ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ ТАМАША ТАБЫСЫ
болып табылатын Астана Саммитін ойдағыдай өткізу – елдік сыны
ӘЛЕМ АСТАНАМЕН БІРГЕ ТЫНЫСТАЙДЫ
Қазақстанның халықаралық байланыстағы бүгінгі орны мен оның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасауы кездейсоқ оқиға емес. Егер еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі даму қарқынына көз жіберсек, оған біздің заңды жолмен жеткенімізді көреміз. Егемен Қазақстанда жүргізілген реформалар оның ішкі және сыртқы саясаттағы күйін тіпті де өзгертіп жіберді. Біз тәуелсіздік алған 1991 жыл мен бүгінгі күйімізді салыстырсақ, бұл өзгеріс анық танылады. Өзінің туған республикасында азшылық болып, басқа ұлттар басымдығын көрген, қазақша сөйлеуден қалған, үркердей ғана қазақ мектептері сақталған халықтың болашағын болжау да қиын еді. Ескінің көзін көрген біз сияқты қариялар оның дербес ел болып кетуіне де күдікпен қарайтын едік. Құдайға шүкір, тәуелсіздік бізге мемлекеттілік берді, тілімізді шығарды, ана тілімізде оқитын мектептерімізді көбейтті, көрінгеннің ақшасына телміртпей, өз валютамызды жасады. Ел экономикасын нарық жолына бағыттап, шаруашылықты көтеруге көмектесті. Қазақстан басшылығы нарықтық дамудың әлемдік үлгісімен қатар, өз елінің мәдени, рухани дәстүрін ескерген жаңа жол таңдады. Бүгінде “Қазақстан жолы” бүкіл әлемге танымал. Соның арқасында елімізбен жан-жақты байланысты нығайтқысы келетін мемлекеттер қатары барған сайын молыға түсуде. Экономикалық реформа тыңғылықты жүргізіліп, бұрынғы кеңестік республикалардың барлығынан бұрын жаңаша даму жолына түстік. Президентіміз ел ішіндегі өзгерістерді басқарып қоймай, шет аймақтарға шығып өзін де, елін де таныта білді. Елбасының көрегендігі мен іскерлігі, жаңаны қабылдауға батылдығы мен күшті ерік-жігері көп нәрсеге мұрындық болып, Қазақстанның жаңа өмірін жасауда шешуші рөл атқарды. 1991 жылдың тамыз айында, әлі де тәуелсіздік алып үлгермеген тұсымызда, қазақ жеріне өлімнің отын сепкен, халқымызды ауру мен мүгедектікке ұшыратып, біраз бөлігін қырған Семей полигонын жабудың өзі Елбасының керемет ерлігі еді. Бұл ішкі, сыртқы саясатта да басты оқиға болып табылады. Қазақстанға келген соңғы сапарында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мұны ерекше атап көрсетті. Ол ядролық қарудан бас тарта алмай отырған басқа елдерге мұны үлгі етіп айтты. Сөйтіп, Н.Назарбаевқа ядролық қаруға қарсы қозғалысқа басшылық жасауды ұсынды. “Жаһандық саммит қарсаңында ядролық қарусыз әлем құру туралы айтуға басқадан гөрі, Президент мырза, Сіздің моральдық құқығыңыз бар және ол жайлы дауысыңыз анық және батыл шығатыны сөзсіз. Ядролық сынақтарды тоқтату мен ядролық қаруды жою туралы айтуға басқа еш адам лайықты емес. Өйткені осы қарудың барлық қауіп-қатерін сіздің халық бастан кешті, оны Сіз ғана тоқтата алдыңыз”, – деді Бас хатшы. Н.Назарбаевтың ұсынуымен БҰҰ Семей полигонын жапқан күнді (29 тамыз) “Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күн” ретінде бекітті. Биылғы Америка сапарында Н.Назарбаев осы мәселені қайта көтеріп, ядролық қаруды таратпау жөніндегі БҰҰ шешімдерін орындауға біраз елдердің құлық танытпай отырғанына тоқталды. “Дүние жүзінде халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарына қайшы келетін ахуал қалыптасып отыр, – деді Елбасы. – Біреулерге қаруды иемденуге және оны жетілдіруге рұқсат берілсе, екінші біреулерге оған иелік ету былай тұрсын, жасауға ұмтылуға да тыйым салынады. Бұл – дұрыс емес, әділетсіздік...” Мұндай қаруды жоюда ядролық елдердің өзі басқаларға үлгі көрсетуі қажеттігін баса айтты. Қазақстанның ядролық қаруға және ядролық сынақтарға қарсы шығуы, бейбіт мақсаттағы басқа да ұсыныстары, елдің өз ішіндегі демократиялық реформалары – осының бәрі әлемдік кеңістіктен өзіне лайық орын іздеуінің белгісі еді. Осы шаралардың нәтижесінде Қазақстанда демократиялық институттар орнығып, жетіле бастады. Ұлтаралық қарым-қатынас үлгілі жолға қойылды. Ұлттар мен діндер арасындағы түсіністік пен татулыққа қол жетті. Үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі артты. “Мәдени мұра” сияқты рухани-ғылыми бағдарлама іске асты. Халықаралық деңгейде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтіп, түрлі конфессиялар өкілдері тұрақты кеңесетін орнын Қазақстаннан тапты. Қазір Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығын атқара бастағанына он айға жуық уақыт өтті. Бұл жұмысты еліміздің қалай атқарып жатқаны жайлы шетелдік пікірлер де қалыптасып, үлкен жиындар мен елімізге сапарлар барысында айтылып жүр. Біреулер қызығып қараса, біреулер қызғана қарайтындай жағдайға жеттік. Әлем мемлекеттерінің басшылары мен танымал саясатшылар бұл істі Қазақстанның іскерлікпен, белсенділікпен жүргізіп жатқанын мойындайды. Іс-қимылға жан біткенін, Ұйымның Астанадағы және Венадағы тынымсыз тіршілігін толғанып айтып жатыр. Қазіргі кезде Елбасының тікелей өзі, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ жауапкершілігіндегі талай елдерде болып, адамзатты алаңдатып отырған мәселелердің шешімін табуға ұйытқы болып жүр. Біз де іштен қарап көріп отырмыз. ЕҚЫҰ-ның саяси қызметін басқару мен жетілдіруде, үйлестіруде, дағдарыстарды реттеуде Қазақстанның белсенді қызмет істеп жатқаны анық. Осындай үлкен істің бірқатар тәжірибесін Қазақстан жинақтап жатыр. Әлем елдеріндегі ұлтаралық қақтығыстарды реттеуде, сөйтіп тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа қадамдар жасалды. Ұйымның Ауғанстан, Грузия, Молдова, Тәжікстан, Қырғызстан, Қарабақ проблемаларын реттеу жайлы іс-шаралары осыны айғақтайды. Әсіресе, өзіміздің көршіміз Қырғызстандағы саяси-әлеуметтік жағдайды ушықтырмай, дер кезінде басуға, реттеуге үлкен күш жұмсалды, оларға гуманитарлық көмектер жіберілді. Сөйтіп ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстанның әлем алдындағы беделін көтеріп, оны дүние жүзіне танытуда үлкен баспалдақ болғаны даусыз. Сонымен бірге ол біздің ішкі дамуымызға зор серпін берді. Қазақстан халқының бірлігін, ынтымақтастығын, патриоттық сезімдерін нығайтуға қызмет етуде. Қазақстан мен оның халықаралық осы ұлы қызметін ұйымдастыруда біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың аса зор еңбегін атау парыз. Қазір әлемде Қазақстан атқарып жатқан үлкен істердің барлығы Президенттің тікелей қажырлы еңбегі мен қажымас ізденісі, ұйытқылығы мен өнегесі, қағидатшылдығы мен талапшылдығы, беделі мен абыройы арқылы келгені шындық. Оны біз ғана емес, шет елдердің өзі айтып, бағалап жатыр. АҚШ-тың Шығыс-Батыс институтының мемлекеттік басқару, қауіпсіз әлем құру саласындағы ерекше жетістіктері үшін ел басшыларына берілетін сыйлығын биыл Н.Назарбаевқа беруі осы еңбекті, Президенттің халықаралық беделі мен ісін бағалауы деп түсіну керек. Оны бұған дейін АҚШ президенті Дж. Буш (үлкені), Германия канцлері Г.Коль, Чехия президенті В.Гавел сияқты азғантай ғана адамдар алыпты. Қазір Қазақстан ЕҚЫҰ елдерінің үлкен Саммитін ұйымдастыру қызметіне кірісті. Мұндай Саммит өтпегелі 11 жыл болған екен. Ал әлем мемлекеттері алдында халықаралық жағдай ауырлап, ақылдасатын мәселелер тіпті көбейген. Осындай жағдайда сондай үлкен әңгімеге мұрындық болу Қазақстанның үлесіне тиіп отыр. Оған Қазақстанға бұрын келіп көрмеген мөлшерде дүние жүзі мемлекеттерінің басшылары (55) және өкілдіктері, халықаралық ұйымдардың жетекшілері (65), көптеген баспасөз қызметкерлері – барлығы 5 мыңға жуық адам келмек. Онда Ауғанстанда бейбіт өмірді орнықтыру, ядролық қаруды тежеу, лаңкестікті тоқтату, есірткі тасымалына жол бермеу, соғыс атаулыға тыйым салу, әлем халықтарының бейбіт өміріне жол ашу, т.б. бүгінгі күннің толғақты мәселелері талқыланбақ. Олардың шешімдері Қазақстан, Астана атынан әлемге тарайтыны белгілі. ЕҚЫҰ Саммитінің халықаралық маңызы осыдан-ақ белгілі. Осындай ұлы жиынды өз мемлекетінде өткізу кез келген елдің маңдайына жазылмаған. Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толмаған елдің үлкен халықаралық ұйымға төрағалық етіп, үлкен Саммит өткізуі біз үшін ерекше қуанышты. Сонымен бірге ол Қазақстан халқына үлкен жауапкершілік, міндет жүктейді. Біз осыны сезінуге тиіспіз. Және бұл Қазақстанды, қазақ халқын әлем алдында танытатын сәтті жағдай. Сондықтан да Елбасы бұл жиынды “Біз үшін біздің қоғамымыздың толеранттылық, дәстүрлерді құрметтеу, сенім мен өзара түсіністік тәрізді басты құндылықтарын паш етудің таңғажайып мүмкіндігі”, деп атады. Әлем назары қазір Астанаға ауып отыр. Астана елімен, Елбасымен бірге талай сыннан өткен. Атом қаруынан бас тартқанда да, әлемдік мұнай компаниялары Қазақстан мұнайына бас қойғанда да, Назарбаевтың шетелдік сапарлары мен БҰҰ жиындарында сөз сөйлегенінде де, әлемдік дін басшыларын жинағанда да, әлемнің таңдаулы сәулетшілерін Астананы салысуға шақырғанда да сырт көз Астанаға көп қадалған. ЕҚЫҰ төрағасы болғанда да “Қалай басқарар екен?” деп қараған. Бұл сындардан Астана абыроймен өткен. Қазіргі Саммит кезінде де әлем Астанамен бірге тыныстағандай. Алда әлі міндет көп. Осы бетімізбен біз тәуелсіз еліміздің 20 жылдығына кіреміз. “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауында Президент: “Қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаты боп қала береді”, – деді. Алда тұрған Ислам Конференциясы Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету осы міндеттің бір саласы болып тарихқа кіретін болады. Серік ҚИРАБАЕВ, академик. АСТАНА САММИТІ ҰЙЫМҒА ӨЗГЕРІС ӘКЕЛЕДІ ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне үлкен үміт артып отыр. Өйткені, бұл саммит Ауғанстан мен Қырғызстандағы ахуал, Таулы Қарабақ пен Днестр бойындағы жанжалдар және т.б. бүгінгі таңда адамзатты алаңдатып отырған ең маңызды мәселелер бойынша саяси мәмілеге келуге мүмкіндік береді. Мәселен, Молдова президентінің міндетін атқарушы Михай Гимпу Астана Саммитінде Днестр бойындағы ұзаққа созылған жанжалды бейбіт жолмен шешуге қатысты саяси шешім қабылданатынына сенетінін мәлімдеді. Ал жуырда АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы өкілі Ян Келли АҚШ-тың Таулы Қарабақтағы ахуалдың шиеленісуіне қатты алаңдап отырғанын, сондай-ақ Астанадағы басқосудың жанжалдасушы тараптарды мәмілеге шақырып, мәселені реттеуге жол ашатынына үмітті екенін мәлімдеді. “Біз мұндай саммиттерді Ереван мен Бакудың арасындағы жоғары деңгейдегі үнқатысуды жандандыруға тамаша мүмкіндік ретінде қарастырамыз. Ең маңыздысы, тараптар осы саммитке қатысады деп ойлаймыз. Бұл – бір. Екіншіден, біз екі тараптың да түпкілікті келіссөздер мен жанжалды реттеуге алып баратын белгілі бір қағидаларды ұстануға міндетті болғанын қалар едік”, – деді Ян Келли Брюссельде “УкрАқпараттың” тілшісіне берген сұхбатында. Сонымен қатар, Ауғанстандағы есірткі саудасымен бірлесіп күресу мәселесі де алдағы саммиттің басты тақырыптарының бірі болмақ. “Жаһандық деңгейде жағымсыз әсері болған ауған мәселесі ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммитінде негізгі мәселе ретінде қарастырылады”, деп мәлімдеді ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев Палермода өткен трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі конференцияда. Оның айтуынша, Ауғанстандағы лаңкестік, ұйымдасқан қылмыс пен есірткі саудасына қарсы тиімді жолмен бірлесіп күресу үшін Қазақстан ЕҚЫҰ-ның шеңберінде АҚШ пен Ресейдің бастамасын бірауыздан қолдайды. – Биылғы жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитінің күн тәртібіне беделді Ұйымға мүше мемлекеттер үшін мәмілеге келуге болатын ең маңызды мәселелер енгізіледі, – деп мәлімдеді ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Палермодағы ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясында сөйлеген сөзінде. – Бұл, ең алдымен, Ұйымның шеңберінде қабылданған міндеттерді атқару. Атап айтсақ, еуратлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің болашағы; ЕҚЫҰ-ның аумағынан тыс жерлердегі жаңа қауіп-қатерлермен күресудегі ұжымдық күш-жігерді біріктіру; Ауғанстан мен Қырғызстандағы ахуал; адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау; нәсілдік алалаушылыққа жол бермеу және төзімділік мәселелері. Қазақстанның ерекше белсенділігінің арқасында Қырғызстандағы оқиғалар кезінде ЕҚЫҰ өзін халықаралық қауіпсіздіктің тиімді құралы ретінде көрсетті. Қырғызстандағы жанжалды реттеудегі Қазақстанның айрықша рөлін халықаралық деңгейде саяси қайраткерлер мен сарапшы-мамандар жоғары бағалады. Мәселен, биыл бірінші рет Астанаға атбасын бұрған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қырғызстандағы оқиғалар мен Ауғанстандағы ахуалды реттеудегі ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мемлекеттің іс-әрекеттеріне лайықты бағасын берді. Биылғы жылдың 6-8 сәуірінде болған қырғыз жанжалына қатысты Қазақстанның бітімгерлік миссиясын атап көрсеткен ЕҚЫҰ Орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер былай деді: “Қазақстан қырғыз жанжалы кезінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің үнқатысуы нәтижелі болатындай қолайлы ахуал туғыза білді”. Бұл пікірді толық қуаттаған ЕҚЫҰ-ның Іс-қимылдарын зерттеу орталығының басшысы Вольфганг Зельнер: “Бұл жердегі ең құндысы – Қазақстан өзін жеке мемлекет ретінде емес, ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде көрсетті”, деп мәлімдеді. Шындығына келсек, төрағалықтың тізгінін Орталық Азия елдерінің ішінен бірінші болып ұстаған Қазақстан ЕҚЫҰ-ның шеңберінде ТМД елдеріне қатысты қалыптасқан қасаң қағидалардың күлін көкке ұшырды. Оған мысал, төрағалық қызметтің басым бағыттары болған заңсыз есірткі айналымына тосқауыл қою, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам (бала) саудасымен күрес сияқты маңызды мәселелермен қатар, Қазақстан ЕҚЫҰ-ны реформалау тақырыбын батыл көтерді. ЕҚЫҰ-ны реформалау – уақыты жеткен шетін мәселе. “ЕҚЫҰ-ның Саммиті өтпеген онжылдық үзіліс аталған ұйымның мәмілелік негізінің дағдарысқа ұшырағанын көрсетеді”, деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жыл басында төрағалық тізгінін қолына алғанда. Қазақстан Президентінің батыл байламын халықаралық сарапшылар бірауыздан қостады. Тіпті, төрағалықтың тізгіні Қазақстанға тиген 100 күннің ішінде белгілі сарапшылар Астана ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымның тамырына “қан жүгіртті” деген пікір айтып жатты. М. Ломоносов атындағы ММУ-дің поскеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси үдерістерді зерттеу жөніндегі ақпараттық-сараптамалық орталығының директоры Алексей Власовтың айтуынша, ЕҚЫҰ жүйесіндегі дағдарыстың себептері мен одан шығудың жолдары туралы қазіргі кезде бәтуалы әңгіме қозғалмаса, онда Ұйымның өзі әлемдік даму үдерісіндегі алатын орнынан айырылып қалады. “Қазақстан төрағалығының алғашқы 100 күнінде ЕҚЫҰ-ның жалпы күн тәртібін жаңадан қалыптастыруға қарышты қадамдар жасады. Бұлардың барлығы қазақстандық СІМ-нің және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүйелі жұмысының нәтижесі”, – деді ол Ресей ақпарат агенттігіне берген түсініктемесінде. Әріптесінің пікірін Ресейдегі халықаралық зерттеулер институтының сараптамалық мониторинг орталығының аға ғылыми қызметкері Леонид Гусев те құптайды. “Астананың саммит өткізу жөніндегі бастамасын әлемдегі ірі-ірі елдердің көптеген көшбасшылары мен беделді саясаткерлері қолдап отыр. Мұның өзі Қазақстанның төрағалықты сәтті бастағанының және өткізіп жатқанының дәлелі. Ал 11 жылғы үзілістен кейін өтетін саммиттің өзі Қазақстанның аталған Ұйымды дамытудағы айрықша үлесі болатыны сөзсіз”, – дейді ол. “ЕҚЫҰ-ның аумағындағы қауіпсіздік проблемалары, Ауғанстандағы ахуал және төзімділік мәселелері саммиттің көтерер жүгін көрсетеді. Біздің ойымызша, бұл саммит ЕҚЫҰ-ның қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге бейімделуіне үлкен серпіліс беріп қана қоймай, ұйымның өзіне деген сенім мен құрметті арттыра түседі”, – деп мәлімдеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ның төзімділік пен қысым көрсетушілік жөніндегі жиынында былай деді: “Бізге еуразиялық экономикалық интеграция мәселелерімен білек түрініп айналысатын кез келді. ЕҚЫҰ-ның азиялық және еуропалық бөлігінің тығыз экономикалық қарым-қатынастар орнатуы – бұл болашақтағы экономикалық өрлеудің кілті және мемлекеттер арасындағы саяси үнқатысудың негізі”. Президенттің пікірінше, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тілдік, көші-қондық, діни, мәдени және білім беру саясаттарын өзгертіп, ортақ құжат жасайтын уақыт жетті. Ол құжатты Нұрсұлтан Назарбаев “ЕҚЫҰ – жаңа онжылдықтағы төзімділікке бір қадам” деп шартты түрде атауды ұсынды. Жуырда елордамыздағы Kazenerjy форумына қатысқан Австрияның федералдық экс-канцлері Альфред Гузенбауэр ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көптеген басшылары Астана Саммитіне Нұрсұлтан Назарбаевқа деген жеке құрметі үшін келеді деген пікір білдірді. Сондай-ақ, ол біздің беделді Ұйымға төрағалығымызға жоғары баға берді. “ЕҚЫҰ-ның Ыстамбұлдағы Саммитінен кейін, 11 жыл ішінде көптеген елдердің үкіметтері осындай форум ұйымдастыруға әрекеттенді. Бірақ, бұл Қазақстанның ғана қолынан келді. Осының өзі – үлкен жетістік. Екіншіден, саммит Қазақстанның осынау беделді халықаралық Ұйымдағы алатын маңызды орнын көрсетеді. Менің ойымша, сіздерге бұл форумды ұйымдастыруға барлығынан бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі зор беделі көмек берді. Үшіншіден, еуропалық мемлекеттер көпұлтты қоғамның озық тәжірибесін көзімен көріп, үлгі тұтуы керек. Өйткені, болашақта көпұлтты болып өмір сүретін кезең туады. Міне, көпұлтты бір мемлекеттің мүддесіне біріктірген Қазақстан, әсіресе, ЕҚЫҰ-ның аясында осындай келелі мәселелерді шешуге айтарлықтай үлес қоса алады”, – деп атап өтті Австрияның федералдық экс-канцлері. Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.