Керекуде қос той өтті, ер есімін әйгілеп...
АТТЫДАН ЖАЯУ ЖҮРІП КЕК АЛАМЫН,
АТАНДЫМ СОЛ СЕБЕПТЕН ЖАЯУ МҰСА
Иә, алғашқы той атақты халық композиторы, әнші Жаяу Мұса Байжанұлының 175 жылдық мерейтойына арналды. Бұл тойға белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов Франциядан былай деп құттықтау хат жіберіпті: “Қымбатты ағайындар! Сарыарқаның шұрайлы жер жәннаттарының бірі қасиетті Баянауыл жерінде қазақтың небір ірі тұлғалары өмірге келген. Бабамыз Олжабай батыр, атақты әншілер Майра, Естай, бертін келе Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов секілді ғұлама ғалымдар мен өнер қайраткерлері. Солардың ішіндегі ең шоқтығы биік өнерпазы атақты әнші, халық композиторы Жаяу Мұсаны білмейтін қазақ жоқ десе де болады. Жаяу Мұсаның “Ақ сиса” әнін бұрын да, қазір де, тіпті өзіміз де айтып өттік. Ақынның “Сұрша қыз”, “Хау-лау” және басқа да әндері осы күндері халық арасында кең айтылуда. Жаяу Мұса атамыздың осы аталып отырған 175 жылдық мерейтойы қайырлы, құтты болсын, ағайын! Ол кісінің жолын қуған өнерлі, өрелі жастар қатары көбейе берсін. Сарыарқаның інжу-маржаны іспетті жер сұлуы Баянауыл өлкесі өркендеп, гүлдей берсін дей келе, оның халқына мол бақыт, ырыс, береке тілеймін.
23 қыркүйек, 2010 жыл. Париж.”
Жан-жақтан Жаяу Мұса аталарының әндерін асқақтата шырқап әншілер жетті, сөйтіп, Қарқаралы, Бурабай, Баянауыл аралығында тұратын өңіраралық дәстүрлі әншілер байқауы басталды. Ән байқауын тамашалауға Алматыдан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай, әнші Қайрат Байбосынов және Жаяу Мұсаның туған-туыстары қатысты. Кереку өңірі Бұқар жырау бабамызбен, атақты Естай, дүлдүл Иса, күміс көмей әнші Майра, халық өнерін дәріптеген Жаяу Мұсамен мақтанады. Олардың есімдері ұмытылмай, міне, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Әнші-сазгер Жаяу Мұса Байжанұлының қазақтың музыка өнерінде алар орны ерекше. Ол халықтың дәстүрлі өнеріне көптеген шығармашылық жаңалықтар әкелді. Жаяу Мұса атамыздың өнер қуып, өзге елдерді аралауы қазақ музыка өнері үшін елеулі мәртебе әрі жаңалық болатын. Қазақтардың арасына көптеген аспаптарды таратып, олардың үндерін ел арасына сіңіре білудің өзін көзсіз батырлық деп білемін,– деді осы дәстүрлі әншілер байқауының ашылуында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев. Жұртының қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын сезіне білген әнші, қазағына қамқоршы да бола білді. Оның әйгілі “Ақ сиса” әні ауыздан-ауызға тарап, халқымен бірге мәңгі жасап келе жатқан асыл мұра.
Осы жиында Жаяу Мұсаның шығармашылығы мен өмірін зерттеп жүрген жазушы Ғалым Жайлыбай облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевқа әнші-композиторға арнап шығарған кітаптарын тапсырды. Зал толы көрермендерге “Жаяу Мұса ауылы” атты өлеңін оқып берді.
– Жаяу Мұса мұрасы әлі толық зерттеліп болған жоқ. Себебі, оның мұрасында бүкіл халықтың өмірі мен өнері жатыр,– деді өз сөзінде жазушы. Ал жазушы Әнес Сарай болса қазақтың әншілік өнерін әспеттеген Жаяу Мұса өз заманының нағыз көріпкелі еді дей келіп, оның шығармаларында қазіргі заманның белгілері бар екенін алға тартса, қазақтың дәстүрлі әндеріне қамқоршы болып, оларды ұрпақ санасына сіңіре білген әнші Қайрат Байбосынов: мен ХІХ ғасырдағы халықтық әндерді шамам келгенше осы күнге дейін жеткізіп, өзімнің азаматтық борышымды толықтай орындадым. Енді менің дарынды шәкірттерім осы асыл мұраларды келешек ұрпаққа қаз-қалпында жеткізсе деген арманын айтты.
Ән байқауы екі кезеңнен тұрды. Байқауға қатысушыларға Жаяу Мұсаның әндерін және өзге де дәстүрлі әндерді шырқау міндеті жүктелді. Екінші кезеңге үздік он қатысушы шығып, олар өз кезегінде Жаяу Мұсаның бір әнін және дәстүрлі бір әнді орындады. Байқау Баянауылдағы Мойылды шатқалында өткен дүбірлі тойда әрі қарай жалғасты. Бірінші орынды баянауылдық Берік Әбілдин алса, байқаудың бас жүлдесіне елордалық Серік Мұхамеджанов ие болды.
Баянауыл баурайы – көптеген тау тұлғалардың мекені. Жаяу Мұса бабамыз да сондай ірі тұлғалардың бірі. Жұртшылық жағалай ақ шаңқан киіз үйлер тігілген Мойылды шатқалында өтетін мерейтойлық шараға жиналды. Жаяу Мұсаның жер-жерден туған-туыстары келді, олар тойдың көркіне айналды. Облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова: қасиетті Баянауыл топырағынан түлеп ұшқан, ақын-сазгер, әнші Жаяу Мұса Байжанұлының 175 жылдық мерейтойы бүкіл қазаққа ортақ той екенін айтты.
Той дүбірі басталған Мойылды жазығында Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов кең дала төсін әуелете ән шырқады. Аламан бәйге мен күрес, қыз қуу басталды. Балуандар белдесті. Шабандоздар ат құлағында ойнады.
НАЙЗАДАЙ СӨЗДІҢ СҮЙРІГІ,
НАЙЗАҒАЙ ЖЫРДЫҢ ЖҮЙРІГІ
Керекудегі келесі той ақын атамыз Иса Байзақовтың 110 жылдығына арналды. Облыс орталығында студент жастар арасындағы республикалық ақындар мүшәйрасы басталды. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің мәжіліс залында өлеңмен өрнектелген жыр додасына көрермендер көп жиналды. Иса Байзақовтың немересі, Сыртқы істер министрлігінің қызметкері Жұлдыз Байзақова мүшәйраның құрметті қонағы болды.
Осы күні Ерлан Арын басқаратын университетте ақынның үш томдық шығармалары жинағының және “Иса Байзақов” веб-сайтының тұсаукесері өтті. Шараға ақынның туған-туыстары және ақынды көзі көрген ақсақалдар, ғалымдар қатысты. Исаның үш томдық шығармалар жинағының мазмұнымен таныстырған ректор, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арын: Бұл үш томдықты шығару үшін көптеген адамдар еңбек етті. Олардың қатарында бақилық болған жерлестеріміз Мүбәрак Жаманбалинов, Айтжан Бәделхан бар. Осы кісілер көзі тірісінде Иса ақынның шығармалар жинағын шығару жоспарын ойластырып, тиімді жолдарын ұсынып, өз ұсыныстарын ортаға салған болатын. Жинақты шығарудағы басты мақсатымыз – Иса ақынның өмірі мен шығармашылығын жұртшылық арасында, әсіресе жастар қауымының ортасына кең насихаттап, келешек ұрпаққа үлгі ету. Алғашқы кітапқа ақынның 11 поэмасы енгізілген. Екінші кітапқа өлеңдері мен шығармалары және ән мәтіндері, айтыстардағы сөз қағысулары топтастырылған. Ал үшінші кітапқа Иса туралы естеліктер мен зерттеулер берілген. Сондай-ақ, соңғы кітаптан ғалымдар мен атақты тұлғалардың Исаға арнаған тұщымды пікірлерін оқи аласыздар, – деді. Сол күні “Иса Байзақов” веб-сайты ашылды. Ерекше безендірілген сайт өмірбаян, шығармалар, фотомұрағат және тілек кітабы атты төрт негізгі тараудан тұрады десек, одан ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы мәліметтерге қанығып, отбасы мен дос-жарандарының фотосуреттерін көруге болады. Шара барысында Иса ақынның әулетінің атынан оның немересі Құралай Байзақова сөйлеп, ақынның құрметіне игі шараларды ұйымдастырып отырған университет ұжымына зор алғысын білдірді. Университет ұжымының ұйымдастыруымен Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешітте Иса ақынға Құран бағышталып, ас берілді.
Сан қырлы талант иесі, суырып салма ақындық өнерімен танылған ерекше тұлғаның құрметіне арналған сайысқа қатысуға ниет білдірген жас ақындар жалынды жырларын оқыды. “Найзадай сөздің сүйрігі, найзағай жырдың жүйрігі” деп аталатын республикалық ақындар мүшәйрасы облыс орталығындағы “Шаңырақ” халық шығармашылығы және ойын-сауық қызметі орталығында өңірлік ақындар айтысына жалғасты. Айтыс жоғалып кетті дейтіндер, айтыс іздесе енді Керекуге келсін. Актерлік, әншілік, жыршылық дарынымен қазақ мәдениетінде терең із қалдырған ақынның құрметіне арналған ақындар айтысына 29 ақын келді. Қорытынды айтыс мәресі Иса Байзақовтың туған жері, Ертіс ауданының Үлгілі ауылында өтті. Аудан бұл тойға жақсы дайындалған екен. Жолдарын жөндеп алыпты. Жаңа мектеп салынып, жуырда ғана пайдалануға беріліпті. Мәдениет үйі жарқырап тұр. Ат бәйгесін ойнатып, ақындар айтысын асқақтатып, кең далаға сән бергізіп Исаның елі екендіктерін тағы бір байқатты. Сарыарқаның самал желімен жарысып, өнердің желмаясын желдірткен, ән-жырдың пырағын ауыздықтап, шынайылық пен шындықтың кестесін тоқып, желдірмесімен халықтың жүрегін баураған сахна тарланы Иса Байзақов Мұқтар Әуезовтің тілімен айтсақ, “Қайталанбас ұлы тұлға, ол жүз жылда бір-ақ рет туатын дарын иесі”. Иә, Иса – қазақ өнерінің биік мұнарасы. “Сол мұнарадан менмұндалаған оның өнері ешқашан өлмек емес. Әндері, желдірмелері желмен бірге жарысып, уақыт келе өнер ауқымы қалай кеңейсе, олардың да маңыздылығы солай арта түсуде. Өйткені, ақынның әндерінде қазақтың тарихы, қазақтың мұңы, қазақтың болашақ алтын таңы жырланған. Жастайынан жиын-топтарда жыр нөсерін тасқындатып төгіп-төгіп тастайтын Иса өзінен бұрынғы ақындар қолданып келген айтыс өнері мен дидактикалық жыр, толғау дәстүрін дамыта отырып, социалистік реализмнің талғам, талаптарын лирикалық өлеңдері мен поэмаларында шебер қолданып, жазба әдебиетте өзіндік стилін қалыптастырды деп жазады өткен күндер шежіресі ол жайында.
Ақын Исаның 110 жылдық мерейтойы облыс орталығындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ-музыкалық драма театрында жалғасты.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.