Құны шамамен 15 мың АҚШ долларын құрайтын Мысырдың сұлу ханшайымы Нефертити кеуітінің лицензиондық көшірмесі елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында журналистерге таныстырылды. Аты аңызға айналған сұлу ханшайымның кеуіті мысырлық пирамидалар қазыналарының көшірмелері көрмесінің қарсаңында Мысырдың алдыңғы қатарлы археологы және тарихшысы, доктор Захи Хавастың тәлімгерлігімен елімізге әкелінген алғашқы экспонаты болып табылады.
Негізінде Нефертитидің түпнұсқасы бүгінгі таңда Берлинде сақтаулы. Мамандар елімізге әкелінген Нефертити көшірмесінің авторы да, жасалу технологиясы да құпия екендігін айтады. Жалпы елімізге әкелінген сұлу ханшайым кеуітінің көшірмесі Қазақстан мен Мысыр арасындағы достық пен өзара қарым-қатынасты нығайтудың белгісі ретінде елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайына сыйланған екен.
Бір айта кететін жайт, бүгінгі күнге дейін Нефертитидің өмірде болғандығы жайлы нақты ақпарат табылған жоқ. Рас, зерттеушілер ханшайымның туған жері туралы бірнеше болжамның табылғандығын және оның әрқайсысы аз да болса шындыққа жанасатындығын айтады. Әйтсе де оның өзі де әзірге болжам ғана.
Кеуіттің таныстырылымы барысында Бейбітшілік және келісім сарайының бас директоры Болат Мажағұлов Нефертитидің елордаға әкеліну барысындағы біраз қызықты оқиғаларды баяндай келе: “Әлем бойынша Нефертитидің көшірмесі санаулы ғана мемлекеттерде кездеседі. Бір жағынан Қазақстанға сыйға тартылған бұл көшірме еліміздің абыройын да паш еткендей. ТМД елдері ішінде аталған тарихи жәдігердің лицензиясы бар көшірмесі тек Қазақстанға ғана беріліп отыр. Ол үшін Мысыр елінің белгілі археологы, доктор Захи Хавасқа айтар алғысымыз мол”, – деді.
Нефертитидің көшірмесімен таныстыру іс-шарасы барысында осы сарайға қараша айында 35-тен астам тарихи жәдігерлердің көшірмесі де қойылатындығы белгілі болды. Атап айтқанда, ежелгі пирамидалардың қазынасына арналған көрмеге Рамзес ІІ және Тутанхамон сияқты ежелгі Мысыр елінің тарихи тұлғаларының мүсіндері, сфинкстер және маскалардың көшірмелері келушілер назарына ұсынылмақ.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.
* * *
СТУДЕНТ-ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ҮЛЕСІ
Қазір Кенді Алтайда студенттердің құрылыс отрядтары құрамында екі мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр. Бұдан біраз бұрын Беларуське бір топ студент-құрылысшылар аттанып кеткен-тін.
Студенттердің құрылыс және жастардың еңбек отрядтары облыстық штабының төрағасы Игорь Шацкийдің айтуынша, жігерлі жастар қала іргесіндегі “Нұрлы көш”, “100 мектеп, 100 аурухана”, “Жол картасы” бағдарламалары бойынша салынып жатқан әлеуметтік ғимараттар құрылыстарына белсене араласуда. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы аймақаралық форумына әзірлік барысы аясында өскелең Өскеменнің көркеюіне де лайықты үлестерін қосып жатыр. С.Аманжолов және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік және Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеттерінің студент-құрылысшылары су тасқыны орын алған аудандарда да тұрғын үйлерді салуға белсене араласуда.
Оңдасын ЕЛУБАЙ. ығыс Қазақстан облысы.