29 Қыркүйек, 2010

Ие мен кие

679 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Түркімендер алабайды, қырғыздар тойғанды әлемге танытып үлгерді. Ал біз тазыны сол деңгейге жеткізе алдық па? Соғыс біткен 1945 жылдың жазы еді. Енді ғана мамыражай тірлікке енген “Қызыл теңдік” колхозының қойшылары Балқаш мал жайылымына көшіп келген. Мектепке әлі ілікпеген баламыз. Немере-шөбереден қашық кетпеген Ақмағанбет әкеміз Сарысу жақтан тайыншадай көкқасқа тазыны ертіп келді. Ауылдың бар иті шуылдап қарсы алғанда олардың біріне мойын бұрмаған жүндес, кеудесі жер сызған, жуан қайқытұмсық, тебінгідей шашақ құлақ тазы ескі кигіздің үстіне жата кетті. Ауылдың үлкендері Әбеу, Көкжан, Мақыш, Әуесхан, Ыбырахым, Есімғали ақсақалдар да келе қалған. Малдас құрған әңгіме. Бала болсақ-та құлағымыз соларда. Көкқасқа тазыны айналдырып өткен Көкжан ақсақал: “Сол, сол тұқым ғой”, – деп қалды. Жасы тоқсанды еңсерген Әбеу атамыз болса: “Көрдік қой бұларды. Баяғыда Ақжан, Жолдан секілді болыс-билерде болушы еді. Әлі бар екен тұқымы. Қасқырды лақша лақтырушы еді”, – деп күрсінген. Әңгіме одан әрі өрістеп, мына Шет ауданына басшы болған Тоқтаров дегеннің де осы иттің бірін ұстағанына ауысқан-тын. Біздің үйден де ит үзілмеген. Ғазиза әжем тіпті сонау 32-ші жылы Сарғұс деген итіміз бол­ғанын айтатын. Онан кейінгі Ақтырнақ пен Көк­дауылды көрдім. Көкдауыл да ірі тазы еді, бі­рақ мына Көкқасқадан аласалығы көрініп-ақ тұр! Көкқасқа ауылда ұзақ тұрмады. Мақаңның Серперіне қарықтырған соң иесі алып кетті. Серперден жалғыз арлан күшік, тағы төрт ұрғашы туған. Арлан күшікті “Гүлденсін” колхозының басшысы Тәйім аттай қалап алды. Күз туа қосаяқ аулаймыз. Басшымыз Қамажан мен Әлі есімді бозбалалар. Айтақырдан ін тауып, біреуін ғана қазамыз да басқасын бекітіп тастайтын едік. Содан қашқан қосаяққа күшіктерді қосатын. Бұл тышқан жүйрік те айлакер пәле. Шолтаң еткен ақ құйрығын бір жаққа сілтеп тастап, кері бұрыла зытқанда күшік біткен бір-біріне соғылып, соңынан жүгірген балалар да үйме-жүйме жығылып жатқаны. Мұндай қызыққа үлкендер де жиналатын еді. Иттің алғашқы ауыздануы да осыдан басталатын. Тазы кім көрінгеннің маңдайына бітпеген асыл тұқымды ит. Ол кімнің де болса ата-бабадан үзілмей келе жатқан тектілігіне сай, даланың сері көңілін түсіне білетін өр намысты, паң да салтанатты, білімді-білікті биік жандар ғана ұстай алатын ерекше қазына. Тазыны қазақтың ерекше қастерлейтінін көзіміз көрді. Саурық деген ақсақалдың тазысы төрде ғана жататын. Жасаулы дастарқанға мойнын да созбай иесі алып берген дәмді қанағат тұтып, сырбаз мінез танытушы еді. Әуезхан ағамыз Бассал деген тазысын ерекше сәндесе, оның әкесі Мырзақожаның тазысына күміс қарғы тағатынын естіп өстік. Ал бұлардың құны деген қыздың қалың малына пара-пар екен. Оны Бесата елі ішінде қарындасы үшін берген қалың малын қайтарып тастап, тазыны қалап алған шындықты мен “Көкқасқа” деген әңгімемде жазған едім. Түстігі мен терістігі екі мың шақырымға жуық жерді алып жатқан Қазақ елінде тазының негізінен екі түрлі тұқымы тараған. Бірі оңтүстіктің аса жылы табиғатына бейімделген тұрқы да шағындау тықыр тазылар. Тап осындай тұқымды К.Плахов Алматыда асырап отыр. Оны 1991 жылдан асырай бастағанын әңгіме арсында сөз етті ол. М.Әлиев деген кісінің Шәуілдірден әкеліп берген Арыс атты қаншығын Аққұс атты арланмен шағы­лыс­тырып, Таймасты алса, Арыс пен қырғыз иті Ламаны парлап Аларман атты ит өсірген. Қолындағы бар ит осылардан тараған. Бұлар түлкі-қояндық жеңіл тазылар. К.Плаховтың Арқаның алпауыт тазылары туралы түсінігі шамалы. “Қазақ иті қасқыр ала алмайды”, дейді. Бұл бекершілік. Тазының екінші түрі ірі, жүндестеу, салқы төс, шашақ құлақты Арқа тазылары. Бұлар жүйріктігі жағынан ешбір елдің итінен кем емес. Ал қасқыр алатындарының өзі екіге бөлінеді. Біреулері тек қана тартады, яғни, жеке айқасқа шығуға күш кемдеу, сол себептен қасқырды тірсектен жұлқа тартып, құтылып кетуіне жол бермейді де аңшылардың соғып алуына мүмкіндік туғызады. Ал бұлардың алпауыты – сырттандар. Олар бөріден тайсалуды білмейді, жеке айқасқа түсіп, күші мен айласының басымдылығын танытып, қасқырды өлтіріп тынады. Міне біз осы тазылар туралы сөз етпекпіз. Бұл жерде: “Тазыны қай елде көруге болады?” – деген сөз де туындайды. Менің ойымша оны өткен ғасырларда Шығыс елінің бекзадалары ұстап баққан: 2007 жылы Меккеге қа­жылық сапарға бар­ғанымда Мина тауының етегінен ақ сирақ тазы көзге түсті. Ірі екен. Бірақ сол елдің табиғатына ыңғай жүні тықыр, ашаң. Сонан соң орыстың “борзый” деп жүргені де бар. Бұл итті біреулер кешегі дәуренді заманында татар, башқұрттар ұстаған деп жүрсе, кейбіреулер Еуропа жұртына телиді. Шығу тегін айрықша зерттеу қажет. Борзыйды қанша мақтағанымен сырттандардай бола алмайды. Ұзақ жүріске, ат тізесіне шыдамайды. Аттың тұсарлығынан қар бар уақытта оншақты шақырымнан кейін-ақ сыр бере бастайды. Ал Арқа тазыларымен кейде 50-60 шақырымдық жолға шығып кете береміз. Арқа тазыларының сақталуы да ХХ ғасырда қырғынға ұшыраған қазақтың тағдырынан кем емес. Ұлы Мұхтар Әуезов ерекше қастерлеген Ерейментаудың Сарықасқасының тұқымын да кездестіру қиын. Өткен ғасырдың басында ағылшынның Спасск зауытында жұмыс істеген Әубәкір деген қазақтың екі бірдей үй тігіп, Арқаның қасқыр алатын сырттандарын асырап, елге таратып келгені тектілігінің белгісі, шы­мыр­лап қайнаған намыстылығының айрықша көрінісі екені дау тудырмаса керек-ті. Әттең, кешегі қызыл белсенділердің заманында бұл іс жалғасын таппады. Бәрін құртып тынды. Бірақ тазының бұл тұқымын сақтауға тырыс­қан жанкүйерлер де бар еді. Өткен ғасырдың орта шенінде Тоқсанбайдың Әубәкірі деген ақсақал бітімі бөлек Сарықасқа тазыны ұстап жүрсе, онан кейінгі тұста Қиынбектің Зейнелі, Сәрінжіптің Бәдені де көкжалдан тайсалмайтын сырттан ұстады. Бірақ бұлардан тұқым тараса да қаншығының сай болмауынан ерекше қасиетін жоғалтты. Тазының осындай алпауыт тұқымының сақталуына ағайынды Қайыржан, Әміржан есімді жігіттердің еңбегі айрықша. Сексенінші жылдары күшігінен асыраған Ақазу деген тазысынан Тұйғынды таңдап ала білген. Тұйғынның жекпе-жек айқасып алған қасқырларының саны есепсіз десе болады. Бір күнде екі қасқыр алған жағдайын көзіміз көрді. Одан туған Таймас атты күшік біздің қолымызға түскен еді. Енді, міне, осы Таймастан тараған ұрпақ Қазақ елінің сан түкпіріне кетіп жатыр. Әміржанның Тұйғыны тоғыз айлығында қасқыр алса, Жәкеңнің Желқұйыны үйіне жете көкжалды басып қалған. Таймас бір өзі үш қасқырмен алысқанда ауылдың тықырлау төрт-бес иті қашып қарасын жоғалтқанын көзіміз көрген. Таймастың ұрпағын Мұхтар Құл-Мұхаммед, Бекболат Тілеухан, павлодарлық Әскер Нүркенов, Елдос Асылғазин, осы Қарағанды облысының Ақтоғай, Жаңаарқа аудандарының азаматтары алып асырап жатыр. Ол ол ма, Батыс Қазақстанның Орал қаласынан Әділбек Құрманғажин телефон шалып, ол жақта тазы тұқымы құрып кеткенін айтып, өткен жылы бір күшігін алған еді, сол жеті айлығында он айлық бөріні бас салып талап тастағанына риза болып, қуанышын бөлісті. Осы өткен күзде Айғыржал тұрғыны Әділ Маясартегі Таймастың бір баласы, (оның да аты Таймас) көкала тазысының бірімен-бір айқасып қасқыр алғанын видеотаспаға түсіріп алыпты. Ол енді бұл тұқымды көбейтудің шарасын ойлап отыр. Қасқыр алатын осы алпауыт тазыларды Қоңыр ақын, Ізтілеу, Боранбай, Марат деген азаматтармен қатар Ақжал кентінің басшысы Сәкен Қойшанұлының да асырап отырғаны дәтке қуат. Әрине, тек дәтке қуат. Мұның бәрі құрып ке­туге айналған Арқаның сырттандарын сақтап қалуға жасалған алғашқы қадамдар ғана. Ата-бабаларымыз әспеттеп ұстап, мақ­тан тұтқан тазының тұқымы бұл күнде жо­йылудың аз-ақ алдында. Батыс Қазақстанда тазы жоқ, ондай иттің бар екеніне елді сендіре алмадым деп Әділбек зар қақсаса, өз басым қазақтың жоғын жоқтаған Қаз дауысты Қазыбектің елі Егіндібұлақтың маңындағы ауылдарды аралап, ең болмаса ши тазыны да көре алмадым. Қарқаралының ең арғы ауылдарында ғана тазы кездессе, Бұқар жырау ауданында ол атымен жоқ. Исі қазақ мақтан тұтатын Ұлытау Арқаның сырттандарын аңсап тұр. Бұл жақта тазының құрып кет­ке­ніне 30 жылдан асты дейді Құрман, Мағзұмбек достарым. Тазының осыншама құрып кетуіне өзіміз де кінәліміз. Кешегі белсенділер заманында партком, профкомдар оны ұстаған жанды ескілікті аңсаушы деп күстәналады. Ату-асудан зәрезап болған халық итінен безді. Ал бүгін... Иә, бүгін біреудің жақсы тазы­сы­на у тастап кету, қапылыста “байқамай” ата салу белең алған. Бұл кешегі орыс отар­шылдығының елді бір-біріне өшіктіріп, ай­дап салуының санаға сіңген сарқыншағы. Жақ­сыны көре алмау, оған қолынан кел­генше қастандық жасау, өшпенділік пси­хо­логиядан әрі арыла алмай келе жат­қа­ны­мыз­дың көрінісі. Орыстың овчаркасына, шә­уілдек қанденіне “у” тастапты дегенді ес­ті­мейсің. Бәрі өзімізден. Тұмсық ауылында атақты арланға қарыққан қаншықты күшіктерімен қоса у тастап қырып салуға не жауап айтамыз? Қазақтың айтулы тазыларын қазір тек текті, халықтың өнерін, ұлылығын түсінгендер ғана әр жерде асырап отыр. Бұл азаматтар түркімендер алабайын, қырғыздар тойғанын қандай мақтан тұтса біз тазыны да ұлт мақтанышы дәрежесіне көтерсек дейді. Тазыны қазақтың аңшы иті ретінде әлемге таныту іргелі мақсат. Павлодар мемлекеттік институтында кафедра меңгерушісі Т.Бексейтовтың “Аңшы иттері” атты пән енгізіп, дәріс оқытуы дұрыс... Арқаның сырттандарын әспеттеп жатамыз, соның көрініс-бейнесі, өлшемі қандай деген де сауал түсіп жатады. Біз жазып отырған Таймас атты тазының биіктігі 81 см болса, кеудесінің орамы 90 см, мойын жуандығы 58 см, алдыңғы аяғының орамы 17 см еді. Мұндай кеуделі де ірі, жү­ректі ит көкжалмен тайсалмай айқасқа түсе беретін. Міне, осындай тазыны еуро­па­лықтар қызығып алып кетіп өсіріп, поляк жерінде әр күшігін 80 мың еуроға сатып отырғаны енді өзімізге таң қаларлық іс болып отыр. Әлем жұрты үнсіз мойындап, кейбір елдер өзіне меншіктеп алғысы келіп жүрген алпауыт тазылар өз отаны – қазақ жерінде қорғаусыз. Оны сақтайық деген ерекше қаулыны ел әлі естіп көрмеген. Көршілес қырғыздар тойған деп аталатын ит түрін қорғау туралы заңды күшіне енгізген. Ол елде оны атпақ түгілі басқа тұқыммен шағылыстырғаны үшін сот алдында жауап береді. Ал түркімендер алабайын сыртқа шығаруға тыйым салған. Бізде тазыларды қорғау тек жеке адамдардың ісі болып отырғаны өкінішті жағдай. Еліміздің ұлттық мақтанышының бір көрінісі сырттандарды өсіру, оны мемлекеттің қамқорлығына, қорғауына алу, айрықша заң қабылдау ендігі кезекте кезек күттірмес мәселе болып отыр. Кәмел қажы ЖҮНІСТЕГІ, жазушы. Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылы.