21 Қазан, 2010

Даму бағдарламалары талқыланды

510 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов облыс­тар­дың және Астана мен Алматы қалаларының әкім­де­рімен ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сыр­маларын орындау бойынша жұмыс бабындағы кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің бас­пасөз қызметі. Кеңесте Қазақстанның әлеу­меттік-экономикалық дамуының бірқатар мәселелері, елді үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасын жүзеге асырудың барысы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сол сияқты әлеуметтік инфрақұрылымды модернизациялау мәселелері талқыланды. Ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысы Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының XVІ сессиясы алдында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа Парламент депутаттары, еліміздегі республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, белгілі ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Кеңес отырысында Қанат Саудабаев сөз сөйледі. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы сөйлеген сөзінде халықаралық беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі Саммиті 11 жылдан кейін осы жылдың 1-2 желтоқсанында Астана қаласында өтетіндігін атап көрсетті. Қазақстан­ның посткеңестік, сондай-ақ Азия құрлығы мен мұсылман елдері арасында тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құқығына ие болуы, деді осы туралы Қанат Саудабаев, тәуелсіздік жылдары Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғам­дық-саяси дамуындағы қол жеткізген табыстарын халықаралық қоғамдастықтың нақты мойындауы және оған жоғары баға беруінің нәтижесі болып табылады. Сөзін осылай бастаған Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясына тоқталды. Қанат Саудабаевтың атап өткеніндей, Қазақстан халқы Ассамблеясы ел Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен құрылды. Ассамблея елімізде этносаралық бірлікті, саяси тұрақты­лық­ты берік орнықтыруға, сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамуына аса зор үлес қосты. Этносаралық және конфессия­аралық төзімділіктің қазақстандық моделі Қазақстан Республикасын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық биігіне көтерді. Бүгінде Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын экономикасы мықты, татулығы жарасқан, халықаралық аренада жан-жақты танылған мемлекет ретінде қарсы алғалы отыр. Осының барлығы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Қазақстанның архитек­турасын құру барысындағы шынайы әлемдік деңгейдегі көшбасшы екендігін дәлелдейді, деді Қанат Саудабаев әрі қарай. Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының тақырыбы біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығының төрт “Т-дан” тұратын – “trust” (сенім), “tradіtіon” (дәстүр), “transparencе” (ашықтық), “tolerance” (төзімділік) ұраны болмақ. Өйткені, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі гуманитарлық өлшемінде мәдениетаралық, өркениетаралық және дінаралық үнқатысудың қажеттілігі туындағанын бастапқы кезде-ақ мәлімдеген болатын. Қанат Саудабаев бұдан кейін еліміздің Ұйымға төрағалығы кезінде жүзеге асырылған ауқымды іс-шараларға тоқталды. Шешеннің тоқталып өткеніндей, Қазақстан полиэтностық және поликонфессиялық мемлекет ретінде ЕҚЫҰ-ның мүмкіндігін ұлтшылдыққа, діни төзімсіздікке, нәсілшілдікке және антисемитизмге қарсы тиімді шаралар қабылдауға жұмылдырды. Соның нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстанның төрағалық “қоржынына” айтарлықтай үлес қосты. Бұл іс-шаралар халықаралық ынтымақтастықты дамытуда негізгі басымдыққа ие болды. Осыған байланысты Мемлекеттік хатшы Ассамблея мүшелерінің қатысуымен өткен Копенгаген мерейтойлық конференциясын, ЕҚЫҰ Копенгаген құжатының 20 жылдығын, БҰҰ Кеңесінің адам құқықтары жөніндегі сессиясын және Венада өткен ЕҚЫҰ гуманитарлық өлшемі бойынша екінші қосымша конференциясын атап өтті. Бұл халықаралық жиындарда этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің ғылыми тәжірибелік зерттемесі және осы бағыттағы Қазақстанның іс-тәжірибесі таныстырылды, деді Қанат Саудабаев. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің назарын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған, этносаралық бағыттағы стратегиялық құжат ретінде танылған Қазақстан бірлігінің ұлттық доктринасы ерекше аударды. 29-30 маусымда Астанада өткен төзімділік және кемсітпеушілік туралы ЕҚЫҰ конференциясы осы саладағы басты оқиға болды. Бұл этностардың құқығын қорғап, кемсітпеушілік пен төзімділікті сақтауда қазақстандық тәжірибенің ерекшелігін айқын көрсетті. Кеңес отырысында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары К.Воллебектің осы мәселелерде қазақстандық қоғамға берген бағасын да келтірді. Шешеннің атап өткеніндей, Ұйымның Жоғарғы комиссары К.Воллебек Президент Н.Назарбаев соңғы онжылдықта төзімділік саясатындағы ауқымды ілгерілеуді саралай келіп, “ЕҚЫҰ: жаңа онжылдықта – төзімділікке” шартты атауымен ортақ құжатты ұсынғанын атап көрсеткен және төзімділік пен қоғамдық келісім идеясын халықаралық деңгейде дамытып отырғанына шынайы ризашылығы мен алғысын білдірген. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі сөзінің қорытындысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығы­мен өтетін ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне де тоқталды. Қанат Саудабаевтың тоқталғанындай, Астана Саммитінің ойдағыдай ұйымдастырылуы қазақстандық қоғамдағы бірлік пен отансүйгіш­тікті бұрынғыдан бетер нығайтып, еліміздің әрі қарайғы экономикалық және саяси дамуын үдететін күшке айналады. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы осы жылдары аталған мәселелерде өзінің тиімділігін іс жүзінде нақты дәлелдеді. Біз азаматтық қоғам мен мемлекеттің біріккен іс-әрекеттері нәтижесінде, деді Мемлекеттік хатшы осы туралы, барлық қазақстандықтардың дамуы мен өркендеуі мақсатында еліміздің ауызбіршілігін нығайтуды одан әрі жалғастыратындығымызға нық сенімдімін. Қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың кемеңгер жетекшілігімен елімізде этносаралық, дінаралық және конфессияаралық келісім берік орныққанын қуана құптайды. Соның нәтижесінде Қазақстан экономикалық жағынан дамыды, реформалар табысты жүзеге асырылды. Бүгінде Қазақстанды өңірдегі елдер ғана емес, әлемдік қоғамдастық таныды. Қоғамдық келісім мен сенім, үйлесімділік пен өзара құрмет негізінде қуатты және қарқынды дамушы мемлекет құруға болатындығын барша әлемге паш етті. Кеңес отырысында, сондай-ақ екі сессия аралығында атқарылған жұмыстарға да талдау жасалды. Бұл жөнінде Қазақстан немістерінің “Возрождение” қоғамдық бірлестігі қауымдас­тығының төрағасы Александр Дедерер хабарлама жасады. Кеңес отырысын Қазақстан халқы Ассам­блеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов жүргізіп отырды. Отырыс соңынан этносаралық бірлікті, қоғамдық келісімді нығайтуға, толеранттылықты дамытуға елеулі үлес қосқан Ассамблея мүшелерінің бір тобына Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамоталары тапсырылды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.