ДАУҒА ПАРЛАМЕНТТЕР ҚОСЫЛДЫ
Ресей және Беларусь президенттерінің бір-бірін ғайбаттаған мәлімдемелерінен кейін бұған екі ел парламенттері де қосылды. Алдымен РФ Мемлекеттік Думасы “Ресей-Беларусь қарым-қатынасындағы жағдай туралы” мәлімдеме жасап, өз президенттерінің пікірлерін қолдап шықты, қарсыластарын кінәлады.
Бұдан кейін Беларусь Ұлттық жиналысының Өкілдер палатасы мен Республика кеңесі екі “одақтас мемлекет” арасындағы қарым-қатынасқа арналған шұғыл отырыс өткізді. Бұлар да өз президентінің пікірлерін қайталады. Екі жақ та түсіністіктен бұрын айыптауды көздеген.
САЯСАТҚА ОРАЛМАҚ
Пәкстанның бұрынғы президенті Первез Мушарраф саясатқа қайта оралмақ ниетін мәлімдеді. Ол Лондонда жүріп “Бүкілпәкстандық мұсылман лигасы” партиясын құрған көрінеді. Ондағы мақсат – елдегі 2013 жылы өтетін сайлауға азаматтық саясаткер ретінде қатыспақ.
Оған дейін ол алдымен Пәкстанға оралуын заңдастырса жөн. Президенттіктен түскен соң ол ерікті қуғын ретінде Лондонға кеткен. Еліне келсе, қудалануы мүмкін.
АТАСЫНАН АУМАЙДЫ
КХДР баспасөзінде Ким Чен Ирдің биліктегі мұрагері саналып жүрген кіші баласы Ким Чен Унның ресми суреті жарияланғанда, жұрт екі жайға таңданды: біріншіден, бұл сурет оның бұрынғы суреттерінен біршама өзгешелеу, екіншіден, ол корейлердің ұлы көсемі Ким Ир Сенге өте ұқсас.
Оңтүстіккорейлік журналистердің ойынша, ол өзіне пластикалық операция жасатып, түрін мемлекеттің негізін құрған ұлы атасына ұқсатқан көрінеді. Бұл оның беделін көтермек.
САЛЫҚ ПОЛИЦИЯСЫ КЕРЕК
Мұндай құрылымның қажеттігін Еуроодақ кеңесі мойындауға мәжбүр: салықты төлемейтін алаяқтардың қулық-сұмдығының салдарынан жыл сайын 200 миллиард доллардай қаржы жиналмай қалады екен.
Бұл – салық түсімінің 10 пайыздайы. Соны ескеріп, Еуроодақ салық полициясын құру жөніндегі Еуропарламенттің шешіміне қосылатынын мәлімдеді. Салықтың жиналуын енді Еуропада арнайы полиция бақылайтын болады.
ЕЛІНЕН КЕТІП ЕРЛЕДІ
Ресей ақпарат құралдары өздерінен шетелге кеткен ғалымдар Андре Гейм мен Константин Новоселовқа физика саласында Нобель сыйлығы берілгенін шулатып хабарлап жатыр. “Біз әлемдегі ең ақылдылар екенімізді тағы да дәлелдедік”, дейді “КП”.
Сол “ақылдылар” өздерінен неге кетіп, шетелде жүргенін, жетістікке сонда жеткенінің себебін де айтса, мағлұмат дәлірек болар еді.
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ
Венгрияда алюминий өндіретін ірі зауытта болған жарылыстан улы қалдық сақталған резервуар бүлініп, 700 мың текше метр қызыл шлам біраз елді мекенге ағып кеткен. Малды былай қойғанда, адамдар қаза болып, көп адам химиялық күйікке ұшыраған.
Алғашында ел үкіметі жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, улы зат Дунай өзеніне құйылмайды десе де, ақпарат құралдары шын мәнінде қызыл шлам өзенге жеткенін хабарлады. Венгрия Еуроодақтан көмек сұрауға мәжбүр.
СЫЙЛЫҚ – ДИССИДЕНТКЕ
2010 жылғы бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығы қытай жазушысы, диссидент Лю Сяобоға берілді. Ол 1989 жылғы Тяньанмэнь алаңындағы қарсылық акциясын әзірлеуге қатысып, содан бері адам құқы жөніндегі күреске қатысып келеді.
Былтыр “мемлекеттік билікке қарсы әрекеті үшін” 11 жылға сотталған болатын. Бұл сыйлықты берудің саяси астары бар екені даусыз. Қытай сыртқы істер министрлігі оған сыйлық беру Нобель принциптеріне қайшы деп мәлімдеме жасады.
МИГРАЦИЯ ТЕЖЕЛГЕН
Кедей елдерден байырақ елдерге миграция соңғы отыз жылда екі есе өскен екен. Ал өткен жылы ол айтарлықтай тежеліпті. Сарапшылар мұның себебін экономикалық дағдарыстан іздейді. Көп елдерде жұмыс орны азайған. Ол көп адамды жұмыстан шығаруға мәжбүрледі. Қысқаратын алдымен мигранттар. Әйтеуір жұмыссыз жүретін болса, сырттан гөрі өз елі қолайлы болса керек. Сонан соң қазір көп ел мигранттарға қатысты саясатын қатайтып отыр.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.