Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановтың жетекшілік етуімен Үкімет сағаты өтіп, онда “Әлеуметтік-еңбек саласының жай-күйі мен оны дамытудың негізгі басымдықтары туралы” деген тақырып төңірегінде ой қозғалды.
Үкімет сағатында аталған тақырып бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады. Министр “Жол картасының” жүзеге асуы жөнінде мәліметтерді келтірді. Баяндамашының айтуынша, әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс әсері жағдайында, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет қызметкерлердің жаппай босауының алдын алу мен оларды әлеуметтік қорғау, жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің жаңа бағдарламалары мен әдістерін қамтыған Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясы немесе “Жол картасы” әзірленген болатын. Оны қаржыландыруға 2009 жылы 191,5 млрд. теңге, 2010 жылы 145, 0 млрд. теңге бағытталды.
“Жол картасы” бойынша 2009 жылы 5200-ден астам жоба іске асырылды. Ағымдағы жылдың 1 қазанына 2633 жоба (74,3 %) аяқталды. Бұл 390 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. 145 мыңнан астам адам кадрларды даярлауға және қайта даярлауға жіберіліп, оның ішінде 64,5 мың адам жұмысқа орналастырылды. 192 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесі шеңберінде жұмысқа орналасты. Тұтастай алғанда, “Жол картасы” қысқа мерзімді шұғыл шара ретінде өзін ақтап шықты, алайда, бүгінгі күні назарды ортамерзімді және ұзақмерзімді жоспар шараларына аудару қажет.
Еңбек рыногының және жұмыспен қамтудың жай-күйіне тоқталғанда министр әлеуметтік саланы реттеудің өзге де бағыттары сияқты, еңбек рыногы мен жұмыспен қамтуды басқарудың жаңа тәсілдері мен шешімдері бүгінгі дамудың ахуалы мен үрдісіне орай белгіленгенін айтты. Ағымдағы жылдың 1 қазанына жұмыспен қамтылған халықтың саны 8 млн. 163 мың адамнан асты (салыстыратын болсақ, 2005 жылы – 7 260,9 мың және 2008 жылы – 7 832,1 мың адам). Жұмыссыздық деңгейі де тұрақты түрде төмендеп келеді. Соңғы 5 жылда жұмыссыздардың қатары 140 мыңнан астам адамға азайған.
Келесі кезекте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыс жағдайын жақсарту және жалақының өсуі туралы айтып берді. “Қазіргі уақытта еңбек саласы мен еңбек заңнамасын дамыту: Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі шеңберінде еңбек қатынастарын басқаруды жетілдіру; ұжымдық-шарттық қатынастар жүйесін дамыту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру; еңбек қатынастары мен еңбекті қорғаудың заманауи стандарттарын әзірлеу және енгізу дәстүрлі бағыттары бойынша жүзеге асырылуда, деді министр.
Халықты әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік қолдауды ұйымдастыру жайын сөз еткен кезде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің тиімділігі көбінесе басымдықтардың дұрыс іріктелуіне байланысты болатынын мәлім етті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл басымдықтар адамдардың лайықты қарттығын қамсыздандыру, мүгедектер үшін теңдей мүмкіндіктер беру, көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, аз қамтамасыз етілген азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек беру және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамыту болып қала береді.
Үкімет сағатында министр әлеуметтік көмек пен қолдау көрсету саласы бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы да айтты.
Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі дамып келеді. Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша бала тууына байланысты берілетін жәрдемақыны 261,5 мың адам алған. Жәрдемақы төлеу шығыстары 11,9 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 16,7 пайызға артық. Төртінші немесе одан кейінгі бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері (70 мың теңге) 2007 жылмен салыстырғанда шамамен 2,5 есеге артты. Аз қамтамасыз етілген отбасылардағы 18 жасқа дейінге балаларға берілетін жәрдемақы 791,4 мың балаға тағайындалып, төлемдердің жалпы сомасы 6,5 млрд.теңгені құрады, деді Г.Әбдіқалықова.
Үкімет сағатында күн тәртібіндегі мәселе бойынша депутаттар сұрақтар қойып, өз пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді. Үкімет сағатын Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов қорытындылады.
Үкімет сағатының нәтижелері бойынша дайындалған ұсынымдарға толықтырулар енгізіліп, Үкіметке жолданатын болды.
“Егемен-ақпарат”.