22 Қазан, 2010

Шоқан және тұлғатану

1756 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Уәлиханов – 175 Үздік ақыл-ой әрекетімен адам­заттың ин­тел­­лектуалдық тарихында өшпес із қалдырған тұл­ғалар көп емес. Сол азшылықтың ашқан жа­ңа­лықтары, материалдық және ру­хани құн­ды­лықтарды игеруге сер­пін берген қайрат­кер­лігі, байлам-тұ­жырымдары ғасырлардан ғасыр­лар­­ға жалғасып, қалың көпшілік игі­лігіне ай­налғанына қоса, та­лапты жанның жасампаздық қа­бі­лет-қарымын арттыруға да қызмет етеді екен. Ғылыми таным көк­жие­гін кеңейткен осын­дай мәңгі жа­рық жұлдыздар шоғырында қа­зақ ұл­тының абзал перзенті Шоқан Уәлиханов бар. Шоқанның тарих, этнология, тіл, әдебиет, география, шы­ғыс­та­ну, әскер ісі, өлкетану, т.б. салалар­дан қалдырған ғылыми мұрасы күні бү­гінге дейін зерттелу үстінде, тео­рия­лық, методологиялық, таным­дық, қолданбалық әлеуеті бір мыс­қал кеміген де жоқ. Қытай да, орыс та, өзбек пен қырғыз да, ұйғыр мен­ татар да, неміс пен француз да Шо­қанды оқи оты­рып, одан өзіне қа­тыстысын, керегін табуда жә­не кә­деге жаратуда. Шоқан ғылым тарихындағы ұлы тұлға ғана емес, тарихтағы ұлы тұл­ғаны ғылыми танудың үздік үл­гісін көрсеткен жасампаз ойшыл. Түп­теп келгенде, оның бірде бір­шы­ғармасы – қан­дай тақырыпқа жазылса да адамнан тыс емес, адам мә­селесін айналып өткен емес. Бес том­­дық шығармалар жинағына енген әзірге мәлім 100-ден астам ең­бегінде 3 мыңға жуық адам есім­де­рінің кездесуі, әрқайсысына мә­лі­­мет-сипат берілуі тарихтағы адам фак­торын мей­лінше қастерлегенін көр­сетеді. Әрине, бұ­лар­дың бәрі тұл­ға деңгейіне көтерілгендерге жа­та бермейді, қарапайым еңбек адам­дары да аз кездеспейді. Шоқанның тұлғатануға терең­деп енуіне себеп болған фак­тор­лар­ға келсек, ең алдымен, көктей шо­лып қарайтын болсақ, арғы қазақ­­тар дә­уірінен тартып Отан тари­хын­да тұл­ғалар жал­ғас­тығының үз­іл­­мегені. Пар­сы әскерін шөл да­ла­да адас­тыр­ған Шырақ та, күй атасы Қор­қыт та, ғылым куып қиырға кет­­кен Әл-Фараби да, азаттық жо­лын­да құр­бан болған Махамбет, Ке­­не­са­ры, Қайрат Рысқұлбеков те шы­на­йы тұл­ғалар. Тұлға дегеніміз – өзі­не тәуелді емес объек­тивті әл­­емдегі (ортадағы) қажеттілікті (эко­но­ми­ка­лық, ғылыми, саяси, өнді­ріс­тік, т.с.с.) практикалық-қолдан­балық, тео­риялық-шы­ғармашылық жа­ңа­шыл­дықпен шешкен (жүзеге асыр­ған) немесе шешу (жүзеге асы­ру) жо­­лын дұрыс нұсқаған әлеу­меттік субъект. Тұл­ға дәйектеген іза­шар­лық нәтижені за­ман­дас­та­ры, ке­йін­гі ұрпақ та кәдеге жаратады. Демек, Шоқан – олардың жалғасы. Келесі фактор – Шоқанның өз за­манын­да­ғы танымал саясат­кер­лер­мен, әйгілі ғалым­дар­мен, жоғары мәртебелі әскери маман­дар­мен, мемлекеттік қызмет­ші­лер­мен, зиялы қауым­мен, қазақ қоға­мы­ның елтұтқаларымен етене ара­лас­­қаны. Мұндай аралас-құралас бір елдің, бір халықтың ауқымымен шек­телмей, іргелес мем­лекеттер мен халықтарды қамтып жат­қан­дық­тан ғылыми ой-танымға қажет де­ректер мен дәйектер Шоқанның зе­рек ақылын байыт­пай тұрмады. Және ескеретін мәселе – дәс­түр­лі қазақ қоға­мының бел баласы Шоқан еуропалық жан-жақ­ты білім алып, алыс-жақын елдерге бар­ған­да әралуан өрке­ниет­терді салыс­ты­ру арқылы адамнан адамның, жер­ден жердің, салт-дәс­түр­ден салт-дәс­түрдің несі артық екенін дөп ба­сып танитын қабілетін ұштай түс­ке­ні. Тұлғатануда Шоқанды шыңда­ған іргелі фактор оның жас­тайы­нан, Омбы кадет кор­пу­сын бітірген сәт­тен аса жауапты тап­сыр­ма­лар­ды орын­дауға тартылғаны. 19 жасар жі­гітке жар­ты Қазақ­станды ашса ала­қанында, жұмса жұдырығында ұс­таған Батыс Сібір генерал-гу­бер­на­торының адъютанты, ерекше тап­­сырмалар офицері қызметтерін еш­кім кездей­соқ тапсыра сал­ма­ғаны өз алдына, оған әлеуметтік-кә­сіби, мәдени-имандық, азамат­тық зор жауап­кершілік те жүктелді. Әйгілі ғалым Ә.Марғұлан жазған­дай, 20-дан енді ғана асқан ша­ғын­да Шоқан Ұлы жүз қазақтарын, қыр­­ғыз­дың бұғы, сарыбағыш, сол­ты тай­паларын бейбіт жолмен Ре­сей­ге қосу мәселесін шешуге ара­лас­­­қан екен. Бұған қоса Орталық Қа­зақ­­станға, Жетісу мен Тар­ба­ға­тай­ға, қырғыз Ыстық­көлі мен Орталық Тянь-Шаньға ғылыми экс­пе­дицияға шығып, күні бүгінге дейін ма­ңыз­дылығын жоймаған ма­те­риалдар жинағаны, айталық, “Манас” эпосын ішінара орыс ті­ліне аударғаны, Құлжада Қытай үкі­меті өкілдерімен келіссөздер жүр­­­гізіп, Ресей мен ас­­пан асты елі арасындағы сауда қатынастарын реттегені бар. Осының бәрі кәсіби білік­тілікпен ғана біте салатын іс ем­ес. Істің басы-қасында жүрген үл­­кен­ді-кішілі жауапты адамдардың ті­лін та­бумен, осал тұс­та­рын көз­де­ген мақсатына пай­да­лана бі­лумен, үз­дік­сіз ізденіспен, адам фак­торын тереңнен ұғы­нумен ше­ші­леді. Құлжаға барған са­па­ры жайлы Шоқан “Қы­тай империясының ба­тыс өлкесі және Құл­­жа қаласы” шығарма­сын жазған еді. Еңбек кейіп­керлерге толы, әр­қайсысына интел­лек­туал­дық сипат­тама бе­ріл­­ген. Тіпті базардағы ад­ам­­­дарға дейін: басына сәлде ораған орта­азия­лық, әдеміше келген қаш­қар­лық, тоз-тоз киінген таран­шы, кө­зін ұйқы басқан мань­­ч­­жур, қысық көз қытай, қамытаяқ қал­мақ – бәрі Шоқанның назары­на ілік­кен. Осы орай­да ол қытайлар ха­лық­ты екіге бө­летінін: қара ха­лық­ты – мин, қыз­­метшілерді, пат­ша­ның жұм­сауындағыларды – чен деп атай­ты­нын алға тар­тады. Де­мек, адамтану мен тұлғатанудың әр ел­де, әр ха­лық­та өзіндік ерек­ше­лік­тері бар еке­­нін қуаттайды. Тұлғатануда Шоқан ұстанған теориялық-методологиялық қағи­дат­тарды жүйелеудің ма­ңы­зы зор. Олар­дың маңдай алдысы – нақты орта мен уақыттағы ахуалдық сұ­ра­ныс тұл­­ғаны та­рих сахнасына шы­ға­­ратынын анық та қанық дәйектегені. Осынау қағидат ұлт тарихының тағдыр анықтағыш екі сәтіне бай­ла­нысты: бірі – Қа­зақ хандығы­ның ша­ңырағын көтеруге, екін­шісі – “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұ­ла­ма” қасіретін жеңуге араласқан хан­дар, би­лер, батырлар, жыраулар ең­бегі мен тағдырын бағалағанда ерек­ше қолданылған.15 ғасырды, Ке­рей мен Жәнібек хандар билеген жыл­дарды “ал­тын ғасыр”, басты идео­логы Асан қайғыны “фи­ло­соф” десе, 18 ғасыр басын “қанды қыр­­ғын”, “жантүршігерлік”, “жау­гер­шілік” деп си­пат­­тайды. Ұлт тұлғаларын қалыптастыру мен жасампаздық қабілет-қарымын ашуда 15 және 18 ғасырлардың алар орны ерекше екенін “Қа­зақ хан­дары мен сұлтандарының шығу тегі”,“18 ғасыр батырлары туралы та­рихи аңыздар”, “Абылай”, т.б. ең­бек­терінде негіздеген. Деген­мен, нақ­тылауды қажет ететін сұрақ бар. Ол – тұң­ғыш қазақ ханы Керей­ге­ мән бермей, Жәні­бек ханды ғана атауы. Шоқан Қазақ ханды­ғы­ның ша­ңырағын көтерген Керей мен Жә­нібек сұл­тандар екенін білмеді емес, білді. Бұ­ға­н айғақ-дәлел із­де­сек, ол ғалымның 5 том­ды­ғы­ның 4 то­мында тұр. Мұнда Шоқанның қа­ламынан тууы мүмкін деген жо­ра­малмен “Географическо-статис­ти­ческий словарь Россий­­ской им­пе­рии” басылымындағы “Кир­гиз-кай­саки” мақаласы берілген. Ма­қа­ла­да екі сұл­танның 1465 жылы Моғолстанға жыл­жығаны, Есен бұ­ға­дан жер алғаны, хандық құрғаны, хал­қы 200 мыңға жетеғабыл бол­ға­ны көрсетілген. Осының бәрін біле тұра, қазақтың тұңғыш ханы ре­тінде Жәнібекті ғана атауы Шоқан мұрасын әлі де тереңдете зерттей тү­суі­міз қажет екенін білдіреді. Тұлға танудағы Шоқан ұстанған теориялық-методологиялық келесі қағидат – тұлға тын­дырған істің уа­қыт пен орта сұранысынан да асып түсіп, болашаққа қызмет етуін са­ралауы. Ғалымның “18 ғасыр ба­тыр­лары туралы тарихи аңыздар” ма­қаласында ірілігі мен ерлігі ұлық­­тал­ған Абылай хан, Жантай, Бө­генбай, Сырымбет, Баян, Ма­лай­сары, Байғозы, Жә­ні­бек, Ораз­ым­бет, Елшібек батырлар, Бұқар, Тәт­тіқара жыраулар, Қазыбек би қа­зақ халқын жо­йылудан сақтап қалған тұлғалар. Тұлға қатарына қосатын қасиет­тер жайлы ойлары да құнарлы. Ондай болу үшін ақыл да, қай­рат та, тапқырлық та, ер­жү­ректілік те, мінез де үйлесіп, ұш­та­сып жатуы керек. Шоқанның: “Смутные обс­тоятельства того вре­ме­ни дают воз­можность Аблаю  вы­казать свою хра­брость, смет­ли­вость и ум самым блестящим обра­зом”, “....басенти­нец Малайсары по бо­гат­ству, хра­брос­ти и по характеру и уаковец Баян по уму и храбрости стоят выше всех” деген сөздері тұл­ға­ның басқаларға ұқсамайтын ерек­ше­лік­те­рін, қасиетін бірінші орын­ға қойып тұр. Шоқан тұлға мә­се­лесін көтергенде олардың жасына қа­­рай шектеу қоймайды. Абылай­дың бекзаттық бол­мысы бала жа­сын­да, кісі қолында жүргенде-ақ байқал­ғанын айтуы бекер емес. Кейбір халықтың ауыз әдебие­тінде әспет­тел­ген батырлары 33 жыл пештің үстінде жату­мен есей­се, қазақ батырлары күн санап, са­ғат са­нап өскенін аңыздардан, ай­та­лық “Алпамыс батыр” жырынан жақ­сы білеміз. Бұл әсірелеу емес, өмір шындығы. Әке мен баланың дұш­­пан­ға қарсы бірлесе соғысқаны Шо­қан еңбектерінде де айтылған. Ақиық ақын М.Ма­қатаевтың “Райым­бек, Райымбек!” поэ­ма­сын­да Райымбек алғаш ерлік жаса­ған­да қыр­­шын жас, со­ны­сына қарамай бар­­­­шаны елең ет­кіз­ді делінеді. Жайына қалып, өлі аруақ пен  тірі аруақ, Келеді бала есімін өзі ұрандап. Тірілер шошып, жағасын ұстап,  тұр аулақ, Өлгендер көрде түскен де шы­ғар бір аунап, Келеді қыршын есімін өзі ұран­дап, – деп толғаныпты Мұқағали. Осы орайда ақынның іле-шала айт­қан мына сөздеріне мән беру ке­рек: Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек, Албанға алғаш өстіп өзін та­ныт­ты! Көзге түсудің, жақсы атын шы­ға­рудың мұндай тәсілін арнайы зерт­теу нысанына айналдырған жөн. Абылайдың да осы тәсілді қол­данғаны кездейсоқтық емес әрі ха­лық санасына орныққаны сон­ша­лық­ты, оның азан шақырып қойған Әбіл­мансұр есімі ығысып, тарихқа ата­сының есімімен енген жоқ па?! Ұлы­­лар бірін бірі қайталамаса да, қай­­рат­кер­лік­те, ойшылдықта, жаңа­шылдықта жас­тайы­нан ортақ ұқ­састық, сергектік көрсететіні бо­ла­ды екен. Бұл – бір. Екіншіден, 18 ғасыр батыр­ла­ры­ның ерлігін суреттегенде Шоқан олар­дың бес қаруын, қарсы келген жауын найзамен іліп түсіргенін, үс­тем шыққанын үлкен патриоттық сезім­мен жазады. Ал енді 8 ға­сыр­дың мұрасы Күлтегін тасындағы жол­дарды оқып көрейікші. Мәтінде Күл­тегін ерлігі былайша дәріп­тел­мей­ді ме: “Күл­тегін жаудың әс­ке­ріне опыра шабуылдады. Оң-тұтық басшы­ларын жарақты қолымен қоса бағындырды.... Жиырма бір жа­сында Чача-сеңүнмен соғысты. Ең ілкі рет Тадықын-чор­дың боз атын мініп айқасты... Екінші рет ышбара Ямтардың боз атын мініп айқасты. Ол ат онда өлді. Үшінші рет Иегін-Сіліг-бектің ке­жімді торы атын мініп айқасты. Ол ат онда өлді. Жарағына, қалқанына жүзден артық оқ тиді. Дулығалы басына бірін де тигізбеді.... Күл­тегін бай­ырқудың ақ айғырын мініп, опыра ша­буылдап, бір ерін оқпен ұр­ды. Екі ерін қуа­лап шаншыды.... Күл­тегін ол соғыста отыз жаста еді... Алты ерін шаншыды... же­тін­ші ерін қылыштады”, – делінген мә­тінде. Екі шығарманың арасын мың­даған жылдар бөліп жатыр. Бірақ көз алдымызда бір ғана шай­қастың суреті тұрған тәрізді. Дұшпаны ұшы­на ілінген сол найза, жарқыл­даған сол ал­мас қылыш, жеңіске жет­кізген сол әбжілдік. Қар­сылас­тарының да осал болма­ғанын ес­кер­те­ді. Ерлік елге – мұра, ұрпаққа – ұран деген қа­ғида осын­дайдан шыққан болар, сірә. Шоқан еңбектерін оқу бары­сында тұлғаның пайда болуына қоғамдағы табиғи-ыр­ғақ­­ты даму септе­сетінін көре аламыз. Олардың қай­нар көзі халық пен мем­ле­кеттілікте, азаттық пен еркіндікте жа­тыр. Шоқанның ғылыми кө­ре­­ген­дігі өмірде дәлелденді. Қазақ хан­дығы тұсында табиғи-ырғақты жол­мен өсіп-өнген тұлғалар ха­лық­тың жадында мәңгіге сақталса, пат­ша­лық отарлау тұсында шынжыр ба­лақ, шұбар төс атанған жал­да­ма­лы елтұтқалар С.Мұқанов әшкере­ле­­ген “итбай­лар­дың” қатарын то­лықтырды. Соның өзінде халықтың қамын жеген тұлғалар шықпай тұрмады. Әрине, қазақ хан­ды­ғын­дағы элита мен отарланған Қазақ­стан­дағы элита арасындағы айыр­ма­шылық жер мен көктей болатын. Біріншісі, туған елінің нығаюы мен қауіп­сіздігі үшін жан алып, жан бе­ріс­се, екіншісі империяның та­ба­нына түскен елі мен жерін аман сақ­тап қалудың жолын іздеді. Керей, Жәнібек, Тәуке, Абылайлар дәс­түрлі, саяси, әлеуметтік, құ­қық­тық негізге сүйенді, ал ХХ ғасыр ба­сындағы Әлихан, Сәкен, Мұс­та­фа­лар тапқа, руға, жүзге жіктелісі де­фор­мацияланған, әлемдік өр­ке­ниет­тен кенже қала бастаған қа­зақ­ты оянуға шақырды. Қазақ хан­ды­ғы­ның элитасымен Ресей де, Қытай да, ортаазиялық билеушілер де есептесуші еді. Енді әлемнің ал­па­уыттары қазақтың элитасына үл­кен ойынға қажет кіші құрбандық ретінде қарайтын болды. Жинақтап айтар болсақ, ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановәлем мен қазақ халқының соңғы 3 мың­жыл­дық тарихына еркін бойлап, оның әр кезеңі мен дәуірінде ілгерілеудің де, іркілістің де тұт­қасы адам қо­лында қала бергенін қапысыз дәйектеді. Ханкелді ӘБЖАНОВ, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор.