БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сессиясының сәрсенбідегі отырысында Мыңжылдықтың даму мақсаттарына арналған жалпысаяси пікірсайыс әрі қарай жалғасты. Отырыста Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөйледі.
Бұл саммит осыдан 10 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы алға қойған Мыңжылдықтың даму мақсаттарын жүзеге асырудағы үдерістердің кесектеу бөлігі болып табылады. Уақыт өткен сайын оның маңыздылығы арта түсуде. Өйткені, Мыңжылдықтың даму мақсаттарында көрініс тапқан аса өзекті мәселелерден әлем жұртшылығы нақты шешімдер мен оңды нәтижелер күтіп отыр. Дәлірек айтқанда, бейбітшілікті, қауіпсіздікті, даму мен өркендеуді күтуде. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев БҰҰ Бас Ассамблеясының мәртебелі мінберінен сөйлеген сөзін осыдан бастады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етпейінше, орнықты дамуға қол жеткізу мүмкін емес, деді Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы. БҰҰ-ның бейбітшілікті қамтамасыз етуде негізгі рөл атқаратынына және қарусыздану, қару түрлерін таратпау, әсіресе, лаңкестік, жанжалдардың алдын алу, сондай-ақ кикілжіңдерді реттеуде нақты шаралар қабылдайтынына сенімдіміз. Ал Мыңжылдықтың даму мақсаттарындағы міндеттемелерге қол жеткізуде дамушы және дамыған елдер арасындағы байланыстарды жандандыру арқылы олардың экономикасына ықпал етудің мүмкіндігін қарастыру қажет.
Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бүгінде әлемдік қоғамдастық үшін өткір проблемалар болып тұрған энергетикалық дағдарыс пен планетамызда қолайсыз климаттық өзгерістердің қауіп-қатері артып отырғандығына тоқталды. Шешеннің атап өткеніндей, осынау аса өткір проблемаларға байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның осы мінберінен 2012 жылы өтетін Орнықты даму жөніндегі бүкіләлемдік саммитте талқылау үшін жаһандық энергия-экологиялық стратегия дайындау туралы ұсыныс білдірді. Бұл стратегия энергия-экологиялық проблемаларды шешуге, оны инновациялық тұрғыдан толықтыруға ықпал етеді.
Мемлекеттік хатшы бұдан соң, БҰҰ Бас Ассамблеясының осы сессиясында талқыланып жатқан Мыңжылдықтың даму мақсаттарына тоқталып, ол туралы елімізде жүзеге асырылған жұмыстарды ортаға салды, нақты мәліметтер келтірді. Президент Н.Ә.Назарбаевтың жетекшілігімен біз ұлттық және салалық даму стратегияларын жүзеге асыру аясында халықтың әл-ауқатын арттыру міндеттерін табысты шешіп келеміз, деді Қанат Саудабаев. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі 19 жыл ішінде еліміз реформаларды ойдағыдай жүзеге асырды, даму мен жаңаруларға қол жеткізді. Мыңжылдықтың даму мақсаттарын (МДМ) орындау бойынша ілгерілеуге жетіп қана қоймай, “МДМ+” күн тәртібіне байланысты өзіне бірқатар бағытта көтеріңкі міндеттеме қабылдады.
Қазақстан үшін ұлттық проблема көптен бері өзекті емес, деп жалғастырды сөзін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев. Білім беру және денсаулық сақтау салаларына бөлінетін қаржы тұрақты түрде өсіп келеді. Соңғы 10 жылда ол 8 еседен астамға артты. Тұрғындар денсаулығын жақсарту көрсеткіші айтарлықтай өсті. Өмір сүрудің орташа ұзақтығы 65-тен 68 жасқа артып отыр. Беделді ұйымның мәртебелі мінберінен талай елге үлгі болатын осындай дерек-мәліметтер келтірген Мемлекеттік хатшы еліміздің саяси өмірінде әйелдердің рөлін көтеруге ерекше мән беріліп отырғандығынан хабардар ете келіп, Отанымызда экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі міндеттемелердің қалай орындалып жатқанына қатысушылар назарын аударды.
Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі, сондай-ақ Арал мен Семей өңірлеріндегі экологиялық апат салдарын еңсеруге БҰҰ мен халықаралық қоғамдастықтың көрсеткен көмектерін Қазақстан жоғары бағалайтынын атап өтті.
Бұл саммит Мыңжылдық декларациясын орындауға серпін беруде біздердің ұжымдық саяси ерік-жігерімізді сынақтан өткізеді, деді Қанат Саудабаев сөзін қорытындылай келіп. Мыңжылдықтың даму міндеттемелерінің орындалуы елдердің өзіне байланысты. Сондықтан даму мақсатында ресми көмектердің сапасы мен санын арттыру қажет. Бұрын Қазақстан шетелдерден көмек алатын. Экономикалық реформаларды табысты жүргізудің нәтижесінде Қазақстан бүгін “жаңа донорлар” мемлекеттері тобына кіріп отыр. Мемлекеттік хатшы бұған мысал ретінде Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі елдерге, сондай-ақ Ауғанстанға көмек көрсетіп жатқанын келтірді.
21 қыркүйек, сейсенбі күні БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сессиясының аясында Ислам Конференциясы Ұйымы “үштігінің” кездесуі болды. Оған 2011 жылдың шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы төрағалық ететіндіктен, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қатысып, әріптестерімен климат өзгерістері, кедейшілікпен күрес, дінаралық келісім және Ауғанстанды әскери қимылдардан кейін тұрақтандыру мәселелерін талқылады.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сессиясындағы Мыңжылдық даму мақсаттары жөніндегі жоғары деңгейдегі отырыс шеңберінде Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бірқатар екіжақты және көпжақты кездесулер өткізді.
Өзбекстан Президенті Ислам Каримов пен Қырғыз Республикасының өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отунбаевамен әңгіме барысында Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы аймақтағы жағдай мен Қырғызстандағы жағдайды реттеуде әрі қарай халықаралық қатысудың болашағын талқыға салды. Екіжақты және көпжақты деңгейдегі ынтымақтастық мәселелері Қ.Саудабаевтың Германия Канцлері Ангела Меркельмен кездесуі барысында қозғалды.
Осы күні АҚШ Президенті Барак Обама сөз сөйледі. Ол Ирактан АҚШ әскерінің шығарылып жатқанына, Ауғаныстанды тұрақтандыруға, Иранның ядролық бағдарламасына және Израиль мен Палестина арасындағы жанжалды реттеу мәселесіне тоқталды.
Сәрсенбі, 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Литва Сыртқы істер министрі А.Аджбуниспен, Грузия Сыртқы істер министрі Г.Вашадземен, Финляндияның Сыртқы істер министрі Стуббен, Чехияның Сыртқы істер министрі К.Шварценбергпен және Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Ульям Хейгпен екіжақты кездесулер өткізді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, “Егемен Қазақстан” – Нью-Йорктен.