02 Қыркүйек, 2010

Ер есімі ескерусіз қалмасын

727 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Айтайын дегенім... Қазақ халқы ежелден адамның елге, жерге жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпайды. Бұл – біздің ұлттық ерекшелігіміздегі жақсы қасиеттеріміздің бірі. Әсіресе, қарт адамдарды жасын сыйлаумен қатар, олардың өмір жолында ел мен жер үшін жасаған жақсы істе­рін, биік жетістіктерін ұрпақтарға үлгі қылып әрі олардың есімдерін ардақ тұтып, әрқашанда құрметтің төрінен орын беріп отырады. Бүгінгі таңда Қазақстан басшы­лығы да барлық деңгейдегі билік өкілдерінен осыны талап етіп, жақ­сылардың жақсы­лығын ешқашан ұмыттырмай ке­леді. Осының өзі де еліміз біртұ­тастығының бір кепілі. Осының өзі де Президент Н.На­зар­баевтың халық сүйіспеншілігіне бөленіп отырғандығының бір себебі. Өйт­кені, ол Қазақстан үшін айрық­ша еңбек сіңірген барлық халықтың өкілдерін де бір-бірінен ажыратпай, алаламай, бірдей құр­мет көрсетуді әрқашанда ұмыт­пай­ды. Бараев, Костенко, Брусилов­ский, Гумилев, т.с.с. түрлі халық­тар­дың өкілдеріне қазақтың атақты адамдарымен бірге Қазақ еліне сіңірген еңбегі үшін төрден орын берілген. Ал кейде жақсыны бағаламай, өзі­ жоқтың көзі жоқ дегендей, кө­ңіл­ден де өшіріп, есімін ауызға алу­дың өзін артық санайтын қай­ыр­сыз шенеуніктер де арамызда кез­десіп қалады. Осы орайда Қара­ған­ды қаласында орын алып келе жатқан мына бір сорақылықты айтқымыз келеді. Түсіп Күзембаев – атақты шах­тер, қазақ ұлдарының қандай қи­ын­дықты да өзгелерден кем қалмай көтере алатын мықтылығын дәлел­де­ген ұлттық мақтаныштары­мыз­дың бірі. Ол өзінің ерен еңбегінің арқасында кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Сол өңірде Еңбек Ері атағын алғашқы болып алғандардың бірі. Рас, Кеңес Одағы тұсында Түсекеңнің есі­мі ерте бастан үлгі етіліп, еңбегі оңды бағаланды. Қарағандыда Т.Күзембаев пен тағы да сондай Еңбек Ері Г.Костенко атындағы шахта, көше, т.т. бар. Олардың ес­ім­дері жаңғырып, ауыздан түс­пей­ді. Қандай тамаша! Ал... Кеңес Одағы тараған соң өмір­д­ен өткен, дәл Т.Күзембаев си­яқ­ты Еңбек Ері, дәл сондай КСРО Жоғары Кеңесінің депута­ты, Қазақстанның еңбек сіңірген шахтері, тіпті, 1970 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар палатасы Орталық сайлау комиссиясының тө­рағасы болып сайланған Есен­жол Зәлиевтің аты ауызға да алын­байды. Неге? Өйткені, Есенжол аға қайтыс болған 2003 жылдары Қарағанды қаласын Ю.Литвинов деген қай­ырсыз әкім басқарған. Қайырсыз деп отырған себебіміз Есенжол Зәлиевтің есімімен бір көшені атайық, ердің есімі ұмы­тыл­масын деген қарағандылық ардагер шахтерлердің, туған-туыс­тарының өтінішін ол аяқсыз қалдырған. Сондағы сылтауы көше атын ауыстыру туралы өтініш көп дейді. Жауап хатты толығырақ кел­тіретін болсақ: “...имеются мно­жес­тво заяв­лении и обращении о при­своении имен заслуженных лю­дей улицам города...”. Әрине, Лит­винов та, хатты дайындаған тағы бір сезімсіз шенеунік Н.Шамаев деген де Есенжол Зәлиевтің еңбегі­нің ерен екенін ұғып тұрған жоқ. Олар үшін Есенжол аға қатардағы, көп айтылатын “заслуженные лю­ди” деген тізімге енетіндердің бірі ға­на. Мұндай немқұрайдылық ел­дің, жердің болашағына пысқыр­май­тын шенеуніктерге тән болса керек. Ал бажайлап қарасақ, Есенжол Зәлиев өзін құрметті адамдар қата­рына 1943 жылдан бастап, 1983 жыл­ға дейін 40 жыл бойы қара жер­дің астына түсіп, көрдей шах­та­да көмірдің қара шаңын жұта жү­ріп, мойнындағы міндетін тек абы­рой биігінде атқаруының арқа­сын­да ғана қосқан жан емес пе? Ол өзіне берілген жоғары атақтарды ақшаға сатып алған жоқ, адал еңбегімен алды. Табандылығының арқасында ол өзінің ұлтының да атын шы­ғар­ды. Оның тер төгіп өндірген көмірі балабақшаларды, мек­тептерді, ауруханаларды жылы­ту­мен қатар, электр қуатын артты­рып, өндіріс ошақтарының өрле­уіне жол ашты. Осы күні кейбір кекірт шенеу­ніктер еңбек адамын ардақтаудың, оларды насихаттаудың қажеті шамалы дейтін болыпты. Олардың ойынша адам жұмысты жақсы істесе өзі үшін, ақшаны көп табу үшін, сөйтіп, тұрмысын жақсарту үшін істейді. Олар дүниенің бәрін ақшамен ғана өлшейтін өздерінің өресінің тар шеңберіне салатын болыпты. Ал шынында солай ма?.. Әр адам өз орнында бекітіліп берілген міндетін, тапсырылған жұмысын жақсы атқарса, ол сайып келгенде, елдің еңсесін, экономи­ка­лық қуатын арттыратын амал емес пе? Елбасы Н.Назарбаев Қа­зақ­станның алғашқы Еңбек Ері ата­ғын да қарапайым еңбек адам­дарына берген себебі де сол емес пе? Жоғарыда біз Литвиновтың жа­уабының жартысын ғана келтірдік. Ол өзінің қоғам алдындағы жау­ап­кершілігін түсінбей, сүйкей салған жауабының екінші жартысында, жарайды енді, қоймадыңдар ғой деген секілді пиғылмен: “предла­гаю установить мемориальную дос­ку на здании дома, где он про­жи­вал. Для чего необходимо хода­тай­ство от вашего имени или общес­твен­ной организации, также опре­делить за счет каких средств будет изготовлена мемориальная доска” деп шалқаяды. Естелік тақтаның өзіне шығын шығарғысы жоқ шенеуніктің “мыр­залығында” шек жоқ екені ай­қын көрінеді. Бұл, жауап 2003 жыл­дың аяғында келген. Бұл құ­дайға шүкір, елдің еңсесі әбден көтерілген, бюджеттердің тесігі бүтінделген уақыт. Соның өзінде қайырсыз шенеунік қарағандылық хас батырды құрметтеуге қараба­қыр шығарғысы келмей тұр. Ке­зінде сол Қарағандының атағын аспанға шығарып, бүкіл әлемге танытқан Е.Зәлиев секілді ерлер емес пе еді? Бірақ оны білу Лит­ви­новқа керек емес, өйткені, мұн­дайлар елдің ертеңін ойламайды. Шахтерлер қаласында, яғни өзінің төл шаһарында бір көшенің атын беріп, 13 жасынан шахтаға түсіп, өз еңбегімен үлкен атақтарға жеткен адам осы деп жастарға үлгі етсе, олардың бәрі болмаса да біразы ой­ланып, тек заңгер немесе эконо­мист болмай-ақ жақсы атты азамат бо­луға болады екен-ау деп ойлана­тынын ол қаперіне де алмайды. Біз Қарағандының қазіргі бас­шылығы дұрыс шешім қабылдап, ердің есімін ескеруде біліктілік танытады ғой деп сенеміз. Жақсыбай САМРАТ, Қарағанды.