“Нұр Отан” ХДП Парламентаризм институты “Идея плюс” қоғамдық қорымен бірлесіп “Оралмандар: қоныс аудару және бейімделу проблемалары” тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Мақсат – қандастарымыздың атажұртына оралуы мен олардың тарихи Отанына бейімделуіндегі мәселелерді талқылау. Оған “Нұр Отан” ХДП басшылығы, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен ғалымдар қатысты.
Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар оралмандарға қолдау көрсету және этностық көші-қонды реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты, осы саладағы құқықтық базаны жетілдіру мәселелерін қарастыруды басты назарға ала отырып, оралмандарды кіріктіру мен оларды қолайлы бейімдеудің тиімді жолдарын қарастырды. “Қазақстан оралмандар одағы” республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Артықбай Үкібайұлы “Көші-қон саясатын қалыптастырудағы азаматтық қоғамның рөлі” атты баяндамасында оралмандардың бүгінгі басты мәселелеріне жеке тоқталды. “Оралмандардың жағдайы жалпы жаман емес. Оралмандар мәселелерін шешу үшін елімізде оларды уақытша орналастыратын 14 орталық жұмыс істейді. Олар құқықтық мәселелер бойынша консультация беру, қазақ және орыс тілдерін үйрету, кәсіби дайындық, қайта даярлау және біліктілікті арттыру жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, оралмандарға қазақстандық азаматтықты беру рәсімдері жеңілдетілді, оларға өздері келген елінің азаматтығынан шығу талап етілмейді”, – деп өз ойын қорытындылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2009-2011 жылдарға арналған “Нұрлы көш” мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, оралмандардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін бюджет есебінен 7,2 млрд. теңге қаражат бөлінсе, 9,164 млрд. теңгемен несиелендіру қарастырылған болатын. Сонымен қатар, әрбір отбасының көшуі мен жүктерін тасымалдауына кететін шығындарды өтеу үшін біржолғы жәрдемақы бөлінеді. Медициналық қызмет, білім алу, жұмысқа орналасу жайы да көзделген.
Дөңгелек үстел этностық көші-қон және оралмандардың тарихи Отанына бейімделу мәселелерін шешудің ықтимал жолдарын талқылауға мүмкіндік берді. Отырыс қорытындысы бойынша, қазақтарды атажұртқа көшіру және олардың қазақстандық қоғамға кірігуі саласындағы ахуалды жақсарту жөнінде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарына арналған ұсыныстар талданды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті.