“Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры, “Қазкоммерцбанк” және “Global Buіldіng Contract” жобалау компаниясының әріптестігі нәтижесінде республикадағы ең үлкен шаһар – Алматы қаласында тұратын үлескерлердің үміті ақталуда. Соның нәтижесінде кеше Алматы қаласындағы “Үштөбе” тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, 92 үлескер өздеріне тиесілі пәтерлеріне ие болды. “Үштөбе” тұрғын үй кешенін ашу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Виктор Долженков қатысып, сөз сөйледі. Үлескерлерге көптен күткен пәтер кілттерін тапсырған басшы, оларды жаңа қоныстарымен құттықтады. Қала басшысының орынбасары жиналғандарға сонымен қатар қалалық әкімдіктің “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесуі арқылы ауқымды тұрғын үй құрылысына қатысты күрделі мәселелердің өз шешімін тапқандығын атап айтты.
Жаңадан пайдалануға берілген сәулетті де сәнді әрі еңселі “Үштөбе” тұрғын үй кешені он алты қабатты екі ғимараттан және оған қоса коммерциялық және сауда алаңдарынан тұрады. Сонымен қатар, көпшілік назарын аударарлықтай тұрғын үй кешенінің тұрғындары сексенге жуық автокөлікке есептелінген автопаркингті де пайдалана алады. “Үштөбе” тұрғын үй кешенінің жалпы аумағы 22.606 шаршы метрді құрайды. Сөз реті келгенде айта кететін тағы бір мәселе – “Қуат” корпорациясы” АҚ-тың күрделі қиындықтарға тап болған нысандарының бірі – “Үштөбе” тұрғын үй кешенінің құрылысын толықтай аяқтауға қажетті 1,255 миллион теңге көлеміндегі қаражатты “Қазкоммерцбанк” “Стресті активтер қоры” АҚ бөлген жиырма миллиард теңге есебінен іске асырды.
“Үштөбе” тұрғын үй кешені “Қуат” корпорациясының “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ-пен Астана және Алматы әкімдіктері арасында өткен жылдың мамырында қабылданған меморандумға сәйкес салынып бітуі тиіс, құрылысы аяқталмаған жеті тұрғын үй кешендерінің бірі екендігін атап айту қажет. Құрылысты қаржыландырудың жалпы көлемі – 54 миллиард теңге. Қазкоммерцбанктің атқарушы директоры Мағжан Әуезовтің айтуынша, “Үштөбе” тұрғын үй кешені құрылысының аяқталуы оған қатысып, өз үлесін қосқан барлық тараптардың жоғары жауапкершілікпен және ұйымшылдықпен еңбек етуінің нәтижесі екендігі сөзсіз.
– Сондықтан келешекте де, міне, осындай ұтымды тәжірибеге сүйеніп өзге де нысандардың белгіленген мерзімде және сапалы аяқталатындығына сенім артуға болады. Шын мәнісінде де, Алматы қаласындағы тұрғын үй құрылыстарын мерзімінде аяқтаудың маңыздылығы жоғары. Соған орай мемлекет қаржысының өз мақсатынан ауытқымай жұмсалуын, ал нысанның белгіленген мерзімде өткізілуін және оның өз құнынан аспауын бақылау ең басты мақсатқа айналды,– дейді Мағжан Мұратұлы.
Тағы бір ескере кететін жағдай, Қазкоммерцбанктің бұл бағыттағы қадамы құптарлықтай. Мәселен, оның қаржыландыруымен өткен 2009 жылы алты тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Ал, олардың бесеуі – Алматыда, қалған біреуі Астанада орналасқан. Осындай игі де ықпалды жұмыстардың нәтижесінде бір мыңға жуық үлескер жаңа баспанаға ие болып, қоныс тойын тойлады. “Үштөбе” тұрғын үй кешенін пайдалануға беруде іскерлікпен және біліктілігімен ерекшеленген “Global Buіldіng Contract” компаниясы жобалары назар аударарлықтай. Компания оңтүстік астананың “Сайран” мегаауданында екінші, жиырмасыншы және 42 мен 46-шы аудандарды, ал Астана қаласында “Гранд Алатау” тұрғын үй кешенінің 2 және 4 нысанын аяқтау үшін құрылған.
Сала басшыларының айтуынша, үлескерлер мәселесін шешу бағытындағы іс-шаралар одан әрі жетілдірілуде. “Global Buіldіng Contract” жобалау компаниясы қадағалау кеңесінің төрағасы Мұхит Әзірбаевтың пікірінше келесі 2011 жылы үлескерлер ісін жеделдетіп, бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жетпек. Сөйтіп, қаладағы ең күрделі нысандар құрылысы аяқталмақ. Олардың арасында “Сайран” ауданындағы үш нысан да бар. Жаңа баспанамен қамтамасыз етуде олардың әлеуметтік жағдайының жан-жақты тексерілуінің қажеттілігі зор. Басты түйін сол, құрылыс нысандарын тұрақты және жүйелі түрде қаржыландыру табыс кепілі болмақ.
Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.
----------------------------------
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.