08 Қыркүйек, 2010

Үлкен үрей үрдісі немесе сарапшылар болжамы неге орындалмай қалды?

1159 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Есепшот тасын тасқаяқтай қағыстыратын жер-жиһанның көптеген кәнігі экономистері бұрнағы жылы дағдарыс енді қызу қарқын ала түскенде оны өткен ғасырдың 30-шы жыл­дары­ның басында басталған “Ұлы күйзеліске” теңеуге жарыса асығып еді. Онда дөңгеленген дүние кенет үлкен үрейлі үргіншілікке ұшырап, әп-сәтте әлемнің әптер-тәптері шыққан. Ра­сында 1929-1933 жылдарды шарпыған орасан зор экономикалық құлдырау қазіргі дағдарыс­пен көп ретте ұқсасып та тұрды. Ал ең негізгі ұқсастық, әлбетте, екі жағдайда да “бәленің” АҚШ жақтан жер ауып келгенінен көрінетін. Дегенмен, бұл жерде басын ашып алатын тағы бір жәйт, бұдан 70 жылдай бұрын орын алып, жалпы жұртты жағалаған оқиғалар дәстүрлі түрде “Әлемдік экономикалық дағдарыс” деп аталды да, тікелей “Ұлы күйзеліс” анықтамасы америкалық экономика торын торлаған көлеңкелі жақтарға ғана жапсырылған болатын. Сол депрессияны кейбір тәржімашылар осы күні “тоқырау” деп те аударып жүр. Бірақ, күй­зе­лістен гөрі күйдірмесі аздау келетін тоқырау ұғымы сол кездегі көріністі дәл бейнелеп бере алмас еді. Өйткені, бұрынғы зобалаңның шыр­маған шашағы қазіргіден әлдеқайда әуселді, әл­де­қайда әлеуетті-тін. Ол және жойқын жылдам­дықпен Батыстың дамыған елдерінің бәріне жедел тарай жөнелді. Әлемдік экономи­калық дағдарыс ресми 1940 жылы аяқтал­ға­ны­мен, одан қатты соққы алған Құрама Штаттар нақты экономикасын тек екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана түзете алды. Демек, қалай күйттесек те, сол үрей үрлеген үргіншілік “то­қы­рау” деуге әсте келмейді. Әдетте “тоқырау” деп біз ілгері жылжи алмай, бір орында тұрып қал­ған жағдайды айтамыз. Ал сол жолғы күй­зеліс Американың экономикасын кемінде жиыр­ма жылға артқа шегеріп тастады. “Тоқы­рау” деген тоқмейіл анықтаманы тіпті қазіргі жағдайдың өзіне бере алмасақ керек. Себебі, мұның залалы мен зардабы да тоқырауға қа­рағанда анағұрлым ауыр. Бүгінгі жағдаят соны­мен қатар өткен ғасырдың басындағы ойранға да толық ұқсамайды. Міне, жоғарыдағы сарапшыларымыз да бұған баға беру байыбы барысында қателесіп кеткен сияқты. Экономикалық көзқарас тұрғысынан ал­ғанда, байырғы “Ұлы депрессияның” өндірістік тауарлар шамадан тыс артық өндіріліп, оларды сатып алатын ақша қаражатының кемдігінен пайда болғаны белгілі. Олай болатыны, айналым­дағы ақшаның ауқымы елдегі алтын қоры мөлшеріне бағынышты, ал бағалы металл көлемі мұнда шектеулі болғандықтан, артық пұл жасап шығарудың реті жоқ. Содан келіп, тұрғындардың тауарлар мен қызмет көрсету түрлеріне ақы төлеу қабілеті төмен түсіп кетті. Бұдан арғы тірлік “домино принципіндегі” тіз­бекпен тауарлар бағасы арзандауына, кәсіп­орын­дардың банкротқа ұшырауына, жұмыс­сыз­дықтың көбеюіне, импорттық тауарларға салы­на­тын баж салығына шектеу қойылуына, тұты­ным сұранысы кемуіне, адамдардың тұрмыс жағдайы құлдырауына апарып соқтырды. “Ұлы күйзеліс” 1929 жылғы 29 қазанда, кейін тарихта “қара сейсенбі” деген ат алған күні басталды. Осы бір күннің ішінде қор ры­но­гының шаңырағы ортасына түсіп, акциялар 10 млрд. долларға құлады. Бұл несиеге бері­летін 10 млрд. доллар ақша бірден жоқ болып кетті деген сөз еді. Қор рыногының осы құлауы салдарынан АҚШ-та тұратын 20-25 млн. шамалас адам шығынға белшесінен батты. Бұл депрессияға мынадай алғышарттар әсер етті. Оның алдында Америка экономикасы зор өр­леу үстінде өсіп келе жатты. Соның арқасында 1917-1927 жылдар аралығында АҚШ-тың ұлттық табысы үш есеге жуық артқан екен. Осы кезде елде тізбекті өндіріс тәсілі игеріліп, қор рыногы қатты буырқаныспен биікке көте­ріліпті. Соның салдарынан алыпсатарлық опера­циялар саны жылдам ұлғайып, жылжы­май­тын мүліктер қымбаттаған. Бірақ тауар өндірісінің өсуі өз кезегінде ақша ауқымының да көбеюін қатаң талап етер еді. Ал ақша аумағы, жоғарыда айтқанымыздай, алтынға тіке­лей тәуелді болатын. Алайда, АҚШ-тың алтын қоры өндірістің өркендеу дәрежесіне мүлде ілесе алмады. Бұл жағдай ақырында жасырын түрдегі инфляцияға жеткізді. Үкімет буырқанған экономикалық өсу үдерісіне ілесу үшін енді жұртқа білдірмей, жаңа банкноттар басып шығаруға кірісті. Құлдырау басы солай басталды. Бұл ұрлықы тірлік көп ұзамай доллардың алтынмен қорғалу ұстанымын бұзып, бюджет тапшылығының өсе түсуін жеделдетті. Осы тұста елдің қор рыногы бастап­қы есептік ставканы төмендетуге мәжбүр болды. Мұның бәрі қаржы жүйесіндегі кереғар көріністі күшейте берді. Нәтижесінде өнеркәсіп өндірісі тауар шығаруды азайтқан уақытта керісінше вексель, қолхат түріндегі амалсыз таратылатын жалған ақшалар өсіп кетті. Экономикадағы осы дисбаланс, яғни тауар мен ақша арасындағы тепе-теңдік сақталмауы әлгіндегі “қара сейсенбіге” алып барды. Қалай дегенде де, өткен ғасырдың басында бәден берген күйзеліс зардаптарын қазіргімен салыстыруға келмес еді. Сол кездегі соққының қан­шалықты ауыр болғаны мына цифрлардан айқын аңғарылады. Мәселен, АҚШ-та 1933 жылы өнеркәсіп өндірісі көлемі 1929 жылмен салыстырғанда, 46 пайызға дейін құлдыраған. Осы төрт жылдың торабында елдегі жалпы ұлттық өнім 103,9 млрд. доллардан 56 мил­лиардқа, яғни 1,85 есеге кеміген. Жұмыссыз­дық көлемі 1933 жылы төрт жыл бұрынғы 3,2 пайыздан 25 пайызға дейін көтерілген. Осыдан келіп, 12,8 млн. адамның басына жоқшылық бұлты үйірілген. Ал Американың еңбек проб­лемаларын зерттеу ассоциациясы ұсынған мәлі­метте жұмыссыздар саны тіпті 17 млн. адам етіп көрсетіледі. Бұдан басқа 2,5 млн. кісі баспанасынан айырылып қалған. Сол арада 135 мың компания таза тақырға отырған. Сосын биз­нестен түсетін табыс 60 пайызға дейін тө­мендеп кеткен. Рынокты жалпы капитал­дан­ды­ру деңгейі 4,5 есеге дейін азайып, ол 87 млрд. доллардан 19 миллиардқа дейін құлаған. Фермерлік жылжымайтын мүліктер бағасы 10 есеге дейін арзандап, 897 мың фермер шаруа­шылығы, яғни жалпы санның 14,3 пайызы тіршіліксіз қалған. Сол “Ұлы күйзелістің” теп­кіні Батыстағы Германия, Ұлыбритания, Фран­ция секілді елдерді, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Азия мен Латын Америкасы дәулеттерін біраз қаусатып кеткен. 2008 жылы басталған қаржы дағдарысы да осы жолмен жүріп өтті. Бұл жолғы түйсіксіз тірліктің Америкадан бастау алғанынан бөлек, ол тағы қаржы секторынан өрістеді. Сосын нақты экономика мен қор рыногына тарпа бас салып, тұтыным сұранысының күрт түсуіне, жұмыссыздық қатарының өсуі мен ақшаның құнсыздануына апарып жеткізді. Әлем экономистері осы ретте алдыңғы депрессияның тағы 6 түрлі себеп-салдары болғанын айтады. Солардың ішіндегі әдейі, қасақана жасалған деген желеуге назар аударуға тұрады. Бірқатар мүд­делі кісілер осыған саналы түрде барған кө­рінеді. Мұның мәні мынада: АҚШ-та бірінші жаһандық соғыстан кейінгі бірнеше жылдың ішінде біраз қаржы пирамидалары пайда болып қалған. Міне, осы қаржы мекендері елдегі ка­питалды қайтадан бөліске салып, оны санаулы ғана корпорацияның қолына шоғырландыру үшін ұлттық экономиканың берекесін қашы­ра­тын жаттығу алаңының рөлін ойнаған сияқ­ты. Бұл ұстанымды жақтайтындар бұған 1929 жылға қарай АҚШ-тың банк капиталы елдегі 16 мың банкте сақталған болса, дағдарыстан кейін ол бар-жоғы 100 ірі банктің қолына жи­налғанын дәлел етіп алға тартады. Ал біздің жағ­дайымызда, яғни қазіргі кезеңде дағдарыс­тың тұнбасын көп ақшаның көрігін қоздырып қалған инвесторлар жауапсыздығы тұндырған деген пікір бар. Сол инвесторлардың ипотека мен құнды қағаздардан орасан зор табыс тауып қалу мақсатында көп мөлшердегі несиелік бо­рыш­тарға ұрынулары, алатын ақшалары үшін сапасы күмәнді заттарды кепілдікке қоя беру­лері, айналып келгенде, әлемдік экономикалық дағдарыстың басты бастауы болған сияқты. Аздаған адамдар тобының шектен тыс баю­ға ұмтылуы қашанда бүкіл әлем қауымдасты­ғы­ның банкротқа ұшырауына апарып соқ­тырады. Ал қазіргі қаржы дағдарысының түпкі негізі сонау 1980-ші жылдардың ортасында бұрқ етіп көтерілген нарықтық қатынастар өрлеуінде жатыр. Осы қозғаушы күш 1997-1999 жылдары Азияда пайда болған бүгінгі дағ­дарысқа себепкер инфекцияны ұрықтандырып берді. Ол ақырында 2007 жылғы тамызда АҚШ-ты дағдарысқа ұшыратып, 2008 жылдың басында қалған дүниені жаппай шарлай жөнелді. Бұл расында бұдан бұрынғы 80-ші, 90-шы және 2001 жылғы дағдарыстарға қарағанда әлдеқайда көлемді де қуатты болатын. Қазір осынау экономикалық катаклизм себептері АҚШ-тың ипотекалық несие беру рыногындағы құлдыраудан да гөрі терең тұйықта жатқаны айғақталып қалды. Былайынша таңғаларлық жәйт болып көрінгенімен, тап осы дағдарыстың дәні қазіргі заманғы экономикалық модельдің түпкі негізіне себілген еді. Нарықтық экономика астарында бір қарағанда қарапайым қағида болып көрінетін “сұраныс ұсынысты тудырады” деген ұстаным бар. Ал XX ғасырдың парадоксалды құбылысы мынау – жаппай өндіріс өркендеген кезеңде пайда болатын ұсыныстар молшылығы ақырында өзінің жеке сұранысын да туғыза алады. Түбірінде бұл үдеріс экономиканың үздіксіз өсуін қамтамасыз ете отырып, тағы және тағы да қайталанып келе беруі мүмкін. Бірақ “мәңгі өсуші” экономикаға үзіліссіз тұтынушы сұранысы керек. Осы кезде қайткен күнде табыс тауып қалуды көздейтін банк жүйесі ең соңында төлем қабілеті жоқ заемшыға ссуда беретін шамаға жеткенге дейін өзінің пайыздық белдеуін ұдайы түсіре отырып, “үлгілі тұтынушыға” қайта-қайта қарызға ақша берумен болады. Міне, осы айналым бірнеше рет айналып өткеннен АҚШ-тың ипотекалық кредит рыногы шамадан тыс қызып кетті де, өзінің елдегі ең әлсіз буын екенін көрсетіп алды. Рас, бірінші кезекте ипотекалық жүйе төлем төлемеушілерден жақсы қорғалғандай көрінеді. Әлбетте, төлем төлемей жүрген борышкерлердің кепілге қойған жылжымайтын мүліктері банктердің есебінде тұр. Алайда, елде жаппай төлем төлемеу үрдісі етек алған кезде, бұл кепілді заттардың өзі түкке алғысыз болып қалар еді. Енді өзіңіз қараңыз, займшы банкрот болып қалғасын, оған кредит беруші тұрғын-жайын алып қойды делік. Ал банктің өзіне бұл пәтердің түкке де керегі жоқ. Оған керегі – ақша. Сондықтан ол тәркіленіп алынған үйді сатуға қояды. Тап сол жерде жүйенің “жүйкесі” бірден бұзылады. Өйткені, рынок осындай заттарға толы. Алатын адам жоқ. Алғысы келетіндерде ақша жоқ. Бірақ оларға банк енді несие бере алмайды. Тұйыққа тірелу деген осы. Мұндай жағдай дағдарыстың үшінші жылын бастан кешіп жатқан біздің қоғамда да бар. Бірақ көңілге үркердей үміттің сәулесін себетін бір жәйт, бүгінде дағдарыстан кейін кереге тартатын келешектің кенересі көрініп қалған сияқты. Енді “Ұлы күйзеліс” кезеңіндей 15 жылдық эволюциялық жолдың болмасы анық. Осыны сезген әлем эконо­мис­тері де сабырға келе баста­ған­дай. Әйтпесе, осыдан бір жыл бұ­рын дағдарыстың дауылы қатты ұйытқи соғып тұрған кездерде бар­лық деңгейдегі есеп-қисап маман­дары әлем экономикасы тап бол­ған орасан зор тұйықтан шығудың ғаламат жылуан жолдарын іздес­ті­ріп, біраз бас қатырған. Сол тұста көптеген идеялардың іркілмей ұш­қаны да рас. Соның ішінде еуро­палықтар қаржы бақылау орган­дары жұмыстарын үйлестіруді қол­дады. Көптеген елдер доллардың орнына әлдебір аймақтық есеп айырысу құралын шығаруды ұсынды. Вашингтон әлемдегі ең ірі қор алаңы – Уолл-стрит істеріне шұғыл араласу мүмкіндігін қарастырды. Қазір соның бәрі басылып қалды. Біз “Ұлы күйзелістің” соңы не бергенін жақ­сы білеміз. Ең алдымен ол мемлекет тара­пы­нан тұрғындарды әлеуметтік қолдау саясаты мен негізгі өндіріске қор рыногын балама ете­тін жаңа қаржы жүйесін өмірге әкелді. Ақы­рында әлемде доллар үстемдік құратын алғы­шарттарды жасап берді. Осы жүйе алпыс жыл бойына алаңсыз жұмыс істеп келді. Осынша­лықты уақыт коммунистік жүйе де сынақтан өтті. Соның соңында коммунизм текетіреске шыдас бермей құлап түсті. Ал мына дағдарыс­тан соң әлденені өзгертудің, жаңа орасан зор жоспар дайындаудың қажеттігі жоқтығы қазір­дің өзінде аян болып отыр. Өйткені, бұл дағ­да­рыс шамадан тыс әлсіз болып шықты. Ол дү­ниені 15 жыл үрейдің үргіншілігінде ұстаған “Ұлы күйзеліске” жұп та, жіп те бола алмайды екен. Бұл дағдарыстың сондай-ақ депрессиядан кейін­гі кездегіше жұртты қайтадан Америка эко­номикасы төңірегіне топтай түсуі де неғай­был. Мәселен, енді әлем жұртшылығы қор рыногында нағыз алып “көбікті” үрлеп үлгер­ген Қытай саудасына сұраныс сұратуы кәдік. Өйткені, қазір жаһанда Шығыстың көш­бас­тау­шы ретіндегі рөлі күшейіп келеді. Қазір Қытай ішкі жалпы өнім деңгейі жөнінен АҚШ-тан асқалы тұр. Иә, бұл жағдайдың Шың еліндегі тұрғындардың тұрмыс сапасына етер әсері пәлендей жоғары болмағанымен, қалай дегенде де, әлем акценті өзгеріп қалатын түрі бар. Рас, дәстүрлі Батысқа ахуалдың бұлайша аунап түсуі ұнай қоймайды. Қазір көптеген Еуропа елдері мен АҚШ-та қытайлық тауарлардың оншама ықы­ласпен қабылдана бермейтіні де соның салқыны. Соған қарамастан, Қытай елі дамы­ған үстіне дами түсуде. Ол биылғы тамызда ішкі жалпы өнім жөнінен Жапонияны тарихта бірінші рет артта қалдырды. Бұл көрсеткіш бой­ынша Қытай 2008 жылы Германияның ал­ды­на түсіп еді. Енді міне Аспанасты елі АҚШ-тан кейінгі қуатты елге айналды. Осы кез жа­пон экономикасы бұрын болжағанынан әл­деқайда төмен – 0,4 пайыз мөлшерінде өсіпті. Соның есебінен Бейжің бар болғаны 50 млрд. доллар артықшылы­ғымен болса да, Токионың алдына түсіп кетті. Бүкіләлемдік банктің мәліметі бойынша, жапондар экономиканы өркендету жөнінен соңғы 42 жылда алдына тек АҚШ-ты ғана жіберіп келген екен. Жалпы, Шығыс экономикасының Батысқа шабуыл жасауы бұдан бұрын басталуы да мүмкін еді. Бұған тіпті дағдарыстың ықпалы бол­мауы да кәдік-тін. Жұрт әлемді қытайлық тауарлардың жаппай жаулап алып жатқанын бүгін ғана байқаған жоқ. Осы онжылдық кезең­нің басында-ақ Еуропа мен Американың қай жеріне бара қалсаң да, алдыңнан Қытай тауары шыға келетін. Бұдан туындайтын сауалдың соңы экономистердің қай елдің экономика дауы­лынан мейлінше аз шығынмен шығатыны жай­лы болжамына барып ұласады. Осы тұста олардың көбі сондай “тыныш” айлақ болатын мүйісті Қиыр Шығыс пен сол жақтың лидері Қытайдан қарастыра бастады. Бұған таңғалуға да болмайды. Осыдан бір жыл ғана бұрын Қы­тайға жаңа әлемдік орталықтың рөлі таңылды. Ал Қытай юані алдағы 25-30 жылда әлемде кем дегенде доллар мен еуродан кейінгі үшінші валюта болып қала бермек. Соңғы жиырма жылда Аспанасты елінің экономикасы жылына 10 пайыздық жылдамдықпен дамып отырды. Бұл аймақта қазір әлемдік өндіріс әлеуетінің жартысынан астамы шоғырланып қалды. 2007 жылдың соңында ең жоғары капиталданушы 10 компанияның бесеуін қытайлықтар құрады. Ал америкалықтарда ондайлар үшеу ғана болды. Ақыр соңында әлемдегі ең бай адамдардың қатарындағы Джим Роджерс пен Уоррен Баф­фет өз активтерін АҚШ долларынан алып, Қы­тай юаніне және қытайлық компаниялардың акцияларына ауыстырды. Бір қызығы, дағдарыстан аз шығынмен шы­ға­тын елдердің қатарында Шығыс Еуропадағы Польша, Чехия және Словакия мемлекеттері бар екен. Мұндай тұрақтылықты біз, жасырары жоқ, өзіміздің елден де күтіп отырмыз. Ал әлем­дегі жетекші зерттеу институттарының, соның ішінде Ресейдің Дағдарыстан кейінгі әлем институтының деректеріне сүйенсек, бұл дағдарыстың түйіні бұдан кейін орын алатын дағдарысты барынша әлсіретіп жібермек. Ол алдағы он жылдың шамасында қайта орын алады. Бірақ қазіргідей экономикалық немесе қаржылық сипатта бой көрсетпейді, оның мазмұнын өркениеттілік және геосаяси ұғымдар билейтін болады. Серік ПІРНАЗАР. Астана.