ДАМУ ТҰҒЫРЫ – ӨРКЕНИЕТТІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Астананың халықаралық 10 жылдық мерекесі аталып өтілер тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Бәріңіз де білесіздер, біз Астананы қазақстандық мемлекеттіліктің эталон қаласы ретінде әлемдегі ең үздік 30 қаланың қатарына қосу жөніндегі өршіл мақсатымызды кеңінен паш еттік. Сондықтан біздің жас елордамыз қазақстандық брэндтің маңызды бөлігіне айналды”, деп атап көрсеткен болатын. Бұл өршіл мақсатты ойдағыдай орындау барысында жылдан-жылға атқарылатын жұмыс көлемі барған сайын ауқымданып, шын мағынасында стратегиялық сипат алып барады. Оған күні кеше аталып өткен елордамыздың 12 жылдық мүшел мерекесіне төрткүл дүниенің төрт бұрышынан арнай келген қонақтардың жүрекжарды пікірлері, осы той аясында өткен әлем астаналарының ешқайсысында баламасы жоқ “Хан Шатыр” архитектуралық ансамблінің тұсаукесері айқын дәлел болады.
Әлемдік мегаполюстерді ерекшелендіретін де, олардың қалыпты өмірі мен дамуында да шешуші рөл атқаратын озық технологиялық инфрақұрылымы екендігі даусыз. Мемлекет басшысының елорданы одан әрі өркендету мәселесінде қаланың базалық инфрақұрылымын барынша дамытуға үнемі басымдық беріп келе жатқандығы да сондықтан. Астанада атқарылып жатқан құрылыс ауқымы туралы айтудың өзі артық. Елімізде қолға алынған құрылыс жұмыстарының 40 пайызы елорданың үлесіне тиесілі. Мәдени-әлеуметтік нысандарды айтпағанның өзінде, жыл сайын қаламызда миллион шаршы метрден астам тұрғын үй кешендері пайдалануға беріледі. Жаңа құрылыс нысандары қаланың бір ғана аумағында емес, барлық аймақтарында бірдей бой көтеруде. Ендеше, қала инфрақұрылымын төрт құбыла бойынша тең дамыту, ешбір үзіліссіз қаланы су, жылу және жарықпен жабдықтау, күннен-күнге өсіп бара жатқан көлік тасқынының тоқтаусыз қозғалысын қамтамасыз ететін жол-көлік жүйесін қалыптастыру көлемді де келелі міндет.
Астананың авторы – Елбасының тікелей басшылығымен бұл орайда атқарылған жұмыс ұшан-теңіз, белгіленген жоба одан да зор. Атап айтқанда, соңғы жылдары жылу-энергетика саласына республикалық бюджеттен бөлінген 14 млрд. трасферт қаржыға №1 және №2 жылу электр орталықтарын (ЖЭО) қайта жарақтандыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Өткен жылы үшінші қосылымдағы жылу магистралінің, “Жаңа жол” подстансасының құрылыстары аяқталып, жұмыс істеп тұрған 110/10 киловаттық екі подстансалар қайта жарақтандырылды. Қазіргі таңда қаланың барлық энергетикалық қуат көздері 1 340 Гкал/сағ. жылу, 340 МВт электр энергиясын өндіреді. Қаланың қарқынды өсу жағдайын ескере келіп, 2010-2012 жылдар аралығында жылу энергиясына деген сұраныс 1 925 Гкал/сағ., электр энергиясына деген сұраныс 543 МВт. болады деген болжам жасалынып отыр. Ал 2016 жылға таман тек электр энергиясына деген сұраныс 765 МВт-ға дейін өседі. Бүгінгі күні қаламызға 1 568 Гкал/сағ. жылу энергиясы қажет. Жылу энергиясына деген тапшылық 103 Гкал/сағ. болып отыр. Бұл алдағы уақытта жылу жүйесіне қосылатын жаңа нысандарды есептемегендегі жағдай. Сондықтан қазір қаланың энергетикалық активтерін қайта жарақтандыру және жаңғырту мақсатында үлкен жұмыстар қолға алынды. Тек өткен жылы ғана осы салада 73 млрд. теңгенің жұмыс көлемі игерілді.
Үстіміздегі жылы №1 ЖЭО қайта жарақтандыру жұмыстары жалғастырылуда. Биыл №3 бу қазаны агрегаты толық жаңартылып, жылу беру жүйесін ауыстыру жұмысы аяқталады. Энергетикалық нысандағы қайта құру жұмыстары 2013 жылы толық іс жүзіне асырылады деп күтілуде. Сол кезде №1 ЖЭО-ның қуаты 385 Гкал/сағ.-тан 410 Гкал/сағ.-қа дейін артатын болады. №2 ЖЭО-да қуаты 420 Гкал/сағ. болатын су ысытатын қазандықтар құрылысы салынуда. Биыл қуаты 220 Гкал/сағ. болатын екі қазандық іске қосылады.
Құрылысы енді ғана қолға алына бастаған №3 ЖЭО-ның жайына келетін болсақ, бұл нысанның Астана қаласы үшін стратегиялық маңызы бар екендігін атап көрсету керек. Аталмыш энергетикалық нысан елорданы энергетикалық қуат көздеріне деген тәуелділіктен құтқарады. Қала энергетикалық қуаты жағынан өзін-өзі толық қамтамасыз ететін ірі орталыққа айналады. Бұл дүние жүзіндегі ірі мегаполистер мен астаналарға тән жетістік болып табылмақ. Стратегиялық маңыздағы бұл жоба бойынша №3 ЖЭО-ның қуаты сағатына 860 Гкал 1 сағ. жылу және 240 МВт электр энергиясын өндіруге негізделген.
Бұл жобаның жалпы құны 147,45 млрд. теңге болып отыр. Алдын ала жасалған техника – экономикалық негіздемеге сәйкес бірінші кезекте орталықтың инженерлік жүйелерімен бірге су ысытатын бу қазандарының құрылысын салу, екінші кезекте энергоблоктардың құрылысын жүргізу жоспары жасалынды. Қазір құрылыстың алғашқы кезеңін жүргізуге байланысты дайындық жұмыстары қолға алынды.
Сөйтіп, №1 ЖЭО-дағы қайта құру жұмыстары толық аяқталғаннан кейін және №2 ЖЭО-ның энергоблоктары іске қосылатын 2013 жылға таман жылу беретін орталықтардың қуаты 2015 Гкал/сағ. болып, қазіргі межеден 675 Гкал өсімге қол жеткізіледі. №3 ЖЭО-ның бірінші кезегі толық іске қосылатын 2016 жылдарға таман қаламыздағы энергетикалық орталықтардың қуаты 2665 Гкал/сағ. деңгейіне жетпек. Бұл елорданың алдағы уақыттағы өсу деңгейіне байланысты сұраныстарды ескергеннің өзінде, қала өзін-өзі энергетикалық қуат көздерімен толық қамтамасыз ете алады деген сөз.
Астананың энергетикалық кешені өндіру қуатын арттырумен қатар, сол энергетикалық қуатты тасымалдай алатын өткізу желілерін де құруы керек. Мәселен, қазір қаламыздың электр тасымалдау желілері барынша пайдаланған жағдайда 460 МВт-ға дейін ғана электр энергиясын өткізе алады. Сондықтан алдағы уақытта өткізу қабілеті 1200 МВт-ға тең келетін жаңа 220 кВт электр энергиясын тарату желілерін құру керек. Оның үстіне қаламыздың электр энергиясын тарату желілерінің ескіргендігі, тіпті көп ретте жарамсыз жағдайға жетіп отырғандығы да жасырын емес. Осыған байланысты соңғы жылдары жалпы ұзындығы 170 шақырым орамды қамтитын қуаты 220 кВт. Электр тарату желілері шеңберінің құрылысын салу жұмысы басталды. Осы электр желісін тарату аумағында 220/110/20 кВт. қуатындағы үш тірек подстансасын салу қажет. Биылғы жылы 6 подстансада қайта құру жүргізіліп, бір жаңа подстанса бой көтереді. Сонымен бірге жалпы ұзындығы 4,5 шақырым жылу жүйесі қайта жаңартылады. Айтылған бұл ірі жобалардың бәрі қаржылық жағынан толық қамтамасыз етілген. Қазір белгіленген жоспарға сәйкес жұмыс кесте бойынша жүргізілуде.
Қанатын кең жайып, күннен-күнге қарыштап дамып бара жатқан елорданың базалық инфрақұрылымын қалыптастырудағы келелі де көкейкесті мәселенің бірі – қаланы
жүйелі түрде үздіксіз сапалы сумен қамтамасыз ету. Астана еліміздің жартылай шөлейт аймағында қоныс тепкен. Соған байланысты елорданы сумен қамтамасыз ету проблемасы өткір қойылып отыр. Осы көкейкесті проблеманы түбегейлі шешу мақсатында 2007 жылдан бері жапондық несие көзі бойынша ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл кешенді жобаның жалпы құны 66,7 млрд. теңгені құрайды. Жоба бойынша су сорғыш және тазалау стансасы кеңейтіліп, 120 шақырым су құбыры мен 24,4 шақырым канализациялық коллекторлар тартылуы қажет. Тәулігіне 200 мың текше метр су сорып, тазалайтын жаңа станса құрылысы салынуы керек. Жоба жүзеге асырыла бастаған үш жыл ішінде жалпы ұзындығы 110 шақырым су және канализация құбыры салынып іске қосылды. Үстіміздегі жылы қалған 20 шақырым құбыр жолы пайдалануға беріліп, жобада қарастырылған басқа да ірі нысандар іске қосылмақ.
Сонымен бірге жапондық жоба суды пайдалану мөлшерін есепке алып отыру тәжірибесін енгізуге мүмкіндік берді. Биылғы жылы атқарылатын жұмыстарды қоса есептегенде, жоба бойынша 1700 жалпы үйдің және 127 мың жеке пәтерлердің су есептегіш қондырғылары іске қосылады. Бұл су ысырабына тосқауыл қоятын өте тиімді тәжірибе екендігі қазірдің өзінде іс жүзінде дәлелденді. Оның тиімділігін жеке тұрғындар да сезе бастады. Су есептегіш қондырғылары бар пәтерлер төлемдерін 25-30 пайызға дейін төмендетті. Қаланы сумен қамтамасыз етуде тапшылық болмауы үшін Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан жіберілетін су көлемін арттыру мақсатындағы технологиялық шешімдер ойластыруда. Сондай-ақ жерасты суларын пайдаланудың мол қорын жасау үшін жаңа ұңғымалар жасалып, жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жасалып жатқан осы кешенді шаралар болашақта елорданың судан ешқандай тапшылық көрмеуіне берік негіз қалайды.
Ірі мегаполистің әлеуметтік-экономикалық тіршілігінің тиімді де іркіліссіз жұмыс істеуі үшін жетілген жол-көлік инфрақұрылымының болуы ауадай қажет. Ақиқатында жол-көлік инфрақұрылымы қала коммуникациясына нәр құятын тіршілік тамыры болып табылады. Жасыратыны жоқ, Астана қаласының жолдары көлік тасқынынан тұншығып тұр. Бүгінде күн сайын қала көшелеріне жан-жақтан келетін көліктерді қоса есептегенде 250 мыңнан астам автокөліктер шығады. Ал қала көшелерінің дені кешегі кеңес жүйесінің жобасы бойынша салынған әрі тар, әрі қолайсыз. Міне, осы жағдайды ескере келіп, соңғы жылдары Астана қаласының жол-көлік инфрақұрылымын түбегейлі қайта құру мақсатындағы кешенді шаралар қолға алынды. Бұл шаралардың негізгі түпкі мақсаты – қала көшелеріндегі көлік кептелістерін жойып, қала аумағында кедергісіз көлік қатынастарын қамтамасыз ету болып табылады. Елорданың болашағы үшін айрықша маңызы бар бұл ауқымды шаралар негізінен үш кешенді бағыт бойынша жүзеге асырылмақ.
Біріншіден, Сарайшық, Ақжол, №12, №14 және Бейсекова атындағы көшелер арқылы өтетін кіші көлік айналма жолының құрылысын салу болып табылады. Бұл айналма жол көлік тасқынын бөлшектеу арқылы қала магистралдарына түсетін ауыртпалықты азайтуға мүмкіндік береді. Өткен жылы осы жоба бойынша Бөгенбай батыр даңғылы бойымен Ақжол көшесіне дейін жалғасатын магистралға түбегейлі жаңғырту жұмыстары жүргізілді. М-3 автокөлік көпірі пайдалануға берілді, екі үлкен жол айырығы іске қосылды.
Екіншіден, қаланың көлік жолдарын дамыту стратегиясы бойынша Астанада жеңіл рельсті трамвай жолы желісінің құрылысын салу жоспарланған. Жалпы ұзындығы 61,1 шақырымды құрайтын жеңіл рельсті трамвай жолын салу төрт кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Бүгінде осы жобаны жүзеге асыру мақсатында Франция мемлекетінен жеңілдетілген несие алу шаралары ойластырылуда. Қазірдің өзінде, Франция бұл жобаның техника-экономикалық негіздемесін жасау үшін 570 мың евро бірінші кезектегі қаржыны аударды.
Үшіншіден, қала көшелерін күрделі жөндеуден өткізу және жаңа автокөлік жолдарын салу мақсатындағы кешенді стратегиялық шаралар одан әрі жүйелі жүргізілетін болады. Өткен жылы қаламызда 147 шақырым автокөлік жолдары күрделі жөндеуден өткізілді және жаңа жолдар салынды. Биыл Астанада тағы 110 шақырым автокөлік жолдары күрделі жөндеуден өткізіледі. Ұзындығы 20 шақырым жаңа автокөлік жолы салынып, пайдалануға берілмек.
Көлік стратегиясының тиімділігі тек жол-көлік инфрақұрылымын дамытумен ғана шектелмесе керек. Бұл ретте қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қатынасының және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының да айрықша мәні бар екендігі белгілі. Осыған орай елордадағы қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және жолаушыларға барынша тиімді де сапалы қызмет көрсету жайы барған сайын жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. Әрине, бұл орайда әлі де толық жақсы жетістікке қол жеткізілді деп айтуға ертерек. Дегенмен, қала әкімдігі қоғамдық көлік қатынасында түбегейлі бетбұрыс жасау мақсатында ауқымды міндеттерді белгілеп отыр. Бірінші кезекте қала көшелеріндегі қолайсыз шағын автобустарды мейлінше азайту міндеті күн тәртібіне қойылды. Қазірдің өзінде қаламыздың негізгі бағыттарында қатынайтын шағын автобустар жүрісі тоқтатылды. Олар осы заманғы сұраныстарға толық жауап беретін кең де жаңа автабустармен алмастырылуда. Өткен жылы қала әкімдігі осы игі мақсат үшін 104 жаңа үлкен автобустар сатып алса, биылғы жылы қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қатары тағы 135 үлкен жаңа автобустармен толықтырылады. Жүзеге асырылып жатқан осындай кешенді шаралар елорданың базалық инфрақұрылымын түбегейлі жаңартып, ХХІ ғасыр қаласына тән халықаралық стандарттар дәрежесінен көрінуге толық жағдай жасамақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
* * *
Өлең және өмір
ОТАН
Туған жер, тамған жер кіндік қанымда,
Арым да, малым да, садаға жаным да.
Мен үшін жәннәтсің осынау әлемде.
Отаным өзіңсің бағым да, барым да.
Біздерге қалдырған бабамыз,
Көрікті кең-байтақ даламыз,
Бас иіп өзіңе – Отаным,
Әрқашан күш-қуат аламыз.
Заңғар тау шыңындай жоғары жігерім,
Тәуелсіз ел болып жаңара түледің.
Қазағым, елім деп, жерім деп қуана,
Отаным, тек сен деп соғады жүрегім.
Көңілді айтылар әндерім,
Өзіңе тілегім бар менің.
Сүйікті Отаным қарыштап,
Дами бер, жасай бер, мәңгі елім.
* * *
Астанам еңселі,
Аялар ел сені.
Айтамын қуана,
Мақтанып мен сені.
Жарастың достарға,
Жол аштың жастарға.
Елімнің рухын,
Көтердін аспанға.
Бойында Есілдің,
Көркейе көсілдің.
Көп қарап тұрамын,
Үстінде көпірдің.
Ерекше басқадан,
Сүйікті жас қалам.
Жүрегім жанымда,
Өзіңсің, Астанам.
Еліме еркелеп,
Шақырар кел, көр деп,
Қаланың символы.
Биіктен “Бәйтерек”.
Жастардың жалғадың,
Арманға арманын.
Өзіңе, Астанам,
Әнімді арнадым.
Астана – жүрегім,
Таусылмас тілегім.
Көзімдей аялап,
Өзіңді сүйемін.
Достық күй шертеді,
Жаныңды елтеді.
Әлемі сияқты,
Ғажайып ертегі.
Қапан ҚУАНҒАН.
Ақмола облысы.
* * *
СӘУЛЕТ ӨНЕРІНЕ ҰЛТТЫҚ СИПАТ СӘН БЕРСЕ...
Өркениетті демократиялық қоғамның объективтік қажеттілігінен туындайтын қазіргі өндірістің, ғылым мен техникалық прогрестің одан әрі дамуы құрылыс саласы мен өндірістегі көркемдік талғам мен сәулет өнерінің дамуына да жоғары талаптар қойып отыр. “Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен”, – деп халқымыз тегін айтпаған шығар. Туралықтың туын жығып, жетпіс жыл іштей жылаған жұрттың өзіне жараспайтын жаңалыққа жабысып, еліктеушілікке ерік беріп, “болашақты болдырамын”, – дегенге көпшіліктің қарны ашып жүргенін қоршаған ортадан, ақпарат құралдарынан білеміз.
Батысқа қарап, батпаққа белшеден баттық, ештен кеш жақсы демекші, бір сәт шығысқа қарап шыңға ұмтылуда, “жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренейік” – деген ұранды тастай отырып, елімізде патриоттық тәрбие беруде рухани байлығымызды жастайынан баланың жадына құюда кемшіліктердің бар екенін ортаға салып, өз ойыммен бөлісуді жөн көрдім.
Астананың төрінен орын алып, өзінің рухани байлығын көрсеткісі келген Қытай мемлекетінің “Пекин – Палас” ғимаратына қарап, тілін білмесек те, халықтың құдіреттілігіне таң қаласың. Жан-жағыңа бір сәт көз тастасаң “Қазақ елі” екенін білдіретін ғимараттар тапшы. Оң жағалауда орналасқан кейбір тұрғын үй сырттарына салынған оюлар бояудың маңыздылығына мән берілмендіктен, көзге түспей көнеруде. Мемлекеттік маңызы бар істі тиісті орындар алдында тарихқа үңіліп, ортаға салып, жұрттың пікірін алғаннан кейін жүзеге асырсақ, ойдағыдай болар ма еді?!
Халқымыздың рухани байлығы ою-өрнекті өткеннің өнер саласы ретінде ғана емес, ол күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің ажарын ашатын рухани құндылық болғандықтан, құрылыс саласында пайдаланудың ерекшеліктерін іздестіру қажеттілігін туындатты.
Мақсатым – болашақ ұрпақтарға, ұмыт болып бара жатқан рухани байлығымыз ою-өрнекті таныстырып қана қоймай, оны қолөнер, сурет, сәулет өнері және өндіріс салаларына ендіре отырып, осы өнерді қайта жаңғырту, оған жаңа мазмұн беріп, құрылыс саласында кеңінен қолдану.
Ғажайып өнер саласы – ою-өрнекті құрылыста, сәулет өнерінде кеңінен қолданудың жолын іздестіруде төмендегідей бірқатар қарама-қайшылықтар кездесті:
– арнайы құрылыс саласында ою-өрнектерді пайдалануға арналған қазақ тіліндегі әдебиеттердің жоқтығы;
– қазақ халқының ою-өрнектерінің алыстан көз тартатын жаңа ғимараттарда, мектептерде, оқу залдарын безендірулерде өте аз қолданатындығы;
– ою-өрнектерді жаңа технологияның көмегімен құрылыс саласында қолданылуына жеткілікті деңгейде мән берілмеуі;
Осыған байланысты болашақта:
– өнертануға арналған әдебиеттермен танысып, талдау жасау;
– ою-өрнекті сәулет өнері мен өндірісте пайдалану ерекшеліктерін зерттеу;
– ең бастысы қазақ халқы қолөнерінің көркем, өшпес дәстүрін сақтап, оны келешек ұрпаққа үйретіп, басқаларға дәріптей білу;
– ұлттық дүниетаным ерекшелігін танытатын осы өнер саласын заман талабына сай жетілдіріп, көркем рухани қазына ретінде пайдалану мәселелеріне көңіл бөлінсе, нұр үстіне нұр болмақ.
Ойымды қорытындылай келе біріншіден, үй құрылыс салу үшін зауыттан арнайы шығарылып ғимараттар сыртын қаптап жатқан плиткалар мен шыныларға бояудың маңыздылығына мән бере отырып, ою-өрнекпен шығарса, оны келістіріп, әдемілеп қоя білсе, сырттан келген жұртқа айтқызбай-ақ, алыстан “Қазақ елі” деп қол бұлғағандай болар ма еді – деп, ойлаймын. Екіншіден, ұлттық киіз үй, домбыра, қобыз, неке сарайы “Сәукеле” сияқты ұлттық рухани байлығымыздың қасиетін айқындайтын дүниелеріміздің пішінімен ғимараттар салынса “зажигалка”, “ведро-шелек”, “семь бочки” – деп аталып жүрген ғимараттардан несі кем деген ойлар келеді?
Педагог ретінде, жеке тұлға ретінде Архитектура институтында оқитын болашақ мамандарға және қала архитектурасымен айналысатын азаматтардың құлағына алтын сырға ретінде осы идеямды құлаққағыс еткім келеді. Құр сөзбен патриоттық тәрбие деп қақсай бергеннен ұрпағымызды ұлтжанды азамат етіп тәрбиелей алмайтынымыз ақиқат. Сондықтан қоршаған ортаны ұлттық негізде жасай алсақ, одан ұтарымыз көп болатынына сенімім мол.
Гүлшат ШАЙДАХМЕТОВА, Астана қаласы №32 МГ-ның қазақ тілі мұғалімі.
* * *
Астана және астаналықтар
КЕШЕГІ – АҚМОЛА, БҮГІНГІ – АСТАНА
Мен бұдан 60 жылға тарта бұрын Астана (Ақмола) қаласының Сталин атындағы №2 ер балалар мектебінің оқушысы болдым. Осы гүлденген Астанамыздың байырғы тұрғынымын. Өмірдің біразын көрген адам ретінде осы екі кезеңді салыстырып қарасам, қаламыз керемет өзгеріске ұшырапты.
Оқушы кезімде қаланың үйлерінің басым көпшілігі саманнан салынған шатырсыз үйлер болатын. Ең әсем зәулім үй Абай мен Жеңіс көшесінің қиылысындағы үш қабатты темір жол басқармасының ғимараты еді. Қазіргі биік зәулім үйлердің арасында көрінбей қалды. Сол ғимараттың жанынан 5-6 вагоны бар жолаушы таситын (ол кезде ветка дейтін) шағын поезд жүретін. Ол кезде автобустар жоқтың қасы, осы ветка жалғыз жолаушылар таситын көлік болатын. Асфальт жолдар болған жоқ-ау деймін. Менің есімде қалғаны М.Әуезов (бұрынғы Октябрь көшесі) тас төселген (булыжниктер) болатын. Оқу орындарынан 2-3 техникум, бірнеше кәсіптік-техникалық училищелер мен мектептер ғана бар. Мәдени ошақтардан негізінен жабайы (жазғы) кинотеатрлар болатын. Сауда орындарынан орталықта бір қатарлы темір есіктер бар дүкендер болды. Міне, бұдан 60 жыл бұрынғы Астана қаласын осылай көз алдыма елестетемін.
Кейде айтамын, біздің қаланың бағы бар. Олай дейтінім, қаламыздың бағы дана тұлға, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында, Отанымыздың астанасы болуымен жанды. Тарих үшін аз уақыттың ішінде қаламыз саяси орталық қана емес, мәдени, экономикалық, әлеуметтік жағынан қарыштап дамыған ірі мегаполюске айналды. Оны екі-үш мысалмен дәлелдеуге болады. “Думан” ойын-сауық кешенін алайықшы. Дүниежүзіндегі мұхиттар мен теңіздерде өмір сүретін балықтар мен су хайуанаттарын ешқайда бармай осында көріп, терең танысуға болады. Немесе екінші бөлімінде Африканың жунглиінде жүргеніңдей сезінесің. Жас ұрпақтың дүние танымын кеңейтуге көмегін тигізеді.
Биыл іске қосылған “Қазақстан” орталық концерт залы да ерекше архитектурамен салынған. Концерт алаңы ортада, барлық жағынан жақсы көрінеді, керемет акустика. Отыратын орындар төрт деңгейде. Сахнаға шыққан әртісті анық көріп, жақсы тыңдауға барлық жағдай жасалған.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мынадай сөзі бар: “Қарттарын ардақтай білген елдің босағасы берік, рухы үстем”. Соның айғағы ретінде Елбасының тапсырмасымен Есіл өзенінің жағасында, табиғаты әсем, экологиялық таза жерден 400 адамға арналып қарттар мен мүгедектер үйі салынды. Жайлы тұруға барлық жағдай жасалған. Соғыс ардагерлері бір орындық бөлмелерде тұрады. Қарт жауынгерлер Н.А.Зюков, А.В.Павлова, А.А.Подопригора, О.И.Линниктер осындай қамқорлығы үшін Елбасына шексіз ризашылықтарын білдіруде.
Астананы арқа өңіріне көшіру арқылы тұңғыш Президентіміз үлкен саяси мәселені шешті. Бұған дейін бұл өңірде басқа ұлт өкілдері басым, қазақтардың үлес салмағы аз болатын. Мысалы менің туған ауданым Ақкөлде біздің ұлттың құрамы 25-30 пайыз болатын, бүгінде үштен екі бөлігін құрайды. Жастардың республикалық дәрежедегі қызметтерге орналасуына мүмкіншілік туды. Тек қана менің үш балам министрліктерде, Президент әкімшілігінде қызмет атқарады.
Осындай күрделі мәселені шешуде білгірлік, батылдық, көрегендігімен ерекшеленген Елбасына қарт ұстаз, зейнеткер, қала тұрғыны ретінде зор алғысымды айта келіп, еліміздің келешегі үшін қажымай-талмай ұзақ жылдар еңбек ете беруін тілеймін.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, еңбек ардагері.
________________________________
Бетті дайындаған “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісі Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.