Алтынемел асуындағы биікке ел ішінде әділдігімен, ақылдылығымен танылған Абылай ханның шөбересі, Әділ төренің немересі, кезінде Жетісудың едәуір бөлігін билеген Тезек төре және шешендігімен танылған Бөлтірік бабаға арналған үштұғырлы белгітас қойылды.
Басқосуда облыс әкімі Серік Үмбетов белгітастың орнатылуы тәуелсіздік алғаннан бергі тарихымызды түгендеудегі Елбасының тапсырмасымен жалғасқан “Мәдени мұра” бағдарламасының жемісі екендігіне тоқталды. Бұл шара Абылайханның шөбересі Тезек төре осы маңайда жерленгенімен сабақтасса, Шоқан Уәлихановтың деректеріне жүгінсек, ол Жетісуды жайлаған бірқатар ру-тайпалардың, кейіннен ұлы жүздің аға сұлтаны, әрі ақыны ретінде танылған Сүйінбай, Бақтыбаймен тұстас болған екен. Тезек төре “Мен екі ақын, бір шешенді көрдім, бірі- жалайыр Бақтыбай, біреуі – қызыл екей Сүйінбай, үшіншісі – Бөлтірік шешен” деген екен. Тезек төренің “Береке – бірлік пен татулықта” деген өсиетін бүгінгі ұрпақтары ұмытпай, алдағы күндеріне мұрағат етіп келеді.
Елдің ынтымағын, татулығын ойлаған Бөлтірік Әлменұлы дуалы ауыз би, қайтпас, қайсар батыр, қонымды сөзбен қол тоқтатқан шешендігімен өзімен тұстас жалайыр Балпық, албан Малай, Сары үйсін Сары, тобықты Құнанбай билермен, шапырашты Сұраншы, ботбай Сыпатай батырлармен, Тезек төремен сыйлас болып, ел ішіндегі кездескен істерді бірге атқарғанын да айтқан жөн. Халқымыз қашан да ақылды алға салған, сөзге тоқтаған, ұрпағының келешегі, ұлтының бүтіндігі үшін аттан түспей, әрдайым бәтуаға келгендігімен ерекшеленгенінің өзі бүгінгі тәуелсіздігіміздің жемісі.
Белгітасқа Бөлтірік би мен Тезек төренің ұлағатты сөздері жазылып, бабалар аманат еткен ел бірлігін әрдайым есте сақтайық деген мағынаны білдіретініне де сөйлегендер ерекше екпін берді. Көпшілік алдында қоғам қайраткері Ізбасар Балтағұлов, ғалым Қасқабай Мұқанов, еңбек ардагері Шернияз Нұғыманұлы, ақын Зернебек Шілдебайұлы сөйлеп, жас ұрпақ сайын далада, жүздеген жыл бұрын осындай алдағыны болжай білген кемеңгер, дарынды бабаларының ғұмыр кешкенін білуі тиіс, деді.
Алтынемел асуындағы граниттен қашалып, биіктігі 7,4 метр болатын. Үштұғырлы белгітаста Бөлтірік бидің:
– Білектің күшінде кеткеніңді,
Биліктің күшімен қайтардым.
Найзаның ұшында кеткеніңді,
Тілдің ұшымен қайтардым, деген және Тезек төренің:
– Көріңдер Абылайдың
Тезек ханын,
Тезектің бір жағы ақын,
бір жағы әкім.
Береке – бірлік және татулықта,
Бабалардың өсиетін ұстан, халқым, – дейтін қасиетті сөздері айшықталған. Бұл талай тарихи оқиғаларға куә Алтынемел, Күреңбелді мекендеген, тарихта қалған барша бабалардың рухына тағзым болатын белгітас десек, енді Талдықорған – Жаркент күре жолымен сапар шеккендер осы биікке аялдап, ұлағат алары анық.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
Суретте: Ұлы бабаларға арналған белгітас.