19 Қазан, 2010

“Мінсіз”

824 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бұл — сапа белгісінің атауы Өнімдері халықаралық абыройға ие болған “ФудМастер” компаниясына сын та­ға алмайсың. Тақырыпты “Мінсіз” деп не­ге қойдық. Өйткені, кәсіпорын биыл Дү­ниежүзілік тұтынушылар күнінің қарса­ңында Қазақстан тұтынушылар лигасының “Мінсіз” халықтық сапа белгісі сыйлы­ғымен марапатталған. Төле би ауданының Көксәйек ауылында орналасқан кәсіпорынға аудан әкімі Әуел­хан Тұрғымбаев бастап келді. Ірі ком­панияның осындағы филиалының дирек­торы Ысқақ Әбдіғалидың өмірде көңілді жан екендігі көрініп тұр. Күліп жүріп бә­рімізге қызыл халат кигізді. Қонақтарға ар­налғаны екен осындай түстің. Миығынан күліп жүріп бір реттік бас киім мен бахил ұсынды. Күлімсіреп жүріп су сабынмен қолымызды жуғызды. Күліп жүретіні кәсіпорынның ішіне кіргенде сыртқы есіктен ар жағында қалып кетті. Білімді, өз ісіне жетік маман болмаса қайдан басшы болсын. Никель тұрбалары айқыш-ұйқыш, кнопкалы аппараттармен басқарылатын қондырғылардың ішіне кіріп кеттік. Мұнда қытай тауарларының иісі аңғарылмайды, бәрі еуропалық. Әбдіғали Әбілқайырұлы түсіндіріп жүр. Біз отандық өндірістің кемелденіп келе жатқанына қуанулымыз. “ФудМастер” компаниясы Қазақстан нарығындағы сүт өнімдерін өндіру сала­сын­дағы көшбасшы болып табылады. Республикамыздың аумағында көптеген сүт санаттарының өндірістерін іске қосу біріншілігі осы компанияға тиесілі. Алғашқы қазақстандық йогурт 1995 жылы, түйіршікті сүзбе 2005 жылы, картонды асептикалық қораптағы ультрапастерленген сүт 1999 жылы өндірілген. Компания отандық өндірушілер арасында азық-түлік өнімдерінің ең бай тізімін шығарып, әрқашан қазақстандықтардың талғамы мен сұраныстарын қанағаттандыруды алға қояды. Олардың ішінде тұтынушылар сүйіспеншілігіне ие болған “ФудМастер” айраны, “ФудМастер” қай­мағы, “Домашний” сүзбесі, йогурттар мен “Дольче” құймаланған ірімшіктері, “БИО-С” ұйыған сүті, қатық және т.б. өнімдер бар. Қазіргі уақытта ком­пания зауыттары сүт өнімдерінің 100-ден астам атау­ын шығарады. Компания жыл сайын ассорти­ментін жаңартып, қазақстандықтарға дәмдік сапасы жетілдірілген жаңа өнімдерді ұсынып отырады. “ФудМастер” өнімдері тұтынушылар тарапынан да, сүт өндірісі саласындағы сала сарапшылары мен мамандары тарапынан да танылып, халықаралық және республикалық тағам байқауларының жүл­дегері атанған. 2004 жылдан бастап “ФудМастер” өнімдері 35-тен астам беделді сыйлық иесі болып келеді. Оларға 2004-2010 жылдар бойынша “Қа­зақстан нарығындағы үздік өнім”, 2009 жылдың мамырында Алматы қаласында өткен сүт өнім­дерінің республикалық байқау жарысының нәти­желері бойынша Ауыл шаруашылығы министрінен және ЗТБ “Қазақстандықтардың Сүт одағынан” бі­рінші дәрежелі үш диплом беріліпті. Сонымен қа­тар, компания мұрағатында республикалық байқау жарысына ұсынылған үлгілердің: йогурттар және сүзбелі жеңсік асы, қатық, “БИО-С”, “ФудМастер” қаймағының жоғары сапасы үшін номинациялары тағы бар. Сондай-ақ осы жылдың наурыз айында “ФудМастер” айраны Қазақстанның тұтынушылар лигасынан “Мінсіз” халықтық сапа белгісін иеленді. 2004 жылы “ФудМастер” компаниясы әлемнің әртүрлі елдерінің 150-ден артық кәсіпорнын бірік­ті­ретін және дүние жүзіндегі жоғары сапалы сүт өн­ім­дерін өндіру бойынша көшбасшылардың бірі болып танылған Халықаралық Лакталис тобына (Франция) кірді. Бүкіл өндіріс үрдісі сапаны қатаң бақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Компания үшін бұл жұмыс – ең маңызды және өзекті. “ФудМастер” зауыттарында жоғары техноло­гия­ларды қолдану, сақтау мерзімі 21 күнге дейін болатын өнімдерді алуға мүмкіндік береді. Компания шығаратын өнім ветеринарлық, санитарлық-эпи­демиологиялық және техни­ка­лық қадағалаудың мемлекеттік органдарымен тексерілген және мақұлданған. Бақылаушы орган­дар зертханаларында жүргізілетін зерттеулер “ФудМастер” өнім­дерінің жылдан жылға мемле­кеттік стандарттарға сәйкестігін көр­сетіп отыр. Сонымен қатар “Фуд­Мастер” компаниясы сүт өнім­дерін қауіпсіз өнім ретінде Қазақстаннан Ресейге әкелуге РосПотребНадзор рұқсатын ал­ған қазақстандық өндірушілер ті­зіміндегі аздаған компания­лар­дың бірі. “ФудМастер” компаниясы­ның негізгі міндеті Қазақстан сүт өндірісін тұрақты дамыту жә­не халықты табиғи құрамдас­тар­дан даяр­ланған, әлемдік сапа стандартына сәй­кес өнім­мен үздіксіз қамтамасыз ету болып табылады. Кәсіпорынның жетістіктерін термелеген Әб­діғали Әбілқайырұлынан мамандарды қайда да­яр­лап, қайда оқытатындарын сұрағанбыз. Алматыдағы оқу орындары мен шетелдегі жеңіл өнеркәсіп компанияларымен іскерлік байланыста екендігін айтады. Жылына үш-төрт мәрте тренинг өткізіліп тұрады. Шетелден арнаулы мамандар шақыртылады. Ал жұмысшылар – осы төңіректегі ауылдардан. Айлықтары кәсіби біліктілігі, қызметінің үлкен, кішілігіне қарай 30 мың мен 100 мың аралығында екен. – Ақ ішіңіздер, – деп “ФудМастердің” мақ­таулы өнімдерін алдымызға қойды. – Апам, “балам, ақ ішіп жүр, ішің ағарады, денсаулығың жақсы болады”, – деген соң үнемі ақ ішіп жүремін дейді екен бір алқаш,  – дейді аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сержан әзілдеп. – Ақ? Қай ақ? – дейді Әбдіғали таңырқап. – Ақ арақ қой. – Ой, айтады екенсіз. Біздің ақ денсаулықты ұрламайды, қайта нығайтады... Күліп жатырмыз. “Мінсіз” деп сапа белгісіне қалай тауып қойылған. Кей-кейде дүкендерде ақырып кеткен айран, іркіттей ірімтіктелген қаймақ, көк суы бетіне шыққан сүт көресің. Байқамай сатып алған соң. Шағын цехтардікі. Олар да жетілер. Жаңа кондырғыларға да қолдары жетер. Солай болса ғой деп ойлайсың ғой. “ФудМастер” сияқты компаниялар саны не­ғұрлым көп болса, тұтынушы көңілі соғұрлым сирек қайтып, босқа ақша жұмсау азаяды”, – деген екен Тұтынушылардың ұлттық лигасының президенті Светлана Савченко. Сапа белгісі тұтынушыға бос іздеу пен елеулі қаржылық қателіктерге уақыт кетірмей, сапалы өнімдерді бірден тануға мүмкіндік береді. Отандық өндірістің сүт өнімдері жөнінен іргелі компаниясының бір көшеті тау бауырындағы ауылда молынан бүршік жарыпты. Соған қуандық. Олардың қатары көбейіп, ну тоғай болғанын тілейікші. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы. Суреттерді түсірген автор.