Алты алаштың ардақтысы, қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай мен ақын, әнші, сазгер Нартай Бекежановтың 120 жылдық торқалы тойлары дүркірей өтті
Шиеліде бүгінгі тарих парағына есімдері алтын әріппен жазылған тумысы бөлек тұлғалар, ұлтымыздың мақтан тұтар ұлылары мен ұлықтары жетерлік. Аттары аңызға айналған жеті әулие – Оқшы ата, Асан ата, Есабыз әулие, Ғайып әулие, Бала би, Досбол би, Қыш ата осы Шиелінің киелі топырағында жатыр. Мұнан берірекке көз жіберер болсақ, алты алаштың ардақтысы Мұстафа Шоқай, атақты әнші-балуан Иманжүсіп, Сыр сүлейлері Бұдабай, ағайынды Мәнсұр мен Нартай Бекежановтар, қазақ ғылымы мен әдебиетінің көрнекті өкілдері Әуелбек пен Қалжан Қоңыратбаевтар, Әбділда Тәжібаев, Шахмардан Есенов, Қалмақан Әбдіқадыров, Мырзабек Дүйсенов, Мүсілім Базарбаев, тағы басқалар және екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев бастаған 41 Еңбек Ері бұл аймақтың құнарлы да киелі аймақ екендігін білдірсе керек.
Даласы дархан, қойнауы қазына, тарихы телегей теңіз бұл өлке тұрғындары тумысы бөлек тұлғаларының өнегелі өмір жолдарын ұрпақтарына ұлағат етуге барынша көңіл бөлумен келеді. Соның айқын бір айғағы – күні кеше шиеліліктер Мұстафа Шоқай мен Нартай Бекежановтың тұспа-тұс келген 120 жылдық торқалы тойларын дүркірете өткізді.
“Ардақтаған азаматын Шиелі, неткен ғажап атың” деп айдар таққан мерекелік шара Оқшы ата әулиелер кешеніндегі Есабыз мешітінің ашылуымен басталды. Айта кету керек, заманында ел арасында ерекше құрмет-қошеметке кенелген абыз, әулие бабаларымыз осы Оқшы ата кешенін мәңгілікке мекен еткен. Асан қайғы бабамыздың желмаясына мініп, жұртына пана, еліне сая боларлық жерұйықты іздеп, жасыл желегі жайқалған, шөбі шүйгін жазиралы аймақ – осы Оқшы ата кешенінде жерленуі Шиелі жерінің шынында да киелі жер екенін білдірсе керек. Осы бір киелі жерде Есабыз атаға ашылған мешіт, яғни имандылық үйі бүгінгі ұрпаққа өткенімізді өнеге, ұлағат етіп тапсыруды мұрат тұтқан.
Мұнан соң торқалы тойға жиналған Шиелі кенті “Көкшоқы” мөлтек ауданында қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов атындағы көшенің ашылу салтанатына қатысты. Көшенің ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедов сөз алып, тумысы бөлек тұлға И.Әбдікәрімовтің өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа ұлағат боларын егжей-тегжейлі баян етті.
Қазақстанның халық ақыны, әнші, сазгер Нартай Бекежановтың өмірдерегі мен шығармашылығына арналған “Сері ақын сексен әннің басын қосқан” атты ғылыми-танымдық конференцияға жиналғандардан ине шаншар орын қалмады.
Конференцияда “Нартай Бекежанов – қазақ поэзиясында классикалық ақын-жыраулар дәстүріндегі көрнекті ақын, ұлт мәдениетінің қайраткері” тақырыбында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Т.Тебегенов, “Ақын, сазгер, әнші Н.Бекежановтың шығармашылық, мұрагерлік сипаты” тақырыбында Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетінің профессоры А.Алматов, “Нартай Бекежановтың әдеби шығармалардағы көркем бейнесі” тақырыбында Қызылорда гуманитарлық университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты А.Шамахова және тағы басқа ғалымдар мен зерттеушілер баяндама жасап, ән мен жырдың дүлдүлі жайлы жан-жақты әңгіме қозғады. Бұл шара “Ән мен жырдың дүлдүлі – Нартай ақын” атты республикалық дәстүрлі ән фестиваліне ұласты. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен, яғни Астана, Алматы қалаларынан, облыстардан есімдері елімізге танымал әншілер қатысып, Нартай әндері мен жырларын қатысушыларға шашу етті. Фестивалдің “Нартай” номинациясын айтулы жырау Ақмарал Ноғайбаева жеңіп алса, бірінші орынды Елмұра Жаңабергенова иеленді.
Торқалы тойдың қызықты да думанды тұсы Бұдабай атындағы мәдениет үйінде өткен “Ардақтаған азаматын, Шиелі неткен ғажап атың” атты республикалық ақындар айтысы мен М.Шоқай атындағы орталық алаңда өткен “Әлем таныған тау тұлға” атты жазба ақындар мүшәйрасы болды.
Айтысқа сөз сайысында суырылып жүрген белгілі 12 айтыскер ақын, ал жазба ақындар мүшәйрасына Сыр аймағының түкпір-түкпірінен 20 ақын қатысты. Ақындар айтысының бас бәйгесін шымкенттік Кәрима Оралова иеленіп, ауылына бәйгеге тігілген автокөлікті алып қайтты. Ал жазба ақындар мүшәйрасында бәйгені Мұстафа Шоқай есімін әлемге барынша әйгілеген қызылордалық қыз Нәзгүл Бердіқожа иеленді.
Думанды дүбірдің екінші күні Шиелі орталығындағы спорт алаңына қырық қаралы қараша үй тігіліп, түрлі спорт сайыстары жүріп жатты. Осы алаңдағы “Атақ-даңқы әлемге жеткен, тұлғаларын тұғырлы еткен киелі Шиелім” атты театрландырылған қойылымның шалқыған күйі нұрлы күннің шуағына шомылып тұрды.
Айтқандай, осы бір торқалы той күні шиеліліктер Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаеваның 90 жастың төріне шыққан айтулы күнін де назардан тыс қалдырмаған. Спорт алаңының айналма жолымен үсті ашық автокөлікте отырған Еңбек Ерін нөкерлері қоршалай әкеліп, сахна төріне көтерді. Тұғырлы тұлғалардың салтанатты шарасында сөз бастаған аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барша қауымды Алтын күз мерекесі аясында айтулы азаматтардың торқалы тойларымен құттықтады. Сөз соңынан Шырынкүл Қазанбаеваға сый ретінде автокөлік кілтін табыс етті.
Мұнан соң текті тұлғалардың торқалы тойларына келген қадірменді қонақтар өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Ендігі сөз кезегін соларға берелік.
Оразбек Сәрсенбай, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Сұлу Сырдың бойын мекендеген халықтың арасынан небір дүлдүлдер шықса, солардың ортасынан айрықша орын алатын Мұстафа мен Нартайды дәріптейтін шараның мәні тереңде. Туған елге, Отанға деген сүйіспеншілік туған ауылға, туған жерге деген сағыныш мақтаныш сезімдерден бастау алары әмбеге аян десек, олардың атына лайықты ұрпақтар қатары сиремесе екен деп тілейік.
Алтыншаш Жағанова, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Қазақстан әйелдері” журналының президенті – бас редакторы.
Осы топырақта туған тұлғалар – ұлт көсемі Мұстафа Шоқай мен елге әйгілі сазгер, ақын әрі әнші Нартай Бекежановтардың кешегі Ұлы Отан соғысының алапат жылдарында темір тұлпарды тізгіндеген тұңғыш қазақ қыздарының бірі, даңқты диқан Шырынкүл Қазанбаева апамыздың 90 жасқа толған мерейтойлары –барша қазақтың тойы.Той құтты болсын, ағайын!
Қуандық Түменбай, жазушы, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, “Үркер” журналының бас редакторы:
– Мұстафа Шоқай – мәңгілік ғұмыр. Тағдыр бұралаңына түскен оның өмірі өнеге болып қала бермек.
Нартай мен туған жылы өмірден озыпты. “Шырылдап туған сәбиге, жаялық еттім өлеңді, дірілдеп тұрған кәріге, таяныш еттім өлеңді” деп жырлаған үлкен жүрек тоқтағанмен, жылуы талай ғасырды жылытары хақ.
Мұхамеджан Қаратаев – қазақ сынының Белинскийі, ол – қазақтың энциклопедиясы.
Шырынкүл Қазанбаева апамыз – еңбектің тортөбелі. Еркек жоқ кезде еркек боп трактор айдаған апамыз – біздің мәңгілік кейіпкеріміз.
Нұртөре Жүсіп, Президент сыйлығының лауреаты, “Айқын” газетінің бас редакторы:
– “Той – халықтың қазынасы” дейді дана халқымыз. Осындай игі шаралар бүгінгі замандастарымызға да, ертеңгі жас ұрпаққа да керек. Отанды сүю – отбасынан десек, туған жерімізден шыққан тұғырлы тұлғалар есімін ардақтау – елдіктің белгісі.
Сұлтанәлі Балғабаев, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төралқа төрағасының орынбасары, жазушы-драматург:
– Мен өзімнің ұлы қайраткер дүниеге келген Сұлутөбе төңірегінде, қазіргі Мұстафа Шоқай ауылында туып-өскенімді әрқашан да мақтан етемін. Мен Мұстафа Шоқай мен оның жан жары Мария Шоқайдың 1-томдық “Естеліктер” атты жинағының қолжазбасын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының атынан Түркияға апарып, Ыстамбұл қаласынан шығарып әкелдім. Кейін осы кітаптың негізінде “Бостандық алар күн туса...” деген пьеса да жаздым.
Ал, Нартай ақынның қазақ халқының өткен 21 ғасырда мәдени-рухани өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Туған жерден түлеп ұшқан асылдарымызды әрқашанда қадір тұтып, құрметтей берейік.
Иә, есімдері елге танымал азаматтар айтса айтқандай, киелі жер Шиеліде ұрпақтарын ұлағаттаған торқалы той көпшілік көкейінен орнықты орын алып, жүректеріне жылылық ұялатты. Салтанатты тойдың сәнін кешкілік орталық алаңды әнге бөлеген Жазира мен Жанболат, Еркін Нұржан, “Азия” тобы секілді эстрада жұлдыздары келтірді. Түнгі аспан отшашумен көмкерілді.
Еркін ӘБІЛ.
Қызылорда облысы, Шиелі кенті.