Хакім Абайдың 165 жылдық мерейтойы жыл бойы атап өтіледі
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жақында ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесіп, ұлы Абайдың 165 жылдық мерейтойының жыл көлемінде қалай аталып өтетіндігі, негізгі мерекелік шаралардың 6-8 қазанда Семейде және ақынның кіндік қаны тамған Жидебайда болатындығы жайлы хабардар етті.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Абай есімі әлем әдебиеті алыптарының арасынан лайықты орын тапты. Революцияға дейін қазақ оқырмандары орыстың ұлы ақыны Пушкинді Абай аудармалары арқылы танып білді. Шығыс Қазақстан өңірі – Абайдың отаны. Өткен жылы Республика алаңында Абай ескерткіші асқақтады. Соңғы екі жыл бойы Абай оқуларын өткізу дәстүрге айналды. Данышпан ақынның шығармашылығына арналған концерттер мен туындылары бойынша көркемсөз оқу және конференциялар мен көрмелер облыстың барлық мәдениет ошақтарында жыл бойы өткізіліп келеді, – деп бастады әңгімесін өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың мына бір жаңалығы журналистерді елең еткізді. Оның айтуынша, мүсінші Болат Құсайынов жасаған биіктігі бір жарым метрлік қоладан құйылған Абай ескерткіші қазірдің өзінде әзір. Ол Үндістанның Қазақстандағы Елшілігімен келісім-шарт бойынша Нью-Дели қаласына сый ретінде тартылып, орталық көшелердің бірінде асқақтамақ. Бұдан бір жыл бұрын Өскемен қаласындағы “Жастар” саябағында Р.Тагордың мүсіні орнатылған. Бұдан басқа мерейтой күндері Семей қаласында белгілі ғалым, абайтанушы, жазушы-даматург Қайым Мұхамедхановқа ескерткіш ашылмақ. Абай әндерін орындаушылардың “Әнді сүйсең, менше сүй” атты облыстық байқауы, облыстық ақындар айтысы, халықаралық ғылыми-практикалық конференция, “Қаламқас” ән-би ансамблінің мерекелік концерті де жиналғандарды ән мен күйге бөлеп тастамақ. Ал мұның алдында опера әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықпай Астанадағы Президенттік мәдени орталығында “Абай және Пушкин” атты концертін өткізген. Әнші аталған концерттік бағдарламасын облыстың қалалары мен аудандарында көпшілік назарына ұсынып, жоғары бағасын алған еді.
Биылғы Абай бабамыздың құрметіне өткізілгелі отырған мәдени шараларға Абайдың шөпшегі мен шөберелері, немерелері, қазақтың қабырғалы ақын-жазушылары келмек. Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Парламенттің бір топ депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, той көркін қыздыра түспек. Елбасы Н.Назарбаев “Абай – адамзаттың Абайы” деп орынды айтқан. Ендеше Абайдың 165 жылдығы ел есінде қаларлықтай мәнді де сәнді өтпек, – деді өңір басшысы Б.Сапарбаев.
Тамыз айында Өскеменде Абайдың төл мерекесіне арналған “Шығыс шынары” атты халықаралық ақындар мүшәйрасы өткен. Оған Қазақстан мен алыс-жақын шетелдерден 140 ақын қатысып, 600-ден астам өлең түскен еді. Міне, сол өлеңдердің басын құрып, кітап шығару да ойластырылған сыңайлы. Зырян қаласында өткен әртүрлі ұлт өкілдерінің тіл мерекесінде де Абай басты назарда болды. Бірлікке, ынтымаққа, халықты ауызбірлікке ұйыстырған Абай мерейтойы ел есінде ұзақ уақыт сақталатыны сөзсіз.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.