Приднестровье бойынша Кишинев-Одесса бағытында темір жол жолаушылар тасымалының қайта іске қосылғанына орай ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев мынадай мәлімдеме жасады.
2010 жылдың 1 қазанынан бастап Приднестровье бойынша Кишинев-Одесса темір жол бағытында жолаушылар тасымалының қайта іске қосылғанына ризашылығымды білдіремін, делінген мәлімдемеде. Аталған мәселе бойынша келісімге қол жеткізуде Еуропалық Одақтың қолдауы маңызды рөлге ие болды. Халықаралық дәнекерлердің қосқан үлесінің арқасында приднестровьелік реттеу жөнінде “5+2” форматындағы қатысушылардың өзара жемісті әрекеттері Днестрдің екі жағалауындағы халықтың мәселелерін қақтығысқан тараптар арасында үнқатысу орнату арқылы шешуге мүмкіндік берді.
Ағымдағы жыл тараптардың сенім шаралары жөнінде түрлі деңгейдегі кеңестері мен сараптамалық топтарының бірлескен белсенді жұмыстарымен ерекшеленді. Бұл Приднестровье мәселесін ұзақ мерзімді және жалпылама саяси реттеуге өз септігін тигізуі тиіс, сол үшін “5+2” форматындағы ресми келіссөздерді қайта орнату қажет.
Осы орайда Іс басындағы төраға процеске қатысушылардың барлығын 1-2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық аясында өз жұмыстарын белсенділендіруге шақырды.