15 Қыркүйек, 2010

Қазақстан бастамасы халықаралық қоғамдастық назарында

515 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Жақында Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассам­блея­сы­ның Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған отырысы болып өтті. БҰҰ Бас Ассамблеясы 64-ші сессиясының пре­зиденті Али Треки шақырған отырыс 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде жариялау жөніндегі БҰҰ Бас Ассамблеясының өткен жылы қабылдаған қа­рарына сәйкес алғаш рет ұйымдастырылды. Отырыстың жұмысына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер ми­нистрінің орынбасары Қайрат Ома­ров, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі келісім ұйымының Атқарушы хатшысы (ЯСЖТКҰ) Тибор Тот, Атом энер­гиясы жөніндегі халықаралық агент­тігі (МАГАТЭ) Бас дирек­торының Нью-Йорктегі өкілі Джеф­ри Шоу, БҰҰ-ға мүше мем­лекеттердің тұрақты өкілдері, үкі­меттік емес ұйымдар мен инсти­туттардың өкілдері қатысты. А.Треки құттықтау сөзбен оты­рысты аша келіп, қарусыздану мен таратпау саласындағы Қазақстан­ның жетекші рөлін атап көрсетті және Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың Семей полигонын жабу жөніндегі шешіміне жоғары баға берді. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстан Президенті мен Үкіме­тіне қарусыздану ісіне қосқан зор үлестері үшін алғысын білдіріп, барлық мемлекеттерді біздің елі­міздің үлгісін ұстануға шақырды. Ол өзінің ағымдағы жылы Семей полигонына жасаған сапары туралы баяндай отырып, Семей үміттің жарқын нышанына, ал Қазақстан ядролық қарудан бас тарта отырып және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға өз үлесін қосу арқылы бейбітшілікті ядролық қарусыз да сақтауға болатындығын көрнекі түрде көрсеткендігін көлденең тартты. ЯСЖТКҰ-ның Атқарушы хат­шы­сы Тибор Тот өз баяндамасында мемлекеттің ядролық қарусыз қан­шалықты баянды дамып және гүл­дене алатындығына назар аударта отырып, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартқан Қазақстан басшысының көреген саясатын атап өтті. Сонымен бірге, бұл іс-әре­кеттердің өткен шақта ұмытыл­май, керісінше қарусыздану сала­сын­дағы болашақ үдерістерде ора­сан зор рөл атқаратынын баса көрсетті. МАГАТЭ Бас директорының өкілі Қазақстан Үкіметіне осы ұйым­мен арадағы конструктивті және жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қай­рат Омаров Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың жоғары деңгейдегі оты­рыстың қатысушыларына ар­нал­ған жолдауын оқып берді. Ең алдымен, Қазақстан Респуб­ли­касының атынан, Ядролық сы­нақтарға қарсы халықаралық іс-қи­мыл күніне орайластырылған бүгін­гі арнайы отырыстың жоғары дең­гейде ұйымдастырылуына алғы­сым­ды білдіргім келеді. Бұл кез­де­судің өткізілуі мен сіздің, құрметті Али Треки мырза, оған қатысуы­ңыз БҰҰ қабылдаған қарар мен ядролық сы­нақтарға жаппай және түпкілікті тый­ым салу мәселесінің орасан зор маңыздылығын қуаттай­ды, деп сөз бас­таған Қ.Омаров одан әрі Қ.Сау­дабаевтың Жолдауы­на кезек берді. Ядролық сынақтарға тыйым салу мәселесі ғаламдық қауіпсіз­дік­тің өткір проблемалары арасында ма­ңызды орын алатындығы күмән­сіз. Оның үстіне, 1991 жылы 29 тамызда өз Жарғысымен мәңгілікке әлемдегі ең ірі ядролық сынақ по­лигондарының бірін жабу арқылы бұл үдеріске алғаш және анағұрлым қомақты үлесін қосқан Қазақстан Республикасы мен оның Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевты біз ерекше мақтаныш тұтамыз, делін­ген Жолдаудың басында. Ядролық сынақтардың барлық қасіреттерін тартқан Қазақстан халқы үшін оларға толығымен тыйым салу мәселесінің ерекше мәні бар. 40 жылдың ішінде Семей полигонында 490 ядролық жары­лыс­тар жасалды. Сынақтардың сал­дарынан бір жарым миллион адам зардап шегіп, кейбір Еуропа мем­лекеттеріне тең келетін орасан зор территория радиациямен уланды. Осы күнге дейін біз бұл сынақ­тар­дың зардаптарын қатты сезінудеміз. Қазақстанның бастамасымен Семей ядролық полигоны жабыл­ған­нан кейін 18 жылдан соң БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамызды Ядро­лық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күні ретінде жа­риялауы аса маңызды. Біз, БҰҰ-дағы Қазақстан бастамасын қол­даған, әсіресе, қарардың бірлескен авторлары болған елдердің бар­лы­ғына шынайы алғысымызды біл­діреміз. Біз осы жылдың сәуір айында Қазақстанға жасаған өз сапарын бұрынғы Семей ядролық полиго­ны­ның территориясын аралау­дан бастаған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға үлкен ризашылы­ғы­мызды жеткіземіз. Бұл әлемдік қоғам­дастықтың қарусыздану мен ядролық сынақтарға тыйым салуға беретін мәнінің, ғаламдық ядролық қатерді төмендетуге бағытталған Қазақстан талпыныстарының ай­қын мойындалуының, сонымен бірге, біздің еліміз бен оның көш­басшысының ғаламшарды қауіпті қарудан азат ету үдерісіне қосқан үлесінің көрінісі болды. Бұрынғы полигонның нақ ор­тасында БҰҰ Бас хатшысы әлемдік қоғамдастықты толықтай ядролық қарусыздану жолында қомақты же­тістіктерге жетуге шешімді түрде ша­қырды. БҰҰ басшысы атап өт­кен­дей, ядролық қарудан бас тарта оты­рып және Семей полигонын жабу арқылы Президент Нұрсұлтан На­зар­баев өзінің айрықша көш­бас­шы­лығын танытты. Соның арқа­сында Семей полигоны ядролық қарусыз­дану мен ядролық қарусыз бола­шақ­қа деген үміттің нышанына айналды. Және де Орталық Азияда ядро­лық қарудан азат аймақ құру тура­лы келісімге қол қою рәсімінің 2006 жылы Семейде өткізілуі кез­дейсоқ емес. Сол арқылы Қазақ­стан жеріндегі әскери атом та­рихына нүкте қойылды. Ядролық қарудың үрейлі қуатын толықтай басынан өткерген аймақ мәңгілікке ядролық қарудан азат өңірге айналды. 26 тамызда Қазақстан елордасы Астанада Қазақстан Республикасы Үкіметі БҰҰ-мен біріге отырып, Ядролық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күніне арналған “Семей – қайта жаңғырудан да­муға” атты халықаралық конферен­ция өткізді. Біз бұл конференцияға қатысқан барлық халықаралық ұйымдардың жоғары шенді өкіл­де­ріне, ҮЕҰ мен академиялық құры­лымдардың өкілдеріне алғысымыз­ды білдіреміз. Конференция қаты­сушыларына Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун және ЮНЕСКО Бас ди­ректоры И.Бокова өз жолдауларын жіберді. Конференция қорытын­ды­лары бойынша оның қатысу­шы­ларының үндеуі қабылданды. Әлем­нің басқа да елдерінде сан алуан акциялар өткізілді. Алдағы жылы, полигонның жа­былуының 20 жылдығына орай, Қазақстан бұл күнге арналған ана­ғұрлым ауқымды іс-шараларды өт­кі­зуді жоспарлап отыр. Ядролық сы­нақ­тарға қарсы халықаралық іс-қи­мыл күні жыл сайынғы негізде әлем­нің түкпір-түкпірінде ірі ша­ралармен атап өтілуі тиіс екендігіне нық се­нім­дімін. Осыған орай кон­ференцияға қатысушыларды, әр­қай­сысы өз дең­гейінде аталған қа­рардың жүзеге асырылуын нақты істермен қолдауға шақырамын. Бұл біздің ортақ қамымыз және ортақ мәселеміз. 29 тамыздағы қарардың қабыл­дануы – бұл біздің жаһандық ядро­лық қатерді бейтараптандыру мен Ядролық сынақтарға жаппай тый­ым салу жөніндегі келісімнің іске асырылуына қосқан ортақ үле­сіміз, делінеді одан әрі Жолдауда. 1996 жылдан бері келісімнің жүріп өткен жолы жеңіл болмады. Деген­мен, дау­сыз жетістіктер де бар. Бүгінгі таң­да әлемнің 182 елі келі­сімге қо­сылып, 153-і келісімге қол қою жө­ніндегі мемлекетішілік процедура­лар­ды тәмамдады. Мұ­ның бәрі үл­кен істің бастауы болып табылады. Біз, кейбір біршама ықпалды мемлекеттердің ЯСЖТК-ге қол қою мен оны ратификациялаудан тар­тынып отырғандықтарына өкіні­шімізді білдіреміз. Жағдайдың осы­лай­ша қалыптасуы ресми ядролық мем­лекеттерге яролық қаруды одан әрі сынауға жол ашып, ал “шегін­дегі” елдерге – өздерінің ядролық-зымы­ран бағдарлама жұмыстарын кедергі­сіз жалғастыруға мүмкіндік туғызуда. Бүгін біз, ЯСЖТК-нің күшіне енуін шешетін мемлекеттерді ба­рын­ша тезірек бұл аса маңызды құжатқа қол қоюға және ратифи­ка­циялауға шақырамыз. ЯСЖТК-нің мейлінше жуық арада күшіне енуі барша адамзаттың қауіпсіздігіне келіп тірелетін маңызды құжат – Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнің пәрменді түрде іске асуының басты бағыттарының біріне айналады. Нақты түсіну қажет: әлемдік ядро­лық державалардың ядролық сы­нақтарды өткізуге ерікті мора­то­рийді ұстануы – өте маңызды фак­тор, бірақ та ол жеткіліксіз және ЯСЖТК секілді заңды түрде мін­дет­теуші құжатқа балама бола алмайды. Біз сондай-ақ бұл елдерді әлем­дік қоғамдастық алдында өз жауап­кершіліктерін танытып және та­рат­пау режімінің белсенді қатысушы­лары – ядролық қарусыз елдермен бірігіп ядролық державалардың қо­лында ядролық қаруы жоқ мемле­кеттерге қауіпсіздік кепілін беру жөніндегі халықаралық заңды түрде міндет артушы құжатты өңдеуді бастауға шақырамыз. Тек сол ар­қылы ғана біз кейбір елдерде орын алған ядролық қару қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады деген соқыр сенім мен одан туындаған бұл қаруды иемденуге ұмтылудың жолын кесе аламыз. Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев осы жылдың сәуір айында Вашингтонда өткен Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық саммитте нақты ұсыныс жасады: “Ядролық клубтың” ядролық қа­руды қолданбау мен шабуыл жағ­дайында қорғаныс жөніндегі кепіл­деріне айырбас ретінде қалған ел­дер экономикалық қиыншылық­тар­дан басқа ештеңе әкелмейтін ядролық амбицияларынан бас тар­ту­лары тиіс”, деді Қазақстан басшысы. Ядролық қарудан азат әлем – тек барлық елдердің күш-жігерле­рін біріктірген жағдайда ғана шынайы­лыққа айналуы мүмкін. Қазақстан Президенті қазірден бастап барлық елдердің ядролық қарусыз әлем идеал­дарына қадам-қадаммен жылжуына шешімділігін бекітетін Ядролық қарудан азат әлемнің жалпы декларациясын дайындауды қолға алуға шақырды. 29 тамыз – еске алу күні емес. Бұл әрекет ету күні. Және мен Қа­зақстан Республикасының атынан баршамызды ядролық сынақтар мен ядролық жарылыстардан азат әлемге жақындату үшін қолдан келгеннің барлығын аянбай істеуге шақырамын. Оған біздің күшіміз жететіндігіне толық сенімдімін. Тек бірге ғана біз қауіпсіз және жетіл­ген әлемге жете аламыз, делінген. Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Жолдауының соңында. Ашық және мүдделі талқылау барысында Еуропалық Одақ атынан сөз алған Бельгия, Брази­лия, Египет, Иран, Куба, Марокко, Жаңа Зеландия, Перу, Түркия, Украина, Филиппин, Оңтүстік Африка, Жапония секілді бірқатар БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің баян­дамаларында атап өтілгендей, әлем­дік қоғамдастықтың қарусыздану мен таратпау саласына қосқан үлесі мәселелері қарастырылды. Сол күні БҰҰ штаб-пәтерінде БҰҰ жанындағы Қазақстан мис­сия­сымен біріге отырып EastWest Іnstіtute ұйымдастыруымен Ядро­лық сынақтарға қарсы халықара­лық іс-қимыл күніне орайласты­рылған жоғары деңгейдегі жұмыс отырысы өтті. Қызу пікірталас ба­рысында құрамында жоғары дәре­жедегі БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен мемле­кеттік емес ұйымдардың өкіл­дері бар қатысушылар ЯСЖТК-ні белсен­ділендіруге ба­ғытталған әлем ынтымақтас­ты­ғының басымдық­тары мен олардың одан әрі қарайғы қадамдарын қарастырды. Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне ар­нал­ған іс-шаралар шеңберінде БҰҰ-ның арнайы веб-сайты ашыл­ды. Онда Қазақстан Республикасы­ның Президенті, БҰҰ Бас хат­шы­сы, БҰҰ Бас Ассамблеясы Прези­денті, басқа да елдердің басшылары мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволарының үндеулері орналастырылып, аталған күннің белгісі жасалды, сондай-ақ “Embrace a World Free of Nuclear weapons” (Ядролық қарудан азат әлемді шарпу) деректі фильмі дайындалды. Бас Ассамблея отырысының қарсаңында БҰҰ штаб-пәтерінде ядролық сынақтардың салдарлары мен Семей полигонының жабы­луы­на, сондай-ақ Хиросима мен Нагасаки қасіреттеріне арналған фотокөрменің ашылуы өтті.