АҒАЙЫННЫҢ АРАСЫН ӨЗІМШІЛДІК АЖЫРАТАДЫ
Қазір Ресей Федерациясы мен Белоруссия басшылары арасындағы кіркілжің мемлекеттік сипат алып бара жатқаны айқын. Және бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасқа айтарлықтай нұқсан келтіретіні де даусыз.
Ең алдымен, Белоруссия президенті Александр Лукашенко мен Ресей президенті Дмитрий Медведевтің бірін-бірі ғайбаттап жатқаны мемлекеттік қайраткерлердің деңгейіне келе қоймайды, бойларына жараспайды. Екі жақ ұрысса, оның бір жағы дұрыс болуы мүмкін емес деген сөз бар. Дұрыс жақ сол ұрысқа жол бермес еді дейді. Әсіресе, мемлекеттік деңгейдегі басшылар дау-дамайға бармаса керек-ті. Оның үстіне Ресей мен Белоруссия ресми түрде біріккен ел саналады, ортақ құрылымдары да бар. Халықтарының туыстық, тарихи жақындығы өз алдына. Бір жағы ғана емес-ау, екі жағы да сол туыстық пен жақындықты сақтау үшін барын салатын жөні бар-ақ.
Осынау келеңсіздеу дау-дамайда олардың бірін ақтап, бірін даттаудан аулақпыз. Туысқан екі ел басшылығы арасындағы айтыс-тартыс біраздан бері созылып келеді. Оған әртүрлі жағдай арқау болды. Бұрынғыларын тізбелеп жатпай, соңғысына тоқталайықшы. Бұл өзі Ресей мен Грузия арасындағы жосықсыз соғыстан кейін пайда болған Абхазия мен Оңтүстік Осетия дейтін құрылымдарды тәуелсіз мемлекет ретінде тануға байланысты өрбіді.
Ресейдің ақпарат құралдары сол “мемлекеттердің” тәуелсіздігін тануға кезінде А.Лукашенко сөз берген екен, енді тайқып кетті деп шулады. Сол шуды Кремльдегілер де қолдағандай болды. Әйтпесе, қойыңдар десе, ақпарат құралдары жым болары да анық. Шуласа, шулай берсін деп, қоя салмай, Лукашенко да оларға біраз тұздықты сөздермен жауап қайырды. Оған өз кезегінде Ресей жағы “Кресный батька” телефильмімен жауап қатты. Содан кейін беларусь басшысы сөз талғаған жоқ, “Кремльдегі мисыздар” дегенге дейін барды. Одан кейін Медведев те қарап отыра алмады, өзінің бейнемәлімдемесінде беларусьтік әріптесін жер-жебіріне жеткізіп “сипаттады”.
Осыдан не шықты? Бір-бірінің абыройын төкті. Абхазия мен Оңтүстік Осетияны тануға келсек, бәлкім, кезінде “ет қызуымен” Лукашенко сөз берген де шығар, оларды танимыз деп абырой таппайтынын аңғарған соң, одан бас тартқан шығар. Соған бола оны ғайбаттайтын науқан ұйымдастыру керек пе еді? Лукашенко да дауды жалғастырамын деп, Медведевтің аузынан оған сыр етіп айтқан Ельцин, Путин туралы пікірлерін жұрт естіді. Ал Медведев сыр сақтамайтын адам екен деген атақ алары анық.
Бір ыңғайсыз жағдай: осының бәрі Белоруссиядағы президент сайлауы қарсаңында болып жатыр. Сол сайлауға ықпал ету де көңілде жүр ме екен деген ой келеді. Кезінде Д.Медведев Украина президенті В.Ющенкоға сайлау қарсаңында хат жазып, оның беделін түсіруге, сайлауда жеңіліске ұшырауына біршама “үлес қосқаны” бар. Осы әдіс Лукашенкоға қарсы пайдаланылып отырған жоқ па екен, дейді саясатшылар. Қазірдің өзінде Лукашенконың оппоненттері бұған қуана үн қосып жатыр. Беларусь президенті де қарап жатқан жоқ. Өзінің ресейлік әріптесінің айтқандарын қарсы аргумент ретінде пайдаланып үлгерді. Дегенде, Лукашенко Ющенко емес екенін, бұл елде Януковичтің де жоқтығын еске алған жөн-ау.
Минск пен Мәскеу арасындағы дау-дамай екі ел арасындағы қарым-қатынасқа ғана емес, олармен байланысы бар басқа елдердің де қарым-қатынасына салқынын тигізуі әбден мүмкін, дейді жұрт. Әсіресе, Кеден одағына мүше біздің елімізге біраз қолайсыздық тудыруы мүмкін деген пікірлер де негізсіз емес. Үш одақтастың екеуі дауласып жатса, істен береке кететіні де заңды.
Осы жерде Қазақстан сол екі елдің арасына араағайындыққа жүрсе қайтеді деген пікірлер де естіле бастады. Әрине, елдестірмек үшін елшілік еткен жөн. Бірақ бұлардың дауы елдердің дауы емес, көбіне жеке бастың дауына жақын. Жеке адамдардың кірпияздық іс-әрекеттері деңгейіне төмендеп, абырой таппайтыны және бар.
* * *
ӨЗІНЕ СЕНІМДІ АДАМ ЕШ НӘРСЕДЕН ҚОРЫҚПАЙДЫ
Өткен жұмада Эквадорда мемлекеттік төңкеріс әрекеті жүзеге аспай қалды. Бұған белгілі дәрежеде президент Рафаэль Корреаны халықтың қолдауы және оның өзінің батыл қадамдары себепші болды деген тұжырым жасалып отыр.
Әскерилердің бір бөлігі, сондай-ақ полиция түгелдей дерлік ел парламенті қабылдаған әскерилер мен полицияға жасалып келген жеңілдіктерді жою жөніндегі заңға қарсылық ретінде ел астанасындағы казарманы және бірнеше әскери базаны басып алды, әуежайды да өз қарауына алды. Қолында қаруы барларға қарсы қару қолданған күнде адамдар құрбан болатыны анық. Сонда президент Корреа өзінің батылдығына, уәжге жүгінді.
Ең алдымен, ол көтерілген полицейлерге өзі барды. Басқа біреулер солардан жасырынып, жан сауғалар еді. Корреа қашқан жоқ, қасқайып тұрып тегеурінді сөз айтты: “Егер президентті өлтіргілерің келсе, мен алдарыңда тұрмын – бұл сендерге тиімді десеңдер, ниеттеріңді жүзеге асырыңдар!” – деді. Сөйтіп қана қойған жоқ, олардың намысына тиіп сөйледі: “Мұны басқадан күтсем де, полициядан күткен жоқ едім”, – деді.
Мұнымен де шектелмей, президент өз үкіметінің полицияға жасаған жақсылығын еске салып өтті де, “егер өздеріңнің полициялық борыштарыңа сатқындық жасап, елді қорғансыз қалдырғыларың келсе, солай етіңдер, ал біз – президент пен үкімет – өз міндетімізді атқара береміз”, – деді. Бұл сөздер көтерілісшілерге әсер етпеді деуге болмас. Олар президентке оқ атуға мүмкіндігі болса да, оған бармады. Тек көз ашытатын граната лақтырып Корреаны аяғынан жаралады. Президент медициналық көмек сұрауға мәжбүр болды.
Көмекшілері президентті сол полиция госпиталіне жеткізді. Бұл мекеме ол үшін қорғаныс шебіне де айналды. Қарсыластар оның палатасына шатыр арқылы да түспек болды. Сонда да Корреа өзін құтқару үшін күш қолдануға нұсқау бермеді. Оның сондағы: “Мен бұл жерден не президент болып, не өлік болып шығамын”, – деген сөзі, сірә, кейінгілерге нақылдай болып қалатын шығар.
Ол адам қанының төгілмеуін ойлады. Сөйтсе де, президентті құтқаруды күшпен жүзеге асыруға тура келді. Арнаулы қызметтің 500 адамы полиция қоршауын бұзып, аурухананың бесінші қабатында “бекініп жатқан” президентті брондалған мәшинеге мінгізіп алып шықты. Қалай дегенде де, операция өте сәтті өткенге ұқсайды. Әдетте мұндай қақтығыста құрбандық көп болады.
Бәрібір өткен аптаның аяғында Эквадорда жөнсіздік салдарынан құрбан болғандар бар екен. Он адам қаза тауыпты деген хабар таратылды. Солар үшін Рафаэль Корреа елде үш күндік аза тұту жариялады. Жараланғандар саны 200-300-дей делінсе, олардың қатарында елдің сыртқы істер министрі Рикардо Патиньо да бар көрінеді.
Төңкеріс әрекетін жүзеге асыртпау сәтсіздігі Корреаны халықтың қолдауына да байланысты дегенде, жер-жерде бүлікшілерді қолдағандар болмаған көрінеді. Жалпы, былтыр ғана елде референдум өтіп, сонда басым көпшілік Корреаға сенім білдіріп, алдағы 2013 жылғы президент сайлауына жол ашып берген еді. Енді сын кез туғанда да халық оны қолдайтынын аңғартты. Президент те, оның үкіметі де аяқ астынан пайда болған қиындықтан айтарлықтай ширығып, біршама саяси ұпай жинап, марқайып шықты.
Мамадияр ЖАҚЫП.