Жыр алыбы Жамбылдың ұлы Алғадайдың Ұлы Отан соғысында қаза тапқанын естігенде шығарған ұзақ жоқтау-зары осылай басталатын еді. Бауыр еті баласынан мәңгіге айрылып, тым болмаса оған туған жерден топырақ бұйырмай, басына бір белгі де қоя алмай, аңырап қалған атаның зарын Жәкең осылай толғаған. “Аққан бұлақ, жанған шырақ, Жалғыз күнде құрыдың” дегендей, ұлы кеудеде кеткен шер де осы шығар, бәлкім...
Сол Алғадайдың Украинаның Синельников қаласы үшін болған ұрыста қаза болғаны, сүйегі осы қаладағы бауырластар зиратына қайта жерленгені 1998 жылы белгілі болып, қуанышты хабар қазақстандық газеттерге жарияланды. Жамбылдың немересі Әлімқұлдың баласы Мұратхан сол жылы алдымен барып, атасының басына зиярат етеді. Ал 2005 жылы, Ұлы Жеңістің 60 жылдығында Алғадайдың басына ескерткіш қойылған екен. Оған Қазақстанның Украинадағы елшілігі (елші Амангелді Жұмабаев) белсене атсалысып, Алғадайдың басына қойылатын тас-белгіні Қазақстанда жасатып, батырдың басына салтанатты түрде қойғызған. Осы салтанатқа Днепропетров облысының губернаторы Юрий Ехануров бастаған жергілікті басшылар, қоғам қайраткерлерімен қатар, Қазақстаннан Алғадайдың немере інісі, ақын Әлімқұл Жамбылов та қатысқан екен.
Жуырда, Днепродзержинск қаласына барған сапарымызда Синельников қаласындағы Алғадай жерленген бауырластар зиратында біз де болып, батырдың басына зиярат еттік.
Синельников қаласы 32 мыңға жуық тұрғыны бар шағын қала. Ал енді сол шаһардың қалалық кеңесінде 33 депутат бар екен. Біз қалалық раданың хатшысы Виктор Бутлименкомен кездесіп, әңгімелескен едік. Ол өздерінің қаласы үшін болған ұрыста қаза тапқан 67 қазақ жауынгерін де ардақ тұтатындықтарын, олар қаза болған Тихий көшесін Алғадайдың есімімен атау жөнінде әңгіме көтерілгенін айтты. “Бірақ, – деді ол, – жергілікті әкімшіліктің басшысы көше аты емес, тұрғындар демалатын “Дружба-Достық” атты жаңа саябақ ұйымдастыру керек деп шешті. Оған кететін шығынның жартысын Қазақстан жағы көтеретін болып шешілді”.
Егер біздің жер үшін украинның Жамбыл тәріздес ақынының баласы қан төгіп, қаза болса, біз сол бойда ескерткішін де орнатып, көше атын да көп сөзге келмей бере салар едік. Ал украиндық ағайындар сендердің адамдарың екен, ендеше саябақтың жарты құнын сендер төлеңдер дейді. Бәлки, бұл дұрыс та шығар, әр халықтың өзіндік мінезі бар ғой. Жұрттың бәрі өзгелерге жыртыла беретін қазекем дейсің бе?..
Біз Алғадайдың қалай қаза болғанын анықтап, сүйегін тапқан қаладағы №5 мектепке де бардық. Осында қазақстандық жауынгерлерге арналған арнайы мұражай бар екен. Оны да Қазақстан елшілігінің көмегімен мектеп ізшілдері ұйымдастырыпты. Шағын бөлме болса да алыстағы Қазақстанның аралы секілді ортаға тап болдық. Өйткені, мұндағы экспонаттардың көбі Қазақстаннан жеткізілген. Соның ішінде қазақтың құтысы, ою-өрнектері, тұрмыстық бұйымдары да тұр.
Біз осы жерде ізшілдердің басшысы, мектептің әскери ісінің мұғалімі, запастағы подполковник Евгений Трушенкомен ұзақ әңгімелесіп, оның Алғадайдың сүйегін қалай анықтағаны туралы білдік.
– Синельников қаласы 1941 жылдан 1943 жылға дейін немістердің қоластында болды, – деп бастады әңгімесін Евгений Григорьевич. – Сталинград түбіндегі жеңістен кейін Кеңес армиясы Украинаны босатуға қатты кіріскен болатын. 1943 жылдың ақпан айындағы азат ету операциясы Снельниково-1 стансасынан басталған. Бұл қаланың Шығыс жақ беті. Кеңес әскерлері сол кезде Синельниковтың жанындағы Вольное селосына жақындаған.
Әрі қарай Е.Трушенконың әңгімесінен төбе шашың тік тұратын бір факті естідік. “Шабуылға шыққан біздің әскерлердің оқ-дәрімен қамтамасыз етілуі мүлде төмен болған екен. Біз қазба жұмыстары кезінде көптеген жауынгерлердің оқсыз патронмен қаруланғанын анықтадық”, – деді ол. Сөйтіп, жаудың мұздай қаруланған әскеріне қарсы кеңестік командирлер кейбір жауынгерлерін оқсыз патронмен айдап салыпты.
Осы әскердің арасында 19-шы гвардиялық кавалеристік полк те болған. Онда Алғадайдан басқа да 67 қазақ жауынгері болғандығы анықталыпты. Сталинградтағы ірі жеңістен кейін ет-қызумен “уралаған” кеңес әскерлері Синельников қаласын жаудан азат еткен. Бірақ немістер олардың оқ-дәрімен қамтамасыз етілуі мүлде төмен екенін сезіп қалып, стратегиялық тұрғыдан маңызды нысан болып есептелетін Синельников стансасын қайтару үшін үлкен күштер төгеді. Соның ішінде Запорожье қаласында тұрған “СС”-тің бас сүйектің қаңқасын жауынгерлік туларына белгі еткен қаныпезер дивизиясын, авиация мен артиллерия күштерін де осындағы соғысқа тартып, жойқын шабуыл бастайды.
“Пулеметші Алғадай Жамбылұлының жасы сол кездерде 40-тан асқан (1901-1943), ол бірнеше рет командирлерінің алғысын алып, жас жауынгерлерге үлгі етілген. Бұлар туралы артынан, полк архивінен табылған материалдар растайды. Сталинград қырғынын бастан кешкен ол бұл кездерде соғыс ісіне барынша төселген жауынгер болатын. Сол кездегі әскери газеттерде де оның ерлігі жайлы жазылған деректер бар”, – деді Е.Трушенко.
Немістердің ұлан-асыр шабуылынан кейін Синельников қаласын ұстап тұру мүмкін емес-тін. Соған көзі жеткен полк командирі әскерге қаланы тастап шығуға бұйрық береді. Ал жаралылар мен жүктерін арқалап, шегінген әскерді өкшелеп қуған жаудың жолын бөгеу үшін бірнеше жауынгерді қалқанға қалдырады. Соның ішінде пулеметші Алғадай Жамбылов та бар еді. Олар үйдің төбесіне бекініп алып, өңмеңдеген фашистердің алдына тосқауыл болады. Өздерінің бәрібір қаза болатынын білсе де, біреуі де позициясын тастамай, соңғы демі қалғанша айқасып, екі-үш шабуылдың бетін қайтарады. Бірақ күш тең емес еді, жау қызыләскерлер бекінген үйді ала алмаған соң, оларды танкімен атып, тегіс қырып салады. Жауынгерлер өздеріне жүктелген міндетті орындап, негізгі әскердің шегінісін қамтамасыз етіп, ерлікпен көз жұмады.
...Наурыз айы болып, күн жылына бастағанда, немістер жергілікті тұрғындарға қалада қалған кеңестік жауынгерлердің мәйітін жерге көмдіреді. Әрине, олар қабір қазып, жерлеу салтын сақтап жерлемеген, сол жердегі снаряд қазған, окоп болған шұқырларға көме салған.
“Біз қызыләскерлердің мәйітін сондай шұқырлардан қазып алып, қайта жерледік. Көптеген жауынгерлердің құжаттары болмады, болса да олары шіріп кеткен болуы керек. Ал кейбір пышақ, ине, ұстара секілді заттардың тот басқан сұлбасы табылды. Соның ішінде, – деді Евгений Григорьевич бір тот басқан пышақты көрсетіп, – мына пышақ жауынгердің аяғына байланған болды. Өзінің ұстарасы өткір екендігі білініп тұр. Иесі онымен сақал-мұртын да қырып отырған болуы керек. Біз анықтаған ардагерлер мұндай пышақтар қазақтардың қонышында жүретіндігін айтты. Қазақтар оларын күтіп ұстап, көбінесе қайрап отыратынын жеткізді көз көргендер. Сондай-ақ темекі қорабынан қазақтың ұлттық оюын таптық. Сол жерден біз барлығы 200-дей мәйітті қазып алып, бауырластар зиратына салтанатты түрде жерледік. Содан кейін Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі архивіне барып жұмыс істеп, олардың аты-жөндерін анықтадық. Айта кететіні, Алғадай қызмет еткен 19-шы гвардиялық кавполк осы жерде толығымен құртылған екен. Полктың туы да қолды болған сияқты, өйткені тірі қалғандарын басқа бөлімшелерге ауыстырып жіберіпті.
Біз қазақ фамилияларын қазақстандық газеттерге жіберген едік, ұзамай Қазақстаннан қуанышты хабар келді. Жауынгерлердің бірі – аты бүкілодаққа мәшһүр болған Жамбылдың баласы болып шықты. Біз де бұған қатты қуанып қалдық. Содан кейін қазақстандықтардың бізге келуі жиіледі”.
1996 жылы Жамбылдың 150 жылдық тойы болғанда Евгений Трушенко қонақ ретінде арнайы шақырылып, үлкен құрметке бөленген екен. Ол сол жолы Алғадай жатқан жердің бір уыс топырағын ала барып, Жәкеңнің зиратына салыпты. Сөйтіп, “Алатауды айналсам, Алғадайды табам ба, Жетісуды жеткерсем, Алғадайды табам ба?” деп жоқтап кеткен ұлы ақынның рухы ұлының соңғы демі шыққан жердің топырағын иіскеп, тыныштанған сияқты...
Евгений Трушенко осы қызметтің бәрін жергілікті өкімет тарапынан қолдаған жігіттердің арасында Василь Черноморды айрықша атап, оның үлкен көмегіне ризашылығын білдіріп отырды. Сөйтіп, украиналық жігіттер біздің азаматтарымыздың рухтарының тыныш болуына үлкен жәрдем еткен екен. Мектептегі мұражайды ұйымдастыруға да Василь Черномор үлкен еңбек сіңіріпті. Ол Қазақстанның Украинадағы елшілігімен бірлесе отырып, музейді қазақстандық экспонаттармен толтырысқан.
Міне, осылайша алыстағы Украинада қазақ баласының қаны төгілген жерді, Қазақстанның бір бұрышы дерлік орынды көріп қайттық.
Жақсыбай САМРАТ.
----------------------------------
Автордың Алғадайдың басына гүл шоқтарын қойып жатқан сәті.
Мектептегі мұражайда: әскери киімді Е.Трушенко және В.Черномор.