“Нұр Отан” ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әмірхан РАҚЫМЖАНОВПЕН әңгіме.
– Еліміз қазір бүкіләлемдік маңызды форумның – ЕҚЫҰ Саммитінің қарсаңында тұр, осыған орай әуелі “Нұр Отан” ХДП Астана филиалының атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берсеңіз.
– Әрине, бұл – еліміздің абырой-беделін бүкіл әлемге жария еткелі отырған, қазақ жерінде бұрын-соңды болып көрмеген аса маңызды форум. Ол, ең алдымен елдің халықаралық қоғамдастық алдындағы саяси салмағын арттырады. Сондай-ақ, елдің танымалдығы мен сенімділігі де арта түсетіні белгілі. Біздің бизнесмендеріміз қазір дүниежүзілік рынокқа батыл қадам басып отыр, әріптестік қатынаста бұрын олармен астамшылықпен сөйлесетіндер, енді елдің беделі артқанын көріп, теңгерімді жағдайда сөйлесетін болады. Соның арқасында елімізге келетін инвестиция көбейіп, өнімдеріміз бен ресурстарымызға деген сұраныстың көлемі өсе түседі. Сайып келгенде, бұл елдің әл-ауқаты артуының алғышарттарының бірі болып табылады.
11 жылдан бері болмаған осы форум Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке беделінің, қазақстандық дипломатияның шеберлігінің арқасында әлемдік Ұйымның орталықазиялық бөлігіндегі жауапкершілік аумағында тұңғыш рет өткелі отыр. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына қол жеткізіп айды аспанға бір-ақ шығарса, енді өзінде форум өткізу арқылы беделінің бұрынғыдан да өсе түскенін паш етуде. Бәріміз де оның жақсы өтуіне, абыроймен өтуіне тілектеспіз, сол үшін белсенді түрде еңбек етудеміз.
Ал енді “Нұр Отан” ХДП-ның бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігіне тоқталар болсам, оның танымалдығы мен ықпалы жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Әсіресе, кейінгі жылдары оның қатты өскенін бақылауға болады. Оның күнделікті жұмысының маңызы да арта түсуде. Атап айтар болсақ, биылғы жылы мамырда өткен партия Саяси кеңесі бюросының отырысы елімізді ары қарай қарқынды дамыту мәселесіне арналды. Партия Төрағасы, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың “Нұр Отан” ХДП ХІІ съезінде берген тапсырмаларының орындалу барысы қызу талқыланды. Осы талқылауларда партияның халық арасындағы беделінің, оның ықпалының қаншалықты екендігіне сарап жасалды. Сонымен қатар, Саяси кеңес бюросында жаңа тапсырмалар берілді. Қазір біз соны қызу орындау үстіндеміз.
Жуырда Елбасы Ақтөбе қаласында Астанадағы Жоғары партия мектебінің аймақтық филиалын ашқанын білесіздер. Сол жолы да партия белсенділерінің алдында сөз сөйлеп, алдымызда тұрған жаңа міндеттер жайында әңгімеледі.
– Әсіресе, партия Төрағасы қандай мәселелерге қатты көңіл аударған еді және сол міндеттер Астана қаласында қалай орындалуда?
– Елбасы партия кадрларының білімді болмағы керектігін баса көрсетті. “Тек қана білімді де білікті кадрлар партияның мақсаты мен ісінің маңызын халыққа дұрыс түсіндіре алады”, деді ол. Партия Жоғары мектебі аймақтық филиалының ашылуы да осы мақсаттан туындап отыр. Осы орайда, партия Төрағасы Жапония, Сингапур, Малайзия секілді елдердің мысалын ауызға алды. Олардағы билік партиясы өзінің халық алдындағы беделінің, танымалдығы мен ықпалының арқасында 50 жылға жуық билік басында отыр. Сол елдердің экономикасы да тұрақты түрде дамып келе жатыр.
Мен осыған Үкіметтің бағдарламасы аясында Жапонияда оқыған кезімде куә болдым. Сонда ол мемлекеттегі барлық адамдардың жұмыс істейтінін көрдім. Үкімет барлық адамды жұмыспен қамтуды, соның ішінде уақытша жұмыспен қамтуды қатты қолға алған. Ондағы адамдар тек еңбекпен тапқан нанның бағалы екендігіне әбден көз жеткізген. Соның арқасында ел экономикасы да тұрақты дамуда.
Елдегі саяси тұрақтылық – халықтың қажеттілігін ескеріп, мемлекеттің назарын оған қамқорлық жасауға бұрып отыратын партияның тиімді жұмысына байланысты. Сондықтан да халықпен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеу керек деген еді Елбасы. Одан әрі партия Төрағасы біздің әлеуметтік әділетті мемлекет орнатып жатқанымызды атап өтті. Бірақ, деді ол, біз халыққа түрлі өтемақылар төлеу арқылы оның масылдық пиғылын оятпауымыз керек. Керісінше, жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, халық арасында айтылатындай, қолына балық емес, балық аулайтын құрал беріп, оны ұстауға үйретуіміз керек. Егер халық жұмысқа керенаулық танытса, ел экономикасының дамуы да тоқырайды.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық туралы айтқанда, Елбасы партия белсенділерінің алдына нақты тапсырмалар қойды. Біздің төрағалыққа сайлануымыздың өзі – елімізге көрсетілген зор сенім, үлкен құрмет. Біз оған елдегі саяси тұрақтылықтың, төзімділік пен ынтымақтың арқасында қол жеткіздік. Халыққа осының маңызын кеңінен түсіндіру керек, деген еді партия Төрағасы.
Міне, осындай тапсырмаларды орындауда “Нұр Отан” ХДП Астана қалалық филиалы да өзіндік белсенділігін көрсетуде. Соңғы кездегі жұмыстарға тоқтала кететін болсақ, кеше ғана біз екінші қалалық ауруханада болып, еңбеккерлермен кездестік. Біздің адамдардың ой-өрісінің биіктігі, партияның үлкен еңбегін бағалауы, оған деген зор сенімі осындағы қызметкерлердің сөздері мен ұсыныс-тілектерінен айқын көрінді. Кездесу барысында “Нұр Отан” қатарына жаңадан 70 адам өтуге тілек білдірді, осының өзі-ақ партияға деген сенімді білдірсе керек.
Осы кездесуде ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге байланысты да сұрақтар көп болды, біз оларға форумның маңыздылығын тарата айтып бердік. Соның ішінде саммиттің өткізілуінің өзі Қазақстан төрағалығының жұмысына деген үлкен баға, оның “созылмалы сырқаттарды” шешуге ықпал ету бағытындағы белсенділігіне танытылған ықылас екендігі айтылды.
Сондай-ақ, филиал басшылары көптеген қалалық бастауыш партия ұйымдарында болып, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз бен саммиттің Астанада өткізілуінің маңыздылығы тақырыбына арналған кездесулерді жиі өткізіп жүр.
– Саммитке байланысты “Нұр Отан” ХДП Астана қалалық филиалына арнайы тапсырмалар жүктелді ме?
– Әрине, қазір Астана қаласы әкімдігі қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі. Астана әкімі бастаған қалалық құрылымдар осы тарапта үлкен ұйымдастырушылық шеберліктерін танытуда. Осыған орай құрылған штабтың отырысы аптасына екі-үш реттен өтіп тұрады. Онда әуежайдың дайындығы, көшенің тазалығы, қонақүйлердің қызмет көрсету, тамақтандыру сапасы мәселелері және т.б. қаралып тұрады. Саммиттің негізгі қонақтары қысқа мерзімге келгенмен, Астанаға алдын ала атбасын тірейтін журналистер, сарапшылар, түрлі мамандар да көп болады ғой. Олардың демалуына, қаланы көріп, тамашалауына жағдай жасау жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Осы тарапта партия белсенділеріне нақты тапсырмалар берілуде. Астанамыздың тамаша демалыс орындарын, мұражайлары мен кітапханаларын, түрлі көрмелерін көрсетуге астаналықтар атсалысатын боламыз. Тіпті, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін көрсету, сондай-ақ республикамыздағы түрлі ұлт өкілдерінің тыныс-тіршілігінен хабар беру де ойымызда бар.
– Ал қаланың қалыпты тіршілігінде өзгерістер бола ма? Мәселен, саммит күндері жекеменшік жеңіл мәшинелердің жүруінің тоқтатылуы, қонақтардың келуін шектеу, бос жүріс-тұрысты азайту деген секілді.
– Осының бәрі Астана қалалық әкімдігінің шараларында қарастырылуда. Қай күнде үйге үлкен қонақ келерде дайындық жүргізілмейтін бе еді? Соның ішінде үй-іші жандарына дұрыс киініп, дұрыс сөйлеу, дұрыс жүру туралы ата-аналары ескертеді ғой. Қала да сондай, отбасы секілді тұтас организм, сондықтан ол да өзге жұрттың алдында ұят болып қалмас жағын қатты ойластыруда. Астананың тұрғындары да осы күндері өз қаласының жоғары деңгейден табылуына үлес қосар деген үміттеміз. Қалада өтілетін мәдени шараларға қатысуға ешқандай шектеу қойылмайды. Сонымен бірге, өзіміздің сырт қонақтарымыздың қалыптағыдан көп келуіне, өзіңіз айтқандай, жекеменшік көліктердің көп жүруіне тыйым салынатын болар. Және олар жәй қонақтар емес, елуден астам мемлекеттің делегациялары. Сондықтан қауіпсіздік шаралары да барынша жетілдірілетіні белгілі. Екі күн демалыс та жүріс-тұрысты шектей тұру үшін беріліп отырғаны түсінікті болар.
Сөз соңында айтарым, әлемдегі шешімі табылмай жүрген шиеленістерге, соғыстарға оң ықпал еткісі келген Қазақстанның 1-2 желтоқсан күндергі саммитті сәтті өткізуі тәуелсіздігін енді алған жас мемлекет үшін үлкен абырой, ел тұрғындары үшін үлкен мақтаныш болатыны сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.