Облысқа жұмыс сапарымен келген Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Н.Алдабергенов жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, табиғи монополия субъектілері басшыларының және ардагерлердің қатысуымен “Энергия ресурстарын үнемдеу – тарифтік саясаттың басым бағыты” деген тақырыпта мәжіліс өткізді.
Онда су мен электр энергиясын есеппен пайдалану, шикізат, материалдар шығыстары мөлшерлерін оңтайландыру, табиғи монополия субъектілерімен инвестициялық міндеттемелерді орындау мәселелері талқыланды.
Облыста жеке және заңды тұлғалар үшін электр энергиясына арналған тәуліктік аймақ бойынша сараланған тарифтер бұрнағы жылдың қараша айынан бастап енгізілген. Өңір тұтынушылары үшін тұтас алғанда биылғы жылдың сегіз айында тәуліктік аймақ бойынша сараланған тарифтерді енгізуден пайда болған үнем 11 млн. кВт/сағатты немесе 129,8 млн. теңгені, ал бұрнағы жылы 4,8 млн. кВт/сағатты немесе 56 млн. теңгені құраған.
Аймақта электр энергиясының тұтынылуын үнемдеу мақсатымен электр энергиясына арналған тұтыну шамасы белгіленген. Соның нәтижесінде, биылғы жылдың 8 айы ішінде тұтыну көлемдері бойынша сараланған тарифтерді енгізуден пайда болған электр энергиясының үнемделуі 6,2 млн. кВт/сағатты немесе 65,7 млн. теңгені құрапты.
Облыста энергия үнемдеу бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелерінің бірі “Жамбыл электр жүйелері” ЖШС-ның автоматтандырылған электр энергиясын бақылау және есептеу жүйесі болып табылады. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Н.Алдабергенов бұл жүйені – электр энергиясын тұтынуды және есептеуді басқарудың экономика үшін маңызы зор тетігі деп атап көрсетті.
Бұл жүйені енгізген жағдайда, компания ысыраптар қай жерде және не себепті пайда болғанын біліп отырады екен. Сонымен қатар, аталған жүйе тұтынушы үшін тарифті үнемі көтере беруге емес, энергия ысыраптарын сауатты түрде жоюға мүмкіндік бермекші.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.