29 Қыркүйек, 2010

Баспасөз-2011 Қарағанды. Теміртау. Қарқаралы

554 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Республикалық іргелі басылымдар бас редакторларының оқырмандармен кездесулері осылай жалғасты Жылдың осы мезгілі әдетте бұқаралық ақпарат құралдары үшін құс ұйқылы шақ. Оқырман қатарына оқырман тартылар, алдағы таралым межесі қылаң берер кез. Соның сәт­тілігіне арқау салғандай Қараған­ды­да басталып, Теміртауда жалғасып, одан Қарқаралыда ұласқан еліміздегі ең танымал қазақ басылымдары бас редакторларының күндері өңір рухани өміріндегі өзгеше бір серпіліс болды. Бұған дейін аймақ тарихында ұлттық баспасөз түрлері жетекші­лері­нің бүкіл құрамда бас қосуы болып көрмеген еді. Бұл кездесуге ке­лушілерді облыс әкімі Серік Ахме­тов қабылдап, әлеуметтік-экономи­калық даму бағытында атқарылып жатқан істермен таныстыруынан кейін сөз кезегі меймандарға берілді. Әңгіме желісін алдымен сабақ­таған “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев: “Шындығын айтқанда баспасөз саласындағы 38 жылдан бергі қыз­ме­тімде әріптестерімнің төрт көзі түгел ел іші ортасында осылай қауы­шуын бірінші рет көріп оты­руым. Өзге өңірлерге де үлгі болар­лық үрдіс бастауы дер едім мұны. Әсіресе, газет-журналдарға жазылу­дың қазіргі науқаны қызған кезінде оқырмандармен тікелей жүздесудің мәні де, жөні де бөлек екендігі дау­сыз. Қарағандының өндірістің ғана емес, ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің қарашаңырағы ре­тіндегі сан қырлы тынысын се­зіну әсері ыстық болса, мынау жүз­десу соны танытуға парыз үстейді, – деп бұл шараның шарапаты барлық басылымдарға бірдей тиетіндігіне сенім білдірді. Аға қаламдастарының сөзін жалғастырушылар өздері басқарып отырған басылымдардың бүгінгі хал-ахуалы, шығармашылық бағ­дар­лама-жобалар туралы ойларын ортаға салды. Бұдан соң бас редакторлар Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті оқыту­шы­лары және студенттерімен кез­де­суге қатысты. Шығармашы­лық­тары арқылы сырттай таныс, бірақ жүзбе-жүз көрмеген қаламгерлерге сұрақтар жан-жақтан жаңбырдай жауды. Әңгіменің қызу талқысы білікті маман болып шығу үшін не істеу керек, қоғам жастардан не күте­ді деген төңіректе өрбіді. Осы орайда Жанболат Аупбаевтың болашақ журналистерге мамандық меңгертуге осында отырған бас редакторлардың бәрі болмаса да бір­азы алдағы уақытта универси­тет­ке арнайы дәріс оқуға шақырылып тұрса деген пікірі қосталды. Ол бұл ұсынысын түсіндіре түскендей мұ­ның өзі әрі практик, әрі әмбебап, яғни газет шығарудың қыр-сырына мейлінше жетік жандардың тәжірибелік ақыл-кеңестері ізба­сар­ларына анағұрлым пайдалы бола­ты­нын қысқа да нұсқа етіп айтты. Қазақстан Журналистер одағы­ның төрағасы Сейітқазы Матаев бү­гінде салалық жоғары оқу орын­да­ры жанында да журналистика факультеттері қаптап кеткенін, оқы­тушылыққа көлденең көк атты­ны алып жатқандықтан олардың жарытымды білім беріп жатпаған­дық­та­рын тілге тиек етіп, мұндай әрекеттің жөнсіздігіне назар аудартты. Жазу-сызу өнерін үйрету бір басқа екендігін, сондықтан оған жауапкершілік күшейтілуі керек­тігін алға тартты. Облыс оқырмандарымен сұхбат Теміртауда жалғасты. Қазақстан Магниткасының байырғы метал­лург­тері, соның ішінде Қазақстан­ның Еңбек Ері Арғын Жүнісов әң­гімесіне ынта қойылды. Олар өздері ертеден сүйіп оқитын басылымдар басшыларының орталарына арнайы келіп, емен-жарқын сыр қозғаған­дарына разы болды. Ұлттық басылымдардың ең қалың оқырмандары қалыптасқан Қарқаралы ауданы тұрғындарының болса болмасын бұл кездесуді тағат­сыздана күткені байқалды. Мұнда бас редакторлар алдымен Құнанбай мешітінде құран оқытып, Арқа төсіндегі көне шаһардың тарихи орындарымен танысты. Қалада алғашқы ғимараттарды өз күшімен тұрғызушылардың бірі көпес Бекметов салдырып, Абай тоқтаған, Потанин аялдаған үйлер ­мен нағашысы қазақ, атақты ге­не­рал Лавр Корнилов өмірге келіп, балалық шағын өткізген пәтер, осы жазда табылған “Алтын адам” әшекейлерімен толықтырыл­ған өлкетану мұражайы барып көрілді. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Бай­тұрсынов, Ж.Ақпаев, К.Тоғы­сов сынды қайраткерлер бастауы­мен әйгілі Қарқаралы петициясы қабылданған алаңға, Мәди ескерт­кі­шіне тағзым етілді. Содан соң барып аудандық кітапхана залында оқырмандармен жүздесу болып, онда “Қазақ газеттері” ЖШС бас­шысы Ж.Кенжалин, “Айқын”, “Ана тілі”, “Түркістан”, “Дала мен қала” газеттерінің бас редактор­ла­ры Н.Жүсіп, С.Ибрайымов, Ш.Пәт­­теев, С.Парманқұлов өз ой­ларын ортаға салды. Қорытынды­сын­да “Астана” журналының бас ре­дак­торы М.Тәжімұраттың осын­дай шара алдағы уақытта “Қар­қа­ра­лы кездесуі” деген атпен дәстүрге ай­нал­са, бұл қазақ тілді басылым­дар­дың бірлігіне алтын арқау болар еді деген пікірі құпталды. Қазақ басылымдарын сүйікті серікке айналдырған қарағандылық оқырмандар қатары жылдан-жылға өсіп келеді. “Егемен Қазақстан­ның” таралымы 12 мыңнан асуы со­ның бір айғағы. Ұлттың рухани өмірінің туын ұстап, соны көтерген өркениеттік жүгі салмақты да ардақты төл басылымдар беделі биіктей бермек. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.