15 Қазан, 2010

Терроризммен күрес кешенді жұмыстарды қажет етеді

656 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Кеше “RІXOS” қонақ үйінде “Терроризмнің ал­дын алу бой­ынша табысты стратегиялар, тиімді саясат және ортақ тәжірибе” жө­нін­де ЕҚЫҰ-ға мүше мем­ле­кеттердің сарапшылары мен халықаралық және ай­мақтық ұйымдардың бас­шы­лары, жоғары лауазым­ды өкілдері бас қосқан кон­ференция болып өтті. Конференцияны ЕҚЫҰ хат­шы­лы­ғының Антитеррорлық бө­лім­шесінің басшысы Рафаэл Перл ашып, алғашқы сөзді ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасына берді. Еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Сау­дабаев конференцияға қатысушы­ларға арнаған сөзінде халықаралық терроризмнің ешқандай ұлты, діні және шекарасы болмайтынын айта келіп, аса қауіпті бұл дертпен кү­рес­тің кешенді түрді жүргізілуіне мән берді. Сондықтан да Қазақ­стан­ның төрағалығы тұсында тер­роризмге қарсы күрес ұйымның басым бағыттарының бірі болды. Тамыры әлеуметтік мәселелерден бастау алатын жанжалдар, ұлтара­лық және діни шиеленістер, есірт­кі трафигі, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз қару-жарақ саудасы, “лас” ақшаны заңдастыру, адам құқық­тарының сақталмауы, кедейшілік пен қоршаған орта ахуалының на­шарлауы терроризм идеология­сы­ның таралуына қолайлы жағдай туғызатынын айтқан шешен тер­рор­ды болдырмау мен алдын алу шараларының кешенді жүр­гі­зілуі­нің әлемдік маңызды іс еке­ніне баса зер салды. 2001 жылдың 11 қыркүйе­гін­дегі оқиға әлемді дүр сілкіндірді. 3000-дай адам өмірмен қош­тасты. Әлем террор қауіпін мейлінше ұғынды. Алай­да, ұлттық және халық­аралық ша­раларға қарамас­тан, бұл зұлмат­пен күрестің аса бір тиімді жолы табыл­ды деп айта алмаймыз. Бұған қоса террорлық актілер Ресейді, Ұлыбританияны, Үндіс­тан­ды, Ис­па­ния мен Түркия, Пәкс­тан тәрізді елдерді шарпыды. Сон­дық­тан ан­ти­террорлық жұ­мыс­тарды мейлінше кең ауқымда, әскери, саяси, эконо­ми­калық-экология­лық және гума­ни­тарлық жағынан қарастыру аса маңызды. Бұл ретте Қанат Бек­мырзаұлы біз­дің еліміз төрағалығы уақытында осы мәсе­ле­лерді қарас­тыратын ЕҚЫҰ кон­ференциялары, өзге де басқосулар өткізілгенін атап өтті. Мәселен, Есірткіге қарсы кон­фе­рен­ция мен Монғолия мен Тай­ландта ЕҚЫҰ практикумы ұйым­дастырылғанын да қаперге салды. Сонымен бірге Ау­ған­стан мә­се­лесінде төраға­лық­­қа кіріспестен бұрын-ақ, оған кө­мек көрсету қа­дам­дары бойынша бастама көтер­­ді. Шынында да, күні кеше Қазақ­станға білім алуға келген ауған жастарының алдыңғы легінің әсем Алматымызға ат басын тірегенін білеміз. Мұнан соң Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ мүмкіндігінің артуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мән беріп отырғанын жеткізіп, кейбір дағдарысты тұстарда, қауі­п­сіздік мәселесінде ЕҚЫҰ ықпа­лын пайдаланудың маңызына тоқ­талды. Дәл осы қағидаттың ірге­дегі Қырғызстандағы оқиға кезінде тиімді болғанын айтып өтті. Әйтпесе, сол кезде әлдебір экс­тре­мис­тік немесе террористік пиғыл­дағылардың жағдайды өз мүдде­леріне пайдаланып кетуі де мүмкін екендігін атап, ЕҚЫҰ-ның әлі де Қырғызстандағы өтпелі кезеңдегі қиындықтарды жеңуге ықпал етіп отырғанына тоқталды. Әрине, ғаламдасқан әлемде терроризмнен төнетін қатерден тек өзіміз аман қалсақ болды деген оймен оқшаулану жарамайды. Оның үстіне терроризмнің жаһан­дану үрдісін назарға алатын болсақ және “Әл-Каида” жетекшілік ететін кейбір шетелдік террористік ұйымдардың аймаққа да, Қазақ­станға да көз тігіп отырғанын ескерсек, мәселенің маңыздылығы айқындала бермек. Жасыратыны жоқ, конфессиялық төзімділікке қарсы, зорлық пен зомбылыққа үндейтін діни идеологияның таралуы, оның ішінде интернет желісі кеңінен пайдаланылып, оны жақтайтындардың ғаламторда табылып жататыны алаңдаушылық тудыратыны анық. Конференцияға қатысушылар еліміздің Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің төрағасы Нұртай Әбі­қаевтың сөзін үлкен ықыласпен тыңдады. Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың кемел басшылығымен жүзеге асырылып отырған саясатта террорлық әрекеттерді қоздыратын түйткілді мәселелер жоқ. Деген­мен, еліміздің сырттағы террорлық ошақтардан, діни алауыздықтары бар орталардан алыс еместігін ескерсек, одан еш қауіп жоқ деп жайбарақат жатуға да болмайды, деген Комитет төрағасы Қазақ­стан­ның аталған қатерге қарсы күрес мәселесін ұжымдық сипатта шешудің дәйекті және сенімді жақ­таушысы, әрі қатысушысы бо­лып табылады. Осы ретте тер­роризмнің жолына тосқауыл қою ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды басымдықтары­ның қатарынан орын алатын­дығын баса айтты. Біздің елімізде біртұтас анти­террорлық саясат жүргізіліп, ұлт­аралық және конфессияаралық ке­лісім қамтамасыз етіліп, тер­роризм­ге қарсы күрестің құқық­тық базасы жетіле түсуде. Осы орайда ұлттық қауіпсіздікті қам­тамыз етуде кез келген терроризм көрінісін бас­тапқы сатысында анықтап, оны дер кезінде жою, аймақтық қауіпсіздік мәселесіне жіті қарау терроризмді болдырт­паудың алғышарттарының бірі екені сөзсіз. Мәселен, соңғы екі жылдың ішінде шекаралас мем­ле­кеттердің құзырлы органдарымен бірлесе қимылдаудың нәтижесінде “Әл-Каидаға” қарасты “Ислам джи­хад одағы”, “Түркістан ислам пар­тиясы” террористік ұйымдары бөлімдерінің қызметі тоқтатылған. Сонымен қатар, бұдан да өзге 10-нан аса ұйым террористік және экстремистік ұйымдар деп та­нылған. Терроризмді ауыздықтауға қажетті құқықтық талаптарды орындаудың аса маңыздылығын ескере отырып, еліміз БҰҰ-ның терроризмге қарсы күрес жайын­дағы 13 әмбебап конвенциясына қосылғаны аян. Отанымызда террористік іс-әрекеттерге бару, лаңкестік пен экстремизмді қар­жыландыру және насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік сынды өзге де заңдық негізде тосқауыл енгізілген. Жалпы Қазақ елінің террорды, экстремистік әрекеттерді еш қолдамайтыны айдан анық. Бұл халқымыздың діліне жат ұғым екеніне ешкім дауласа қоймас. Екі шешеннің де сөзін үлкен ықыласпен тыңдаған Рафаэл Перл Төраға ел – Қазақстанның тер­роризммен күрестегі ұстанымына зор ризашылығын жеткізді. Үзілісте Қазақстан Республи­ка­сы Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ Департаментінің директоры, ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Сержан Әбдікәрімов, ЕҚЫҰ Антитеррорлық бөлімшесі хатшы­лы­ғының басшысы Рафаэл Перл, АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік мәсе­лелері және көптарапты қатынастар жөніндегі офисі үйлестірушісінің орынбасары, антитеррорлық қыз­метті үйлестіруші Анна Витковски және Ресей Сыртқы істер министрлігі жаңа шақырулар мен қатерлер мә­селелері жөніндегі департаментінің директоры Илья Рогачев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, конференция аясындағы тақырыптарға қатысты ойларымен бөлісті. Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрлігі ЕҚЫҰ Департаментінің директоры Сержан Әбдікәрімовтің хабардар етуінше, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында жаңа қауіп-қатерлер, оның ішінде лаңкестікке қарсы күреске ерекше назар аударып келеді.  Оның ай­туынша, энергетикалық құрылым­дарды қорғау, жол жүру құжатының қауіпсіздігі, есірткімен және қару-жарақ саудасымен күрес туралы, тағы басқа да жиындар өтті. Еліміз Ұйымның төрағасы ретінде бұл мәселелерді ойдағыдай жүргізіп келеді. Бүгінгі конференцияға Ұйымға мүше бірқатар елдердің сарапшылары қатысуда. Сондай-ақ Қазақстан дағдарысты жағдайларды оң шешуге де атсалысып келеді. ЕҚЫҰ Антитеррорлық бөлім­шесі хатшылығының басшысы Рафаэл Перлдің атап өтуінше, бү­гінде және болашақта өңірлік, ха­лықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса маңызды. Қазақстан астана­сында өтіп жатқан бұл конферен­цияда осы қауіп-қатердің алдын алуға байланысты тәжірибелер ортаға салынып жатыр. Қазақстан осынау өзекті мәселеде белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Өзара ықпалдастық, өзара түсіністік бар. Ал АҚШ Ішкі қауіпсіздік мә­селелері және көптарапты қаты­нас­тар жөніндегі офисі үйлестіруші­сі­нің орынбасары Анна Витковски өзекті де өткір мәселелер талқы­ланып жатқан конференцияны ұйымдастырған Қазақстанға алғысын білдіре келіп, лаңкестікпен күрес жайына тоқталды. Анна Витковски ханымның атап өтуінше, АҚШ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында лаңкестік­пен күрес саласындағы белсенді іс-қимылын қолдайды. Ресей Сыртқы істер министрлігі Жаңа шақырулар  мен қатерлер мә­селелері жөніндегі департаменттің директоры Илья Рогачевтің ай­туын­ша, соңғы жылдары лаңкестік­пен күрес біршама жандана түсті. Бүгінде ол өз нәтижесін бере бас­тады. Лаңкестіктің алдын алу оңай емес, ол үшін бұл мәселені көп бо­лып қарастырған жөн. Бұл орайда ЕҚЫҰ-ның әлеуеті мен мүмкіндігі зор. “ЕҚЫҰ “қырғи-қабақ” соғыс­тан  кейін өзінің орнын қарас­ты­рып жүргені жасырын емес. Өйт­кені, бұл проблемалар ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығына ортақ”. Илья Рогачев, сондай-ақ Қазақстанның Ұйымға төрағалығы кезінде жүзеге асырған іс-шара­ларына жоғары баға берді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. ---------------------------------- Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.