Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақтың біртуар перзенті Ақселеу Сейдімбектің алты томдық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Алты томдық жинақты зерттеушінің өзі өмірден озбас бұрын жүйелеп, жіктеп кеткен екен.
Тұсаукесерге жиналған елорданың зиялы қауымына алдымен Ақселеу Сейдімбеков Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне сабақ беріп тұрған сәті бар бейнекөрініс көрсетілді. Содан кейін мінбеге көтерілген Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед інісі ретінде ағасының соңғы аманаты – 6 томдығын басып шығаруды аяқтағанын жеткізді. Одан кейін алты томға кезек-кезек тоқталып, қысқаша шолу жасап шықты. Алты томдықтың ағашқысында жазушының көркем туындылары, очерктері және ән-күйлері берілген. Екінші томда қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен өнеріне, фольклоры мен этнографиясына қатысты әр жылдары жазған еңбектері қамтылған. “Қазақтың күй өнері” атты монографиялық еңбегі үшінші томда жинақталып, онда қазақ халқының рухани әлемінде айрықша орны бар күй өнерін тарихи және этнологиялық аяда зерделеп, оның өзіндік қалыптасу жолдарын, әлеуметтік өмірмен біте қайнасқан болмысын, эстетикалық қарым-қуатын, сондай-ақ күйдің төлтума қасиеттерін нақтылы айғақ-деректерге сүйене отырып саралап шыққан. Алты томдық жинақ 2 мың данамен Мәдениет министрлігінің қолдауымен “Фолиант” баспасынан жарыққа шыққан.
Автордың өзі жинаққа кірген еңбектерін жүйелеп, сұрыптап, түзетулері мен толықтыруларын енгізіп, баспаға беруге атсалысқан. Жинақтың шығуына тікелей қолдау көрсетіп, сүбелі үлесін қосқан Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Ақаңның қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі үлкен құбылыс екендігін жеткізді. Ол сан қырлы талант иесінің қайтыс болардан жарты жылдай бұрын қаламынан шыққан журналистік еңбектерінен бастап, ең соңғы ғылыми еңбектеріне, тіпті аудармаларына дейін жіктеп-жіліктеп, алты томға қосып, олардың әрқайсысының ғылыми түсініктемесін жасап, әр шығарманың қашан қай уақытта жарияланғанын, түпнұсқасымен салыстырғанда кейін оның қандай өзгеріске түскендігін өз қолымен жазып, өз қолымен түзіп кеткен адам. Ал алты том дайын болған соң Ақаң маған: “Ал, Мұхтар, мына алты том дайын болды. Мен енді ғылымға бұдан кейін үлкен үлес қоса алам ба, жоқ па, белгісіз. Денсаулығым да сыр беріп жүр. Осы алты томды “Фолиант” баспасынан шығарсам деп едім. Соған қолұшын берсең”, деген еді. Сонда мен: “Аға, алда мерейтойыңыз келе жатыр. Соның қарсаңында келесі жылы өзіңіз қалаған баспаңызда шығарып береміз”, деп уәде еткен едім. Сол аманатты орындадым. Қыздың жиған жүгіндей әдемі безендірілумен Ақаңның өз қолымен жіктеп, жүйелегені бойынша оқырманға жол тартқанына өзім қуаныштымын, деген министр одан әрі Ақселеу Сейдімбек туралы әдемі естелік айтты. Тіпті Әлкей Марғұланның өзі Ақаңның облыстық газетте қызмет істеп жүргенде жазған аңшылық туралы деректеріне сүйенгендігін жеткізді.
Бесінші томға әр жылдары жазылған мақалалары, пікірлері, тұлғалар туралы толғамдары, сондай-ақ “Егемен Қазақстанда” еңбек еткен жылдары жарық көрген шығармалары енсе, алтыншы томда бірыңғай аударма еңбектері жарияланыпты.
Ақаңдай өлімге қимайтұғын жанның өзі жоқ болса да, қолымызда кітабы, артында баға жетпес мұрасы қалды. Соған да тәубе дейміз.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.