Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі күндік сапармен Қостанай облысына келді
Қостанайға кеше түстен кейін келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қостанай ұн комбинаты” акционерлік қоғамындағы макарон фабрикасының ашылу салтанатына қатысты. Мемлекет басшысы ірі өндірістің тетігін іске қосты. Макарон фабрикасы Қостанай облысында жылдың екінші жартысында жүзеге асуға тиісті бес инвестициялық жобаның бірі болып табылады. 1 681 миллион теңге қаржымен біткен кәсіпорынның қуаты да таңқалдырғандай. Фабрика сағатына 4200 килограмм, жылына 30 000 тонна макарон шығарады. Инвестициялық қаржы көзі негізінен “ҚазАгро” акционерлік қоғамынан алынды, ал оның 15 пайызын “Астық индустриясы” компаниясы өзі қосты. Құрылысы былтыр жыл аяғында басталған ірі өндіріс кәсіпорны үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Міне, жыл тәулігіне жетпей ол ел игілігіне айналып үлгерді.
Бұл – “Астық индустриясы” компаниясының төртінші макарон фабрикасы. Мұнда Италиядан шығарылған “PAVAN” макарон желісі орнатылды. Ол республикамыз ғана емес, Орталық Азиядағы макарон өндіретін ең ірі кәсіпорын болып саналады. Қостанай ұн комбинаты мен макарон фабрикасынан шығарылатын “Корона” ұны мен макаронының сапасы елімізбен қатар, сырт жерлерге де белгілі. Қостанайдың құрамында протеині көп бағалы бидайынан италиялық үздік жабдықпен шығарылған макаронның сапасы қандай бәсекеде де алдына қара салмайды. Бұған дейін астық пен сапалы ұн өндіруде көшбасшыға айналған компания енді сапалы макарон өнімдерімен осы деңгейден көрінбек. “Қазақстанда жасалған” деген брендпен ұнның 35 пайызын, макаронның 5 пайызын экспортқа шығарады. Қазақстанның жоғары сапалы ұны мен макарон өнімдеріне Ресейден, Тәжікстан мен Ауғанстаннан, Қытай мен Моңғолиядан, Түркіменстаннан, Грузиядан сұраныс артып отыр.
Жаңа фабрика 80 адамға жұмыс орнын ұсынды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев фабрика жұмысшыларымен кездесті.
– Мемлекет ауыл шаруашылығына, аграрлық секторға үлкен қолдау жасап отыр. Ет пен ұн, сүтті ұқсату кәсіпорындарын салуда. Бұл молшылыққа бастайды, айлық жалақы өседі, әлеуметтік сала нығаяды. Ауыл шаруашылығына 225 миллиард теңге бөлінді. Жоғары сапалы тұқым, тыңайтқыш пен гербицидтер үшін субсидия берілді. Биыл бар жерде ыстық, қуаңшылық болып тұр. Адамдар аянбай еңбек етіп жатыр. Мемлекет қолдауының арқасында алқаптарда қуатты техникалар, озық технологиялар пайдаланылады. Біз биыл қиын жыл болғанмен де 14-15 миллион тонна астық жинаймыз. Оның 7 миллион тоннасы қорға қалады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қостанай облысындағы ауыл шаруашылығында жыл басынан бері өндірілген жалпы өнімнің көлемі 60865 миллион теңгені құрады. Физикалық көлем индексі 100 пайыз болды. 2010-2015 жылдың арасында облыста 17 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Соның ішінде ауыл шаруашылығында атқарылар жұмыстардың үлесі де қомақты болмақ. Биылғы жылдың қуаңшылық болуы қостанайлық диқандарға да оңай болған жоқ. Дегенмен, астық жинау науқаны бұл күнде үлкен ыждағаттылықпен жүруде. Сапалы ұн мен дәмді макаронға жұмсалатын алтын астықты жинауға биыл техника 99 пайыз дайындалды.
Қазақстанның экономикасы ырғақты дамып келеді. Президент ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау бола береді деді. Бірақ ел іргесінің берік болуын Нұрсұлтан Әбішұлы фабрика ұжымымен кездесуде Қазақстандағы бейбіт өмірмен және халықтар достығымен байланыстырды. Адамдардың барлығы достықта, бір-біріне деген сеніммен өмір сүреді. Тату өмір мен бірлік Қазақстан ұстанып отырған саясаттың басты нысанасы екенін айтты Елбасы.
– Жылдан жылға жағдайымыз жақсарып келеді. Макарон фабрикасынан жұмыс орнымды таптым. Мұнда барлығы да компьютерлендірілген. Жұмысты баяғыдай шаңның астында емес, ақ желеңмен жүріп атқарамыз. Айлық жалақым да отбасымды асырауға жетеді. Ал біздің кәсіпорын өндірген макаронның түсіне қарап тойғандайсың. Дәмділіге де, сапасы да кімге де болса ұнайды. Осының барлығы да Қазақстанның экономикалық дамуының, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған сындарлы саясаттың арқасы. Жұмысымыз бар, тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк дегендей, жақсы тұрмыста тұрамыз. Мұнан артық адамға не керек? Еліміз, жеріміз, Елбасымыз аман болсын. Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу маған ыстық әсер қалдырды, – деді макарон фабрикасының жұмысшысы Виктор Воронцев.
Макарон фабрикасының ашылу салтанатында Елбасымен бірге облыс әкімі Сергей Кулагин, “ҚазАгро” АҚ басқармасының төрағасы Асылжан Мамытбеков, Astana Grup президенті Нұрлан Смағұлов болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қостанай облысына сапары бүгін одан әрі жалғасады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.
----------------------------------
Суреттерді түсірген Жұматай КӘКІМЖАНОВ.