Жуырда Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Алматыда үш бірдей жиын өткізді. Жаңа оқу жылы қарсаңында қарбалас болып жатқан білім саласында биыл елең еткізерлік бастамалар мен өзгерістер баршылық.
Оңтүстік астанада өткен жиынның бірі босаған білім гранттарын берудің жай-жапсарына арналды. Республикалық конкурстық комиссия мәжілісіне Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің басшыларымен қоса, жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.
Республикалық білім ведомствосының басшысы конкурс қорытындысын шығара келе, аталмыш министрлікте студент жастарды қолдау жөнінде айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Емтихан сессияларының нәтижесі бойынша жылына екі рет босаған білім гранттары беріледі. Бұл ретте студенттің әлеуметтік жағдайы ескеріледі.
Сонымен, 2010 жылдың талапкерлері де биыл мемлекет назарынан тыс қалып отырған жоқ. Республикалық конкурстық комиссияның шешімімен 35 мыңнан астам білім гранттары берілсе, жаңа оқу жылындағы білім гранттары өткен жылмен салыстырғанда, 1085-ке артық. Бұл – тегін жоғары білім алудың қосымша мүмкіндігі деген сөз.
Босаған білім гранттары аралық аттестациялаудың нәтижелері негізінде тағайындалып отыр. Әдеттегідей, босаған білім гранттарын бөлуде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын ақылы негізде білім алушы жетім, мүгедек студенттерге, жалғызбасты ата-аналардың балаларына конкурстық комиссияның шешімімен басымдық беріледі.
Жоғары білім алу үдерісінде босаған білім гранттарын тағайындау үшін 76 жоғары оқу орнынан 5547 білім алушы құжаттарын тапсырған. Ал республикалық конкурстық комиссия төмендегі мамандықтар бойыша 1670 бос білім грантын тағайындады. Гуманитарлық ғылымдарға – 35, құқық – 8, өнер – 84, әлеуметтік ғылымдар және бизнеске – 19, жаратылыстану ғылымдарына – 48, техникалық ғылымдар мен технологияларға – 444, ауыл шаруашылығы ғылымдарына – 144, қызмет көрсетуге – 16, ветеринария – 32, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз етуге 467 грант бөлініп отыр.
Конкурстық комиссияның шешімімен соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар үшін квотамен қабылдау бойынша қажеттіліктен тыс қалған 82 білім беру гранты, резервтегі 50 білім беру гранты, жалпы 132 білім беру гранты 103 жетім балаға және Қызылағаштан шыққан 29 талапкерге берілген.
Айнаш ЕСАЛИ.