Осы жылдың қаңтар айынан бастап елімізде мемлекеттік сатып алу электронды нұсқаға көшірілгеннен кейін ірі ұлттық компаниялар заман талабына сай жасалған саудаласудың осы түріне қызығушылықтарын білдіріп, қазір сонымен жұмыс істеп жатқандары мәлім. Осылардың ішінде “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ-тың басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов сатып алудың автоматтандырылған осы түрін бірден қолдағанын атап өткен жөн.
Соңғы деректерге қарағанда, жыл басынан бері www.goszakup.gov.kz сайтымен электронды мемлекеттік сатып алуға 61 мыңнан астам қатысушы танысқан көрінеді. Олардың көбі отандық кәсіпкерлер болса, қазір олар электронды жүйенің жұмысын күнделікті бизнестерімен тығыз байланыстыруда. Мамандардың айтуынша, ЭМС-тің қолданысқа енгізілуі қазақстандық үлесті арттыруға қосылған қомақты үлес болып саналады. Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алу методологиясы департаментінің директоры Гүлжан Әмрина bnews.kz ақпараттық агенттігінің ұйымдастырған on-lіne конференциясында атап айтқандай, аталмыш министрлік мемлекеттік сатып алу порталы арқылы қазақстандық үлес жөнінде статистикалық деректерді зерттеу жұмысымен айналысуда. Оған қатысты мәліметтерді тапсырыс берушілер қатарына жататын 50 және одан да көп мемлекетке тиесілі акциясы бар мемлекеттік органдар мен мекемелер, кәсіпорындар мен заңды тұлғалар ұсынуда. Қазірде сатып алу кезінде ұлттық компаниялар да отандық үлесті арттыруға баса мән беруде. Мысалы, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша “ҚазМұнайГаз” АҚ тобы 142 миллиард теңге көлемінде сатып алумен айналысқан деген дерек бар. Бұл ретте кейбір сарапшылар жер қойнауын пайдалану рыногында жыл соңына дейін отандық үлес 20 пайызға артады деген болжам жасауда. Олардың пікірінше, енді “таныс-біліс” арқылы тендерлерді жеңіп жатқандардың заманы аяқталуға жақын қалды. Өйткені, автоматтандырылған сатып алудың осы түрі болашақта мұндай жағдайларға мүмкіндік бермейтін болады. Ал Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің деректеріне қарағанда, кезінде шенеунік пен жоба жасаушының ара-жігін анықтайтын қазіргідей электронды жүйе болмағандықтан көп ретте көлденең көк аттылар тендерлерді жеңіп алып кететін еді. Енді жағдай мүлдем басқаша болады. Қазір жер қойнауын пайдаланушылар электронды сатып алу арқылы тиісті ақпарат алып, өзіне керекті мәліметтерді жинай алады. Осы орайда “Самұрық-Қазына” АҚ-тың басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтің егер компаниялар тобы ашық әрі әділ және ұжымдық түрде сатып алумен айналысса, қордың қаржылық жағдайына қомақты ықпал ететінін айтқанын атап өтуге болады. Бүгінде “Самұрық-Қазына” қоры жер қойнауын пайдаланушылар, темір жол, телекоммуникациялар мен электр энергетикасы саласымен тығыз байланыста қызмет етіп жатқаны мәлім. Оның тобына 500-ге жуық еншілес компания мен оның құрамына кіретін ұйымдар мүше. Солардың ішінде “ҚазМұнайГаз”, “Қазақстан темір жолы”, “Қазақтелеком” және “KEGOC” сияқты ірі компаниялардың сатып алу үлесі 5 млрд. АҚШ долларынан асып жығылады екен. Осы жерде айта кететін нәрсе, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұлттық холдингтер мен компаниялар отандық өндіріске қолдау көрсету үшін сатып алуды жеңілдеткен болатын. Қазір “Самұрық-Қазына” қорының еншілес холдингтері мен компанияларының бәріне ортақ ереже енгізіліп отыр. Осыған сәйкес сатып алудың автоматтандырылған түрі әрдайым ашық әрі әділ түрде өтіп тұруы керек. Аталмыш қордың басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, қазір ұлттық компаниялардың электронды саудамен айналысып жатқандары көп, сондықтан “Самұрық-Қазына” қоры мемлекеттік сатып алудың әрі қарай жетіліп, дами түсуіне қолда бар жағдайды жасайтын болады. Автоматтандырылған бұл электронды жүйенің тиімді жері, ол сатып алу қызметін қарапайым түрде жүргізеді. Сондықтан мұнда жақсы баға ұсынған сатып алушы адам ұтып, пайда тауып жатады. Осы орайда ол алдағы кезде барлық тендерлердің электронды нұсқаға ауыстырылуы керек деген де пікір білдірді.
Сонымен бірге оның айтуынша, қазіргі күннен бастап “қара тізімге” енген жауапсыз тауар жеткізушілер мен қызмет көрсетушілерді жауапкершілікке тарту үшін олардың бәрі көз алдында тұратындай болуы керек. Қазіргі күні электронды мемлекеттік сатып алуда бір жылдан астам уақыт сенімді ақтап келе жатқан тауар жеткізушілер мен қызмет көрсетушілерге “жеңіл” талаптар қоюға болады. Ал кеше ғана келіп, өздерін таныта алмаған компанияларға талап әрқашан жоғары болуы керек.
Дастан КЕНЖАЛИН.
Көмір өндіру өнікті болмақ
Елімізді индустрияландыру картасына біздің облыстан 11 инновациялық жобаның енгені белгілі. Өндірісті өңір үшін осы жобалардың дені Екібастұздың үлесіне тиіп отыр. Мысалы, “Еуразиялық энергетикалық корпорация” акционерлік қоғамына қарасты “Восточный” деп аталатын көмір өндіретін алып кеніш елімізде қабылданған үдемелі индустриялық-инновациялық- даму бағдарламасы жобаларының қатарында тұр.
Құрамында үш бірдей алып кәсіпорындары бар бұл корпорация 1996 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Атап айтқанда, корпорация құрамына Ақсу электр стансасы, “Восточный” көмір кеніші және өндірістік-жөндеу бөлімшесін біріктіреді. Үшеуі үш қалада – Ақсуда, Екібастұзда және облыс орталығында орналасқан. Ақсудағы энергетикалық станса Екібастұздағы “Восточный” көмір кенішінің көмірімен жұмыс жасайды, ал бұл кеніште жылына 20 миллион тонна көмір өндіріледі.
Бұл корпорация электр энергиясын өндіретін кәсіпорын, тұтынушылары Ақсу ферроқорытпа зауыты, “Қазақстан электролиз зауыты”, “Соколов-Сарыбай” кен байыту комбинаты” АҚ-тар мен еліміздің басқа да бірақтар өндірістік орындары болып табылады. Жалпы, корпорацияда 6702 адам еңбек етеді.
Осыдан екі-үш жыл бұрын корпорацияның алдында өндірістің қуаттылықты арттыру, электр стансасының №2 энергия блогын қалпына келтіру, кеніште көмірді циклді-ағынды бағыт бойынша өндіретін кешен құрылы-сын аяқтау, үйіліп қалған күл үйіндісін іске жарату жобасын жүзеге асыру сияқты біраз міндеттер тұрды. Осындай инвестициялық жобаларды орындау үшін корпорация өткен жылы 17,4 млрд теңге игерді.
Сол жолы облысқа жасаған жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Екібастұзда, Ақсуда болып қайтқан еді. Арнайы барып “Восточный” кенішіндегі көмірді дизельді-электрлі тарту күші бар технологиялық жолдан электрлі тарту күші арқылы өндіретін жаңа жобамен танысқан болатын. Дәл осы жерден көмірді жер астынан тазалап, аршып алып шығатын карьерлік-конвейерлік жаңа жүйенің жасалып жатқанын да көрген. Енді, міне жуырда осы кешен іске қосылды. Бұл жұмысқа 85 миллион АҚШ доллары жұмсалды. Кенді аршу жұмыстарының тиімділігін арттыру бағытында салынған бұл нысан ұзындығы 6 шақырымдық конвейерлі желілер жүйесінен тұрады. Осы жерден сыйымдылығы 90 тонналық алып “Komatsu” автотиегіштері қазып алған көмірлерін осы конвейер тізбесіне әкеліп төге бастайды. Жаңа нысанның бір ерекшелігі, ол ауаға шығатын шаң-тозаңды ұстап қалатын осы заманға сай арнайы құрылғылармен жабдықталған. Корпорация президенті Абдуазим Рустамбаевтың айтуынша, өздері бірнеше жыл бойы қолға алып, іске қосылуын күткен бұл нысан жаңа технологияларды пайдалану нәтижесінде көмір өндіретін қазіргі қарқынды одан сайын арттырып, қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтар да азаяды. Екіншісі, “Восточный” кенішінде ашылған бұл жаңа нысанда 200 адам жұмыспен қамтылыпты. Алдағы уақытта да кеніштің өркенді, табысты жұмыс жасауы үшін корпорация басшылығы жаңа жобаларды негізге алып, ел экономикасын дамыту жолында еңбек етеді.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.
Кен алыбында – ең үлкен мәшине
Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің Качар кен басқармасында жапониялық HІTACHІ компаниясы шығарған тасымал көлігінің тұсаукесері болды. Оның үлкендігі бұрынғы “БелАЗдардан” екі метр биік, қуаттылығы мен сыйымдылығы да басым. HІTACHІ мәшинесі бір сапарында 180 тонна кен таси алады. Ал бұрынғы мәшинелердің қуаттылығы мұның жартысындай ғана болатын. ССКӨБ жетілдірілген қуатты мәшинені республикада, тіпті ТМД елдерінде бірінші болып алып отыр. Бұған дейін кәсіпорын осы фирма шығарған төрт қуатты экскаватор алған еді. Енді тасымал көлігі сол экскаваторлардың сыйымдылығы мол шөміші үш рет қана қарпып салған кенді тасиды. Еңбек өнімділігі бірнеше есе артып жүре береді.
Качар кен басқармасының карьерінде “ССКӨБ” акционерлік қоғамының президенті Мұхамеджан Тұрдахунов жаңа тасымал мәшинесінің лентасын қиып, оның кілтін жүргізушіге салтанатты түрде тапсырды.
–Біз бұл техникалардан үлкен нәтиже күтеміз. Екі жылдан кейін кәсіпорын жылына 25 миллион тонна кен шығаруға тиіс. Ол осындай қуатты техникалардың арқасында ғана мүмкін болады. Бізде мұндай техниканың бесеуі бар. Алдағы уақытта кен орнының бүкіл техника паркін осындай мәшинелермен ауыстыратын боламыз, – деді Мұхамеджан Мамаджанұлы.
Жаңа техника кәсіпорынға 2,5 миллион долларға түсті. Өндіріс басшысы паркті түгел ауыстыру үшін әлі 30 миллион доллардай қаржы керектігін еске салды. Бұл техникаларды ССКӨБ кәсіпорны TURKUAZ machіnery фирмасы арқылы алған. Мамандардың айтуынша, бұл алып тасымал мәшинесі әлемнің 2-3 елінде ғана бар. Басқару тетігінің барлығы компьютерге негізделген техниканың сервистік қызметі өз алдына бір сала болып табылады. Качар жобасы кен кәсіпорнындағы шетелдік техникаларды құрастырады және жөндеу жұмысын атқарады.
– Качар кен басқармасы алған шетелдік мәшинелердің барлығы да жақсы жүріп тұр. Оның қуаттылығы мен жұмыс сапасының нәтижесі айта қаларлықтай, – дейді Качар жобасының жетекшісі Кенжехан Үмбетов.
Качар кен басқармасының карьерінде жаңа техника кен тасу жұмысына кірісіп те кетті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, РУДНЫЙ.
Қ ұрылыста тұрыс жоқ
Ақтөбе облысы табиғи қорларға бай өлке ғана емес, құрылыс индустриясы дамыған өңірге жатады. Жыл сайын облыс орталығында және аудандарда өндірістік, әлеуметтік және мәдени нысандардың көбірек пайдалануға берілуі де сондықтан. Құрылыстың қарқынды жүргізілуіне әлемдік қаржы дағдарысы да кедергі бола алмады. Биылдың өзінде ондаған өндірістік нысандар іске қосылды. Олардың қатарында “Ситал-2” кірпіш зауытын, “Айс” ЖШС тауарлы-сүт фермасын, Бестамақтағы шошқа өсіретін кешенді, “Рамазан” ЖШС-нің құс фабрикасын және басқаларын атауға болады. Өңірдегі дамыған құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдарының молдығы саладағы межеленген жұмыстарды уақтылы атқаруға мүмкіндік беруде.
Ақтөбе облысы құрылыс бас-қармасының бастығы Қанат Нұршиннің айтуынша, үстіміздегі жылы он жеті бюджеттік бағдарламаға біріктірілген екі жүзден астам нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде және қайта жарақтандырылуда екен. Осыншама жұ-мыстарды жүргізуге 22868,7 млн. теңге инвестиция қаралған көрінеді. Оның 15568,4 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс болатын.Үстіміздегі жылғы жеті айда 13954,5 млн. теңге бөлініп, осы қаржының 99,6 пайызы игеріліпті. Мұның өзі қазіргідей қаржылық қиындықтар туындап отырған жағдайда да құрылыс жұмыстарының ырғақты жүргізіліп отырғанын көрсетсе керек. Бұл әрине, жаңа құрылыс нысандарын салуға жаңаша көзқарас қалыптастыру арқылы ғана мүмкін болып отырғанының көрінісі. Мұның өзі жаңадан салынатын және қайта жарақтандырылатын құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құжаттарын дер кезінде дайындау, оларды салатын құрылыс ұйымдары арасында тендерді заңдылыққа сәйкес уақтылы өткізу сияқты көптеген шаруалардың тиянақты атқарылуына да байланысты. Бұл бағытта облыста қалыптасқан игі дәстүр бар, құрылыс салуға машықтанған фирмалар да жеткілікті.
Білім саласында құрылысы жүргізіліп жатқан он жеті нысанның екеуі республикалық бюджеттен қаржыландырылса, қалғаны жергілікті бюжджеттің үлесіне тиесілі. Республикалық бюджеттен бөлінген 501,2 млн. теңге толық игерілген. Хромтау ауданы Көктау ауылындағы 600 орындық мектептің іргетасы қаланып, қабырғалары көтерілуде. Мектепті салып жатқан “Оксибилд” ЖШС құрылыс сапасына да айрықша көңіл бөлуде. Ақтөбе қаласындағы 320 орындық балабақша құрылысы да жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жергілікті бюджеттен бөлінген 1523,6 млн. теңге қаржы 97,0 пайыз игеріліпті. Осы кезге игерілуі тиіс 240,0 млн.теңге қаржыны орнымен пайдаланған “Промресурс” ЖШС біраз жұмыстардың басын қайырып тастапты. Жыл аяғына дейін он төрт нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Денсаулық сақтау мекемелерін салу және қайта жарақтандыруда да ілгерілеушілік бар. Есепті кезеңде бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 3045,6 млн. теңге бөлініп, толықтай игерілді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 163,7 млн. теңге де орнымен жұмсалып, саланың қажетіне жарады. Биыл жыл аяғына дейін он төрт нысан іске қосылатын болады. Біреуі қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша екі нысан салынып жатыр. Екі жүз төсектік көп салалы балалар ауруханасын салып жатқан “Мастак” ЖШС бұл нысанды желтоқсан айында іске қоспақшы. Қазір бұл аурухананың екінші кезегіне қаржы бөлініп, жұмыс аяқталып келді. Облыс орталығында салынып жатқан 300 орындық ересектер ауруханасына бөлінген 2085,0 млн. теңгенің қазірдің өзінде 1364,0 млн. теңгесі игеріліп, оны алдағы жылы пайдалануға берудің алғышарттары жасалуда.
Облыста тұрғын үй құрылысы тәуір жүргізілуде. 2008-20010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша 1002,0 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған еді. 2008-2009 жылдары 752,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 112,2 пайыз орындалды. Биыл 331,0 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтеруі тиіс. Оның 7,3 мың шаршы метрі несиелік, 10,3 мың шаршы метрі жалдық, 102,4 мың шаршы метрі коммерциялық, қалғаны жеке тұрғын үй болып табылады. Бұдан басқа “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша 15,0 мың шаршы метр тұрғын үй салынуы керек. Бұл бағдарлама бойынша қаралған 847,0 млн. теңгенің қазірдің өзінде 472,0 млн. теңгесі игерілген көрінеді. Дерек көздерінен мәлім болғанындай, мұнда 50 үйдің құрылысы аяқталып, қоныстанушыларын күтуде. Барлық қаржыландыру көздері бойынша үстіміздегі жылғы жеті айда 166,0 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылыпты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоспар 102,0 пайыз орындалды деген сөз. Тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жоспарлы көрсеткіштері тап осылай орындалатын болса, жыл аяғына дейін 3464 отбасы баспаналы болады. Тұрғын үйлер салынып жатқан аудандарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды жүргізуге республикалық бюджеттен қаралған 2436,8 млн. теңгенің осы кезге дейін 894,6 млн. теңгесі кәдеге жаратылып, жеті айлық жоспар 99,9 пайыз жүзеге асыпты. Жыл аяғына дейін мәдениет саласында төрт нысан, үш спорт ғимараттары пайдалануға берілмек. Коммуналдық шаруашылық, қоршаған ортаны қорғау және сумен қамтамасыз ету құрылыстарын салу да жүйелі жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстарының сапалы және уақтылы атқарылуын, бөлінген бюджеттік қаржылардың мерзімінде игерілуі барысын бақылау мақсатында әр нысанға тиісті аудандар әкімдері мен бюджеттік бағдарламалардың әкімшіліктері бекітілген. Кейбір маңызды нысандарда “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау бекеттері де құрылыс жұмыстарының тиянақты, уақтылы атқарылуын бақылауға алуы қайтарымды болып отыр. Облыста жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының қазіргі қарқыны бұл саланың ілгерілеу мүмкіндігінің мол екендігін көрсетеді. Облыс орталығы ғана емес, шағын елді мекендерде де жаңа нысандар бой көтеріп, халықтың игілігіне айналуда. Күн өткен сайын көптеп пайдалануға беріліп жатқан сәні мен салтанаты келіскен ғимараттар мен өндіріс орындары, тұрғын үйлер халықтың тұрмыс деңгейінің көтеріліп келе жатқанының айқын көрінісі. Жер асты қазба байлықтары бай өңірге инвестициялардың көптеп құйылуы құрылыс индустриясының дамуына бұрынғыдан да серпін беретініне сенім мол. Яғни, құрылыс көлемі қысқармайды, қарқыны бәсеңдемейді. Бұған облыстағы құрылыс саласындағы үстіміздегі жылғы жеті айдың көрсеткіштері нақты дәлел болғандай.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.