15 Қазан, 2010

Үш жылғы жұмыс қорытындыланды

509 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Экономикалық ынтымақтастық елдерінің жоғары қаржы бақылау органдары ұйымының V ассамблеясы болып өтті. Онда ЭКОСАИ басқармасының президенті, еліміздің Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың төрағалығы­мен аталған ұйымның үш жылдық қызметі қорытындыланды. ЭКОСАИ – бұл экономикалық ынты­мақтастық елдерінің жоғары қаржы бақы­лау органдарының ұйымы болып табыла­ды. Құрамына Ауғанстан, Әзірбай­жан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәк­стан, Тә­жік­стан, Түркіменстан, Түркия, Өзбек­стан елдері кіреді. Мұндай жиылыс әр 3 жыл сайын өткізіліп тұрады. Онда ұйым бағыты айқындалып, әрі жаңа бас­шы сай­ланып отырады. Бұл ұйымды 2007 жыл­дың қазанынан бастап осы уақытқа дейін ел Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік қаржылық бақылау­дың жоғары органы болып сана­латын Есеп комитетінің төрағасы Омар­хан Өксікбаев басқарады. Кезекті ассамблеяда ЭКОСАИ-дың орта мерзімді келешекте ұстанатын саясаты айқындалып, ұйым мүшелері мем­лекеттік қаржылық бақылау­ды жетіл­діру, мемлекеттік ресурстарды басқару тиімділі­гін арттыру және ашық­тықты қамтамасыз ету мәселелері бойын­ша тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ қат­ысушылар мем­лекеттік аудит саласын­дағы білімдерімен және дағдыларымен алмасты. Ассамблеяға қатысушылар ЭКОСАИ басқармасының президенті – Есеп ко­митетінің төрағасы Омархан Өксік­баевтың төрағалығымен өткен 3 жылдың есебін нәтижеледі. Пәкстанның Бас аудиторы офисі ЭКОСАИ-дың Тренинг комитетінің есебін ұсынды, сонымен қатар ұйым циркулярының басылымы жөнінде баяндалды. Есеп комитеті төраға­лық еткен 3 жыл ішінде атап өтер негізгі жәйт, ұйымға мүше елдердің қаржылық бақылау органдары арасындағы байла­ныс­­тың беки түсуі болып отыр. Бұл эко­но­микалық және әлеуметтік даму сала­сын­дағы мәселе­лерді шешу барысында мемле­кеттік аудит сапа­сын көтере түсуге, ауди­тор­ларды кәсіби тұрғыда дамытудағы өзара әріптес­тікке септігін тиігізіп отыр­ғанды­ғын атап өтті Омархан Өксікбаев. Төр­аға­лық етуші ел ретінде ұйымдас­ты­рыл­­ған, атқарылған жұмыстарға әріптес­т­ерінің берген жо­ғары бағасына разы екендігін жеткізді. Ұйымның келесі, яғни VІ ассамблеясы 2013 жылы Тегеранда (Иранда) өтетін бол­ды. Ал басшылық тізгінін ұстауға байла­нысты өткізілген сайлау барысында Иран Ислам Республикасының Жоғары есеп сотының президенті Абдол Реза Рах­мани Фаз­ми алдағы 3 жылға ұйым прези­денті болып тағайындалды. Со­ны­­­мен қатар ЭКОСАИ-дың бас хатшысы, Пәкстанның бас аудиторы Танвер Али Агха Ислам даму банкінің ұйым өткізіп жүрген аудиторлық сабақтарды қаржылан­дырудан бас тартып отырғандығын мәлім етті. Басты себеп 2009 жылы Иранда өткен аудиторлық сабақ­тар­ды қаржылан­дыруға аударған 18 мың дол­ларды АҚШ-тың Иранға қаржы опера­­цияларына байланысты ұстанған санк­циясы бары­сында АҚШ қазына­шы­лық департа­менті қаржыны діттеген мақсатқа жетуіне тосқауыл қойған. Сол себепті бұған дейін ұйымды қаржылай қол­дап келген Ислам даму банкі сәуір айында Анталияда өткен экологиялық аудит сабақ­т­арын қаржылан­дыруды тоқтатты, деді Пәкстан өкілі. Оның айтуынша, банкпен келіссөздер жүрг­ізілуде. Дегенмен жуық арада ұйым­ның өз қаржы­сына ғана арқа сүйей ала­мыз. Біздің ойы­мызша, бір оқиға басқа­ларына әсер етпеуі тиіс. Осы орайда банк­пен жылы қарым-қатынасы бар ЭКОСАИ-ға мүше елдер өз беделін қол­дана отырып, аудиторлық сабақтарды қаржыландыруға көндірсе деген тілегіміз бар деді ұйымның бас хатшысы. Венера ТҮГЕЛБАЙ.