25 Тамыз, 2010

Кадр мен қадірдің арасындағы өлшем

742 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Оңтүстікте облыс әкімі Асқар Мырзахметов аудан, қала әкімдерінің алты айғы жұмыс қорытындысы бойынша емтихан алып жатыр. Бұрынғы әкімдер де алатын. Бірақ, көп алдында емес. Көбіне кабинетіне шақырады. Жетістіктер мен кемшіліктер сараланатын. Алдағы даму жоспарлары белгіленетін. Мықтысының арқасынан қағып, “болты босағанының” шаңын қағып алатын. Әркімнің басқару стилі әр басқа. Бір есептен, көпшілікті қатыстыра отырып, тергей жауап алу қисынды да шығар. Бірақ, ол қанша­­лықты әділетті? Әкімдердің жұмысын бағалайтын рейтинг жүйесінің күнге қарап өсетін күнбағыс сияқты әміршісінің ырқына бағынатынын жұрт біліп те болды. Өзіміз де көргенбіз. Бір әкімнің кезінде көш соңында жүретін қала әкімі өзімен дос-жар облыс басшысының кезінде ай аралатпай көш басына шығып кеткен. Әйтпесе, екі жыл істеген әкімнің жұмысынан екшеп ұстар екі оңды іс таппай, екі ай әкім болған азаматтың асығы алшысынан тұрғандай бағалануы көңілге түрлі ой туғызады екен. Әңгімені неге былай бастадық. Себебі бар. Халықты қара тобыр, алдына салып айдасаң артына қарайламайтын, алқымына пышақ тақасаң көзі бақырайып жата беретін қой секілді көретіндер қатты қателеседі. Халықтан үлкен сыншы жоқ. Жуырда бір ақсақал редакция қосынына телефон шалды. – Облыс басшысы Асқар баламызға рахмет. Көп тірліктің басын қайырды. Шымкенттің ажарын кіргізді. Бірақ, соңғы кездері кадрларды астаудағы суды сапырғандай әбден ауыстырды ғой. Осынысы қаншалықты қисынды. Кейбір іскер жігіттерге қиянат болып жатқан жоқ па? Қазақстандағы ең үлкен, беделді газет өкілісіздер, осыған талдау жасап қоюларыңызға болады ғой. Облыста не болып жатыр өзі? Ақсақал мазасызданатындай, рас, кейінгі кезде кадрлар жиі ауысып кетті. Соңғы екі-үш жылда 15 аудан, қала әкімдерінің 12-сі ат ауыстырып мінді. Облыстағы басқармалардың барлығы дерлік, кейбірінде екі-үштен бастық ауысты. Осының бәріне облыс басшысы істер шаруасы таусылып, зеріккенінен жасап отыр деуге ауыз бармайды. Жігіттердің қай-қайсына да өзін көрсетуге мүмкіндік берілген. Облыс әкімі болып тағайындалғаннан кейін Мырзахметов ат үстінен түспей, аудан, қалаға өзі бас боп, орынбасарларына топ құрып беріп, оңтүстіктегі тоғыз жүзге жуық ауылдарды қоймай аралады. Негізінен проблемаларын, атқарылатын жұмыстардың ретін тауып, әрқайсысына жеке карта ашып қойды. Мұнысы енді – іскерлік. Қай өңірде қандай шешілмеген проблема бар деп Америка ашқандай таңырқап отырмайды. Компьютердің қауашағына қарап жіберіп, шетінен кертіп ала береді. Осы кезде ауылдас­тарының жағдайын жақсы білмейтін, ат ізін салмаған, шаруасы қожырап жүрген әкімдерге ескерту берілген. Кейін аудан, қалалардың даму көрсеткіштері параметрлер бойынша екшеліп, рейтинг түзілгенде жасалмаған жұмыстар құрт жеп тескен ауру тістей шыға келді. Осының бәрі есеп беру мерзімінде ескерілді. Тап осы жерде жұрт көкейінде бір түйткіл қалып қояды. Кентау қаласының бұрынғы әкімі Көктембек Табылдиев өнеркәсіпті қаланы өрге сүйреу үшін құлағынан әбден тартқан азаматтардың бірі еді. Бір жерде жұмысы жүрді, бір кезеңінде шатқаяқтатып алды. Шамасы жетпеген шығар. Бірақ, К.Табылдиев қызметінен кеткенде, өтірік жағыну дегенді білмейтін кенші қаланың тұрғындары жұмысын жақсы бағалады, түйткілдерді шешуге бар ынтасымен талпынға­нын айтты. “Әй, кәпір” деген ешқайсысы жоқ. Облыс әкімі оның орнына бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған Нұржігіт Қалмырзаевты әкеп отырғызды. Іскер-ақ жігіт шығар. Бірақ, осы Қалмырзаевты жауап беретін саласына орай облыс басшысы талай рет шаңын қағып алғаны, саусағын безеп, ескерту жасағанын халық ұмытқан жоқ қой. Бәйдібек ауданының әкімі Садық Кенжебаев та ауданды тығырықтан шығару үшін қолынан келгенін жасады. Субсидиямен жанын бағып отырған аудан тізгіні енді кеше ғана аудан әкімі­нің аппаратының жетекшісі, аудан әкімінің орын­басары болған Райымбек Жолдасовтың қо­лына көшті. Аудан, қала әкімдері орынбасар­ла­ры­ның ішінен әкім болғанда суырылып шыққан, Түркістанда жақсы ізі қалған, қазір Отырарда ерен еңбектер жасап жатқан іскер әкім Бейбіт Сыздықовтай абыройлы болуын осы қос азаматқа тілер едік. Әкімдерді мейлінше ауыстырмай, ұзақ әрі жемісті жұмыс жасауына мүмкіндік берген облыс басшыларынан Бердібек Сапарбаевты атауға болады. Бекең үлкен автобусқа аудан, қала әкімде­рімен қоса БАҚ өкілдерін отырғызып, жұмысы жақ­сы жүріп жатқан әкімдердің жұмыс тәжі­ри­бесімен таныстыратын. Құрылыс департаментінде жүрген жерінен Болат Жылқышиевті сол кезде проблемасы шашетектен Кентау қаласына әкім етіп тағайындады. Болат Әпжапарұлы өндірісті қаланың тынысын ашты, инвестиция тартты. Қаланы құлдыраудан аман алып қалды. Кейін оны Шымкент қаласына алып келді. Облыс әкімдігіне мұрагер деп таныды. Ислам Әбішев Ордабасы ауданының тізгінін ұстаған еді. Аулаларға субұрқақ орнатып, көшеге гүл егуді бастаған осы азамат. Ауданда тұрса да қазақ мал ұстамай тұра алатын ба еді. Көшетін ешкі кеміріп, гүлін жұлып жеп кетіп жүрсе де осы Ислам гүл егуін қоймады. Не ешкі иесі ұялды, не ешкінің өзі ұялды, әйтеуір сол гүлдерге кейін ешкім тимейтін болды. Бизнесте де, мемлекеттік қызметте де әб­ден піскен азаматтың бірі – Ислам Әбішев. Бұл азаматтың ең жақсы қасиеті – өзім білемін, өзге­нің тілін алмаймын деген пиғылының жоқты­ғында. Қираған салаға қаржы тартуға шебер. Үкі­мет банктердің қысымын азайту үшін тетіктер іздестіре бастағанда пайызы аз, қайтарымы кү­мән­сіз шаруа серіктестігі жүйесін республикада ең алғаш ойлап тапқан, шаруалар еңбегін жеңіл­дет­кен кісіңіз осы. “Ордабасы несие серік­тес­тігінен” кейін осы шаруа республикалық қарқын алды. Кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары болғанда да шағын және орта бизнеске екінші дәрежелі банктердің өз аяғымен келіп, ақша салуына ұйытқы болды. Айтсақ ұзап кетеді. Білмейтінін білетіннен сұрап алуға арланбайтын, енді бір мезетте сол саланы өзі үйреткен азаматтан артық біліп, ақылын айтып тұратыны тағы бар. Оңтүстікті шегіртке буғанда қынадай қырудың басында жүрді. Кейбіреулердей шегіртке деген не демей, шөбере-шөпшегіне дейін таратып айтып беретін. Оңтүстіктің үш ауданындағы екі мыңға тарта үйді қарғын су алғанда керзі етігі күрпілдеп, күндіз-түні сол жерде жүрді. Судың дымы кеппей тұрып, комиссия құрғызып, Үкіметтің көзін жеткізіп, жаңа үй салуына ұйытқы болғанын айтпасақ, елге жақсылықты ұмытқанымыз. Оның қадірін облыс басшысы болған Өмірзақ Шөкеев жақсы біледі. Шығыс Қазақстан облы­сында қарғын судан төтенше жағдай туындағанда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішевті сол комиссияның басшысы етіп бекітуі, тығырықтан алып шығарына сенгені ғой. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Әбішевтің де өз қайшылықтары бар. Ол әкімнің бірінші орынбасары қызметінде жүргенде бұрынғы фирмасының мемлекеттік сатып алу бәйгесінде жолы тым болғыш болғандығы, Бердібек Сапарбаев қара базардан әрең тазартқан Қажымұқан атындағы стадионның алдынан керіскедей бизнес ғимаратын салып алғандығы осы облысқа болсын дейтін азаматтың бірі ретінде көңілге қонбағанымен, Ислам Әбішевті облыс аумағынан шығарып алғанымызға ішіміз ашитынын және жасыра алмаймын. Оңтүстіктің қазіргі кезде сыртта жүрген кадрлары туралы кең баяндап жатқанымыз, бүгінгі басшылыққа осындай іскер азаматтарды тауып алса деген ниет қой біздікі. Асқар Мырзахметов облыстың кадр саясатына жаңа леп әкелгісі келді. Жас кадрларды өсірмек ойы болды. Кадр ережесін бекітті, талқылауға ұс­ынды. Ниет жақсы. Бірақ, бәрі ойдағыдай болды ма? Шахмат ойнағандай кейбір басқар­маларда бастықтарды бірнеше мәрте өзгертіп көрді. Мәселен, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бас­қар­масының басшылығына Илиясов Ғалымжанды тағайындады. Жылы сөз айтты. Кейін оны алып тастап, өндірдей жас жігіт Нұржан Әлтаевты қойды. Өзі қазақ бола тұрып қазақ тілін қақпайтын осы жігіттің есебіне қатысқанбыз. Кәсіпкерлікті өрге бастыру жайында көп айтады. Өгіздей сүйрейтін локомотив керектігі туралы айтады. Әкім сұрап еді, оның қандай локомотив екендігін өзі білмей, жауабынан сүрінді. Осы басқармада бара жатқанның балтасын, келе жатқанын кетпенін алып қала алатын, іскерлігі мен өткір мінезі қабысып жататын, Елбасының алдында облыс өндірісі жөнінде есеп берген Роза Назарбекова бар еді. Мемлекеттің қызметтің көрігінде шыңдалған Кәдірбеков Керімхан кімнен кем?! “Локомотив” іздеп жүрген Әлтаевтарды мықты кадр етіп өсіруге, әбден пісіруге осы азаматтардың қауһары әбден жетер еді. Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында да осындай жағдайлар орын алды. Ресми басылымның өкілі болғаннан кейін әкімнің басқару механизмін түсінгіміз келеді. Бірақ, халықтың аузына қақпақ қоя алмайсың ғой. Оңтүстікте кадрдың қадіріне байланысты сыбыр-күбір сөз Арыстанды Қарабастың бір соқса апталап, айлап соғатын желіндей гулеп тұр. Ол Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбді­құловқа қатысты. Онжылдық әкімдік қызметінде артына жаман сөз ертпеген иманды әкімнің орынтақ мәселесі Астанада шешіліп қойылған деген жел сөздің осы өңірде ұры иттей сумаң қағып жүргені қашан. Егер осы ақпарат расқа айналса, жетіскен-ақ екенбіз. Созақ ауданының әкімі әрқайсысының астына бір-бір тай мінгізбесе де журналистердің дені оның қызметін бағалайды. Оңтүстік өңірдегі іскер әкімдердің көш басына қояды. Және онысы негізсіз емес. Ақыры сөз болғаннан кейін елге сыйлы осы азамат жайлы аз-кем айта кеткен жөн болар. Созақбай Әбдіқұлов – Бердібек Сапарбаев­тың кезінде атқа қонған осы өңірдің тумасы еді. Мемлекеттік қызметке адалдығына, әділдігіне, іскерлігіне облыс басшылары ешқашан шек қой­ған емес. Алақолдығы жоқ, жең ұшынан жалғасу деген оған жат. Мемлекеттік сатып алуда жеңіске жеткен кәсіпкерлер ырымын жасағысы келсе, “айналайын, мен арамнан мал жемеймін, қаржың артылып жатса, ауданда кем-кетік жерлер көп, соған сал” дейді екен. Оны кәсіпкерлердің өздері айтып жүреді. Болат Жылқышиев облыс әкімі болып тұрған кезде үш жүз мыңға жуық халқы бар аудан әкіміне қаратып “Осы сіздер қаржы жоқ деп бюджетке ауыз аша бересіздер. Сол сіздерге жоқ инвестор­лардың Әбдіқұловты шыр айналып шықпай­тындығы несі екен” дегенін өз құла­ғым­ыз­бен естігенбіз. Бұрын Созаққа облыс басшы­лары қырына алған әкімдерді жіберер екен. Бү­гінгі Созақ – ертегі іспетті қала. Созақ өндірісті қала болғаннан кейін қаржысы көп деп айтқысы келетіндер де бар. “Қазатомпром” ұлттық компа­ниясы мен бірлескен кәсіпорын басшыларына құзырлы мекемелер мен фирмалар салығын жер­гі­лікті жерге төлеуге Әбдіқұловтың міндеттеуі ар­қасында келгенін неге мойындауға болмайды. Қазақстанда кеннің үстінде отырып тақиясының жыртығын жамап отырған қала, аудандар көп қой. Жақында Созақтың әкімі есеп берді. Созақта тауарлы өнім өндіру көлемі былтырғы жылдық есепті мерзімімен салыстырғанда 138 пайызға өсіп, 36 млрд. 625 млн. теңгеге жеткен. Бұл облыс бойынша өндірілген өнімнің 26 пайызын құрайды. Тартылған инвестиция көлемі былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 141 пайызға өсіп, 15 млрд. 54 млн.теңгені құраған. Ол облыс бойынша тартылған инвестицияның 20 пайызына жетеді. Басқа жақсылықтарды термелемегенде осы екі детальдың өзі Созақта үйлесімді жұмыстар жасалып жатқанын байқатады. Есеп беруде облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары сөйледі. Облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев білім, әлеуметтік сала, спорт кешендері жағынан басқа аудан, қала әкімдеріне Созақтың үлгі бола­тындығын айтты. Балабақшаларды пайдалануға беруде республикалық көрсеткіштен жоғары екендігі айтылды. Кәсіпкерлік саласында жағымды жаңалықтар бар. Бүгінде облыста экономикалық даму көрсет­кіштері жөнінен ең мойын озығы Отырар ауда­нының әкімі Бейбіт Сыздықов. Тұз татыған сорға су шығарып, жасыл желекті жайқалтып қойған Сыздықов “Біздің үлгі аларымыз, алдымыздағы темірқазығымыз – Созақбай Әбдіқұлов. Елге сол кісідей сыйлы болып, еңбек сіңіре алсақ әкімдік қызметіміздің ақталғаны” деп еді. Әбдіқұловқа адвокат керегі жоқ. Өз құқығын өзі қорғай алады. Алайда, азамат ердің басын бұлт шалғанда ақиқатын айтпасақ – арға сын. Әбдіқұловтай әкімдердің қызметін алып қою емес, олардың қатарын көбейте алсақ, Оңтүстіктің айы оңынан туар еді. Кадрдан қадір қашпаса екен дегенде айта­ры­мыз көп еді. Астанадағы дөкейлердің өті жарылап кетсе де, мұндай іскер әкімдерді ат құйрығына байлап жіберу – азаматтыққа жатпайды. Асқар Мырзахметов – қазірдің өзінде Оң­түстікте үлкен ізін қалдырған азамат. Оңтүстіктің зиялылары екі сөзінің бірінде Абайды мысалға алғанымен, саябақта жүресінен отырған ескерт­кішіне ғана малданып келді. А.Мырзахметов қазақ ақыл-ойының пади­шасы Абай бабамыздың тарихи мұражайын іске қосып берді. Тәуелсіздік алаңын көтерді. Тау тұғыр­ға Қазақстан байрағын желбіретті. Отан соғысына қатысқан барлық майдангерлердің аты-жөнін түгендетіп, “Даңқ” мемориалын іске қос­ты. Асанбай Асқаровтан қалған көз “Дендроб­ақ­тың” бағын ашты. Ән падишасы “Шәмші саябағын” пайдалануға беріп, шертпе күйдің атасы Сүгірден бастап аты-жөндерін “Жұлдыздар аллеясына” жаздырды. Софылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін Түр­кістанға қызыл гранитке қашап жазғызды. Әрине, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында. Осындай ұлан-ғайыр жұмыстарға ұйытқы болған облыс басшысының кадр таңдауда қателеспей, мықтыларына қорған болғанын қалар едік. Бүгінде жұрттың бәрі ақылды. Жанашыр­лықпен айтылған ойларды әрі-бері ұйытқытып, облыс басшысына терісінен жеткізуге тыры­са­тындар да көптеп табылады. Бірақ, олардың сөзі шот емес. Жақсы ниетпен айттық. Біздікі – жұрттың пікірін білдіру, талғамына татып жатса, ой қосу. “Іс тетігін кадр шешеді”. Бұл біз ойлап тапқан нақыл емес... Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.