23 Қазан, 2010

Көрші хақысы

501 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қостанайда “Біз Ұлы Жеңістің мұрагеріміз!” атты халықаралық жас­тар фестивалі өтті. Оған Р­е­сейдің Қостанай облысымен шек­тесетін Қор­ған жастарының өкіл­дері қатыс­­ты. Бұл іргелес екі об­лыс жаста­ры­ның алғашқы кездесуі емес. Сегіз жыл­дан бері жастар­дың мұндай фо­румы екі елдің көр­ші облысында ке­зек өтіп келеді. Биылғы фестивальді жастар келісе отырып, Ұлы Жеңістің 65 жыл­ды­ғына арнады. Фестиваль қорғандық жастар­дың Қостанай қаласындағы Ұлы Отан соғысына қатысушыларға ар­налған ескерткішке гүл шоқтарын қоюымен басталды. Ұлы Отан со­ғысының ар­дагерлері, жастар, әскери-патриот­тық клубтар мү­шелері мен олардың жетекшілері қатысқан, сөз сөйлеген бұл сал­та­натты шарада Отанға деген пат­риоттық және риясыз достық се­зімі патшалық құрды. Мұнан кей­ін “Альбатрос” әскери-патриоттық клубында қонақтар мен облыстағы осындай клубтар жетекшілерінің кездесуі болды. Ғасырлар бойы ауы­лы аралас, қойы қоралас жат­қан екі халыққа көп тарихтың ор­тақтығы бар. ХХ ғасырдың ор­та­сын­дағы дүние жүзін дүр сілкін­дірген алапат соғыста орыс-қазақ жау­ға кеудесін қатар тосты. Ми­лли­­ондаған боздақ­тар, қыршын жас­тар­дың сүйегі майдан даласында қалды. Соғыстағы аталар ерлігіне тағзым, олардың ру­хын құрметтеу екі елдегі де жастар­дың патриот­тық тәрбиесінің қайнар көзі десе артық емес. Қос­танай об­лысында он бес шақты әскери-пат­риот­тық клуб жұмыс істейді. Олар­дың бар­лығында да балаларға па­триот­­тық тәрбие береді, ауыл жас­тарын мүм­кіндігінше әскер қатарына дайындау жұмыстарын жүргізеді. Соңғы жылдары жыл сайын Қос­танайда өтетін “Ұлан” жас пат­риоттар республикалық клубының слеті еліміздегі барлық осындай клуб­тардың басын қосады. Ал Қор­ған облысындағы жастардың “Роди­на” ізшілер отрядтары май­дан дала­сында қалған жауын­гер­лер сүйегін іздеумен айналысады. Ұрыс өткен жерлерде жыл сайын жаз айларында қазу жұмыстары жүргізіледі. Екі облыстағы әскери-патриоттық ба­­ғыт­тағы жұмыс­тар­дың мақсаты бір – жас ұр­пақ­ты Отансүйгіштікке тәр­биелеу. Осы кездесуде қонақтар да, қос­танайлықтар да тәжірибелерін ор­таға салды, пікір алмасты. Қос­та­най қаласындағы “Альбатрос” әс­кери-патриоттық клубының же­тек­шісі Сер­гей Лещенко алдағы уа­қытта қор­ғандық “Поиск” отря­дының жұ­мы­сы­на қостанайлық балалардың қа­ты­суына тілек біл­­­­дірді. Өйткені, ала­пат соғыс өткен Ресей жерінде жат­қан қазақ­стан­дық боздақтар да аз емес. Қостанай облыстық ішкі саясат бас­қармасының жастар саясаты бө­лімі ұйымдастырған бұл фес­ти­вальдің аясында өткен қызықты ша­ралар екі күнге ұласты, онда қор­ғандық қонақтарға облыста жү­зеге асып жатқан жұмыстар кө­р­сетілді. Соның бірі жастардың интеллекту­­алдық олимпиадасы дер едік. Оған Қостанай қаласындағы дарынды балаларға арналған “Озат” мектебі­нің оқушылары мен облыс орта­лы­ғындағы жоғары оқу орындарының студенттер құра­масы қатысты. Бұл білім жары­сында жастардың қары­мы, ой-өріс кеңдігі сыналды. Қорған облы­сы­нан келген делегация мүше­леріне оны қызықтау да бір ғанибет еді. Қорған облыстық білім бас бас­қар­масының жастар саясаты жө­ніндегі бөлім маманы Евгений Со­рогин осыған ұқсас шаралардың өздерінде де өтетінін айтты. Енді ке­лесі жылы интеллектуалдық ол­им­пиаданы екі облыстағы оқу ор­ындары студенттерінің арасында өткізуге келісілді. Қорғандық қонақтардың “Нұр Отан” ХДП облыстық филиа­лын­да “Жас Отан” жастар қанаты бел­сен­ді­лерімен кездесуі, тіпті, ән ке­шіне ай­налып кеткен сияқты бол­ды. “Един­ная Россия” партия­сы­ның Қор­­ған облысындағы өңірлік бөлім­шесінің жастар қанаты “Мо­лодая гвардияны” қандасымыз Жақ­сылық Шайкенов басқарады. Кез­десуде қос­танайлық жас бел­сен­ділер мен қорғандық қо­нақтар бір­лесе қазақ және орыс тіл­дерінде пат­риоттық әндер шырқады. Фестиваль шеңберінде өткен “Көшбасшылар конферен­циясы­ның” маңызы ерекше болды.Оған ауыл жастары, жас ғалымдар, жо­ғары оқу орындарындағы студент­тердің өзін-өзі басқару, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, оқу грант­тарының иелері мен “Қос­та­най облысы жастарының “Алтын кітабына” кірген жастар қатысты. Қостанай педагогика инс­титутын­да өткен осы жиында “Жас­тардың каучинг-орталығы” құрылды. Кау­чинг-орталық жұмысына қазір ау­ыл зәру болып отырғанын жасы­ру­дың қажеті жоқ. Өйткені, жастар белсен­ділігі де, үкіметтік емес ұй­ымдар са­ны да, қоғамдық жұмыс­тар да қалаға қарағанда, ауылда әлі шабандау. Сондықтан оларға қай жағынан болса да кеңестер мен көмек керек-ақ. Сонымен қатар конферен­цияда облыста атқары­лып жатқан жобалар туралы көрме ұйымдасты­рылды және ол туралы жақсы әңгіме болды. Осы конфе­рен­цияның қонағы болған “Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банк” банкінің өкілі жастар, жас от­ба­сылар үшін қо­лай­лы тұрғын үй жина­­ғы жүйе­сі­нің егжей-тегжейіне дейін түсін­діріп айтып берді. Мұндай жүйе Ресейде болмағандықтан, қонақ­­тар қазақстандық жастардың тұрғын үй алу мүмкіндігіне өте қызығу­шы­лық білдірді. Сондай-ақ, “Дип­ломмен – ау­­ылға”, “Жастар тә­жі­рибесі” сияқты жастарға арналған әлеуметтік жо­ба­лардың да ресей­лік­тер үшін тек үй­ре­нетін іс екенін қо­нақтар жасырмады. – Екі елде де, екі облыста да жас­тар саясатына байланысты жү­ріп жатқан жұмыстар бір мақсатты көздейді. Дегенмен, сіздердегі артық­шылықтарды тек үйрену керек деп есептеймін, – деді Қор­ған облыстық білім бас басқар­ма­сы жастар саясаты бөлімінің бас­тығы Николай Тужик. – Жастарға арналған әлеуметтік жобаларды жоғары бағалап отырмыз. – Ресей мен Қазақстанның көрші екі облысы жастарының ара­ласуы бір биыл емес, сегізінші жылға ұласты. Бұл көптен жал­ғасып келе жатқан және ұзақ өмір сүретін жоба деп білемін. Қорған облысын­да қазақтар көп тұрады, ал ол жақтан келген орыс және басқа да ұлттар Қостанай облы­сын­да да аз емес. Сондықтан екі об­лыста ба­рыс-келіс үнемі болуы ке­рек. Жас­тар бір-бірінен үйре­не­ді, тәжірибе алмасады, ең бас­ты­сы достасады. Достық қарым-қатынастағы жастар ешқашан біріне бірі қол көтермейді, мем­ле­кеттерімізді, тәуелсіздігімізді сый­лайды. Жетістігі болса қуанады, қиыншылық кезде қол ұшын со­зады. Екі облыс жастары да көрші хақысы деген ұғымды ұмытпауы керек. Демек, екі ел, екі облыс жастарының араласуын қамта­ма­сыз етіп отырған біздің бұл жо­баның мемлекеттік, халықаралық маңызы бар, – дейді Қостанай облыстық ішкі саясат басқармасы жастар саясаты бөлімінің бас маманы Людмила Олкинян. Қорғандық жастар қоштасарда қос­танайлық құрбыларын келесі жылға өздеріне қонаққа шақырып кетті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.