көрсетуден түк өнбейтінін біледі. Сөйтеді де архивке, заңға жүгінеді, солардан сөзін өткізерлік саңылау табады. Обкомда отырған әріпшіл шовинистерді өзі ұсынған идеяға көндіру үшін әуелі сол Александровтың атын совхозға беруге лайықсыз, ондай құрметке татымайтын адам екенін дәлелдеу керек еді. Қысылшаңда көмекке келген, ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын айналайын ақиқатшыл архив әлгі Александровтың қандай алаяқ болғандығын жарқыратып жайды да салды. Ол жұртты алдап, 4 миллион рубль қарызға батып, ақыры масқарашылықпен атылып өлген сабаз болып шықты. Осы айғақтарды бұлтартпастан қолға ұстаған сол тұстағы “Социалистік Қазақстан” газетінің қызметкері, жас талап жазушы Исабаев обкомның шовинист хатшысына: “Совет совхозына кімнің атын беріп отырсыз?” деп сұрақты төтесінен қойды. Қисыны келіскен осындайлық Қалмұқан тегеурінінен кейін туған жеріне орнаған совхозға Сұлтанмахмұт ақынның атын бермеске шовинистердің шаралары да қалмап еді. Бұл – 1962 жыл. Осы жағдайды біздің қызметкеріміз сөйткен деп қазіргі тәуелсіз еліміздің аға газеті “Егемен Қазақстанның” да мақтан етуге қақысы бар деп ойлаймыз. Иә, бейбіт күннің бір ерлігіне барабар бұл ісі үшін, Қабдоловшылап айтқанда, “егемендіктер” Қалағаңмен мақтанады.
Баянауылдың тумасы Қалағаң Екібастұздың көмірін ашқан адам Қосым Пішенбаев деген кісі деп ел аузындағы әңгімелерден бала күнінде-ақ естіп жүретін. Енді осы ен байлықты алғаш ашушы ретінде қайдан сап ете түскені беймәлім Бородин деген белгісіз біреудің әспеттеліп, соның атына көше беріліп жатқанына таң қалды. Екібастұздың көмірін тапқан ол емес, Пішенбаев деп обком хатшысы Бариковқа барса, тіпті жолатар емес. “Көмірді Пішенбаев тапты деген қағаз әкел” дейді беті бүлк етпей. Жарты Ресей, жарты Сібірге жылу беріп отырған Екібастұзды ашу құрметін қазаққа қимайды. Ондай байлықты табуға тек орыс қана лайықты! Содан шовинистердің есіргені сонша, көмірді ашты деп дүниеде болмаған Бородинді атай салған.
Қалағаң тағы архивке жүгінді. Сәтін салғанда, керек қағаз Киевтің архивінен табылды. Себебі, Екібастұздан алғаш Артем Дерев деген көпес көмір ала бастайды. Сібір қалаларына сатады. Бірақ кәсіпшілікті кеңейтуге ақшасы жетпей, Киевтің бір көпесін көмекке шақырады. Ол жақтан көмірдің көлемі мен сапасын білуге өкіл келеді. Осы жайларды айтқан қағазбен бірге көмірді Пішенбаев тапты деген қағаз да кеткен болар деп ойлайды біздің Қалағаң. Сөйтіп, жүргенде Мәскеуде Сугоняко деген украин журналисімен жолығып қалады. Оның арманы Қазақстандағы Тарас Шевченко болған жерлерді көру екен. “Жарайды. Көмектесейін. Тек сен де бір шаруаға қол ұшын бер. Көпес Лазаревтің Екібастұзға байланысты құжаттары Киевтің архивінде болуы мүмкін. Маған сол керек” деді. Үміті алдамады. Сол қағазды Сугоняко тауып, фотокөшірмесін салып жіберді. Қызық болғанда, Қосым Пішенбаев та соның ішінде жүр. Қарабидайық деген жерден көмір табылғандығы, төрт қазақтың шурп қазғандығы, бәрі тайға таңба басқандай айтылған. Төртеудің маңдай алдында Қосым Пішенбаев тұр! “Уа, жаса архив!” деді Қалағаң. “Мынадай айғақ тұрғанда Пішенбаевты жолатпай, дүниеде болмаған Бородинге көмір ашты деп атақ берген өтірігіңді “Крокодилге” жазып берсем не боласыз?” деп обком хатшысы Бариковқа қиғылық салып, енді Қалағаң күшейді. Екібастұзды алғаш табушы құрметінің ақ-адал иесі Қосым Пішенбаев бабамыз тарихтан ресми түрде өзіне тиесілі орынды сөйтіп алды. Атына көше берілді. Кейін, 1994 жылы, туғанына 150 жыл толуына орай Екібастұз қаласында ескерткіші орнатылды. Қалмұқан Исабаевтың және ... архивтің арқасында.
Басқыншы атаман Ермак атын қазақ жерінен аластау жөніндегі айтыс-тартыстар кезінде де Қалағаң қазақ үшін көкейтесті бұл мәселеден сырт қала алмады. Бірақ бос даурығушылардың, құрдан-құр өңеш жыртушылардың қатарына қосылмады. Ол өнбейтін бос айтысты қоя тұрып, мәселені шешудің нақты кілтін тапты, әр қадамын байыппен жасады. Шекараға жақын Ресей қалаларының басшыларымен мәмілеге келді. “Ермактың аяғы қазіргі Қазақстан аумағын мүлдем баспаған екен. Атаман Омбының, Томбы мен Түменнің тарихынан орын алса, әділі де сол. Біз атаманның ескерткішін сіздерге тегін берейік” деп дипломатияға жүгінді. Мұнысы табылған ақыл болды. Ресейліктерді айтқанына көндірді. Айтыс-тартыстың қызуын басып, шиеленісті бәсеңсітті. Сөйтіп, ақырын жүріп, анық басқан, мен сөйттім деп кейбіреулерше кеудесін қақпаған Қалағаң Ермак қаласына қойылған басқыншы атаманның ескерткішін алуға, қала атын Ақсу деп өзгертуге атсалысты. Сәтбек батыр бабамыз жайратқан Ермакты ақыры түпкілікті жеңіп шыққан қазақ жазушысы Қалмұқан Исабаев болды.
Біздің заманда қазақ атының шет жұрттарда танылуына, қазақ рухының әлемдік кеңістікте асқақтауына әуел бастан мұрындық болушылардың алдыңғы қатарында тағы да Қалағаң тұрады екен. Ұлттың кеудесінен басқан кеңестік саясат бел алып тұрған сонау 1979 жылы Абайдың Гетеден аударған “Қараңғы түнде тау қалғып” өлеңін мәрмәр тасқа қашатып, оны сол өлеңнің немісше нұсқасы туған, өзі комендант болған Ильменау қаласының Гете музейіне қойғызу және осы сөзге жазылған Абай әнінің магнитофон таспасын табыс ету Қалағаңдай қайсардың ғана қолынан келер ізгілікті іс болатын. Сол кездерде ГДР газеттері Тюрингияда шырқалған Абай әнін жыл сайын 60 мыңдай адам тыңдайтынын жазды. Бұл да Қалағаңның арқасында.
Ал енді осы Қалағаң Берлинде Абай атына көше бергізу үшін не істеді деңіз? Ол әуелі өзіміздің шенеуніктермен арпалысып жүріп Астана, Алматы, Семей және Қарағанды қалаларының бір-бір көшесіне немістің ұлы ақыны Гетенің атын қойғызды. Сосын сол туралы қала әкімдері шешімдерінің көшірмесін алып барып, Берлиннің мэріне көрсетті. Қазақ айтпай ма: “Алмақтың да салмағы бар” деп. Осы кәміл қағиданы ұстанған, қылдан таймас немістік дәлдікке сүйенген қазақтың қарт жазушысы Қалмұқан Исабаев, сөйтіп, 2000 жылы бүкіл халқымызға Берлинде Абай көшесінің ашылу қуанышын сыйлап еді.
Биылғы сәуірдің 25 жұлдызында Италияның Триест қаласында 1943-1945 жылдары осы қаланы және Гориция облысын азат ету кезінде қаза тапқан 104 кеңестік жауынгердің рухына арналған ескерткіш ашылды. Оның төменгі жағына мынадай сөздер итальян, орыс және қазақ тілдерінде бедерлеп жазылған: “Ескерткіш Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігімен, соғыс ардагері Қалмұқан Исабаевтың бастамасымен, Триест қаласының жұртшылығы және Мэриясының қолдауымен орнатылған. 2010 жыл 9 мамыр”.
Осылайша алыс Италияда Қалағаң есімі тағы да алдымыздан шықты. Оның сыры мынадай. Өзі де от кешкен, соғыстан кейін Германияда көп жыл әскери қызмет атқарған ағамызды Еуропаны фашизмнен азат етуге қатысқан қазақ жауынгерлері жайлы ой жиі мазалайтын. Соларды іздеп тапсам, Еуропаны азат етуде қазақтың да қаны төгілгенін, үлесі барын әлемге жар салып айтып, танытсам дейтін. Сөйтіп, Қалағаң отыз жылдық ізденістің арқасында Югославия халық-азаттық армиясының құрамында 1943 жылдың күзінде фашистік концлагерлерден қашып барып қосылған кеңес жауынгерлерінен ерекше батальон жасақталғанын, батальон командирі болып 23 жасар қазақ жігіті сержант Бейсен Райысовтың тағайындалғанын анықтайды. Бұл құраманы “орыс батальоны” деп те атаған. Жетпісінші жылдары Бейсенмен кездесіп, Випава көпірі үшін тең емес шайқаста 150 фашисті жер жастандырған, өздері де шейіт болған 10 қазақ партизанының есімдерін жазып алады. Қалағаң Жеңістің 60 жылдығы тұсында: “Егер республика Үкіметі маған жол ашса, Италиядағы өзіміздің елшілікке барып, өзен мен көпірді және осы маңға жерленген жерлестеріміздің зиратын тауып, олардың аты-жөндері жазылған кесене тұрғызу дайындығын бастар едік” деген тілек-өтінішін айтып, сол кездегі Мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімовке хат тапсырған болатын.
Қазақы ұғымға салып айтқанда, ақкөйлек ақсақалдың осынау ақ тілегі періштенің құлағына шалынды. Қалағаңның Триест маңында құрбан болған 10 қазақ жауынгерінің мәңгілік жай тапқан жерлерін тауып, кесене орнатуға көмектесуді сұраған өтініші біздің Сыртқы істер министрлігінде де, Италиядағы Алмаз Хамзаев басқарып отырған елшілігімізде де оң қабақпен қабыл алынды. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде сол төңіректе 104 кеңес жауынгері құрбан болғандығы анықталды. Оның 36-сы қазақ болып шықты. Енді, міне, Қалағаң көтерген бастама, діттеген іс жеріне жетіп, алыс Италияда адамзаттың азаттығы үшін қыршын кеткен боздақтарымыздың рухын асқақтатқан кесене тұрғызылды. Қазақ елі, қазақ жері өз ұлдарын ұмытпады. Аруақтарын риза етті. Қазақтың ақсақал жазушысы Қалмұқан Исабайдың арқасында.
Сөз соңына қарай Қалағаңның тағы бір қызығын айтайықшы. Бұл кісіңіз академик Ебіней Бөкетовпен досжар болған ғой. Бірде Ебекеңнің үйінде отырып, Қалағаң келер жылы 50 жасқа толатынын айтыпты. Сөйтсе келер жылы Ебекең де 50-ге толады екен.
– Апырау, сен де елуге келіп қалдың ба? – депті Қалағаң. Сонда оның батыр тұлғалы құрдасы:
– Кіп-кішкентай Қалмұқан елуге келгенде, үп-үлкен менің елуге келмегенім ұят емес пе?– деп кеңк-кеңк күлген екен.
Сол айтпақшы, қаршығадай Қалағаң елу, алпыстарыңызды алыс жылдарда шаң қаптырып қалдырып, міне, сексен бестің сеңгіріне шықты. Қазақ мүддесі тұрғысынан келгенде бір өзі атағы дардай пәленбай дейтін институт, ұйым, партиялардың жүгін көтеріп, солар атқаруға тиісті жұмыстарды айқай-шусыз бір өзі тындырып жүр. Онысын және міндет етпейді. Ісі ұлық, өзі кішік Қалағаңның бұл да бір ғибраты болар.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.