Премьер-Министр Кәрім Мәсімов “Дала қыраны-2010” жаттығулары барысымен танысты
Өткен сенбі күні Үкімет басшысы Алматы маңындағы “Іле” оқу орталығында жүріп жатқан “Дала қыраны-2010” халықаралық арнайы тактикалық жаттығу ойынын барып көрді. Тамыздың 16-сында басталған бұл шараға Қазақстанның “Қазбат” және “Қазбриг” бітімгершілік күштері, сондай-ақ АҚШ пен Ұлыбританияның осындай әскери жасақтары қатысуда. Жаттығуға барлығы 1000-ға тарта әскерилер мен 100-ге жуық техника тартылған. Өзінің бастауын 2003 жылдан алатын бұл бірлескен жиын биыл сегізінші рет өткізіліп отыр.
Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Үкімет басшысына “Қазбат” иелігіндегі тренажер орталығын, қару-жарақтар мен техникалар түрлерін таныстырды. Өз кезегінде Премьер-Министр “Қазбаттың” техникалар құрамындағы жол таңдамайтын “Хаммер” автокөлігін, “Хюьи-2” тікұшағын, жеке құрал-жабдықтар мен қару-жарақтарды, мина іздеуші, қорғаныс және байланыс құралдарын, парашюттік-десанттық және бронды техникалардың мүмкіндігін жоғары бағалады. Плацта орналасқан оқу орталығының алуан түрлі қару-жарақтары: гранометтер мен гаубицалар, БТР-лер мен радиостансалар, тягачтар мен бұрғылау қондырғылары көрушілерге жақсы әсер қалдырды.
Осыдан кейін кезінде Иракта бітімгерлік міндеттерді орындап қайтқан қазбаттықтармен пікір алмасқан қонақтар полигонның бақылау мұнарасына көтерілді. Мұнда тұрып олар қолдан жасалған жарылғыш заттарды іздеп тауып, залалсыздандыру жөніндегі жаттығу көріністерін тамашалады. Осында “Қазбаттың” жеке құрамы “қарулы лаңкестердің шабуылына тойтарыс беріп”, шиеленіс аймағындағы елді мекенді қалай қарауылға алу, бітімгерлік базасын қалай сақтау және қорғау керек екенін көрсетті.
Жаттығу барысында әскерилер бұл жиынның бір ғана көрінісі екенін, оның белсенді кезеңі – барлық техникалар мен әскерилердің қатысуымен өтетін кең ауқымды бөлігі алдағы уақыттарда өтетінін мәлімдеді. Айтқандай, бұдан бұрынғы жылдары НАТО-ның әртүрлі штабынан келіп көрген бақылаушылар қазақстандық сарбаздар мен сардарлардың жоғары дайындық деңгейлеріне назар аударушы еді. Бұл жолы да сондай сарапшылар – британ және америкалық әскерлердің өкілдері – біздің әскери қызметшілердің шетелдік әріптестерімен бірлескен іс-қимылда жақсы дағды, әскери шеберлік және үйлесімділік танытқанын атап өтті.
АҚШ жаяу әскерлерінің оқу бағдарламалары жөніндегі бөлімінің директоры полковник Джордж Коунның айтуынша, жаттығудың негізгі мақсаты үш мемлекеттің әскери бөлімшелері арасындағы жедел үйлесімді қимыл жасасуды жақсарта түсу болған. Мұндай жаттығулар құрамдарында алуан ұлттың өкілдері бар түрлі елдерден жиналған бітімгер күштердің бірлескен командалық басшылыққа бағына отырып, табысты жұмыс жасауына мүмкіндік береді.
– “Дала қыраны” – біз жыл сайын асыға күтетін өте маңызды шара, – деді өзінің сөзінде Дж. Коун мырза. – Ол біздің елдеріміздің әріптестігіне, қорғаныс министрліктері арасындағы өзара қызметтестікті нығайтуға үлкен үлес қосады. Қазір Қазақстанда өткен табысты әскери маневр жөнінде бүкіл әлем хабардар болып отыр, сондықтан да келешекте “Дала қыранына” қатысатындар саны арта түсуі кәдік. Мысалы, биылғы жылы бұл жаттығуға бақылаушы ретінде Тәжікстан өкілдері қатысып, алдағы жылдары жиынға қатысу мүмкіндігін қарастырып көрді.
Әскери нұсқаушының пікірінше, оның қазақстандық әріптестері соңғы екі жылдың ішінде жауынгерлік және тактикалық дайындық жөнінен айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Биылғы жаттығу жиынында біздің “Қазбриг” тағы да өзінің бітімгерлік операцияларды НАТО стандарттары бойынша орындауға қабілетті екенін көрсетіп берді.
“Қазбат” әскери қызметінің бастығы Жандос Маханбетов сенбідегі көрсетілімді жаттығу барысында батальон жауынгерлері мен офицерлерінің өз алдарына қойылған міндеттерді абыроймен орындағанын атап өтті. Оның айтуынша, жаттығу кезінде сарбаздар “лаңкестерді” тез қарусыздандырып, жергілікті жерді жарылғыш заттардан жылдам және батыл түрде тазартып шыққан. Бұл алдағы уақытта әскери жүктерді тасымалдау, оларды өзен бойындағы өткелден әрі өткізу секілді басқа да операциялар қолға алынатын белсенді жаттығу жиынының барлық халықаралық нормаларға сай орындалуына негіз қалайды. Ал осындай істерден айтарлықтай тәжірибе жинақтап қалған “Қазбат” кез келген күрделі кейіптегі бітімгерлік міндетті орындауға дайын.
Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, “Дала қыраны” Қазақстан мен НАТО арасындағы қызметтестіктің жеке жоспарына енгізілген. Сондықтан алдағы уақытта оны “Бейбітшілік жолындағы әріптестік” бағдарламасы шеңберінде өткізу де жоспарда бар. Қазір Қазақстан жағынан маневрге “Қазбат” пен аэроұтқыр әскерлерден бөлек әскери авиация, қалқымалы-көпір батальоны, әскери полиция өкілдері мен әскери институт курсанттары қатысуда. Жаттығу тамыздың 27-сі күні аяқталады.
“Егемен-ақпарат”.
----------------------------------
Суретті түсірген Шүкір ШАХАЙ.