Дарынды жастардың авторлық бағдарламаларын іс жүзінде пайдалану үшін инвесторлар керек
Ел ішінде қашанда ерек қабілет иелері аз болмаған, қазір де аз емес. Алайда, дүниеге жаңалық енгізе алатын дарындар қашанда мемлекеттің қолдауы мен көмегіне зәру. Бұл күндері еліміздің аймақтарында “Болашақ жастар үшін” жобасының аясында жастардың инновациялық белсенділігін арттыруды мақсат тұтатын білім беру семинарлары мен кездесулер басталды.
Бұл семинарлар студенттер мен жоо түлектерінің авторлық жобаларын кәдеге асыру мен дамытуды, идеяларымен бөлісуді, тұсаукесерлерін өткізіп, тұлға ретінде қалыптасудың жөн-жобасы жөнінде кеңес беруді көздейді. Алғашқы семинар Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында өтті. Аталмыш жобаны халықаралық “Болашақ” стипендиясы иегерлерінің ассоциациясы алға жылжытатын болады.
Алғашқы кездесудің өзі талантты жастарды еліміздің барлық түкпірінен табуға болатындығын көрсетіп берді. Мәселен, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің екінші курс студенті Руслан Бутин тамаша жетістігімен көзге түсті. Талдықорғандық жігіт компьютерлік қарақшылықтан қорғайтын өзіндік бағдарлама жасаған екен. Ал мамандар жаңа бағдарламаны бес ай бойы сынақтан өткізгенде “бұза алмаған”. Қазіргідей ақпараттық технологиялар заманында хакерлік “шабуылдардан” орасан шығын көріп отырған мекемелер жеткілікті болып тұрғанда, Русланның жаңалығы бағдарламашылар үшін аса өзекті болып табылады. Сондықтан Руслан Бутин өз жаңалығын жария етіп, семинарда мамандардың қошеметіне ие болды. Алайда, дәл Руслан сияқты жастарға тек қолпаш жасау аздық етеді. Оның авторлық бағдарламасын іс жүзінде пайдалану үшін инвесторлар керек. Жеке өзі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жобаны қолданысқа енгізе алмайтыны аян. “Болашақ” ассоциациясының атқарушы директоры Жанна Төлегенова Руслан Бутиннің басқа да жобалары бар екендігін алға тартып:
– Біздің мақсатымыз – жастарды инновациялық жобаларын алға жылжытып үйренуге машықтандыру. Және дәл осындай идеяларға зәру инвесторлар мен компанияларды табу да аса маңызды, – деді.
“Болашақ” ассоциациясының көздегені де осы. Мәселен, “Болашақ” бағдарламасымен Лондондағы “Cass Busіness School” оқу орнында білім алған, қазір “Ақыл-кеңес консалтинг” ЖШС бас директоры Дәуіржан Ауғамбай:
– Біздің қауымдастық Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің базасында “Жас маман” атты студенттердің экономикалық бюросын құрды. Осының арқасында жастарымыз ірі компаниялардың топ-менеджерлерімен кездесіп, қаржы және экономика тақырыптарына байланысты лекцияларын тыңдап, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алуда. Бұл бастамалар олардың өмірде өз орындарын тауып, тұрақты жұмыс табуына көмектеседі, – дейді.
Ендігі жерде мұндай семинарлар Астана, Шымкент, Өскемен, Көкшетау қалаларында жалғасын таппақ. “Болашақ жастар үшін” жобасының аясындағы кездесулерде индустриялық-инновациялық даму саласының сарапшылары, орта және шағын бизнестің өкілдері, мемлекеттік саясаткерлер дәріс беретін болады. Семинар кезінде талантты жастар кәсіпкерліктің, инновациялық технологиялардың қыр-сырын меңгеріп қоймай, қажет деп тапса – ақпараттар легіне бейімделуді, сараптамалық ой түюді, шешендік өнерді де үйренбек.
Ал семинар кезінде тамаша жобаларымен, авторлық идеяларымен дараланған жастардың жұмыстары индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында жүзеге асыруға ұсынылмақ.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.