Ресей НАТО мен Еуроодаққа кіре ме?
Әр кез Ресей НАТО мен Еуроодаққа кірсе, әлемдегі халықаралық ахуал күрт сауығар еді деген пікір айтылады. Жақында ресейлік саясаткер, Мемдуманың вице-спикері, РЛДП көсемі Владимир Жириновскийдің осы тақырыпқа байланысты әңгімесі мәселеге қайта назар аудартты.
Жұрт Жириновскийді орыс шовинизмі рухында сөйлеген арсын-гүрсін сөзінен біледі. Басқалар ойын ішіне жасырып, сол ойын үндемей жүзеге асырғысы келсе, бұл адам ашық айтады. Айтқанда Ресейдің басқаларды билеп-төстегенін, сол үшін өктем әрекеттерге барғанын қалайды. Біздің жерімізге де көз алартқаны есімізде. Ол орыс солдаты етігін Үнді мұхитына жуатынын да айтқан. Ол үшін соған дейінгі елдерді олар басып алуы керек, әрине.
Сол Жириновский бұл жолы басқаша сөйледі. Басқаша болғанда, бұрын Ресей ешкімнің алдында ықпауы керек, басқалар өз елінің дегеніне көнсін десе, енді керісінше, бұрын қас дұшпан саналып келген әскери НАТО одағына, экономикалық Еуроодақ құрылымына кіруді ұсынды.
Жалпы, көптен бергі әлемдегі үлкен қайшылық – Еуропа мен Ресейдің, НАТО мен Ресейдің арасындағы қайшылық. Ал НАТО-ны алсақ, оған АҚШ пен Канада сияқты алыптар да кіреді. Сонда әлемнің көптеген елдерін біріктіретін әскери одақ бір жақ та, Ресей – бір жақ. Тіл табыспай келеді. Айып кімнен дегенде, бір жағын атап көрсету де қиын.
НАТО – кеше КСРО бастаған социалистік жүйе елдеріне қарсы құрылған ұйым. Олардың айтуынша, сол жүйеден келер қауіптен қорғануды мақсат етеді. Социалистік жүйе де күйреді, оның негізі болған КСРО да күйреді. Бірақ НАТО тарқамады. Неге дегенге жауаптары дайын – сол КСРО-дан қалған мұрагер бар, ол – Ресей. Сол күйреген державаның барлық әскери әлеуетін сақтап қалған – ядролық қаруы шаш етектен, мұздай қаруланған әскері миллионды алқымдайды.
Шынында да, Ресей басқаларға қауіпті ме? Қарым-қатынасымыз жаман емес ел туралы, ТМД дейтін құрылымға біріккен ел туралы сондай деу қиын. Бірақ осы Ресейден қауіптеніп, НАТО-ны паналаған елдер көп. Олардың көпшілігі күні кеше Ресеймен одақтас болған елдер. НАТО-ға мүше болып, сол елдер өздерін бүгін қауіпсіз санайды. Ертерек қамданып, мүше болып үлгергенде, айталық, Молдавия өзінің бір бөлігінен, ал Грузия Ресеймен соғысып, Абхазия мен Оңтүстік Осетиясынан айырылмас еді дегенді де жұрт айтады.
Жалпы, НАТО-ға кірген, Еуроодаққа кірген елдердің жағдайы жаман емес. Ең алдымен кепілді қауіпсіздікке жетсе, одан кейін алдыңғы қатарлы экономикалық кеңістікке еніп отыр. Дәл осындай кеңістік Ресейге де қажет-ақ. Оны басқа емес, бүгінге дейін Батысқа жаны қас болып келген, орыс шовинизмінің туын көтеріп келген Владимир Жириновский де мойындайды. Батыс Ресейге көмектесуі керек, дейді ол қазір. “Жедел түрде НАТО-ға, Еуроодаққа, Шенген аймағына, еуро аймағына кіргенді” қалайды.
Көбіне жосықсыздау, арсын-гүрсін сөйлейтін осынау қайраткердің ұсыныстарына ұйығандықтан да емес, жалпы осы мәселенің қозғалғанына назар аударып отырмыз. Шын мәнінде Батыс пен Ресейдің арасындағы қарым-қатынас түзелсе, бүкіл әлем айтарлықтай сауығар еді. Ол Ресейдің НАТО-ға кіру түрінде бола ма, жоқ одақтасу түрінде бола ма, ортақ қауіпсіздік үшін күш біріктірер болса, бейбітшіліктің ұлы қорғаны тұрғызылар еді. Қарулануға жұмсалып жатқан орасан қаржы адам игілігіне жұмсалар еді...
Грузия президенттік-парламенттік республикаға айналады
Қазір Грузия – президенттік билік сипатындағы ел. Енді екі жарым жылдан кейін, яғни 2013 жылы ол президенттік-парламенттік елге айналады. Жақында парламентте ел конституциясына енгізілген өзгерістер соны негіздеп отыр.
Бұл елде билік үшін күрес қашанда айрықша өткір сипатта өрбиді. Тәуелсіздік алғалы бері мұнда біраз адам билік тізгінін ұстаса, солардың бәрінің тағдыры қилы-қилы жағдайға барып тірелді. Тәуелсіздік дүрбелеңімен билікке келген Звиад Гамсахурдия ақырында одан қашып құтылғандай болса, оның орнын басқан кәнігі саясаткер Эдуард Шеварднадзе де таяқталып қуылды. Жеңгендердің салтанатымен билікке келген Михаил Саакашвилиге де бұрынғы достары қазір жауға айналған.
Бәрібір, ол биліктен кеткісі жоқ. Бүгінгі конституцияға жасалып жатқан өзгерістер де соның бір жолы іспеттес. Әңгіме мынада. Саакашвилидің президенттік мерзімі 2013 жылы бітеді, одан әрі сайлануға құқы жоқ. Сонда ол билікте және қолында айтарлықтай күші бар билікте қалай қалады? Соған бүгінгі конституцияға жасалынып жатқан өзгерістер жеткізеді. Ел президенттік-парламенттік билікке көшсе, нақты билікке үкімет басшысы ие болады. Саакашвили сол қызметті көздеп отыр.
Мұны қазақша айтқанда, қашпаған қысырақтың қымызына қызығу деуге де болар. Бірақ бүгінгі заманда оны ұйымдастыруға әбден болады. Оған Ресей – жарқын мысал. Путин президент кезінде өзін үкімет басшысы болатынын заңдастырып қойған еді, солай болып шықты да. Саакашвилидің одан бір өзгешелігі – үкімет өзі барған кезде қазіргіден әлдеқайда күштірек болады. Ол конституцияға бүгінгі өзгерістерде белгіленген.
Бұл өзгерістерге парламент қалай келісті дегенге келсек, Саакашвилидің мықты айлакер саясаткер екенін мойындаған жөн болар. Қай жерде де президентке қарсы күштер оның билігін шектеуді, президенттік биліктен парламенттік билікке көшуді талап етеді. Саакашвили сол талапқа көнгендей болып, олардың қолымен от көседі. Кейін, сәті түссе, сол өзгерістердің қызығын да өзі көрмек. Парламентте президенттік билікті шектеп, парламентке көбірек билік беру жөніндегі ұсыныс оңай өтті. Дауыс бергендердің 112-сі ұсынысты қолдап, тек 5 адам ғана қарсы шықты.
Саакашвилидің қарсыластары конституцияға өзгеріс енгізіп, президенттің өкілдігін шектеп, атқарушы билік – үкіметтің өкілдігін өсіргенде, парламенттің де қолында аз билік қалатынын аңғармай қалды. Сөйтіп, бұл өзгерістер жүзеге асқан кезде көп билік үкіметке көшпек. Ал сонда үкімет тізгінін Саакашвили ұстамақ ойда.
Оған дейін әлі екі жарым жыл бар. Президенттің өкілеттігін шектеу де содан кейін басталады. Әзірге бар билік Саакашвилидің қолында. Конституцияға енгізілген өзгеріс кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Ол қазіргі билікке барынша қолайлы жасалған.
Әрине, әр ел билік түрін өздері таңдайды. Өтпелі кезеңде, ел басына сын туғандай кезеңде биліктің бір қолда шоғырланғаны жөн деген де бар. Парламенттік билік, демократия жағдайдың қалыптасқан, дамудың айқын арнасы ашылған кезіндегі сәндей көрінеді. Грузия сондай кезеңге жетті дегенге де көңіл сенбейді. Ал ол бір адамның ыңғайына қарай жасалып жатса, одан елдің мүддесіне нұқсан келуі мүмкін-ау дейсің.
Мамадияр ЖАҚЫП.