02 Қазан, 2010

Білім мен ғылымның өз өкілі

951 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Еліміздегі білім беру мен ғылым жүйесінде елге адал қызмет жасап келе жатқан қызмет­керлердің аты аталғанда, солардың қатарында есімі ауызға алынатын азаматтардың бірі – Найман Бөбейұлы Қалабаев. Оның балалық және мектептегі жылдары туған жердің тылсым тіршілігін, сырға толы қырлары мен қырқа­ларын терең түсінуге, қатпарлы таулардың ішке бүккен құпияларын ашуға деген арманмен өтті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, қазақ баласы бой бұра бермейтін жағрапия, астрономия, картография, геодезия жайында жазылған ғылыми-танымдық журналдарға жазылып, ондағы басылған мақалаларды зерделей бас­тайды. Ол кезде Ю.Гагарин ғарышқа ұшып, көп­теген жеткіншектердің армандары кос­мо­навт болу еді. Міне, солардың бірі ретінде он­­­ың да жүрегінде ертеңге деген үміт оты  тұтанады. Қазақ орта мектебін алтын медальмен тәмамдаған Найманға арман болған маман­дығын дайындайтын бірден-бір жоғары оқу орны Мәскеу геодезия аэрофототүсіру және картография инженерлер институтына түсу бақыты бұйырады. Ол кездерде екінің бірінің бағына жазыла бермейтін, Кеңес өкіметіндегі бірден-бір жалғыз жоғары оқу орнына студент болып қабылданған ол, бала күнінде мақсат-мұрат тұтқан міндеттерді орындауға мықтап кірісіп кетеді. Үнемі үздік оқып машықтанған жас талап дәріс тыңдап қана қоймай, профес­сорлардың лабораториялық-тәжірибелік практикаларына қатысып, ауылда жүріп, сырын білсем деп, болашаққа қойған басты бағытының негіздерін айқындауға, білмеген­де­рін білуге, түсінбегендерін сұрауға еш қысыл­май­ды. Соның нәтижесі болса керек, инс­ти­тут қабырғасында жүріп-ақ, ұстаз-тәлім­герлерінің жетекшілігімен түрлі жобаларға қа­­тысып, талай жүлделі орындарды да иемденеді. Мәскеудегі мағыналы да мәнді студенттік жастық шақпен де қоштасатын кез келіп, же­текшісінің ғылыми жұмыспен шұғылдану үшін институтта қалу ұсынысына жас түлек алған теориялық білімді практикамен ұштастыруды дұрыс көріп, бір-екі жыл өндірісте жұмыс жасап келіп, өнімді ғылыми еңбек жазғаным дұрыс болар деп шешеді. Орынды, ойлы жа­уап­қа мәскеулік профессор да келіседі. Иә, алға қойған мақсатына жетпей тыным тап­пайтын, оңайдан жол іздейтіндердің қата­рынан табылмайтын Найман Бөбейұлы сол кездегі еліміздің астанасы – Алматы қаласын­дағы КСРО Министрлер кеңесінің жанындағы геодезия және картография бас басқармасына инженер болып қабылданады. Бұл өткен ғасырдың 70-ші жылдардың басы еді. Жоғары білімді мамандар тым тапшы боп келетін атал­ған мамандықтың қыр-сырын терең тү­сінуге талпынған жас маман екі-үш жылдың ішінде-ақ білімділігі мен біліктілігінің арқа­сын­да, ұж­ым­ға жұғыстылығының, істің көзін таба ала­тынын қасиеттігінің негізінде қатар­дағы ин­женерден экспедиция бастығына дейін көтеріледі. Ол ұстаздарына уәдесінің үдесінен шыға білді. Институт қабырғасында жүріп, тәжі­рибелік-конструкторлық бюрода жасалған эксперименттерді өндірістерде ұштастыра келіп, ғылыммен біржолата шұғылдануға бет бұрды. Алынған нәтижелерді Мәскеудегі про­фессор ұстаздарына ұсына отырып, бұл ғылыми жұмысты Алматыдағы политехникалық институтта ұстаздық ете жүріп, сынақтан өткі­­зуге келісім алады. Міне, осыдан бастап Найман Бөбейұлы­­ның жаңа бір қыры ұстаздықпен ұштасты. Алматы архитектура-құрылыс институтында ол студент­терге дәріс оқып, олардың ғылыми жұмыспен шұғылдануына жетекшілік жасады. Осы жерде кандидаттық диссертация қорғап, қатардағы оқытушыдан доцент лауазымына дейін көте­рілді. Білім беруге шеберлікті арт­тыру, жоғары білімді ақпараттық және инно­вациялық техно­логияларды қолдану арқылы өзгерту мәселе­леріне арналған жоғары білім саласындағы басқосуларға белсенді араласып, әрқашанда әріп­тестерімен ғылымның соңғы жаңалықтары жайлы пікірталас ұйымдастырып жүрген оны еліміздің білім мен ғылым сала­сын­дағы билікте жүрген ағалар аңғарып, білім министрлігіне қызметке шақырады. Жетпіс жылдан аса билік құрған кеңестік дәуір құрдымға кетіп, мемлекетіміз тәуел­сіз­дігін жариялап, өз бағыт-бағдарымызды ай­қын­дап жатқан кез еді. Ұлттық білім мен ғылым жүйесіндегі жаңа бағыттың бірі – еліміздің ерекшеліктерін ескере отырып, одан әрі дамыту күн тәртібіне көтерілді. Бұрынғыдай Мәскеуге қарап, солардың дайындаған білім беру стан­дарттарына машықтанып қалған мамандарға, енді өзіміздің ұлттық менталитетімізге қарай әл­емдік өркениеттің озығын алып, тозығын ысы­рып тастап, білім мен ғылымды өркен­де­туге жаңа көзқарас қалыптастыру оңайлыққа соқпады. Әлемдік тәжірибелерден хабардар, техни­ка­лық жоғары оқу орындарының көкейтесті мә­селелерінің мән-жайын Мәскеуде жүріп тү­сін­ген Найман Бөбейұлы Білім және ғылым ми­нистрлігінің техникалық жоғары оқу орындары басқармасына бастық болып тағайындалғаннан бастап, осы саладағы барлық азаматтарды ұй­ымдастырып, білім үдерісіндегі техникалық бі­лім-ғылымның нормативтік, оқу методи­ка­лық проблемаларын бірлесе қарастырып, келесі шешімдер шығаруға жол ашты. Білім стан­дарттары мен оқу бағдарламалар түзілді. Әрине, қазір айтуға оңай болып көрінгенімен, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының жағдайы оңай емес еді. Тек білім саласын бағдарлап қана қоймай, сонымен бірге, бөлінетін мемлекеттік қаржы мәселесін бағамдай алатын мамандар жетіс­пеу­шілігі де сезіліп, оның шешілу жолын көрсете алатын кадрға талап тым жоғары еді. Жаңа­лыққа жаны құмар Найман Білім және ғылым министрлігі басшылығының пәрменімен экономика қаржы бас басқармасының бастығы болып тағайындалады. Бұл салада да ол өзінің іскерлігін, күш-қайратының зор екенін таныта білді. Еліміздің жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға, құрал-жабдықтарын жаңартуға мемлекет қаржысын қарастыруда жаңа әдістер әзірленіп, ол әлемдік білім қауымдастығында қалып­тасқан дәстүрге негізделді. Сегіз қырлы, бір сырлы Найман Бөбейұлы­на басшылық министрліктің ғылым басқарма­сын басқаруды жөн деп табады. Бұл кезде жұрт­тың көбісі тіршіліктің күйбеңімен, мектеп­ті, институтты тастап, базар жағалап жүрген кез еді. Отбасының күйін күйттеп, нәпақасын табу үшін әр жерден қосымша жұмыс іздеп, күнін көріп жүрген жас маманға сен ғылыммен шұ­ғыл­дан деп айтудың өзі артықтау болатын. Мі­не, оның алдында отандық ғылымымызды да­мытып, жастарды ғылымға тарту тетіктерін табу міндеті қойылған еді. Қашанда үмітті ақтай алатын, білімі мен біліктілігін көрсете алатын Н.Қалабаев бұл сыннан да мүдірмей өтті. Осындай қиын кезеңде министрлік басшы­лығы оның іскерлігін, қоғам алдындағы жауап­кершілігін жете түсіне алатындығын аңғарып, сол кездегі Қазақстан Республикасы Министр­­­­лер кабинеті аппараты білім және ғылым секторының меңгерушісі қызметіне ұсынды. Білім және ғылым министрлігінде үш бас басқарманы басқарған Н.Қалабаев жинақтаған кәсіби тәжірибелері жаңа қызметте де жарап жатты. Егеменді еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық дамуының бөлінбес бір тармағы: ғылым мен білім жүйесін жүйелі жетілдіру үшін ұзақ мерзімге арналған мемлекеттік бағдар­ла­малар қабылдау үрдісі басталып кетті. Осы істің басы-қасында жүрген Найман Бөбейұлы отандық білім мен ғылым саласының білгір­лерімен бірлесе отырып, болашақ бағдарла­ма­лардың бағытын айқындайтын тұжырымда­малар жасады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың білім мен ғылымға деген әкелік қамқорлығының арқасында іске асып жатқан іс-шаралар еліміздің әлеуетін көтеретін фактор­­лардың бірі – ғылым мен білімнің қарыштап дамуына сара жол ашты. Үнемі қызмет бабындағы өсу жолы оны Қазақстан Республикасы Президенті Әкімші­лігінің ішкі саясат бөліміне алып келді. Білім мен ғылым саласының өз өкілі шынында да маңдай тердің, қажымас қайраттың арқасында жеткен жетістігі осы салада жүрген барша әріп­­тестеріне белгілі. Аталмыш салада негізгі атқар­ған жұмыстарының бағыты – отандық білім мен ғылымды әлемдік білім кеңістігіне кі­ріктіру төңірегінде өрбіді. Білім беру мекемеле­рінің халықаралық ынтымақтастығына жаңа серпін беру, мемлекетаралық интеграцияны да­мыту, ғылыми байланыстарды өзара түсініс­тік­пен достық негізде нығайту туралы Елбасының тапсырмасын орындау барысында үлкен жетіс­тіктерге қол жеткізгенін айтсақ, артық болмас. Биліктің біраз сатысынан абыроймен өтіп келе жатқан білім мен ғылымның өз өкілі – Найман Қалабаев білім және ғылым сала­сын­дағы бақылау комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалғаннан кейін, елімізде жоғары ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындау мә­селесін мықтап қолға алды. Қорғалған доктор­лық және кандидаттық диссертациялар сапа­сын көтеру мақсатында қомақты жұмыстар ат­қарылды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлауды бірлесіп атқарар тұстағы іс-ша­ралардың өз деңгейіне айрықша көңіл бөлінді. Жоғары оқу орындарында сапалы білім беру, оқытушы-профессор құрамының, материалдық-техникалық базаларының талапқа сай болуын қадағалап отыратын комитеттің атқарар шаруасы да жеткілікті. Міне, осындай міндеттерді абыроймен жүргізген жігерлі жетекші, ұтқыр ұйымдастырушыға деген ел ықыласы ерекше. Техника ғылымдарының докторы, профес­сор Найман Қалабаевтың ғылым-педагог кадрлар дайындау ісіне толықтай тоқтамай-ақ, бүгінгі күні оның ғылыми жетекшілігімен онға таяу ғылым докторлары мен кандидаттары қорғағанын тілге тие етсек жеткілікті болар. Еңбексүйгіштік, қарапайымдылық және ұйымдастырушылық қасиеттер арқылы әріптес­тері, достары мен шәкірттері арасында сыйлы да белсенді ғалым-педагог, жақсы жар, мейі­рімді әке, сүйікті ата бүгінгі күні бір белеске көтеріліп отыр. Профессор Н.Қалабаев туралы, оның ғы­лым­дағы, білімдегі, мемлекеттік қызметтегі өзіндік орны, игілікті істері, адами қасиеттері ту­ралы көп айтуға болады. Біз осы шағын мақа­ламызда ұзақ жылдар бойы ғылым және білім саласында тынбай еңбек ету арқылы қол жеткен табыстары мен ғылыми зерттеу нәти­желеріне баға беру мақсатында емес, тек Най­ман Бөбейұлының өткен өмір баспалдақтарын нақты деректер негізінде өзімізше талдап-тар­­­қатып, көзі қарақты оқырманға ұсынуды жөн көрдік. Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, профессор.