Шекара белдеуіндегі шетін мәселе тура бүгін туындап отырған жоқ. Сонау ерте көктемде Ташкент-Алматы бағытымен шығысқа қарай сапарға шыққан жолаушылар Меркі ауданы аумағынан өтіп бара жатып, жол жиегіне жаңадан керіле бастаған тікенек сымдар мен әр жерден менмұндалаған күзет мұнараларына таңғала қарайтын. Таңғала қарайтын себебі – ештеңеге түсінбейді. Өйткені, халықаралық маңызы бар транзиттік дәліздің дәл іргесінен тартылған шекара жолағы туралы құзырлы орындар “мынау мынандай, анау анандай” деп мәлімдеме жасамаған.
Ресми ақпарат жоқ жерде түрлі өсек-аяң мен сауалдар туындайтыны белгілі. “Тікен сым тартып жатқан қай елдің қызметі?”, “Халықаралық жолдың кейбір бөлігі неге керілген сымның қырғыз жақ бетінде қалуда?” немесе “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолы шекараның қай бетінен салынбақ?” деген тұрғыдағы сауалдарға жауап іздеп, құлағы елеңдеген жұрт ақыры қоңыр күз түсе көзге шыққан сүйелдей болған шетін мәселеге бір-ақ тірелді.
Әлбетте, ықылым заманнан бері ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі ел арасынан күтпеген жерден шекара жолағы пайда болып және оның әшейіндегі ағылған барыс-келіс пен базарлы алыс-беріске кедергі жасауы жүрек ауыртар жағдай екені анық. Бұл, әсіресе, шекара сызығының тура “үстіне” түтін түтеткен ауыл тұрғындарының төбесінен ашық күнде жай түскендей әсер етті. Өйткені, шекара сымы керілмей тұрып Меркі ауданындағы кейбір ауылдардың тұрғындары қалаған бағытына емін-еркін жүре беретін. Енді ол еркіндік жоқ. “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды” дегендей, шекара белдеуінің ар жақ, бер жағында қалған Ойтал, Қайнар, Аспара және Жауғаш батыр ауылдарының тұрғындары бұдан былайғы жерде шекара заңына сәйкес қатаң тәртіпті құрметтемеске амалдары да жоқ.
Тарқатып айтсақ, Меркі ауданына қарасты Ойтал мен Қайнар ауылдарының арасын жалғайтын 90 шақырымдық автомобиль жолы биыл жазда ғана пайда болған қазақ-қырғыз шекарасын үш жерден кесіп өтетін болып шығыпты. Ал шекара сымдарының “қоршауында” қалған Қайнар ауылына бару үшін тек қана Шу қаласы арқылы қатынау керек. Бұл “орағытпа” жолаушы сапарын 57 шақырымға ұзартады. Оның үстіне Шу жолының жағдайы да оңып тұрған жоқ.
Көлік және коммуникациялар министрінің орынбасары Д.Күтербеков, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары К.Көкірекбаевтардың айтуларына қарағанда, бұл уақытша қиындық. Ойтал-Қайнар автомобиль жолы үстіміздегі жылдың 29 қазанынан келесі жылдың 1 желтоқсанына дейін жабылғанымен, осы мерзім ішінде екі ортаға қазақ-қырғыз шекарасын кесіп өтпейтін жаңа жол салынады екен. Ал әлгі жабылатын жолдың бойына орналасқан Жауғаш батыр және Аспара ауылдарының тұрғындары аудан орталығы – Меркіге емін-еркін барып-келу үшін шекарашылар берген рұқсат қағазды пайдаланатын болады. Жамбыл облысы арқылы өтетін “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізінің осы аумақтан өтетін жобасы шекара белдеулерінің кедергі келтіруіне байланысты қайта қаралып жатқан көрінеді.
Қордай ауданы, Қаракемер ауылдық округінің аумағы арқылы өтетін шекара белдеуі бойынша туындаған мәселе де ойландырмай қоймайды. Мұнда екі елдің шекара сызығы тура Шу өзенінің бойымен өтеді екен. Жалпы, Жамбыл облысы бойынша қазақ-қырғыз шекарасы 716 шақырым болса, оның 304 шақырымы Аспара, Шу өзендерінің арнасымен өтеді. Мәселе де осыдан туындаған. Атап айтсақ, Шудың қазақ елі жағындағы кемері төменде жатқандықтан жағалауды су шайып кетіп отыратыны ежелден белгілі. Тіпті, қатты су тасқыны өзен арнасын қазақ еліне қарай кеңейтіп бара жатқаны да айтылады. Міне, осы Шу өзенінің жағасындағы түрлі қиындықтардан (батпақтар, жыралар, т.б.) “қашқан” шекара қызметкерлері тікен сымды Қаракемер ауылының аумағына қарай 800 метр жерге дейін жылжытып жіберген. Осы өзімбілемдіктің салдарынан өзен жағасындағы шұрайлы жайылымдығы мен мөлдіреп аққан суатынан айырылған қаракемерліктер “дабыл” қағуға мәжбүр болады. Ауыл әкімінің уәжіне шекара сымын тартушылар құлақ аспайды. Қазақтың “жалқау”, “жайбасар” деген сөзінің кейде айналып өзіне тиетіні бар, қаракемерлік бауырлар да қазақ шекарасын қасық қаны қалғанша қорғайды деп сенім артқан шекарашылардың 200 гектар жерді өз беттерінше қырғыз еліне “беріп” жібергенін дұрыс көрсете білгенімен, осы даудың өзегіне айналған тиісті жер телімдеріне мемлекеттік акті алмапты. Есті ел-жұрттың мұнысын қалай түсінеміз сонда?
Дегенмен, шекара белдеуі өзен ішімен өтетіні анық. Сондықтан, Шу өзенінің солтүстік бөлігіндегі жердің қазақ елінікі, оның ішінде қаракемерліктердікі екенінде дау жоқ. Ал шекара сымына, оның құм төселген жолағына, сондай-ақ, тағы басқа қажеттіліктеріне небары 50-100 метр жер тиесілі. “Оңтүстік” әскери округі шекара қызметкерлері мемлекет шекарасының дәлдігі, тұтастығы тұрғысындағы елдік мүддеге жасаған кемшілігін түзеп, қазір шекара белдеуін қайта жасауға мәжбүр болып отыр.
Айтпақшы, Меркі ауданы аумағындағы қазақ-қырғыз шекарасын демаркациялау барысында қазақтардың балық шаруашылығымен айналысатын бір көлшігінің қырғыз елі жағында қалып қою қаупі туындапты. Осы жағдайды бірлесіп шешу үшін қырғыз елінен комиссия шақырылған. Облыстық жер қатынастары басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, екі ел шекарасын демаркациялау барысында туындаған мұндай даулы аймақтың саны бүгінде оншақты екен.
Мамандар сондай-ақ шекаралық өзен арналарын мықтап бекіту жұмыстарын да уақыт өткізбей, жедел қолға алу қажет деп отыр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.