Азиадаға 108 күн қалды
“Егемен Қазақстанның” VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті“МЕДЕУ” МҰЗ АЙДЫНЫ
Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында алып тұлғалы Алатау қойнауындағы інжу-маржандай “Медеу” мұз айдынының даңқы дүйім дүниеге жайылды.”Рекордтар фабрикасы” атанған ғажап кеменің аты қазақша болғанына әрі мақтанып, сүйінетінбіз де, бірақ орысша басылымдарда оның “Медео” болып бұрмаланып, қате жазылып, халықаралық қолданыста солай айтылып кеткеніне қынжыла күйінетінбіз. Тәуелсіздік сондай намысқа тиер талай-талай кем-кетіктеріміздің орнын толтырды. Басқа тілдердегі һәм ресми қолданыстағы қазақша “Медеу” аталымы қалпына келді. Енді, міне, сонау бір “советтік” делінетін кезеңнің өзінде де әлемге қазақ атын танытқан мәшһүр “Медеу” алдағы жылдың басында өз елімізде өтетін VІІ Қысқы Азия ойындарын дүбірлетер аламан жарыстардың бір алтын төрі болғалы отырғаны көңілді тағы да өсіруде. Осы жайларды ойлай келгенде, осыдан 100 жылдың арысында Верный уезі, Кіші Алматы болысындағы Үшінші ауылдың қазағы Медеу Пұсырмановтың Кімасар аңғары бойындағы генерал Колпаковскийдің жер сілкінісінен құлап қалған саяжайының қасынан ағаш үй тұрғызуға рұқсат сұрап Жетісудың жандарал губернаторына өтініш түсіргеніне тәнті болғандайсыз. Танымал қаламгер Бейбіт Сапаралы келтірген деректерге қарағанда, бабамыздың кеудесі биік. Үйді анау-мынау жай жерден емес, атақоныс Алатаудың төрінен, Кіші Алматының өрінен, өзге емес, Жетісуда жарты патша, жарым құдай болған генерал Колпаковскийдің нақ өзінің саяжайының қасынан саламын, дейді. Өстіп ел иесі, жер иесі кім екенін аңдатқандай қалып көрсетеді. Сол Медеу баба есіміндегі шұрат қазір мыңдардың көзайымы, Алматының құснихатындай көрікті жері, ордалы орны. Мұндағы жаңғыртылып жаңаланған “Медеу” спорт кешені алда болар Азиаданың ат басын тірейтін басты нысандарының бірі екендігі тағы да милеттік һәм мемлекеттік мерейіміз емес деп кім айтар. Шынында да, мамандар сөзіне құлақ қойсақ, “Медеу” – әлемдегі ең биік таулы спорт кешені. Теңіз деңгейінен 1691 метр биікке ұя салған, шатқал келбетімен үйлесіп үндескен, жер жұмағымен жарасым тапқан ертегінің сарайы сияқты. Аңғардың жұмсақ тынысы, сары майдай толықсыған күншуақ, әуенің әлсіз қысымы, желсіз тымық, сырғанақ тебу мұзын “қайнатып” қатыратын таза тау суы – міне, осының бәрі мұз айдынының үздік сапасына жол ашып, жоғары спорттық нәтижелерге жету үшін тамаша алғышарт жағдайлар жасап тұр. Аз ғана тарихты ізерлесек, 1949 жылы Іле Алатауының бөктер сілемдеріне бір топ конькимен жүгіру шеберлері мен бапкерлер келіп, Кіші Алматы шатқалының Қалыңтөбе құзар шоқыларының етегіндегі Медеу сайынан болашақ мұз сырғанағы орналасатын жер телімін таңдап алды. Ол жер қойтастардан тазартылып, кейіннен атақты “Медеу” мұз айдынына айналған алаң нобайланып жоспарланды. Мұз сырғанаққа тас жол төселіп, оған қаладан күнделікті автобустар қатынайтын болды. Бірақ сел мен қар көшкінінің қаупі сейілмей тұрғандықтан, сол жылдары күрделі құрылыстар жүргізуге мұрша келмеген. Сондықтан, ең алдымен, ықтимал апатқа тосқауыл, тоспа қоюға шешім қабылданған. Сөйтіп, селден қорғайтын бірегей бөгет құрылысы 1966 жылы басталып, 1972 жылы аяқталды. 1973 жылдың шілдесінде ол табиғат сұрапылының бірінші соққысына – төрт миллион текше метр су және лай-батпақ, тас қойыртпағымен қоса лақылдаған жойқын селге төтеп берді. Кейін бұл бөгет одан әрі беркітіп бекемделіп, биіктігі 150 метрге жеткізілді. “Медеудің” негізгі міндетіне оралсақ, онда 1951-1970 жылдар аралығында көптеген қысқы спорт түрлері бойынша ең жоғары деңгейдегі жарыстар өтіп тұрды. Әлбетте, спорт кешенінің басты бет-бағдары конькимен жүгіру саласынан көрінді. “Медеу” мұз айдынында 120-дан астам әлемдік рекордтар жасалды. Қазірде спорттық аңызға айналған Евгений Куликов пен Эрик Хайденнің, Валерий Муратов пен Стен Стенсеннің атақты рекордтары осында дүниеге келді. Осынау мұз айдынында КСРО рекордтары да 200 мәрте дерлік жаңартылды. Сондай-ақ Норвегия, Нидерланды, АҚШ, Жапония, ГДР, Швейцария, Польша, Финляндия, Чехословакия, Моңғолия, тағы сол сияқты елдердің рекордтары осы арада тіркелді. Медеу интернационалдық спорт мекеніне, ірі халықаралық жарыстардың орталығына айналды. Солардың ішінде КСРО – Норвегия, КСРО – Норвегия – Нидерланды, КСРО – ГДР, КСРО – Швеция дәстүрлі матчтары Алматыдағы елең етерлік спорттық оқиғалар болғандығы да жадымызда. 1970-1972 жылдары ескі мұз айдынының орнына жаңадан бірегей “Медеу” спорт кешені салынды. Сол үшін бір топ жобалаушылар мен құрылысшылар КСРО Мемлекеттік сыйлығын еншіледі. Бір қаперде болатын жай сол, осы жер мен мұз айдыны кешеніне атын мирас еткен Медеу Пұсырмановтың өткен ғасырдың басында салған ағаш үйлі саяжайының орнына 1974 жылы “Медеу” қонақ үйі тұрғызылып, біраз жылдар бойы Алматы меймандарына қызмет еткен болатын. Өкініштісі, сол қонақ үй қазір бұзып тасталыпты. Әйтеуір, алдағы уақытта “Осы арада Медеу атамыздың үйі болған” дейтіндей, тарихтан сыр шертер жәдігер тұрған орыннан көз жазып қалмасақ дейміз де. Әуел бастан-ақ спорт мамандарын да, жанкүйерлерін де әрі таңғалдырып, әрі қызықтырып келген нәрсе – Медеу мұзының құпиясы. Биік таулы спорт кешеніндегі айдын өзінің құрылымы жағынан әлемде теңдесі жоқ деуге болады. Қалыңдығы 2,3 метрлік көп қабатты алаң құрылмасы жиырма түрлі материалдардан тұрады. Бөгеттің етегіне күллі спорт кешенінің жүрегі – мәшине залы орналасқан. Мұнда орнатылған компрессорлар мен осы заманғы жабдықтардың қазіргі уақыттағы қуат-күші 3600 кВт-сағатқа тең. Ол алаңдағы мұзды алты ай бойы бірқалыпты қатырып ұстауға қабілетті. Мұз айдыны астындағы бетонда шимайлана өрілген әртүрлі шеңберлер бар. Ондағы 140 шақырым деуге боларлық өрмекшінің ұясындай құбырлардың бойымен суытқыш этиленгликоль қан тамырларындағыдай айналып жүреді. Сөйтіп, қажетті температураны қамтамасыз етеді. Бұл ерекше технологиялық шешім, көп жерде кездесе бермейтін құрылым. Алдағы Азия ойындарындағы маңызды нысан ретіндегі ауқымды дайындық жұмыстарының мән-жайымен спорт кешенінің директоры Сабыржан Бектемісовтің әңгімесінен қанықтық. Мұнда допты хоккейден (бенди) жарыстар өткізу жоспарланып отырғаны мәлім. Соған орай мұз айдынын жаңалаудың кең көлемді жобасы бірнеше кезеңде іске асырылыпты. Жаңаландыру жобасы кешеннің әуелдегі сыртқы келбетін ескере отырып, аса мұқияттылықпен әзірленген екен. Біріншіден, ескі мәшине залының қажетсіз деп есептеген 3300 шаршы метрге жуық алаңы жаңа келбет-түрге енді. Енді мұнда төреші-қазылар тобы, жаттығу залы, медицина және қалпына келтіру орталықтары орналасады. Сонымен бірге қоғамдық пайдалану орындары – буфет, баспасөз орталығы мен мұражай жаңа рухта қайтадан жасалып-жасақталған. Сондай-ақ. мұз айдынының әкімшілігі мен қызметкерлері үшін қосымша орынжайлар қатарға қосылыпты. Спортшылар уақытша тынығатын жайлар осы заманғы талап деңгейіне жеткізілу үстінде. Ондағы жалпы орын бұрынғы 60-тан 98-ге дейін үстемеленіп көбейтіліпті. Екіншіден, көрермендер отырғыштары түгелдей жаңаланып ауыстырылған. Жаңалау жұмыстары мінбелердің сыйымдылығын ұлғайтуға да мүмкіндік берген. Бұрынғы 7200-дің орнына ендігі жерде жарыстарды 8500 көрермен жайғасып отырып, алаңсыз тамашалай алады. Кешеннің бүкіл инженерлік-техникалық жүйесі де толық өзгерген. Бұл дегеніңіз – жылыту, желдеткіш, сумен және электрмен жабдықтау, канализация. Жаңа үлгідегі бес трансформатор подстансалары қойылып, апатты жағдайдағы энергиямен жабдықтау жайы да осы бастан қаперге алынып, реттестірген. Сабыржан Саматұлының айтуынша, сонымен қатар, спорт кешенінде электронды билеттендіру жүйесі енгізіліп жатқан көрінеді. Бұл орайда интернет-броньдау, айлық және жылдық абонементтер де тиісінше ескеріледі. Тағы бір сүйінерлік жай сол, қазірде мұз айдынында ТМД аумағындағы ең үлкен – 200 шаршы метрлік мультимедиялық табло орнатылған. Барлық талаптарға сай келетін бұл таблоның жасаушысы америкалық “Бильборд” компаниясы болып табылады. Оның дидарында спорттық ойындардың нәтижелері кескінделіп көрініс тауып, телебағдарламалар көрсетіледі, сондай-ақ тақырыптық роликтер мен фильмдер ұсынуға да мүмкіндік болып тұрмақ. Халықаралық стандарттар мен әлемдік жоғары талаптар үдесінен шығу мақсатында қазіргі қолда бар технологиялық жүйелерге жаңалары қосылған. Мысалы, нақ осы үлгілер қатарында мұз айдынын жарықтандыру жүйесін, телевизиялық және күзет пен бейнебақылау құралдарын, фотомәре автоматты тетіктері мен қазылық ету жүйесін, мұз айдынындағы қиқулаған дүбірлі оқиғаларды дыбыстандыру жұмысын атап айтуға болады. Мұз айдынының өзі де әжептәуір өрнекті өзгерістермен толықтырылған. Ол конькимен жүгіру, Канада хоккейі, керлинг, мәнерлеп сырғанау және допты хоккей сияқты спорт түрлерінен жаттығулар һәм өңірлік және халықаралық деңгейдегі спорттық шараларды өз дәрежесінде өткізуге қай тұрғыдан алғанда да сақадай-сай болмақ. Сонымен бірге мұз сырғанағы тұрған жер баскетбол мен минифутбол аренасы ретінде де пайдаланылады.. Қазірдің өзінде ол Алматы қаласындағы спорт мектептерінің спорттық базасы тұрғысында жұмыс істей бастапты. 2011 жылдың қаңтарында Азия олимпиялық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан алыстағы Эль-Кувейтте жағылған Ақ Азиада алауы осының алдындағы VІ Қысқы Азия ойындары өткен Қытайдың Чаньчун қаласына азырақ аялдап, одан арнайы ұшақпен Алматыға жеткізілмек. Оңтүстік астанадағы басқа да Азиада нысандарымен бірге Алатау баурайындағы биік таулы “Медеу” спорт кешені де осынау аса мәртебелі жарыстарды қабыл алып, жоғары дәрежеде өткізуге қазірдің өзінде негізінен әзір деп айтуға болады. Мұндағы мәшһүр мұз айдынында алдағы жылдың 31 қаңтары мен 5 ақпаны аралығында ерлер командалары арасында допты хоккейден (бенди) додалы жарыстардың жалауы желбіремек. Көңілді екі жылдан бері күпті еткен сол бір сағынышты күндер де алыс емес, сұлбасы көрініп қалғандай. Жалпы, VІ Қысқы Азия ойындарының: “Мақсаты бірдің – рухы бір” деген ұранының да атойлап көрінері де осы тұс. Астана-Алматыны бірдей қамтитын Азиада бағдарламасының ауқымын түгел таратып айтар болсақ, 9 спорт нысанында спорттың 5 түрінен 11 саласы бойынша 69 түрлі жарыс өтпек. Олимпиялық рухты асқақтатар аталмыш ойындардың мақсаты Азия елдері мен өңірлері арасындағы ынтымақты, достық пен өзара қарым-қатынасты қолдау, сондай-ақ үйлесімді Азияны құруға үлес қосу болып табылады. Барлық жарыс нысандары 15 қаңтарда жаттығулар үшін өз есіктерін айқара ашады деп күтілуде. Біздің ардақты “Медеуіміз” де осы қатарда. Бұл күндерде аламанға түсер бәйге атындай сыланып-сипанып, әрленіп-әсемделіп бабына келтіруде. “Дәл бүгінгі таңда “Медеу” мұз айдыны мен тұтастай кешеннің өзі Азиаданың жауапты әрі мәртебелі жарыстарын қабылдауға 95 пайыз әзір. 26-27 қазан күндері Азиадаға дайындық аясында “Қазатомөнеркәсіптің” жүлдесі үшін допты хоккейден сынақ жарыстарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Осының өзі бас дайындық болмақ. Біздің мұз айдынымыздың “мінезін” байқап, сынап көрмекпіз. Бұған дейінгі барлық әзірлігіміздің нәтижесі, салынған қаржы, төккен маңдай тер, жұмсалған күш-жігер мен еңбек нәтижесін осылайша алдын-ала бір тексеріп байқамақпыз. Сол бас сынақтың қорытындысында барлық тұрғыдан алғанда да “Медеу” Азиадаға дайын!” деп жарқын жүзбен айта алатыныма кәміл сенімдімін” дейді спорт нысанының директоры Сабыржан Бектемісов. Сөйте тұра көңіліміздегі бір дүдәмалды бүгіп қалғымыз келмей тұр. Атақты мұз айдынына аты берілген адамның кім екенін білуге Азиадаға әлемнің әр түкпірінен келушілер де қызығары, құштар болары сөзсіз. Біле білсек, ол да қазақтың бір тарихы. Сабыржан ініміз бізді: “Спорт кешенінің мұражайында осы бір адам жайында, әлбетте, қысқа ақпарат беріледі” деп жұбатты. Сөйтті де ол ал енді бүкіл Медеу шұраты тұрғысынан алғанда, Медеу Пұсырмановқа ескерткіш-тақта, мүсін немесе ескерткіш орнату мәселесі Алматы қаласы әкімдігінің құзырында ғой дегенге ойыса берді. Біздіңше, Азиада қарсаңында болсын, одан кейін болсын, әлемге әйгілі Медеу мұз айдыны атымен аталған ардақты ақсақалымыз ондай құрметке әбден лайық қой деп ойлаймыз. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ. * * *АЛАУ ЖӘНЕ БАЙҚАУ
“Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратының баспасөз орталығында VІІ Қысқы Азия ойындарына байланысты брифинг өтті. Онда эстафета алауын алып жүрушілерді іріктеу науқанының аралық қорытындысы, сондай-ақ, БАҚ-тарға Азия ойындарын насихаттау бойынша журналистер арасында үздік материалдарға “Жаңа белестер алауы” атты байқау жарияланатындығы айтылды. Естеріңізде болса, алаугерлерді таңдау науқаны 2010 жылдың 15 қыркүйегінде Астанада басталған болатын. Алаугерлерді таңдаудың салтанатты рәсімі Эстафета дирекциясы мен “Нұр Отан” ХДП қолдауының нәтижесінде жүзеге асты. Олимпиада жарысының басты символы саналатын “Алау” мәселесі брифингте де кең көрініс тапты. Қысқы Азия ойындарының алау эстафетасын алып жүру мүмкіндігі өмірлік белсенділігі жоғары, спорттың кез келген түрінен белгілі бір жетістіктерге жеткен, елге еңбегі сіңген, “Алаугер” атауына ең лайықты деген қазақстандық азаматтарға беріледі деп күтілуде. Бұл туралы VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізудің қалалық дирекциясының директоры Наиль Нуров мәлім етті. Олардың қатарында Сидней олимпиадасының жеңімпазы Ольга Шишигина, еліміздің бетке ұстар көркем гимнасшы қызы Әлия Жүсіпова да бар. Сонымен қатар, үлкендердің ықыласына бөленіп, өртке оранған үйден 5 жасар баланы құтқарып қалған 11 жасар батыр бала Жандос Ілияс сияқты Отанымыздың патриоттары да осы санатта екен. Азияның Олимпиадалық кеңесі өкілдері арасынан жалпы 1020 алаугер сұрыпталып алынбақ. Олардың 100-і эстафетаның Астанадағы кезеңіне, 80-і Алматыдағы кезеңін тартылса, 60-ы әрбір облыс орталығы көшелерінде алау алып жүретіндігі мәлім болды. Ескеретін жәйт, бұл қазақстандықтар республикалық деңгейдегі үздік спортшылар, Азиаданың құрметті қонақтары, Халықаралық олимпиада комитетінің мүшелері болуы керек. Осыған орай, облыстарға өңірлік спорт шеберлерін анықтау үшін тапсырмалар жүктелген. Олардың ішінде Олимпиада мен әлем чемпионаттары, Азия ойындары мен басқа да ірі спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болуы тиіс. Сонымен қатар оған ең талантты деген эстрада жұлдыздары, әншілер мен музыканттар кірмек. Мұның барлығын ұйымдастыру ісі “Нұр Отан” ХДП-ға жүктеліп отыр. Брифингте қаралған тағы бір жаңалық, журналистер арасындағы үздік материалдарға байқау жарияланатындығы еді. Оған республикалық және жергілікті барлық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысу мүмкіндігі бар. Ол үшін қатысушыларға қойылар талаптар да айтылды. Мәселен, алау эстафетасының шығу тарихы, олимпиада дәстүрінің тәрбиелік мәні, эстафетаны өткізудің қазақстандық тәжірибесі, VІІ Қысқы Азия ойындарының ашылу рәсімі, алау алып жүрушілерді іріктеу науқаны, алауды қарсы алу жұмыстарының дайындығы, сондай-ақ, эстафета атрибуттары мен оның нышандары жайлы БАҚ-тарда жарияланған дүниелер болуы тиіс. Тапсырылған материалдар қорытындысы осы жылдың желтоқсан айының соңында шығарылады. P.S: Азия ойындарының тарихындағы алғашқы Қысқы алау эстафетасы 11 қаңтарда Азия ойындарының штаб-пәтері орналасқан Әл-Кувейт қаласында тұтанатын болады. Қаңтар айының 12-сінен бастап, алау еліміздің барлық өңірлерін аралап, қаңтардың 30-ы күні Астанаға жеткізілмек. Ал байқау бойынша журналистердің жұмыстары 5230196@gmaіl.com электронды мекен-жайында қабылданады. Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті. * **АЗИАДА ЛОГОТИПІ
Қысқы Азия ойындарының логотипі (эмблемасы) олимпиялық спорттық қозғалыс идеясын және Азиада өтетін елдің ерекшелігін көрсетуі тиіс. Мемлекет, яғни Азиаданы ұйымдастырушы ел логотип жасайды да, кейін оны Азия олимпиялық кеңесі бекітеді. Барлық Азия елдері эмблемасының ажырамас элементі жоғарыдан жарқырап тұрған күн сәулесі болып табылады. 2007 жылы Қазақстанда 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарының ресми логотипін таңдауға байқау жарияланды. Оған барлығы 50-ден астам жұмыс келіп түсіп, 10 жоба мәреге жетті. Байқау қорытындысы бойынша Тигран Туниянц бастаған дизайншылардың шығармашылық тобы дайындаған эмблема жеңіске жетті. Бұған дейін бұл ұжым Бейжің қаласындағы Олимпия ойындарынан бұрын Алматыда өткен Олимпиада алауының эстафетасын өткізу стилистикасы мен ресімдеуді әзірлеген болатын. Жоба жетекшісі Т.Туниянцтің айтуынша, көптеген еңбектердің нобайын қоспағанда, бұған дейін дайындалған 20 жобадан осы логотип таңдап алынды. Онда негізгі төрт түс бар: меруерт түстес, көгілдір ақтық түстес, лағыл түстес және алтын түстес бояулар. Азия ойындарының эмблемасында түстердің түрлерін көбірек қолдану тәжірибесі бұған дейін еш жерде кездеспеген. Мәселен, 2002 жылы Солт Лейк Ситиде өткен Олимпиаданың эмблемасы сары, қызыл сары және көк түстерге боялған қар ұшқынының бейнесінде болды. Бұл үш түс Юта штатының пейзажын көрсету үшін таңдап алынған-ды. Қысқы Азия ойындарының логотипі сызба түрінде көшпенділер арбасының доңғалағын көз алдыңызға елестетеді. Геральдикалық өнерде доңғалақ кеңістікте де, уақытта да мәңгілік қозғалыстың символы ретінде қызмет атқарады. Ұдайы даму идеяларының бейнесі болғандықтан, логотип өмірдің жасампаз динамизмі бейнесінің эмблемасы болып табылады. Доңғалақ символы шеңбер нышанына жақын келеді, ертедегі наным-сенім бойынша Жерді айналып жүрген Күн құдайының төңірегі идеясын білдіреді. Бұл ретте, логотип берекелі өмір сыйлайтын қуат көзі дегенге саяды. Азиада эмблемасы бірінің үстіне бірі қойылған үш түстен тұрады. Дайын нұсқасында ақ кристалл түрінде және фондағы суреті сары түсте пайдаланылады. Мағынасы жағынан мол мазмұнға ие. Мәселен, көк түс еркіндік пен шексіз мүмкіндіктердің кеңдігін білдіреді, сондай-ақ спорт әлемінің шоғырланған, әрі бір мақсатқа бағытталған аспектілерін қамтиды. Қызыл түс жеңіске деген жігерді, ұмтылысты және жарыстардың алауын бейнелейді. Осы екі түс үйлесе келе, көк мұз бен қып-қызыл жалынның ұштасқан идеясын береді. Бұл жарқын спорттық оқиғаны елестететін Қысқы Азиаданың рухын көрсетеді. Дастан КЕНЖАЛИН. * * *ОЛАР ОСЫНДА ОРНАЛАСАДЫ
Іmperіa-G Абай д-лы, 63 Төрт жұлдызды, 76 нөмірлі қонақ үй. Халықаралық және ұлттық дәрежедегі төрешілерге арналған. * * * Duman Қорғалжын жолы, 2/А Үш жұлдызды, 213 нөмірлі қонақ үй. Шетелдік БАҚ өкілдері орналасады * * * Altyn – Dala Бигелдинов к-сі, 8/1 Үш жұлдызды, 153 нөмірлі қонақ үй. Хосттаратушыларға арналған. * * * Danіyar Тәуелсіздік д-лы, 11 Үш жұлдызды, 87 нөмірлі қонақ үй. Хосттаратушылар орналасады. * * * Tengrі Hotel Вавилов к-сі, 1 А Үш жұлдызды, 84 бөлмелі қонақ үй. Хосттаратушылар орналасады.