25 Тамыз, 2010

Түрлі бағыттағы тұшымды әңгіме

601 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаев Қазақ­станға ресми сапармен келген Тә­жікстан Республикасының Сырт­қы істер министрі Хамрохон Зари­фимен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі­жақты қарым-қатынастардың көп­теген мәселелерін талқылады. Соның ішінде халықаралық бірлестіктер шеңберіндегі екіжақты ынтымақ­тастық пен өзара ықпалдастықтың перспективалары, Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті қамта­масыз ету мәселелері қарастырылды. Соңғы мәселе бойынша Ауғанстан проблематикасы туралы да пікір ал­масылды. Халықаралық ұйым шең­беріндегі ынтымақтастық мәселесін талқылағанда тараптар үстіміздегі жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада болатын ЕҚЫҰ Саммиті күн тәр­тібінің жобасы туралы да сөз қозғады. Кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында Қанат Саудабаев екіжақты қарым-қатынаста шешіл­меген түйіндер жоқ екенін атап өтті. Біз барлық мәселеде де ортақ келісімге келіп, бір-бірімізге қолдау білдіріп келеміз, деді ол. Шағын құрамдағы кездесуден кейін келіссөз Қазақстан мен Тәжікстан Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 1-ші отырысында жалғасты. Онда екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гума­нитарлық ынтымақтастықтың перс­пективалары қарастырылды. Сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстан ара­сындағы Мемлекетаралық үйлестіру кеңесінің бірінші отырысын қайда және қашан өткізу, күн тәртібіне қандай мәселелер енгізу туралы пікір алмасылды. Келіссөздерден кейін екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолдарын нақтылаған СІМК хаттамасына және Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Тәжікстан Республикасы Үкіметі арасында дипломатиялық өкілдіктер ғимараты құрылысын салуға жер телімдерін бөлу жөніндегі келісімге қол қойылды. Ал СІМК-нің келесі отырысы Душанбеде өтетін болып белгіленді. Жақсыбай САМРАТ.