Науқан басталды
Қырғызстанда қыркүйектің 10-ында, парламент сайлауына тура бір ай қалғанда сайлау науқаны басталды. Парламенттегі 120 орын үшін 29 партия күреске шықты. Олар барлық құжаттарын тапсырып, тіркелгендер. Ал 100-ден аса партия тіркеле алмай қалды. Тіркелген партияларға өздерін насихаттау үшін жиналыстар өткізуге, митингілер, шерулер ұйымдастыруға рұқсат етілген. Теледидар, газет-журналдар арқылы жүргізілетін насихат өз алдына. Онсыз да белсенділігімен ерекше көзге түсіп жүрген қырғыз ағайындар сайлау науқанында шектен шығып кетпесе екен дейсің.
Иранда уран бар
Болғанда, үш атом бомбасын жасауға жетеді екен. Бір бомба да жарылмасын дейміз ғой. Жарылса, оның қасіреті қандай болатыны белгілі. Әлемде мұндай бомбалар көп. Әңгіме мұндай қарудың Иран сияқты елдің қолына түсуінде болып отыр.
МАГАТЭ-нің жасырын баяндамасында бұл елде төмен байытылған 2,8 тонна уран бар екені айтылған. Енді соны 90 пайызға дейін байытатын болса, одан үш бомба жасауға болады. Мұны МАГАТЭ-нің президенті Юкио Аманоның өзі айтып отыр. Қауіп қылғаннан айтады, әрине.
ЭТА райынан қайтты
Испаниядағы басктардың тәуелсіздігін ұзақ уақыт талап етіп келе жатқан ЭТА экстремистік тобы өздерінің қарулы күресін тоқтататынын мәлімдеді. Мұны әлем жұртшылығы оң қадам ретінде қабылдады. Әсіресе, мұны экономикалық дағдарыстан айтарлықтай күйзеліп отырған Испания үкіметі оң қабылдады деуге болады.
Бельгия бөліне ме?
Еуропадағы осынау шағын ғана, бірақ жоғары дамыған елдің бөлінуі, тіпті біреулерше айтқанда, жойылуы мүмкін еместей. Бірақ елдің тілдік құрамына қарай бөліну қаупі күшті. Мұнда халық екі топтан тұрады: фламандтар (60 пайыз) және валлондар (40 пайыз). Араларында үнемі тартыс бар. Күштірек дамыған Фландрия аймағы әркез жеке мемлекет құруды талап етеді. Парламентте осылайша шайқасып жатады. Сарапшылардың пайымдауынша, олар бөлінбей тынбайтындай.
Төңкеріс неге керек?
ИТАР-ТАСС-тың хабарына қарағанда, Орталық Африка Республикасында Словакияның 12 азаматы осында мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті үшін айыппен қамауға алыныпты. Олар ел астанасы Бангиден 600 шақырым жерде қару-жарақтың үлкен қорын алып жатқан кезде ұсталған көрінеді.
Әрине, ұстағандардың өз дәлелі бар шығар, бірақ Еуропаның ортасындағы шағын елдің азаматтарына Африкадағы елде төңкеріс жасау неге керек деген сұрақ туындайды.
Премьерді өлтірген кім?
Ливанның премьер-министрі Саад Харири өзінің әкесі, елдің бұрынғы премьер-министрі Рафик Хариридің қазасына Сирияның қатысы жоқ екен, бұлай тұжырым жасау қателік екен деген мәлімдеме жасады және алдағы уақытта Дамаскімен қарым-қатынасты жақсарту ниетін білдірді.
Рафик Харири осыдан бес жыл бұрын Бейруттің орталығындағы күшті жарылыстан қаза тапқан. Оны ұйымдастырған Сирия үкіметі делініп келген. Ал енді шын мәнінде бұл лаңкестік актіні ұйымдастырған кім дегенде, енді біраз адам осы елдегі “Хесболлах” ұйымына күдік білдіреді.
Сығандарға араша
Франция үкіметінің елдің тынышын алып отырған сығандарды елден қуып, туған отандары саналатын Болгария мен Румынияға қайтару жөнінде қатқыл шаралар белгілеуіне қарсылар да баршылық. Еуропарламент депутаттары Франция үкіметінен сығандарды қууды тоқтатуды талап етті. Бұған байланысты шешімді 337 депутат қолдап, 245 депутат қарсы болды. Бүгінге дейін Франция үкіметі елден 600 сығанды қуып үлгерген болатын.
Мақтанудың шегі жоқ
Біріккен Араб Әмірліктері үкіметінің басшысы, Дубайдың билеушісі Мұхаммед бен Рашид әл-Махтум әлемдегі ең ұзын жеке меншік кеменің иесі болуды мақсат етіп отыр. Соған орай өзінің “Дубай” деп аталатын яхтасына қосымша радар орнату арқылы бүгінге дейін ең ұзын саналып келген орыс олигархы Роман Абрамовичтің 162,5 метрлік яхтасынан асып түспек. Осыған қарап, бұл бәсекенің, мақтанудың шегі жоқ шығар деп ойлайсың.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.